Үстіміздегі жылы еліміздің тәуелсіздікке ие болғанына 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында Қазақстан демократиялық саяси жүйесі құрылған, азаматтық қоғамы жылдан-жылға даму үстіндегі либералды нарық экономикасы бағытын ұстаған әлемдегі табысты әрі мығым мемлекеттердің бірі ретінде қалыптасып үлгерді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы күннен бастап стратегиялық бағытты дұрыс айқындап, осы бойынша жедел де жүйелі жұмыстар жүргізуінің нәтижесінде әлемдік қауымдастық танып мойындаған көшбасшы елдердің қатарынан да көріне бастадық.
Қазіргі күні өмірдің әр саласында жүргізілген реформалардың нәтижесі өз жемісін көрсетіп келеді. Сондай реформалардың бірі әлеуметтік салаға да тән. Осы сала бойынша қандай өзгерістер жүрді? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВАМЕН әңгіме осы мәселе төңірегінде өрбиді.
– Гүлшара Наушақызы, еліміздің әлеуметтік саласында тәуелсіздік алғаннан бері қандай өзгерістер болды? Осы туралы айтып берсеңіз?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік саладағы саясатының басты мақсаты халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сапасын тұрақты түрде арттырып отыруға негізделгені белгілі. Осыған орай халықтың әлеуметтік жағдайын қорғау және оны мемлекет тарапынан түрлі шаралармен қолдап отыру еліміздің ішкі саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қалыптасып отыр.
Егер әлеуметтік саланың даму кезеңдеріне назар аударатын болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрынғы Кеңес одағының ыдырап, қалыптасқан шаруашылық байланыстардың үзілуіне байланысты ауыр жағдайдың қалыптасқаны еске түседі. Мұның өзі халықтың санына да елеулі әсер етті. Ел тарихының әртүрлі кезеңдерінде сырттан келіп орналасқан басқа ұлт өкілдерінің өздерінің тарихи отандарына қарай бет түзеуінің белең алуының ықпалымен осы жағдай ел ішіндегі жаппай жұмыссыздықтың етек алуы, халықтың нақты табысының азаюы, өмір сапасының төмендеуі секілді үдерістермен қабаттаса жүрді. Мәселен, 1990 жылмен салыстырғанда 1995 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 38,6 пайызға, халықтың нақты еңбекақысының көлемі 69,9 пайызға, тағайындалған зейнетақылардың көлемі 77,3 пайызға төмендеп кетті.
1991-2001 жылдар аралығында 2,5 миллионға жуық тұрғын елден кетті. Қазақстаннан сыртқа кеткен халықтың басым бөлігін еңбек жасындағы адамдар құрады. Мұның өзі еңбек рыногының жағдайына да елеулі әсер етті. Жұмыс істеушілер азайып, жасы еңбек жасынан асқан немесе еңбекке жарамсыз адамдар саны көбейе түсті. Халықтың табиғи өсімі де төмендеді. 1975-1990 жылдар аралығында осы табиғи өсімнің, яғни туудың өлуден асып түсуінің есебінен халық саны жылына 233-294 мың адам аралығында өсіп отырса, 1998 жылы бұл көрсеткіш 3,2 есе азайып, бар болғаны 68,1 мың адамды құрады. Мұнан кейінгі жылдары табиғи өсім қайта күшейіп, 2010 жылы оның көрсеткіші 220,3 мың адамға жетті. Мұның сыртында шет елдерде жүрген қандастарымыз елге орала бастады. Осындай оң үдерістердің нәтижесінде халықтың саны 1990 жылдардағы деңгейге қайта жетіп, қазіргі күні 16,4 миллион адамды құрап отыр.
