Таулы аудан Талғар мәслихатының хатшысы Рая Ыдырәлиеваны бірталай уақыттан бері білемін. Сол білген жылдарымда бұл кісі ел газеті «Егеменді» үзбей оқып, әркез жазылу науқандарында жанашыр болудан жазбай келеді. Әрине, бұл әлқиссаның сыралғысы ғана. Айтайын дегенім, Рая Мұсақызының бойынан әрбір уақытта тау мінезді таза қасиеттерді байқап, тәнті боп жүретініміз. Мен ғана емес, жалпы ел. Соның ішінде ұсақшылдыққа бой ұрмайтын ер көңілді дегдарлығы мен қай нәрседе болсын салиқа сабырмен астасқан табандылығы ерекше. Ер азаматтың қиын жүгін көтеріп, үнемі мемлекеттік қызметтің қапыл шептерінде жүретін осынау қажырлы қайраткер замандастың маған кейде ыстық-суыққа бірдей төзімді, әрдайым сүйкімділігін сақтайтын таугүліндей болып көрінетіні бар.
Осы таугүл тағылым балалық шақтың бал суреттерін де ұмыттырмайды, аялы алақандарды, қамқор адамдарды жадынан өшірмейді. Әсіресе, «Менің жалғыз Раям жұрттың 10 ұлына татиды» деп қам көңілін қамшылай өсіріп отыратын әкесі Мұса. Алатау баурайы, Жамбыл ауданының Аманкелді ауылындағы мектепке қолынан жетелеп бірінші сыныпқа апарып кіргізетін үлкен атасы Нақысбек. Әріп танытқан, әліппе аштырған алғашқы ұстазы Ыбырайым. Бәрі есінде, сағынышының бесігінде.
Тау мінезді тағылымдар мекені Талғармен де тағдыры бала күннен жымдасып бірге өрілді. Партия-кеңес қызметінің ардагері, сол уақытта Талғар қалатком төрағасының орынбасары болып жүрген әкесінің қарындасы Нұрхан тәтесінің үйіне каникулдарда қыдырып келеді. Жездесі Естай Тыныбеков бокстан КСРО спорт шебері, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Бірде сол үйге орыс кісілер келіп тақтай түсіріп, бірдеңе деп сөйлеп жатса, Кәкен деген үлкен әжесі: «Не айтып жатыр?» деп сұрайтын көрінеді. Көзін ашқалы қазақтан басқа ешкімді көрмеген Рая да түк түсінбеген. Содан Кәкен әже кешке жұмыстан Естай мен Нұрхан келгесін: «Мына Раяны Талғарға алып тәрбиелеп, оқытыңдар. Орысша үйренсін» деп түйген ойын айтады. Талғарда оқуға Рая да құштар, бұл шешімді сәлемшіден естіген Мұса отағасы да қарсы болмапты.
Сөйтіп, жас қыз болашағының жаңа арнасы ашылады. Алтыншы сыныптан бастап, мейірімін аямаған Нұрхан әпкесінің қолында, С.Сейфуллин атындағы №2 қазақ орта мектебінде оқып, оны 1968 жылы күміс медальмен бітіріп шығып еді. Сол тұста ұлағатты педагог ұстаз Әбен Өмірәлиев директор болып тұрған бұл мектеп республикадағы таңдаулы білім ордаларының бірінен саналатын.
