«Бір хирург ағамның хикаясы бар. Соны жазыңызшы, – деді жақында таныс ініміз. – Сабақ боларлық жағы жоқ емес. Аупарткомда істеп жүрген жылдарда ол кісінің үстінен арыз түскен. Тексергенбіз. Адамның тағдыры деген қиын ғой. Бәрін мен айта бермейін. Хирургтің өзімен кездестірейін».
Кездестік. Хирургпен. Әңгімелестік. Алғаш: «Несін жасырамыз, аты-жөндерімізді нақ-нақ атап жаза беріңіз», – деді. Кейіннен: «Біраз-біраз кісілер бақилық боп кетті. Ныспыларын анық көрсетпей-ақ қойғаныңыз жөн», – деді. Солай келістік.
Хирургіңіз – кәдуілгі қазақтың қара баласы. Бүгінде жасы жетпіске таяған. Шашы бурыл. Өмірге, қоғам мен заманға, жалпы адамға өкпесі жоқ. Барлық нәрсеге, күллі құбылыстарға сәл-пәл күліңкіреп қарайды. Пәлсапалық мән-мәніс беріңкіреп. Дегендей. Ең бастысы, әуелі Алланың арқасында, сонсоң-сонсоң барып оташылық тәжірибесінің нәтижесінде қаншама адамдардың өмірін сақтап қалғанына қуанады. Ғұмырына, көрген азаптары мен ғажаптарына шүкірлікпен қанағаттанады. Жарық дүниеге келмегенде қайте-тұғын еді.
Сонау соғыстың екінші жазында, қырық екінің өрігі уылжып пісіп, сырт-сырт үзіліп түсіп жатқанда дүниеге келген. Өзбекстанның Сырдария облысында. Сырдария ауданында. «Шыбынтай» шаруашылығында. Әкесі соғыстан қайтпаған. Шешесі перзенттерін қайткенде қатарға қосамын деп, Шардараның шалқар даласын шарлап барып, кезінде Киров ауданы атанған аймаққа, бүгінгі Мақтааралдың бір мүйісіне тұрақтаған. Қазіргі хирургіңіз қайта-қайта барып жүріп, Алматыдағы медицина институтына әзер түскен. Оқу оңайға соқпаған. Орысшасы нашартұғын. Еврей қыздардан үйренді. Қалтасы тесік-тұғын. Күндіз оқып, түнде мәйітханада қара жұмыс істеген. Алғашқы курста азапқа шыдай алмай, 360 студенттің 160-ы институтты тастап кеткен. Бұл тістей қатып, тырмысып баққан. Алпыс жетінші жылы тәмамдаған. Қазіргі вице-премьеріңіз Ербол Орынбаевтың әкесі Тұрмахан Орынбаев Шымкентіңізде облыстың бас хирургі екен. Қамқорлық көрсетті. Қанатының астына алды. Бірте-бірте бұл – бас хирургтің қамқорлығындағы жас хирург, ізденімпаз, ізгі жанды маман ретінде таныла бастаған. Жұмыстан жалықпаған. Күні-түні аянбаған. Солай қалыптасып кеткен.
Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, Шымкент шаһары, қала берді облысыңыз бойынша сұлу дейтіндей қызға үйленді. Хирургіңіз қазірге дейін: «Одан артық сұлуды осы күнге дейін көрген емеспін», – дейді. Солай меңзеп, күліп қойды. Күрсініс күткен едік. Күрсінбеді. Күле берді. «Бақытты болдық. Өте бақытты едік. Қайырымды, риясыз қамқорлықты титтей де міндетсінбей жасайтын мейірімді кісілер көп еді, – дейді хирург ағамыз. – Екеуміздің қосылғанымызға қуанбаған жан жоқ сықылды-тұғын сонда. Үйлену тойымыздың өзін Тұрмахан Орынбаев пен Оразалы Шоманбаев сынды әріптес, басшы ағаларымыз жасап берді».
Біраз уақыт өткенде хирургті қудалау басталыпты. Күншілдік деген қиын. Іштарлық деген бәле. Содан Өзбекстанға көшті де кетті. Сырдарияңыз жаңадан облыс болған. Төрт айдан соң Сырдария қаласындағы аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушілігіне көтерілді. Тап сондай күндердің бірінде қала бастықтарының балалары өзара атысып, біреуі аса ауыр жараланды. Хирург өте қатты қауіп төніп, өлім аузында жатқан баланы ажалдан аман алып қалды. Атағы «әлемге» жайылды. Үйіне анау-мынау дүние көп келе бастады. Келіншегінің сондай-сондайға беріліңкірегенін кешірек байқады. Мәскеуде үш ай оқып, мамандығын жетілдірді. Категориясы көтерілді. Атақ-даңқы күшейді. Ешкім тиісе қоймайтындай, арамдық аяқтан шала алмастай сезінген. Онысы бекер екен дә. Тағы да күншілдік пен іштарлық іштен шалды. Жала жабылды.
Қазақтың қайраткер перзенттері Қаржау Жарқынбеков пен Төрегелді Шарманов көмектесті. Жетпіс бесінші жылы Шымкентіне қайта оралды. Вагид Мехманоглы Алиев облыстық аурухананы басқаратын. Қуана-қуана қабылдады. Қызметке. Категориясына көз жеткізді. Шеберлігін мойындады. Жанынан шығармайтынға айналды. Бұл бейнетқорлығынан танбады. Сексен бірінші жылы үлкен бөлімшені басқаруға кірісті. Күні-түні ерінбей еңбектенетін қасиетінен танбады. Үлкен-үлкен басшылармен, тіпті обкомның екінші хатшысы Николаевтың, қала дөкейлерінің, медицина мекемелері бастықтарының отбасыларымен араласатын болды. Үй-жайларын жақсартты.
