Кеше Сенатта «Қазақстан Республикасындағы құқықтық статистиканы енгізу және одан әрі жетілдіру мәселелері» бойынша дөңгелек үстел болып өтті.
Отырысты Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев жүргізіп отырды. Палата Төрағасының орынбасары Александр Судьин, Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев сөз сөйледі. Ал Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель баяндама жасады. Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде 5 автоматтандырылған жүйе 12 арнайы есепке алу түрлерін жүзеге асырады. Осы комитеттің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, азаматтар өз арыздары бойынша нендей шешім қабылданғанын он-лайн режімінде немесе СМС жолдау арқылы жауап ала алады.
Кәсіпкерлерді заңсыз тексерулер бойынша аталған құзырлы орган 1400 тексеру туралы өтінішті тіркеуді қанағаттандырмай тастаған екен. Осы ретте комитет төрағасы, сенатор Берік Имашев Жапонияда жыл сайын қылмыстың «Ақ кітабы» жарыққа шығатынын атап өтті. Құқықтық сауатын ашу біздің елімізде де кең етек жаюы қажеттігіне ерекше тоқталды. Ал Сенат Төрағасының орынбасары Александр Судьин құқықтық статистика құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бағалау өзегі болуы қажет дегенді баса айтты. Құқықтық жағдайдың өзгерісі, оның уақыт талабына қарай ойысуы заңнамалық базада көрініс тапқаны ұтымды болмақ. Мұндай талап құқықтық статистика дамуының 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында да көрініс тапқан.
Елімізде қазіргі таңда арыздар мен мәліметтердің 90-95 пайызы тіркелетінін алға тартқан Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев жасыру немесе мәліметтерді бұрмалау фактілерінің де көптігін атады. Мәселен, Алматы қаласында өткізілген бір тексерістің нәтижесінде 1 мыңға тарта қылмыстың жасырылып, есепке алынбағаны анықталған. Ал құқықтық статистика жүргізуші құзырлы орган Астана қаласында соңғы күндердің өзінде 217 қылмыстың тіркелмегендігі фактісін ашып отыр. Жалпы алғанда, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 10 мыңға тарта қылмыс есепке алудан тысқары қалған.
Елімізде тіркелген 800 мыңға тарта арыздар бойынша қозғалған қылмыстық істер 15-18 пайызын құраса, өркениетті елдерде ол 30 пайызға дейін барады екен. Тіпті көршілес Ресейдің өзінде ол 30-35 пайыз көрінеді. Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель азаматтардан арыз алудың электронды кітапшасы енгізілгелі бері жағдайдың біршама жақсарғанын атап өтті. Осындай электронды тіркеу нәтижесінде былтыр 3 мыңға тарта заңсыз тексеру оқиғалары тіркелген. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. Сол сияқты әкімшілік айыппұл өндіріп алу барысы да тіркеуге алынып отыр. 109 миллиард теңге айыппұл бюджетке түсуі керек болса, соның тек 29 миллиарды ғана өндіріліп алынған. Бұдан басқа есепке жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтер де кіретін болады. Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитеті жол-көлік оқиғалары санын 2009 жылы 12 мың 500 деп көрсетсе, артынан тексеру жүргізу кезінде ол 55 мыңға жеткені анықталған.
Отырыста құқықтық статистика бойынша көптеген пікірлер ортаға салынып, соған сәйкес ұсыныстар екшелді. Тіпті, бұрын жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметкер туралы, әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған балалар жөніндегі де ақпараттар да тіркеуге алынатын болды. Сөйтіп, аталған мәселе бойынша заңдық құжаттың қабылдануына ерекше ден қойылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.