18 Мамыр, 2011

Ортақ іске ойлы көзқарас керек

445 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
"Алтын белгі иегерлері көбейіп барады" (Е.Қ.31.03.2011 ж.) Ауыл мектебі мен қала мек­те­бінің ара салмағында айырма­шы­лық бар. Біріншіден, қала мектептері ауыл мектептеріндей емес, мұғалім­дер­ден тапшылық көр­мей­ді. Қалада жұмыс сұрап өтініш біл­діргендерді таңдап іріктеп алу­ға толық мүм­кіншілік бар. Жұмыс­қа орналаса алмай жүрген, ауыл­дан барған білікті ұстаздар қан­ша­ма? Олардың кейбірі жоғары са­нат­ты мұға­лім­дер. Бұл қала мек­тебінің ажарын ашпай ма? Сон­дай-ақ алыс ауыл­да­ғы бастауыш мектептердің жай-күйі де автор­дың көзқарасына ілігуі керек еді. Қашықтықтан оқы­ту, интернеттік жүйе, т.б. озық жайлар ауыл мектептерінде әлі де ақсауда. Қала мек­­тебінің базалық қуаты да алыс­тағы ауыл мектебінен әл­деқайда артық десем, асыра бағалау болмас. Сөйте тұрса да кейбір ауыл мектептерінің ҰБТ көрсеткіші жекелеген қала мектебінің дәрежесі­нен ар­тық болмаса кем емес екеніне нанатын шығармыз. Ауыл­да жап­пай көзбояушылық, «жалған іс» етек алып жатқанда қала мектептері де «қарап отырмағаны» және анық. Тағы бір айтарымыз, «Алтын белгі» алған­дар­дың бәрі бірдей мемлекеттік мәр­тебеге ие қазақ тілін біле ме екен?» дейді автор. Меніңше, бір жауап: бүгінгі ауыл мектебі ана тілі жөнінен қала мектебінен көш бойы озық. Сондай-ақ ма­қа­лада осы жөнсіздіктерге (бағаны көте­ріп қою, ұялы телефон арқы­лы оқу­шыға сұрақ жауап­та­рын беру, т.б.) «Оған кінәлі мектеп, не мұғалім емес, өтірік беделге ұмтылушылар» дейді. Сонда ұмтылушылар кімдер? Автор ашып айтпай ма? ҰБТ қорытындысы ең бірінші балаға білім берген мұға­лім­ге, мектепке бедел екені айдан анық. Егер анық болса, неге оларды араша­лай­мыз? Сапалы білім беруге қа­білет­тері жетпей, жалған жетістіктерге же­тудің ең төте жолын үйретіп жүрген солар болмай ма? «Жел тұрмаса, шөп­тің басы қимылдамайды» дейді халық. Жо­ғары орындардан келген бақылау­шы­лар­ды «сатып» алады, болмаса, көңілін табудың басқалай әрекеттерін іске қо­са­ды деген әңгіме де ел аузында. Осы­лар­дың бәрін анықтап дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп, төрелік шы­ға­руы­мыз керек. Онсыз білім сапа­сы көте­рілмейді. ҰБТ-ның беделі кетеді. Ой­ластыра келгенде, автор бәрін тек өзінің республикадағы ең озық маман­дан­ды­рыл­ған дарынды балалар мектебімен са­лыстыра қараған сияқты. Біз ауылда тұратын барлық балаларды мектепке қабылдаймыз. Ал аталған мектеп ең озат деген оқушыларды іріктеп алады және 5 сыныптан бастап оқытады. Ол оқу­шылар бастауышты ауылда оқып, қа­лада қатар­дағы мектептерде білім алған­дар. Сонда бейнет кімдікі, атақ кімдікі? Бүгінде барлық мектепте алдағы көк­темде басталар ҰБТ-ға әзірліктің қыз­ған шағы. Мұғалім де, оқушы да қар­балас уақытты босқа өткізбей, білім сынына ықтиятты әзірлікке көшкенін көп жерден аңғарып жүрміз. Он бір жыл алған білімінің қаншалықты екенін бағамдау әр шәкірт үшін маңызды. Олқы жерлеріңді толықтырып, барың­ды одан әрі молайтып, шыңдай түсу ер­теңгі күні орта жолда қалдырмайды. Оқу­ың сапалы болса санаң салмақты, ойың да орта болмайды. Мектептердегі білім сапасы жөнінде Ақжайық ауданы білім бөлімінің бастығы Абдуғажиев Марат бізбен бірде ой бөліскен. – Соңғы жылдары Ақжайық ауданы­ның мектеп бітірушілері облыста ал­дың­ғы көште келе жатыр. Бұл ҰБТ-ға тиянақты қамданыс, білім беруге жан-жақты қамқорлық нәтижесі десем, ар­тық бағалау болмас. Биыл мектеп бітірушілер 650 оқушы болса, соның 619-ы білімін ҰБТ-да сынауға тілек білдіріп отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Осы уақытқа дейін 5 рет алдын ала тест ба­қылауларын өткіздік. Үшеуін – мектепте, екеуін – аудандық тест орталығында. Байқаулар нәтижесі әзірлікті шыңдай түсуді қажет етеді. Әлі де ширатар тұс­тар баршылық. Бұл жағдайлар мектеп басшылары мен ұстаздарға ескертілді. Талқыланды. Қалған уақытты тиімді пайдалану ортақ істің нәтижелі болуы­ның кепілі. Оқушылардың білім сапасы оқытушыға тәуелді. Олардың білімін жетілдіру үнемі назарда. Өткен жылы жоспар бойынша 250 мұғалім өз білімін көтеруге тиіс болса, бізде 337 мұғалім өз біліктілігін арттырды. Аудан бойын­ша өткен оқу жылында мектептер түгел оқулықпен қамтылып отыр. Ал енді газеттегі көтерілген мәселеге тоқталар бол­сақ, ауыл мектебінің біліміне күдік­те­не қараудың ешқандай қисыны жоқ. Өткен жылғы жоғары оқу орнына түскен грант иегерлері облыс бойынша 1511 болса, соның 1006-ы ауыл мектебінің түлегі. Біздің ауданнан оқуын алып жүре алмай қайтып келген оқушыны естіген жоқпын. Ауылдағы тест орталықтарын жабуға болмайды. Бір сөзбен айтқанда, әлі де қала мен ауылды салыстыра қарау үшін теңгер­ме­шілік шекараның сызығы салмақ­тау­ды қажет етеді. 125 балды тек қалалық оқу­шылар жинауы шарт емес шығар. Ауыл­да да үкілі үмітке лайық білімді оқу­шы­лар жетерлік, соған қуанамыз – деді ол. – Онысы рас. Ауыл мектебін бір ұдай күстәналай бермейік. Тілес ЖАЗЫҚБАЙ, Қазақстан Республикасы оқу ісінің озаты. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.