«Кешіріңіз, мен ол туралы жаман сөз айтпаймын. Кінәламаймын. Адамның аты адам. Пенденің аты пенде. Бәріміз де пендеміз. Дүниеге, алтын-күміске, тағысын-тағыларға қатты беріліңкіреді. Өзі де әжептәуір мекемені басқаратын. Өсек көбейді. Алғаш мән бермейтін ем. Жұмысқа ерте кетем, кеш қайтам. Санитарлық авиация деген бар, іссапарлар бар… Арғы жағын түсінген шығарсыз. Ажырастық. Көзім әбден жеткен соң: «Мен кетемін. Қандай шартың бар?» дедім. Үй-жайды, тағысын-тағыларды өзіне ғана қалдырғысы келетін ойын білдірді. Бәрін тастап шығып кеттім. Тағы да айтам, кінәларын тізбелеп, ғайбаттағым жоқ. Әркім өз әрекетіне өзі жауап береді. Хадисте: «Өмірден озғандарды сөкпеңдер, өйткені, олар ендігі жерде өздерінің жасаған істерімен жолықты» демей ме? Тағдыр ғой. Өмір ғой... Ол мені қайта оралады деп ойлады. Оралмадым. Орала алмадым...»
Осы жерде сіздің тілшіңіздің таныс інісі әңгімеге араласты. «Бір күні обкомның хатшысы қол қойған тапсырма қағаз төбесіне тігілген көлдей арыз жетті. Шымкенттегі Дзержинский аупарткомының бірінші хатшысы Рабиға Көлбаева еді. Парасатты, ізгі ниетті кісі ғой. «Оқып шығыңызшы», – деді. Оқыдым. Обком хатшысы арызда көрсетілген фактілер бойынша шұғыл шара қолдануды, яғни аупарткомға қарайтын бастауыш партия ұйымындағы коммунист дәрігерді – облыстық аурухана хирургия бөлімшесінің басшысын партиядан шығаруды тапсырған. «Қайтеміз? Обком хатшысының нұсқауын орындаймыз ба?» – деді Рабиға Құрманбайқызы қиналысты үнмен күрсініп. «Мен бұл хирургті де, болған оқиғаларды да біраз-біраз білемін. Өте білгір, еңбекқор, ақ халатты абзал жанның міндетін екі жүз пайыз орындайтын маман. Адал, ақжүрек адам. Ажырасуының негізгі себебі де белгілі. Түбегейлі түрде, қайта тексерейік. Ұжымдардың, партия ұйымының пікірімен санасайық, әйтпесе, обал болады ғой», – дедім. Рабиға Құрманбайқызы: «Дұрыс, обал боп жүрмесін, асықпай анықтайық», – деді».
«Иә, Исекеңдердің арқасында аман қалғанбыз. Әйтпесе, ол кезде тіпті қиын еді, – дейді хирург. – Моральдық жат қылыққа бәрін де жатқыза беретін. Әсіресе, коммунист отағасылар сыңаржақтықтан сорлайтын. Ал мен Көлбаева мен Әбубәкіровтің әділдігі нәтижесінде партияда қалдым. Жұмыстан босағам жоқ. Бәрібір, өте-мөте ауыр соқты. Жұрттың бетіне қарауға қиналамын. Айналайын, адамдар-ай, десеңізші! «Сен қорсынба да, қорланба да. Біз сенің кім екеніңді, қандай адам екеніңді білеміз», – дегендер аз емес-ті. Еңбек бәрінен де, қандай қиындықтан да құтқарады екен. Еңбек, еңбек, тек қана еңбек! Осы ұстанымнан айнымауға тырыстым және ақпейіл адамдарға сүйендім-ау деймін. Жарты жылдай уақыттан соң үйлендім. Өзімді өзгеше түсінетін, басымды бағалайтын адам таптым. Білетін еді. Бәрін. Ең бастысы, терең түсінді. Ұғынды. Одан бері де талай-талай жылдар артта қалды. Уақыт шіркін бәрін емдейді екен. Бүгінгі бәзбіреулерге сабақ болсын деген ой ғана ғой біздікі. Барлық бәле-бәтірлер дүние-боққа шектен тыс құнығудан басталады екен дә. Күншілдік пен іштарлыққа беріліп, бақыттыларды азғыратындардан абайлау керек екен. Олардың әрекеттері, аярлықтары тым-тым тереңде жатады екен дә».
Хирургтің хикаясы, өте-мөте қысқа қайырғанда, осылай. Алғашқы әйелі кейіннен ауыр науқасқа шалдықты. Аяды. Ажалға араша тұра алмады. Кек сақтау хирургтің жаратылысында жоқтұғын. Ешбір жанды кінәламады, кірбің жимады, кір іздемеді. Сыртынан кісі ғайбаттау да бұл ағамыздың табиғатына мүлде жат екені білініп-ақ тұрыпты. Алғашқы жарының ана дүниесі жарық болғанын тілейді. Алла кешірсін бәрін де. Артында қалған қос перзенті үлкен-үлкен мамандар боп шықты. Шет елдерде еңбектеніп жүр. Кейінгі келіншегі бұрынғы балаларын бауырмалдықпен баурап, үлгі-өнегесімен үйіріп алып кетті. Өзінің қос перзентінен кем көрмеді. Тойларын жасады. Аяқтандырды. Ел-жұрт ерекше риза. Көңіл көңілден су ішеді деген осы. Мұхаммед пайғамбарымыз ғалайыссаламның: «Адамдардың ішінде адам бол!» дегені тегін емес қой.
Мархабат БАЙҒҰТ, Шымкент.