17 Мамыр, 2011

Ақсақал

607 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Шүйкедей сары шал Қостанайдың орталық көшесімен  аяңдап келеді. Кәрілік кімді аяған десейші. Теміржолшы формасын киіп, сымдай тартылып тұратын  Рубинштейн еді, міне, енді жауырыны еңкіш тартып, аяғын еппен басады. Жасы тоқсанға таяды. Бірақ ақсақал әлі сергек. Кәрілікке дес бергісі келмейді. Қазекем  мұндай  жандардың жаратылысын «сүйегі асыл» дейді. Сөз жоқ, Бертран Иосифович туралы қостанайлықтар да  дәл осылай ойлайды. Қаланың орталығындағы көшенің бірінде тұратын оның күн сайын  бір ауық бой жазып, серуендейтін әдеті. – Көшеге шықсам, кемінде 5-6 адам сәлем береді. Олардың барлығын дерлік танимын. Кейде өзім танымайтындар да амандасып жатады. Мен оларды таныма­ған­мен, қостанайлықтар мені таниды. Кеше ғана бір жас бала амандасады. «Құдай-ау, қартайғаным ба, мына сәлем берген  жас баланы неге шырамыта алмадым» деп ойладым. Сосын әлгі баланы тоқтатып, кім екенін сұрадым, сөйтсем, «атам  сізбен бірге жұмыс істеген» дейді. Баланың тәрбие­сіне сүйсініп қалдым. Үлкенді сыйлау қазақ халқының қанындағы басты ерекшеліктің бірі ғой, – дейді  Бертран Иосифович. Оны қостанайлықтар қалай танымасын! Өйткені, құрметті атақ бір басына жететін, есімі көптің аузында жүретін кісі. Бертран Рубинштейн  Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның, онан қалды КСРО-ның құрметті теміржолшысы, Қостанай қала­сы­ның құрметті азаматы, КСРО-ның құрметті доноры! Кеудесінде  екі «ІІ дәрежелі  Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», екі  Еңбек Қы­зыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Халықтар дос­ты­ғы» және «Құрмет» ордендері жарқы­рай­ды. Атамыздың  медальдері пиджагінің бір өңірін тұтас алып тұр. Бертран Иосифович зейнеткерлікке 75 жасында шыққан екен, қазір жасы 88-ге келсе де елі үшін пайдалы  жұмыстан қалған жоқ. Ол – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы консультативтік кеңесінің мү­ше­сі. Қазақстандағы  темір жол саласының кешегісін де, бүгінін де қартың бес саусақтай біледі. Ал экономика күретамырының  болашағы туралы да жақсы хабардар. – Қазақстандағы темір жол саласының бүгінгі дамуын айтқанда Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевқа тиісті бағасын беруіміз керек. Енді 3-4 жылдан кейін  біз локомотивті де, жолаушылар вагондарын да, жүк та­сымалдайтын вагондарды да,  рельсті де, ав­томатикалық құралдарды да сырттан алмайтын боламыз. Осылардың барлығы да өзі­мізде шығарылады. Бұл деген керемет емес пе?! Бұрын не бар еді? – дейді Бертран Иосифович. Ол елімізде жүзеге асып жат­қан мемлекеттік бағдарламаларды, салынып жатқан зауыттардың барлығын біледі. Қа­рия  цифрлармен, мәліметтермен сөйлейді. Темір жол саласының  энциклопедиясы  дерсің. Асылы, адамды  қадірлі ететін мемлекет тарапынан  бағаланатын еңбегі ғана емес, оның айналасына сәуле шашып тұратын адамгершілігі, кеудесіне жиған рухани байлығы екеніне де  ешкім дау айта алмас. Бертран Иосифович осы санаттағы адам. Үйіндегі шкаф сөрелерін майыстырған  кітабының саны 7 мыңнан асады екен. – Өмірдегі түйгенім одан да көп. Жақ­сыны да, жаманды да, заманның дауылын да, жауынын да көрдім, дейді ақсақал. –Адамның жүрегінде дақ болып қалатын жағдайлар болады. Менің басымнан ондай сәттер де өткен. Ол – адамның ұлт ретінде кемсітілуі, – дейді қария. Ол  