Көктерекке көп келеміз. Тартып тұратын қасиеті бар. Қалың қарағай, ақ терек пен көк теректің қолтығындағы ауыл енді-енді қанат сермегелі тұрған аққуларды елестетеді. Қиял қомдасаңыз, арманыңыздың ұясы күн айналған сайын құбылып, көкірекке әрқилы суреттер де қонақтай бастайды. Осынау ыстық сезімдерді сезіну үшін міндетті түрде Көктеректе туудың қажеті жоқ. Әркімнің өз Көктерегі бар. Мәселе сағынышта. Анау бір жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен Алматыға келіп, студент атанған жастардың бәрі Исраил Сапарбаевтың «Ақтерек асқақтап, тұр анау еңселі...» деп басталатын әнін үзбей әрі үздігіп айтатын. Сол Ақтерек – осы Көктерек!
Не көрмеген Көктерек. Қазақы тарихтың тамыры терең. Әйткенмен, мөр басылған дағдылы дерекпен безбендейтін ғадетіміз ауыл 1929 жылдың соңына қарай құрылғандығын айтады. Сол кезде «Ұйым» ауыл шаруашылығы артелі ұйымдастырылып, оны Кәрімжан Рысқұлов деген азамат басқарған екен. Ал, 1930 жылы алға басудың айғай-шуымен «Көктерек» колхозы бой көтереді (алғашқы төраға Жолымбай Тілеукенов). Жуырда өзіміз куәсі болған ауылдың 80 жылдық тойы осыны негізге алып отыр.
Қақпақтастың баурайы құлпырып тұр. Сырғасы сылдырлаған ақ қайыңдардың бүгінгі бұрама биі тіпті өзгеше. Сән-салтанатты киіз үйлерге әртараптан қонақтар түсіп, жігіттердің жүгірісі көбейді. Өзі де әнші ауылдың бүгінгі дауысы айрықша қуаттанып, қыр-жотаны сілкіндіре жаңғыртып, көрші ауылдарды елеңдетуде. Құнан шыққан арғымағын арындатқан бозбала әрі-бері шауып, әдемі мәшинелерге қыр көрсеткендей болғанда, жанымдағы қарияның «баламысың» деп мәз-мейрамға батқаны да қызық.
Жан-жағым қуанып күліп, қуанып жылау. Тағдыр айдауымен, қызмет бабымен әр қиырда жүрген ауылдастардың қайта қауышқан мауқы басылар емес. Ресми жиналыстың басталуы шабарман, жаршыларға біраз күшке түсіп тұр. Ауылдың ең қарт тұрғыны Шаяхмет Жолдықовтың ақ батасымен басталған жиында аудан әкімі Ербол Сағдиев толғанысты сөз сөйледі. Зерлі Зерендінің абыройын асқақтатқан Көктеректің ынтымақ-берекесі ортайған емес. Отызыншы жылдардың қиянпұрыс нәубетінде де қыры сына қойған жоқ. Жазықсыз атылып кеткен, айдалып кеткен боздақтардың арманы мен аманатына адалдық ауылды үнемі алға жылжытуда. Ұлы Отан соғысының қан майдандарында Көктеректің елу азаматы ерліктің ерен үлгісін танытты. Олардың тең жартысынан астамы елге оралмапты. Бұл жетпіс үйлі ауыл үшін аз шығын деуге ауыз бармайды. Көктеректің көрнекті жеріндегі еңселі ескерткіш құрбандар рухына тағзым тұғыры ретінде қастерленеді. Соғыстан кейінгі қиын жылдарда Шұғайып Тайшықов колхоз тіршілігін, ел амандығын ыдыратпай ұстаған аса құрметті тұлға ретінде еске алынды. Аудан әкімі сол кезеңде шаруашылық ісін дөңгелетіп, ел-жұртқа бас бола білген Шаяхмет Жолдықов атамыздың иығына шапан жапты. Сондай-ақ, ауылдың 80 жылдығы тойланып жатқан тұста дүниеге келген Молдахмет Мұхамедәліге бауы берік болсын айтқан Ербол Болатұлы үйіп-төгіп ойыншық сыйлады.
Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұл, облыстық мәслихаттың бөлім бастығы Әділхан Шаяхметов, Германиядан арнайы келген бұрынғы көктеректік Виктор Энгель және басқалар жиналғандарды ауыл тойымен құттықтап, ел болашағының жарқын болуына тілек қосты.
Алматы қаласынан арнайы келген Қайыр Мағзұмов ағамыз Көктеректің елуінші жылдардан бергі тіршілігін еске алды. Көктерек бұл уақытта ірілендірілген «Зеренді» совхозының озат бөлімшесі болған. Ахметжан Қозғанбаев, Ғелман Досмағамбетов, Баймұрат Жансейітов, Александр Устименко, Назымбек Рахматуллин, Қайролла Байжановтар басқарушылық қызметті мінсіз атқарған көрінеді. Оны 1978 жылы әр гектардан 27 центнерден астық жиналып, аудандық жарыстың көшін бастағанымен дәлеледеуге болады. Ерен еңбегі үшін ауылдың бес механизаторы жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған.
«Көктерек» шаруашылығы әр уақытта көп салалы болған. Мұнда егіншілік мәдениеті жоғары, жылқы, ірі қара, қой өсіру табысты сала саналады. Тауарлы сүт фермасында «үшмыңыншылар» қозғалысын өрістеткен Эмилия Циммерманның, Ұлтуар Аманжолованың, Нажия Мұтағарованың, Майра Гималованың, Зүбайра Қайыржанованың, Полина Браунның, Мәкен Әбішеваның, Қайыржан Жолдықованың, Зоя Мұсаеваның жалынды жастық шақтары өткен. Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне талай мәрте қатысып, алтын-күміс медальдармен марапатталған Жолданғар Елкенов, Ригарт Киссельман, Ғалым Бришев, ағайынды Мұтағаровтардың есімін жұртшылық мақтан тұтады.
Осындағы мектепті Бексұлтан Сүлейменовтің 42 жыл бойы үзбей басқаруы аңызға тұрарлық оқиға. Бұл жерден коррупцияны іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Бұл – біліктілік, бұл – құрмет, ағайынның татулығы мен түсіністігі. Білім ордасында Әлімжан Жақыпов, Жария Жанайдарова, Дәмен Жақыпова 35-40 жылдан дәріс берген. Мектеп директоры марқұм Дәулет Сағадиев «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары ретінде зор беделге ие жан еді. Өнегелі білім ұясынан мыңдаған шәкірт қанат қағып, елімізге айтулы азаматтар атанды. Тойбасшылардың бірі Сейітзия Байманов бұл жөнінде ұзақ тізім оқыды. Мені айрықша қуантқаны, соғыс жылдары механизатор, одан кейін орденді сауыншы болған Ұлтуар Аманжолованың ұлы Қорғанбектің, ұлағатты ұстаз Жария Жанайдарованың ұлы Жанмұраттың аты абыроймен аталғандығы. Екеуі де журналист, екеуі де курстасым. Жанмұрат «Қазақ ақпарат» агенттігінің Ақмола облысындағы тілшісі қызметін атқарса, Қорғанбек «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы бюросына жетекшілік ететін тәжірибелі журналист-ақын, «Зеренді ауданының құрметті азаматы». Мен әріптесімізге берілген жоғары баға үшін алғыс айтып, газеттің 90 жылдығына арналып шығарылған «Егеменқазақстандықтар» кітабы мен жыл сайын жарық көретін топтама томдарды жергілікті мектеп кітапханасына тарту еттім.
Күн сәулесі Қақпақтасты жалқын түске бояды. Көктеректің тойы тарқар емес. Алтыбақан әуелеп, арқан тартылып, спорттық шаралар өткізіліп жатыр. Тойшы қауым жергілікті мектептің 2-сынып оқушысы, республикалық байқауда «Қазақстанның балғын сұлуы-2010» атағын иеленген және «Мисс талант-2010» номинациясының жеңімпазы болған Замира Сағадиеваны сахнаға қайта-қайта шақыруда. Ауылдағы «Асат» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Молдахметовтің, жеке кәсіпкерлер Марат Мұтағаров, Сәлімжан Шұматов, Есләм Әбішевтің атынан құрметті қонақтарға, өнерпаздар мен спортшыларға арнайы кәделер, жүлде сыйлықтар ұсынылды.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы.