17 Мамыр, 2011

Жұмыссыздықты жоюдың жолдары

831 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елді индустрияландыру картасы аясында 370 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Бұл жөнінде кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары А.Бобровтың төрағалығымен өткен «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы атты үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлім етті. Министр Г.Әбдіхалықованың айтуынша, жаңа нысандар құры­лысы кезеңінде 207 мың адам қа­ты­сып, кейін жаңа кәсіп­орын­дар­да 161 мың тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Ал 2011 жыл­­дың 1 қаңтарындағы мәлімет бой­ынша елімізде халық саны 16,4 миллион болса, соның 48 пай­ызынан астамы жұмыспен қам­тылған. Бұл орайда жалда­ма­лы қызметкерлер саны 31,7 пай­ыз, ал өз бетінше жұ­мы­спен ай­на­лысушылар үлесі 16,5 пайызды құрайды. Осы ретте Гүлшара Нау­шақызы елімізде халық саны, жалпы алғанда, 1,8 миллион адам­ға көбейіп, жалдамалы қыз­мет­керлер саны 1,7 миллионға артқан­дығын, ал қазақстандықтар табы­сы­ның 2,6 еседен астамға өскен­дігін атап өтті. Былтыр өз бетінше жұмыспен ай­налысушылар саны 8,1 мил­лион­ға жеткен. Оның ішінде жал­да­малы қызметкерлер 5,4 миллион адамды немесе 66,7 пайыз, өз бетінше жұмыспен айналысушы­лар 2,7 миллионды немесе 33,3 пайыз­ды құраған. Осы өз бетінше жұ­мыс­пен айналысушы адам­дар­дың 91 пайызы өз бетінше жұмыс істейтіндер, 6 пайызын жұмыс берушілер, 2 пайызын өндірістік кооператив мүшелері және 1 пай­ы­зын отбасылық кәсіпорын­дар­дың жұмыскерлері құрап отыр. Өз бетінше жұмыспен айналысушы­лар­дың ауылдағы саны 71,2 пай­ыз, 25,8 пайызы қалаларда жұ­мыс істейді. Алайда олардың өнім­ді­лігі жалдамалы қызмет­кер­лер­дікінен  6 есеге дейін төмен болып отыр. Үкімет «Еңбекпен қамту- 2020» бағдарламасын биылғы жылдың наурызында бекіткен, ол үш бағыттан тұрады. Бірінші ба­ғыт бойынша кәсіптік оқытудан кейін жұмысқа орналастыру қол­ға алынады. Екінші бағыт – жеке ісін бастаушыға ең алдымен ау­ылда ұйымдастыруға жәрдемде­су. Үшінші бағыт – тұратын жерінде жұмыс, не бизнес жасауға мүмкіндік болмаған жағдайда Бағ­­дарлама бойынша дамыған өңір­­ге баруға мүмкіндік беру. Осы орайда министрлік ағымдағы және келешектегі жұмыс орын­дарының жалпыұлттық деректер базасын құруды қолға алған. «Оқу­дан кейін үнемі жұмысқа орналастыра отырып, кәсіпорын­дарда он екі айға дейінгі мерзімде мемлекет жалақы мөлшерінің жартысына дейін субсидия­лай­тын әлеуметтік жұмыс орын­да­рын құру бағдарламасы кеңінен қолда­нылатын болады», деді министр. Сондай-ақ, мемлекет кадр даярлауға кететін шығынның 70 пайызына дейін жұмыс берушіге өтеу арқылы бағдарламаға қаты­су­шыларды оқытуға және жұ­мыс­қа орналастыруға әзір кә­сіп­орындар мен ұйымдарды қолдап отыру көзделген. Бағдарламаның бұл бөлігі 2012 жылдан бастап еңгізіледі деп күтілуде. Жұмыс­пен қамту орталықтары жұмыс берушілермен тиісті шарт жасап, бағдарламаға қатысушыларды жұ­­мыс беруші көрсеткен кәсіптік оқыту ұйымына жібереді. Ал жұмыс беруші жұмысқа қабыл­дан­ғаннан кейін оның шығыс­та­рын өтей отырып, ұйымға кәсіптік оқытудың толық құнын төлейді. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту үшін микрокредиттер беру көз­дел­се, үміткерді 1 айға дейін кә­сіп­керлік негіздеріне үйрету курс­тарынан тегін өтуі ұсы­нылады. Микроқаржы ұйымдарының өздері конкурстық негізде олар­дың жұмыс тәжірибесіне, кредиттік портфеліне, кепілдік қамта­ма­сыз ету және т.б. мәселелер бой­ынша талаптар белгілейді. Қарыз алушыға 3 миллион теңгеден ас­пайтын сомада бес жылға дейінгі мерзімге микрокредит беру жос­пар­ланған. Міне, осы мәсе­ле­лер­ді шешу мақсатында «Жұмыспен қамту туралы» Заңға Үкімет пен атқарушы органдар құзіреттеріне сәйкес толықтырулар енгізу қа­рас­тырылуда. Сонымен қатар, «Тұрғын үй қатынастары тура­лы» және «Мемлекеттік әлеу­меттік көмек туралы» заңдарға қосымша нормалар енгізу уақыт талабынан туындап отыр. Министр, сондай-ақ депутат­тардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 100 мыңға жетсе, соның 30 мыңдайы (30 пайызы) еңбекке жарамды саналады екен. Міне, осы еңбекке жарамды деген аза­маттарға Бағдарламаға қатысу ұсынылмақ. Егер бас тартқан жағ­дайда АӘК мөлшері қыс­қа­ра­тын болады.  Үкімет атаулы әлеу­меттік көмек алушылар санын кемітуді ойластырып отырған жайы бар. Депутаттар азамат­тардың өзге өңірлерге көшіп баруға берілетін 800-900 мың теңгелік  жәрдемақысының баспана алуға жетпейтіндігін алға тартты. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жұмыспен қамту бағдарламасына кіріктіру орын­ды екендігі де айтылмай қал­ма­ды. Осылайша сұрақ-жауаптан кейін өз ойларын ортаға салған де­путаттар министрдің баянда­ма­сын назарға алу керек деп шешті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.