1940 жылы өзі дүниеге келген Ашға­бад қаласында мектепті өте жақсы бітірген соң, Мәскеу темір жол көлігі инженері инс­титутына емтихансыз  қабылданады. Онда сталиндік стипендиямен оқиды. Соғыстан  кейін институтты жалғастырып, оны 1949 жылы  үздік бітіреді. Институттың ғылыми кеңесі оны аспирантураға қалдыру керек деп шешеді. Соғыстан капитан шенімен оралған жас жігіттің білімге деген құл­шы­ны­сы ғажап еді. Ол аспирантураға түсу үшін үш емтиханды да «үздік»  бағаға тап­сырады, жазған рефераты да  профессорлар тарапынан  «беске» бағаланады. Бірақ оның  ғылымдағы жолына  өзі толтырған анке­та­сын­дағы ұлтын көрсеткен «бесінші пункті» көлденең тұрады. Ол еврей ұлтының өкілі болғандықтан да  аспирантураға  қабыл­дан­байды. – Мен өз ұлтымды мақтаныш тұтамын. Бірақ бір ұлтты бір ұлттан жоғары қоюға болмайды. Халықтың барлығы да ұлы. Әр ұлт өзінше жақсы, өзінше ұлы. Міне, қазақ даласының  нанын жеп, суын  ішіп отыр­мыз. Осы халықтың  қайырымдылығын, тө­зім­ділігін, еңбекқорлығын, адамгершілігі мен ақжүректігін осында тағдыр айдап келген кімдер сезінбеді дейсіз. Адал адам­дар­дың барлығы да  мұны айтады, – дейді ол. Ол институтты бітірген соң Қазақстанға, Ақмола  қаласына келеді. – Онда Қарағанды темір жолындағы саяси бөлімнің бастығы Кәрім Әжібеков  (ол кісі біздің  бүгінгі Премьер-Министріміз Кә­рім Мәсімовтің атасы) жолдамамен келген менің құжатыма қарап отырып: «Инс­ти­тутты үздік бітіріпсің, соғысқа қатысыпсың, жарадар болыпсың, сталиндік стипендиант екенсің. Жігітім, біз сені Ақмола стансасы бастығының орынбасары қызметіне жібереміз», деді. Мен лауазымдық қызметтен бас тарттым, сөйтіп, темір жол паркінің  кезекші­лігіне сұрандым. 1960 жылға дейін, яғни он жылда темір жол саласының бар­лық мектебінен өттім, Кәрім Әжібекұлы ұсын­ған Ақмола стансасының бастығына дейін өстім. 1960 жылы Қостанай темір жол бөлімшесі ашылғанда  осында мені бастық етіп жіберді. Мен Қостанай бөлімшесін 33 жыл жеті ай немесе 12 275 күн басқардым, – деп естелік шертеді Бертран Иосифович. Замандастары оның жұмыс күнінің  таңғы  7.00-ден түнгі 22-23-ке дейін созылғанын айтады. Ол сенбі, жексенбі дегенді білген жоқ. Бертран Рубинштейн  қызмет  істеген жылдарда барлығы  1000 шақырымды алып жатқан шойын жол бойында 55 станса, үш локомотив, екі вагон депосы,  вокзалдар, бір­неше жол бағыты, байланыс, азаматтық құ­рылыстар, энергетикалық учаскелер,  мә­ши­не станcалары, орман көшеттерін қор­ғай­тын жұмыс  бағыттары, ондаған дүкен­дер, асханалар, наубайханалар, ауруханалар мен санитарлық-эпидемиологиялық стансалар,  мектептер мен балабақшалар, пионер лагерьлері,  клубтар мен мәдениет үйлері, разъездер, ауыз сумен қамтамасыз ететін әлеуметтік-коммуналдық нысандар, өрт сөндіру қызметі пайда болды. Осы өте ауқымды жұмыстардың басы-қасында Рубинштейн жүрді. Ол осы жылдар ішінде  саланы кадрмен қамтамасыз етуге аса көңіл бөлді. Қостанай темір жол бөлімшесіндегі мамандардың, басшы құрамының барлығы да оның  тәрбиесін көрген шәкірттері болатын. – Қостанай темір жол бөлімшесінің қа­зіргі бастығы Ермек Темірбаев өз тәрбиемді көрген жігіт. Қандай  басшы, қандай азамат болып қалыптасты!  