Халық санының қайтадан өсуіне ең бірінші кезекте елімізде жүргізілген тиімді экономикалық саясаттың ықпалы зор болғандығы белгілі. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы сәтінен бастап Елбасымыздың «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген қағиданы басшылыққа алып, жұмыс істегені белгілі. Осының нәтижесінде Қазақстан экономикасы тез көтерілді. Бұл әлеуметтік саланың жақсаруына да айтарлықтай ықпал етті. Мәселен, экономикамыз жақсара бастаған соңғы 11 жылдың ішінде зейнетақының төменгі көлемі 3500 теңгеден 24047 теңгеге дейін өсіп, 7 есе, орташа зейнетақы көлемі 4462 теңгеден 36 205 теңгеге дейін жетіп, 8 есе, ал жоғары деңгейдегі зейнетақы көлемі 8156 теңгеден 52226 теңгеге дейін өсіп, 6,4 есе артты. Осы аралықта халықтың жан басына шаққандағы табысы да бірнеше есе өскендігі, халықтың әлсіз топтарын қолдайтын түрлі әлеуметтік төлемдердің іске қосылғандығы белгілі. Осылардың нәтижесінде Қазақстан қазіргі күні тек Орталық Азияда ғана емес, ТМД көлемінде халықтың әлеуметтік жағдайы тұрғысынан көш басындағы мемлекеттердің қатарында келеді.
– Жоғарыда зейнетақы көлемінің елеулі деңгейде артқандығын айттыңыз. Мұның өзі осы саладағы әлеуметтік реформалардың нәтижесі екендігі түсінікті. Осы ретте еліміздің зейнетақы жүйесінде жүргізілген өзгерістерге тоқтала кетсеңіз.
– Кеңес одағы кезінде зейнетақының негізінен бір ғана жүйесі – ынтымақты зейнетақы жүйесі болғаны белгілі. Ол кәсіпорындардың зейнетақы қорына аударған жарналарының есебінен құралатын. Еліміз тәуелсіздікке ие болған кезде жарна аударатын кәсіпорындар санының күрт төмендеп кетуіне және еңбекақы төлеудің азаюына байланысты бұл жүйе дағдарысқа түсті. Оның үстіне 1990-1995 жылдар аралығында еліміздегі зейнеткерлер саны да 2412 мың адамнан 2980 мың адамға дейін өсіп, зейнетақы қорына түсетін жүктемені елеулі түрде арттырып жіберген болатын.
Осыған орай 1997 жылы еліміздің зейнетақы жүйесіне реформа жүргізілді. Ол Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау жүйесін көп деңгейлі етуге бағытталды. 1990 жылы 1 қаңтардан бастап, елімізде қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңға сәйкес зейнетақымен қамтудың аралас жүйесі іске қосылды. Осы жүйе бойынша зейнетақы төлеудің мемлекеттік бөлу және жинақтау жүйелері пайда болды. Олар халықты зейнетақымен қамтудағы жауапкершілікті мемлекетке, жұмыс берушіге және жұмысшының өзіне бөліп жүктеді.
Осы реформаның ықпалымен қазіргі күні елімізде зейнетақымен қамтудың төрт деңгейі қалыптасып отыр.
Бірінші деңгей адамның зейнет жасына толуына байланысты оның еңбек өтілінің немесе басқа да қалыптасқан табыс көзінің болу-болмауына қарамастан мемлекеттің беретін базалық зейнетақысын білдіреді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері Президенттің 2005 жылғы 18 ақпандағы халыққа арнаған Жолдауындағы талаптарға байланысты 2005 жылдан бастап іске қосылған болатын. Осы жылы базалық зейнетақы төлемінің көлемі 3000 теңгені құраса, 2011 жылы ол төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына дейін жетіп, 8000 теңгені құрап отыр. Енді Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму шараларының аясында бұл базалық зейнетақы көлемі 2015 жылы төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына, ал 2020 жылы 75 пайызына жететін болады. Сөйтіп, бірте-бірте бұл зейнетақының көлемін төменгі күнкөріс деңгейіне жеткізу міндеті қойылып отыр.
Зейнетақымен қамтудың екінші деңгейі мемлекеттік бюджеттің есебінен төленетін ынтымақты зейнетақыларды құрайды. Мұндай зейнетақыны 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 айлық еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады.
Елбасының 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан азаматтарының тұрмыс жағдайын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауының аясында ынтымақты зейнетақының көлемі 2009 жылы 25 пайызға, 2010 жылы 25 пайызға, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға өсірілді. Бұл осы жүйедегі барлық зейнеткерлердің, соның ішінде әскери қызметте болған зейнеткерлердің зейнетақыларының артуына ықпал етті. Осының нәтижесінде қазіргі күні мұндай зейнетақының төменгі деңгейі 24047 теңгені, орта деңгейі 36205 теңгені, жоғары деңгейі 52226 теңгені құрап отыр.