Тауға тән қасиеттердің бірі қайсарлық пен табандылық болса, осылар мектеп бітірген кезде Раяның бойынан табылды. Олай деуге себеп сол, мектеп алтын медальға үкілеген бұған ойламаған жерден физика мұғалімі ауызша емтиханда үш қойып жібергені. Сыныпта шатақ шықты. Оқушылар: «Біздің Рая үш алуы мүмкін емес, бұл қасақана қойылған баға» дейді. Содан бұл іске Қазақстанның еңбек сіңірген қарт мұғалім, математик Өтелбай Нұртазин таяғын тақылдатып келіп араласып, әлгі үштік төртке түзетілген. Бірақ, баға түзетілгенмен, тағдырда соның ізі қалды. Бұған дейін медицина институтына барамын деп жүрген Рая енді қырсығып, физикадан емтихан тапсыратын институтқа түсемін деп отырып алды. «Келешегі зор нархозға барсаңшы, әйтпесе, математикаға бар, сағаты көп. Физиканың сағаты аз, қиын болады» деп үгіттеген тәте-жездесіне намысшыл Рая көнбеді. Сондағысы – кәмелеттік аттестат алар емтиханда өзіне қиянат жасалғанын, физикадан білімі бес екенін дәлелдеп шығу. Ақыры айтқанынан қайтпай, құжаттарын Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетінің физика бөліміне тапсырды.
Физикадан алғашқы емтиханды тапсырған күні әлі есінде. Емтихан алушы «Білімің жақсы екен» деп 5 қойды. Өз пікірінің дұрыстығын дәлелдегеніне сондағы қуанғаны-ай. Тез үйге қайтайын деп Гогольдің бойындағы троллейбус аялдамасына келсе, сол жерде мұны күтіп, қолында гүлшоғы бар, Нұрхан тәтесі отыр.
– Е, мен сенің 5 алатыныңды білем ғой. Қажырлы болсын, ширасын деп бірге келмеп едім. Енді сен 5 алғанда, үйге таксимен барайық, – деп, тәтесі екеуі Талғарға таксилетіп тартқан сонда. Рая алабұртып, емтиханды қалай тапсырғанын айтып аузы жабылмайды. Жолшыбай отырған екі орыс қазақша сөйлегенін ұнатпай наразылық білдіріп еді, тәтесі: «Не хотите, не слушайте!» деп тойтарып тастады. Үйге келсе, әжесі бір қазан ет асып қойыпты. Естай аға кірер-кірместен 5 тал баршынгүл ұсынды.
Осылай түскен Қыздар институтын 1972 жылы ойдағыдай бітіріп, Талғардағы өзінің алтын ұя мектебіне жас маман, физика пәнінің мұғалімі болып қайтып оралды. Дәйім ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп қала беретін Раяны мұғалімдер комсомол ұйымының хатшысы, одан кәсіподақ ұйымының төрайымы етіп сайласын. Үлгілі жас ұстаз ретінде партия қатарына өтуге лайықты деп танылсын. Одан мектеп партия ұйымының хатшылығына сайлансын. Сол кездердегі беделді мектеп директорлары Мұқатай Қойсарин, Әуелбай Сәтбаев ағалары да жассынбай, жақсылық істердің ұйытқысы болуына әркез қайрап салып, сенім артып отырушы еді. Сол абзал сенімнің бір көрінісі болар, Рая Мұсақызын 1979 жылы оқу ісінің меңгерушісі етіп, мойнына жауапты міндет жүктеді.
Осы аудан орталығындағы жалғыз қазақ мектебінің жанындағы интернатта атыраптағы малшы, шопандардың, шалғай ауылдардың балалары жатып оқитын. Бірақ интернат үйі көрер көзге қораш, қаусаған ескі, едені бетон, қыста қанша жақса да жылымайтын суық, асханасы бөлек болатын. Қаракөз балалардың осындай жағдайсыздықта жатып оқитынына басқа әріптестерімен бірге Рая Мұсақызының да жаны ауырды. Содан бір күні тәуекелге бел байлап, облыстық партия комитетінің хатшысы Зәуре Қадырованың қабылдауына кіріп, осы қиын жағдайды, шопандардың балаларын оқытудағы жайсыздықты бүге-шүгесіне дейін жасырмай айтып берді. Зәуре Жүсіпқызы бұл жайды Орталық Комитеттің ұлтжанды хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке жеткізеді. Бұл екі ортада Рая Мұсақызының өзі ауатком төрағасының орынбасары боп өсіп кеткен Сәтбаевтың орнына мектеп директоры қызметіне тағайындалады. Осы кезде Өзағаң Талғардағы жалғыз қазақ мектебінің, оның интернатында тұрып оқып жатқан балалардың жағдайын өз көзімен көрмекші болады. Ол кісі келіп жағдайға қаныққасын 3 қабатты интернат үйі көп ұзатпай салынып, жиһаз-мүлкімен қоса жарқыратып пайдалануға беріледі. Асханасы, акт залы, әжетханасы мен сусебезгісі – бәрі ішінде. Осы 320 орындық тамаша ғимараттың салынуына сөйтіп Рая Мұсақызының мәселені қозғау арқылы тікелей себеп-септігі тиіп еді десек, артық болмас. Тәуелсіздік алғанға дейін Талғардағы осы С.Сейфуллин атындағы №2 қазақ орта мектебінде 500-дің үстінде ғана бала оқыса, қазірде мұндағы оқушылар контингенті 1500-ге жеткен. Рая Мұсақызының қолқалауымен қазақтың біртуар азаматы Өзағаң салдырған ғимарат осылайша халық игілігіне, еркін елдің ертеңін тәрбиелеуге қызмет етіп тұрғаны көңілді сүйіндіргендей.
Осындай іскер мектеп директорын 1993 жылы Жамбыл ауданының тұңғыш әкімі Жүсіпәлі Нөкетаев білім бөлімінің меңгерушілігін қалап алғанына таңдануға болмас. Ол бір өтпелі кезеңнің қиындығы алқымнан алған, мұғалімдердің жалақысы 4-5 айлап кешіктірілген кемшін уақыт болатын. Соған қарамастан, жас ұрпаққа білім беру ісінде іркіліс болмауына күш салынды. Ұстаздар қауымы сол алмағайып шақта ұлағат биігінен көрінгенін Рая Мұсақызы қазір алғыскер сезіммен еске алады. Қастек ауылында жаңа мектеп ашылуының салтанатына 31 тамызда Елбасының зайыбы Сара Алпысқызының келуі сол қиын жылдың жанды жадыратқан, жақсылыққа жігерлендірген жарқын оқиғасы болып еді.
Бір жылдан кейін аудандық мәслихат хатшылығына бірауыздан сайланған Рая Мұсақызы ел өмірінің қым-қуыт тыныс-тіршілігіне дендеп араласты. Әсіресе, жыр алыбы Жамбылдың тойлары тұсында депутаттарға бас болып, осы маңызды жиын-шаралардың жоғары деңгей-дәрежеде өтуіне жатпай-тұрмай үлес қосты. Осы кездерде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиі-жиі ат ізін салуына байланысты мәртебелі мейманды қарсы алып, күту шараларының басы-қасындағы тікелей ұйымдастырушысы болып, осындай жауапты сыннан мүдірмей өте білді.
Жамбыл «Менің пірім Сүйінбай» деген ғой. Сол себептен де Жәкеңнің тойынан бірнеше күн бұрын әуелі Сүйінбайдың музейі ашылып, оны көруге Нұрсұлтан Әбішұлы келеді. Басшылар халықты Елбасыға жолата қоймайды. Музейді көріп көңілі толып шыққан Нұрағаң алыста тұрған елді байқап: «Ана кісілер менің қасыма неге келмейді?» деп сұрайды. Біреу тұрып: «Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіздің уақытыңыз тығыз ғой. Сондықтан, елмен кездесу қажет болар ма екен деп ойлап едік» десе, Елбасы: «Жоқ, олай болмайды. Қане, шақырыңдар» деп анадайда иіріліп тұрған жұртты өзі қол бұлғап шақырады. Халық әп-сәтте бөгеннен босатқан судай лақылдап келіп қалады. Қариялар Нұрекеңдей ел перзентінің қолын алып амандасып, жүздерінен нұры тасып қуанып, әп-сәтте арқа-жарқа болып: «Айналайын, жарығым-ай, аман болшы, аман жүрші!» десіп ақ тілектерін айтады. Абыр-сабыр басылғасын Елбасы:
– Ауылға келгесін, сіздерден енді бір жайды сұрайын. Бауырларымсыз ғой. Маған тек шындықты айтыңыздар. Мен бір әңгіме естідім. «Халық ашығып, кебек жеп жатқанда мынадай тойдың қажеті қанша?» деген сөз тарапты. Сол жағдай рас па? – дейді.
Жұрт тым-тырыс. Сонда Қастекте өмір бойы мұғалім болған бір ардагер ақсақал айтады:
– Айналайын, Нұрекем, бауырым! Сондай бір өтірік айтылған сөздерге бола жүрегің ауырып, көңілің бұзылмасын. Кебек жейді деген ол бекер сөз. Құдайға шүкір, бәріміздің жағдайымыз жақсы. Бауырымыз бүтін, басымыз аман. Өзің тәуелсіздікті алып беріп отырсың. Енді сол тәуелсіз Қазақстаныңды жер-дүниеге Абай, Жамбыл аталарың арқылы, сондай ұлылардың тойлары арқылы таныстырып, танытып отырған өзіңнен айналайық. Аман бол, жарығым. Қаңқу сөздерге қабағың шытылмай, еліңді басқара бер!
Осылай деп ақсақал Елбасыға бата береді. Ол кісі де толқиды. Жұрт жадырап қалады. Кейінірек Серік Үмбетов Рая Мұсақызына мына бір жайды айтады. Мәшинеге отырғасын Нұрекең біразға дейін үндемепті. Ұзынағаш тұсында Қаракөтерме деген жерге келгенде: «Серік, қарашы әне, ел қандай бата беріп, тілеуімізді тілеп отыр. Бірақ сен байқадың ба, ана бата берген ағаның да өңі жүдеу ғой. Сөйте тұра жағдай айтпай, біздің тілеуімізді тілейді. Осындай халық үшін жаныңды салып, еш аянбай жұмыс істеу керек қой, – деп Елбасының көңілі босапты.
«Осындай халық үшін жұмыс істеу керек қой» деген Елбасы сөзін естігенде көңілі жүйрік Рая Мұсақызы да толқыған, шын жүректен шыққан сол шынайы сөздерді өзіне айтылғандай қабылдаған, мәслихаттың бетін халыққа барынша бұруға тырысқан. Ал, сол жолы қырғыз, өзбек, қазақ президенттері түскен қазақ үйді тігудің, ондағы барлық кісі күтудің жабдық-қызметінің құрметін де, жауапкершілігін де өзі еншілеп, абыроймен атқарып шыққан. Төрт жылдан кейін Қарасай бабаның тойында да солай болды. Қырғызстан президенті А.Ақаевты қарсы алғанда гүл шоқтарын Рая Мұсақызы ұсынды. «Президенттерді қарсы алып, Қарасай бабамыздың ескерткішін ашып жатқан сен екеуміз бақыттымыз ғой, Рая» деген сондағы Серік Әбікенұлының сөзінде де көп мағына бар еді.
Жеті жылдан кейін Рая Мұсақызы Талғарға қайтып оралды. Аудан әкімінің орынбасары болып. Идеологиялық жұмыстардың тізгінін ұстады. Әлеуметтік сала, білім, денсаулық сақтау, спортта басшылықтың жаңа мәнері бірден байқалған. Осы кезде аудандағы Әлмерек, Жаңалық, Жалғамыс, Еркін, Бірлік, Бесағаш ауылдарында жаңа мектептер бой көтерді. Кеңдала мен Алмалық ауылдарында ескі балабақшалар жөнделіп, есіктерін мектеп ретінде айқара ашты. Бұл мақсатқа облыстан ақша бөлінуіне қол жеткізген Рая Мұсақызы болатын.
Әлбетте, Талғар кезеңіндегі жемісті еңбектің жақсы мысалдары жетіп артылады. Біз соның өзіміз көзбен көрген бір-екеуіне ғана тоқталайық. Рая Мұсақызы жаңа қызметке келген кезде алдынан бір проблема шыққан. Талғар мен Панфиловтағы 2 музыкалық мектеп және оқу-өндірістік комбинаты мекеме ретіндегі тізбеден шығарылып, салық төлеу құқығынан айырылып, жабылғалы тұр екен. Олар жабылса, қаншама мұғалім жұмыссыз қалмақ, оқушылардың кәсіптік білім алуына орны толмас нұқсан келмек. Ғимараттары жекешеленіп, әлдебіреулер майшелпекке кенелмек. Аудан әкімі Кенжебек Омарбаевпен ақылдасып еді, Кенжекең: «Ойпырмай, мұны қалай шешсек екен? Өзің бір ретін тапсаңшы» деп алақанын уқалады. Істі өз жауапкершілігіне тастағаны. Содан Рая Мұсақызы облыстық әділет басқармасымен сөйлесіп, қаншама машақатпен аталған мекемелердің заңды тұлға ретіндегі құқықтарын қайтарып алып еді. Әлі күнге дейін алғысқа кенеліп, ың-шыңсыз табысты жұмыс істеп келе жатқан осынау музыка мектептерін, оқу-өндірістік комбинатын сонда құтқарып қалған Рая Мұсақызы екендігін білетіндер некен-саяқ. Бірақ ол кісі үшін мәселе еңбегін елдің білгенінде емес, мәселе – ортақ игілікке титтей де болса пайдасы тигендігінде. Тұяқ Есхожина апай ашқан «Нұр» отбасылық балалар үйіне бұрынғы балабақша ғимаратын алып беруде де қарлығаш қанатымен су сепкендей шарапаты болғанын білеміз. Бауыржан Момышұлы, Тұрар Рысқұлов сынды біртуарларға байланысты іс-шаралар, «Ақбидай» спартакиадасы, Елбасы жолдауларын насихаттау, Президенттің сарабдал саясатын халыққа жеткізу тұрғысындағы есепсіз көп жұмыстарды жүргізуде де өзіндік қолтаңбасымен танылды. Облыстық рейтингте Талғар әкімдігі үнемі алғашқы үштіктен көрініп отырса, мұнда Рая Мұсақызы сіңірген еңбектің аз еместігі айдай ақиқат.
Соңғы бірнеше жыл бойы Рая Мұсақызы аудандық мәслихатты басқарып келеді. Тынымсыз деп те айтпаймыз. Күнделікті жұмысты азапқа да айналдырмайды. Әр мәселені кеңінен толғап, орайлы бабымен шешеді. Аудан өмірін, түйткілді жайларды жақсы біледі. Ақсақалдарға, азаматтарға арқа сүйейді. Ел Парламентімен, Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиевпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мәслихат хатшысы ретінде жұмысының бісмілләсін Талғардың депутаттық делегациясына ел Парламентінің жұмысын таныстырып, батасын алудан бастағаны да білгендік емес пе! Сенатор Нүсіпжан Нұрмамбетов, Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижандармен жиі хабарласып, ақыл-кеңестеріне құлақ асып тұрады. Кезінде өзі баулып қанаттандырған Динар Нөкетаева сіңлісінің Парламент Мәжілісінде қайраткерлік танытып жүрген қарым-қабілетіне қуанады.
Отағасы Дүйсен Ахметұлы ағамыз «Нұр Отан» партиясы аудандық бөлімшесі төрағасының орынбасары. Ұлдары Дәурен, Дәулет, Даниярлар ержетіп, өз жолдарын тапқан. Атасы мен әжесі немерелер дегенде ішкен асын жерге қояды. Бұл ғана емес, соңғы он-он бес жылдағы Талғардың әлеуметтік-мәдени өмір тынысын Рая Мұсақызының ұлағатты қызмет өрнектерінсіз көзге елестету қиын. Біздің кейіпкердің таудай тазалығының, таугүл тағылымының ең бастысы осы болса керек.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы облысы.