Ал Қаратай Жайсаң­баев­ты темір жол ауруханасының бас дәрі­герлігіне жоғары жақпен  келіспей жатып-ақ өзім  қойып жіберген едім. Міне, отыз жылдан бері сол қызметті абыроймен атқарып келеді. Сенімімді ақтады, – деп мақтанышпен сөйлейді қартың. Бертран Рубинштейн ақсақал жылына екі рет  осы ауруханада жатып емделеді. – Бертран Иосифович ауруханаға келгенде  ұжымдағылар аяғымыздан тік тұрып күтеміз. Бас дәрігер Қаратай Сұлтанұлы күнде таңертең қарияның палатасына кіріп, оған сәлем бермей, хал-жағдайын сұрамай кабинетіне бармайды. Ол кісіні әкесіндей күтеді. Әлі күнге дейін осы ақсақалдың хал-жағдайын білуге ғана емес, одан ақыл-кеңес сұрап келетіндер жеткілікті. Ол кісінің зиялылығы, мәдениеті, көл-көсір білімі кімді де болса риза етеді, – дейді Қостанай темір жол ауруханасы бас дәрігерінің орын­басары  Мәрзия Есқазина. Бертран Иосифович – адалдықты пір тұтатын кісі. Қандай мәселеде де  анығын айтып, адалын сөйлейтін  адам. Ол коммунистік партияның тәрбиесін көрді, елу жыл оның мүшесі болды. Сондықтан өзінің атеист екенін де жасырмайды. Өйткені, заманы да, соған сай тәрбиесі де басқа болды. Өз ұлтының  тарихын да, тілін де білмейді. – Есесіне қызым Елена тарих ғылым­дары­ның докторы, еврейлер тарихын жатқа біледі. Атеиспін, бірақ қандай дін ұстайтын кісі болса да құдайға сенетіндерге құрмет­пен қараймын. Олардың сенімін құрмет­теймін.  Ал өзім тағдырға сенемін. Біздің бә­рі­мізді де Қазақстанға тағдыр айдап келді. Ұлы Отан соғысы кезінде Сталиннің кі­нә­сінен Қазақстанға қанша адам босып келді, одан кейін тың жерлерді игеруге келгендер қаншама. Олардың арасында түрлі  дең­гейдегі жандар болды. Солардың басым көп­шілігі қазақ жерінде тұрақтап қалды, бар­лығының да ырысы бар екен, – дейді қария. 90-шы жылдары Германияға, Ресейге, Израильге, Украина мен Белоруссияға қо­ныс аударған қазақстандықтар аз болған жоқ. Оларды тарихи отанына  көңілі ауғаны үшін кінәлауға бола ма? Ал Бертран Иосифович  еш жаққа да жиналған жоқ. Қазақ­станның тілеуін тіледі. – Қазақстанда 60 жылдан астам тұрып келемін. Бүкіл саналы ғұмырым осында өтті. Қазақстан – менің тағдырым. Менің әйелім орыс болғандықтан, еврейлердің салтымен жалғыз қызым да орыс болып есептеледі. Ағылшын тіліне судай қызыма «қайда тұрамын десең қалауың білсін. Израильде, Америкада тұрамын десең де жолыңа тұрмаймын», дедім. «Тіл білген адамның Қазақстаннан кетуі міндетті емес, туған жерімнен де, әкемнің қасынан да еш жаққа кетпеймін», деді қызым. Қостанай – маған құт мекен. Шақырған жиын-тойда төрге шығарады,  басымды сыйласа да, жасымды сыйласа да  алдымен сөз береді. Облыс басшыларының да көз алдындамын, оларға тілегімді, ақыл-кеңесімді айтсам  сөзімді тастап кетпейді. Маған  басқа жерде  мұндай құрмет болады деп ойлайсың ба?–дейді  Бертран Иосифович ақсақал. Қостанайдағы қадірменді ақсақал енді бірер жылда 90-ға келеді. Ол 85-ке толғанда қостанайлықтар тойлады, шалың құттық­тау­лар мен ақжарма тілектерге шомыл­ған­дай болды. Ол да мерекелік дастарқан жайды. – Мерейтойыма ең жақын көңіл жетерлерімді, шәкірттерім мен достарымды ғана шақырдым. Сонда  қарасам, дастарқан ба­сын­дағылардың басымы негізінен қазақтар екен. Қонақтарымның өзі «Рубинштейн қазақ болуға шақ қалыпты», деп әзілдеп жат­ты. Несі бар, бәріміздің түбіміз бір. Ниет түзу болсын де, – деп ойын бір түйіндеп қойды. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деген емес пе Абай?  Ақылды, адал адамдар пікірінің  осылай данышпандықпен  үндесуі өмірдің бір заңы іспеттес. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.