Зейнетақымен қамтудың үшінші деңгейі адамдардың жинақтаушы зейнетақы қорларында өздерінің төлем жарналары арқылы қалыптастырған міндетті зейнетақылардан тұрады.
Зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі реформа басталған кезден бастап жинақтаушы зейнетақы қорларынан қазіргі күнге дейін 201 миллиард теңгенің зейнетақы төлемдері төленді. 2011 жылдың 1 қаңтарында осындай жұмыс істейтін 13 қор бар. Олардағы жинақталған зейнетақы жарналарының көлемі 1994 жылғы 23,5 миллиард теңгеден 2011 жылғы 1 қаңтарда 2,3 триллион теңгеге дейін өсіп отыр. Жүйе бойынша 8 миллионға жуық азаматтың зейнетақы жинақтау жөніндегі жеке есеп-шоты тіркелген. Яғни, бұл жүйе азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етудің берік тылын қалыптастырды деп айта аламыз.
Зейнетақымен қамтудың төртінші деңгейі жинақтаушы зейнетақы қорларында қалыптастырылатын кәсіпорындардың ерікті зейнетақы жарналарынан тұрады. Мұның мәнісі елімізде еңбектің сандаған түрлерінің ішінде денсаулыққа жағымды- жағымсыз әсер ететін ауыр немесе қауіпті түрлерінің болатыны да белгілі. Өйткені, әрбір кәсіптің өзіндік қыры мен ерекшеліктері болады. Міне, осындай еңбекпен шұғылданатын кәсіпорындар өздерінің табыстарының есебінен жұмысшыларының атына ерікті зейнетақы жарналарын аударып отырады. Қазіргі күні елімізде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын құрайтын еңбектің 33 түрлі бағыты қалыптасып отыр. Оларға 2 мыңға жуық кәсіп пен қызмет түрлері кіреді.
– Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі де жұмыс істеп келе жатқандығы белгілі. Осы туралы да қысқаша айта кетсеңіз.
– Бұл жүйе Қазақстанда 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған. Ол еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша түрлерінің бірі болып табылады. Бұл жүйеге қосылған қызметкерлер үшін жарнаны негізінен жұмыс берушілер әлеуметтік төлем ретінде аударып отырады. Мұндай аудармаларды жинақтайтын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандырудың қоры жұмыс істейді. Қорға аударылатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңмен белгіленеді. 2001 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша бұл қорда қазіргі күні 265,1 миллиард теңге қаржы жинақталған. Бұл көрсеткіш 2006 жылғыдан 19,8 есе көп екендігін айта кетсек артық болмас.
Сонымен еліміздің тәуелсіздік жылдарынан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғаудың халықаралық стандарттармен сай келетін нарық экономикасының жағдайына бейімделген талапқа сай жүйесі құрылып отыр деп сеніммен айтуға болады.
– Енді халықты еңбекпен қамту мәселелеріне тоқтала кетсеңіз.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикада құрылымдық өзгерістердің жүруінің, бұрынғы шаруашылық байланыстардың үзілуінің әсерінен, жоғарыда айтқанымыздай, көптеген кәсіпорындардың аса қиын халге душар болғандығы, бұрынғы кеңшар, ұжымшар жүйелерінің ыдырауына байланысты ауылдағы көп халықтың жұмыссыз қалғандығы белгілі. Негізінде олар жұмыссыз емес еді. Тараған кеңшарлар мен ұжымшарлардан тиісті үлес оларда еңбек еткен әрбір адамға таратылып берілген болатын. Бірақ халықтың нарық экономикасы жағдайында жұмыс істеуге бейімі болмағандықтан қолға тиген осы үлесті жаппай сатуға шығарып, ауылдағы мал-мүлік саны да күрт төмендеп кетті. Осыдан халық біраз қиындықты бастан кешті.
Мұнан кейінгі жылдары ауылда жеке меншікке негізделген шаруашылық жүйелері дами бастады. Бірақ әзірге олар ауыл халқын тегіс жұмыспен қамти алмай отыр. Сондықтан қазір оны ауылда қолдарындағы мал-мүлік пен жер телімдеріне сүйеніп өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар саны көптеп саналады.
Қазіргі күні экономикамыздың дамып, мемлекеттің күш-қуатының артуына байланысты Елбасы Үкіметтің алдына халықты еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясын әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Осының негізінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты тұрақты және өнімді жұмыспен қамтылуды ұйымдастыру арқылы халықтың табысын арттыру болып табылады. Соңғы уақыттары бұл бағдарлама туралы баспасөз беттерінде көп жазылып жатыр. Сондықтан бағдарламаның бағыттары туралы қысқаша айтатын болсам, ол іске қосылғаннан кейін ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар саны айқындала отырып, жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыру, осындай жерлерге халықты жұмысқа тарту мәселелері бірте-бірте шешімін таба бастайды. Елімізде қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында ғана тек өткен жылдың өзінде 152 жаңа жобаның іске қосылғандығы белгілі. Жұмыссыз халық осындай жаңадан ашылған өндіріс орындарына тартылатын болады. Әрине, ол үшін ең алдымен жұмыссыздардың, әсіресе, ауыл жастарының арасынан бағдарламаға қосылуға тілек білдірушілерді алдын-ала мемлекет есебінен оқыту, сонан кейін оларды қалауына байланысты тиісті жерлерге көшіп келуіне қолайлы жағдай туғызу, жаңа жерлерге бейімдеу секілді шаралар қолға алынады. Сондай-ақ халықтың тұрған жерінің өзінен өз ісін ұйымдастырамын деген адамдар үшін жеңілдікті несие беру және кәсіпке баулу арқылы жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Бағдарламаның тағы бір үлкен мәні – еліміздегі кедейлік деңгейін төмендету. Оған қол жеткізудің тиісті өлшемдері әзірленген. Мәселен, кедейліктің қазіргі деңгейі немесе ел халқының ішіндегі кедей адамдардың үлес салмағы 8,2 пайызды құрайтын болса, 2016 жылға таман оны 6 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сондай-ақ осы аралықта еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызға дейін, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықтың үлесі қазіргі 33,3 пайыздан 26 пайызға дейін төмендейтін болады. Ал еңбек өнімділігін бағдарлама аясында 20 пайыз арттыру арқылы қол жеткізіледі.
Қазақстан қазірдің өзінде халықты әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесінде халықаралық деңгейде мойындалған жетекші елдердің біріне айналды. Бізде осы бағыттағы көптеген халықаралық шаралар ұйымдастырылуда. 2010 жылдың 7-8 маусымы аралығында «Дағдарыс жағдайында әлеуметтік қамту» тақырыбында халықаралық конференция өткізілген еді. Оған еліміз Парламентінің депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың өкілдері қатысуымен қатар, халықаралық ұйымдардың бірқатар басшылары қатысты. Олардың барлығы Қазақстанда дағдарыс кезінде жүзеге асырылған шаралардың барлығын мақұлдап, оны халықаралық деңгейдегі тәжірибе ретінде атап көрсетті.
Сонымен қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдарында еліміз халықтың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуде көптеген жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде елімізде 750 жаңа мектеп, 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды. 5302 мектепке дейінгі мекемелер, 1117 балабақша мен 4185 орталық ашылды. Кейінгі 10 жылдың өзінде орташа айлық жалақы бес жарым есе, зейнетақының орташа көлемі 4 есе өсті. Осындай шаралардың нәтижесінде өткен жылғы жүргізілген әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасында 50-орынға табан тіреді. Қазақстан халықаралық қауымдастық арасында экономикасы жылдан-жылға нығаю үстіндегі әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде танылды. Бұл аз жетістік емес. Ал қазіргі жүзеге асырылу үстіндегі, сондай-ақ енді іске қосылғалы отырған мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылатын шаралар нәтижесінде бұл көрсеткіштердің одан әрі жақсара беретіндігі анық.
Баршамызға белгілі, бүгінгі таңда Қазақстанда барлық салалар бойынша жан-жақты модернизациялау қолға алынуда. Халықты әлеуметтік қорғау мәселесіндегі маңызды тұстардың бірі әлеуметттік тұрақтылықты арттыру және масылдықты еңсеруге және атаулы әрі тиімділікке бағытталған әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру.
Тіршіліктің сапасы мен деңгейін әлемдік стандарттарды ескере отырып арттыруға бағытталған әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша ауқымды әрі жүйелі істер жалғасын таба береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.