Қазақстан • 17 Мамыр, 2011

Ескерткіш тақта орнатылды

2610 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарихты еске алып, құрбан­дарға тағзым ету мақсатында «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде украин ұлтының тұт­қындарына арналған ескерткіш тақ­таның ашылу рәсімі өтті. «Ха­лықаралық отбасы күніне» орай­ластырылған іс-шараны Қазақ­стан Республикасындағы Украин елшілігі мен Астана қаласының Мәдениет басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Осыдан 14 жыл бұрын Қ­а­зақстан Президентінің Жарлығы­мен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғаны белгілі. Осы орайда жазықсыз жапа шеккен тоталитаризм құрбандарын еске сақтау мақсатымен 2007 жылы 31 ма­мыр­да «АЛЖИР» мемориалды-мұ­ра­жай кешені   ашылған бола­тын.

Ондағы алыстан көрінетін «Қасірет қақпасы» монументі екі түстен тұрады. Ақ түс – қуғын-сүргін жылдары күйеуін, баласын жоқтаған ақ жаулықты ананы бейнелесе, қара түс – ер-азаматтың бас киімі – дулыға пішінінде жа­сал­ған. Карлагтың 26 нүктесінің бірі бас қалаға таяу маңдағы Ақ­мол ауылында орналасуы да тегін емес. 1938-1953 жылдары 62 ұлт өкілінен тұратын 20 мыңнан аса әйелдер Ақмола лагерінде қинау көрді. Солардың ішінде, украин­дық 743 нәзік жандылар да қасі­реттің қанын жұтқанын тарих еш­қашан ұмыттырған емес.

Атақты балет бишісі Татьяна Афонина, әнші Мариана Лер, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына үл­кен үлесін қосқан Мария Даниленко адалдығы мен қайсарлығы үшін жазықсыз жазаланған бо­латын.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде алғашқы сөз кезегін алған Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Олег Алексеевич былай деді: «Бұ­рынғы КСРО аумағындағы бәрі­мізге ортақ бір қайғы бар. Ол – осында жазықсыз жазаланған ана­­ларымыз бен әпкелеріміздің тарпаң тағдыры. Олардың кінәсі әкелерін, ағаларын, бауырларын сатпағаны. Бүгін ашылған ескерткіш тақта, міне, осындай шыншыл да шыдамды барлық ақ жаулық­тылардың ру­хына арналды деп түсініңіздер. Ешуақытта зұлым­дық махаб­бат­ты жеңген емес. Сол әйелдер бос­тандық алғаннан кейін көптеген жетістіктерге жетті, биіктерге шық­­ты. Бұл болашақ ұрпаққа с­а­бақ болады деп білемін».

Жиыннан кейін жұрт­шы­лық мұражайды аралап, «АЛЖИР» лагерінде тұтқында бол­ған украин әйелдері мен бала­ларына арнал­ған «Жазылмайтын жара» атты көрмеге куә болды. Көр­меге «АЛЖИР» мұражай қоры­нан алынған тұтқындардың суреттері, құжат­тары, жеке зат­та­ры және бала­ларының ана­ла­ры туралы жазған естелік кі­тап­тары қойылған.

Майгүл СҰЛТАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 4-курс студенті.