Тынымсыз тіршіліктің әр күнінің ерекшеліктерімен қатар, өзіндік өзгешеліктері де, берер табысы да мол болатындығы ақиқат. Кең-байтақ еліміздің өзге салаларындағы сияқты, зейнетақы саласында да соңғы уақытта бірқатар ықпалды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл орайда, «ҰларҮміт» жинақтаушы зейнетақы қорының биылғы жылдың сәуір айының соңында «БТА Қазақстан» ЖЗҚ АҚ-мен бірігу жолымен қайта құрылуын атап айтқан жөн сияқты. Оның басты себебі, мұның өзі «Ұлар Үміт» зейнетақы қорының Қазақстанның қаржы қызметі нарығының зейнетақы саласындағы үлесін 20 пайызға дейін ұлғайтты.
Міне, осы және күн тәртібінде тұрған өзге де ауқымды мәселелер туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында кеңінен сөз болды. Оған ҚР Қаржыгерлер Ассоциациясының төрағасы Серік Аханов, «БТА Банкі» АҚ басқармасы төрағасы Әнуар Сәйденов және «ҰларҮміт» ЖЗҚ» АҚ басқарамасының төрайымы Гүлнәр Әлімғазиева қатысты. Негізінен алғанда «ҰларҮміт» жинақтаушы зейнетақы қорының еліміздің зейнетақы нарығындағы көшбасшылық орнының одан әрі нығая түскендігі баяндалған жиында сала басшылары қордың бүгінгі ахуалы мен келешегі туралы да өз ойларын ортаға салды. Мәселен, «БТА Банкі» АҚ басқармасы төрағасы Әнуар Сәйденовтің айтуынша, «еліміздегі ірі екі жинақтаушы зейнетақы қорының біріктірілуінің нәтижесінде «ҰларҮміт» ЖЗҚ бірқатар басымдықтар мен артықшылықтарға ие болды».
Анығырақ айтқанда, мұның өзі оның келешектегі дамуына да айтарлықтай ықпал ететіндігі де сөзсіз. Сөйтіп, осылайша ұлғайтылып, керегесі одан әрі кеңи түскен қор зейнетақы активтерінің көлемі жағынан басым түсіп, 441 миллиард теңгені құрап, екінші орынға көтерілді. Сондай-ақ, қордағы салымшылардың саны 1886 мың адамға жуықтады. Қордың жеке капиталы болса 13 миллиард теңгеден асып түсті. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір жәйт, «ҰларҮміт» ЖЗҚ-ның басты басымдықтарының бірі – қордың жалғыз акционері «БТА Банкі» арқылы қор капиталына мемлекеттің қатысуы болып табылады. Ал, енді банк болса, өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ арқылы мемлекеттің бақылауына алынған. Қордағы өзге оңды өзгерістердің арасында үйлестірілген инвестициялық қоржынды, бүкіл Қазақстан бойынша 140-тан астам өкілдіктен тұратын тармақталған аймақтық желіні айтуға болады.
«ҰларҮміт» жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрайымы Гүлнәр Әлімғазиева «Қордың биылғы, яғни 2011 жылдың соңына қарай инвестициялық қоржынның нақты табыс көрсеткішін арттыруы жоспарланып отырғандығын» атап айтады. Сөйтіп, нақты кіріс көрсеткішінің жоспарланып отырған өсімі өміршеңдік макроэкономикалық болжамдарға, сонымен қатар, активтерді инвестициялық басқару тиімділігін арттыруға бағытталған қордың жаңартылған стратегиясына негізделген.
Қор қоржыны табыстылығының тұрақты өсуіне қайта ұйымдастырудың алдында инвестициялық құралдарды мұқият қайта бағалау бойынша өткізілген қадам себепші болмақ. Осы жұмыстың нәтижесінде қордың қаржы құралдары нарық жағдайына сәйкестендіріліп, қоржынның табыстылығына дефолтты эмитенттер қағазының ықпал етуі толығымен алынып тасталды. Болашақта қор өзінің қаржы құралдарын бағалау кезінде бірыңғай есептік саясатын ұстануға ниеттеніп отыр. Сонымен бірге, эмитенттерді табысты түрде қайта құрылымдаған жағдайда уақытша қиындыққа тап болған жекелеген эмитенттердің қағаздарынан құралған резерв болашақта қосымша табыс көзі ретінде қызмет етуі мүмкін.
– Қор қоржыны қазіргі кезеңде жоғарғы өтімділікке және мемлекеттер, валюталар және түрлі салалар бойынша әртараптандырылған жоғары рейтингке ие бағалы қағаздардан құралған. Қоржын құрылымында мемлекеттік бағалы қағаздар едәуір үлес алған (33,5 %), олардың 90 пайыздан астамының табыстылығы инфляция деңгейіне байланысты болғандықтан, бұл жағдай қоржынды қауіптің төну мүмкіндігінен қорғайды. Қор қоржынның он пайызға жуығы өсу мүмкіндігі жоғары ірі шетелдік компаниялардың өтімділігі жоғары акцияларына инвестицияланған. Зейнетақы активтерінің 30 пайызға жуығы табыстылық деңгейі инфляция деңгейінен асатын корпоративті облигацияларға салынған. Қазақстандық эмитенттердің жай акциялары мен депозитарлық қолхаттарына зейнетақы активтерінің 11 пайызға жуығы, шетелдік эмитенттердің жоғары рейтингілі облигацияларына – 5 пайыздан астамы, ал банк депозиттеріне 4,6 пайызға жуығы салынған, – дейді Гүлнәр Әлімғазиева өз ойын ортаға салып.
Сонымен, қордың делдалдық сыйақысы салымшылардың инвестициялық табыс мөлшеріне байланысты төлене бермек, ал бұл сыйақының төленуі осы күнге дейін зейнетақы нарығында бірде-бір тәсіл тең келмейтін тиімді меже бойынша жүзеге асырылады. Қор өзінің нарықтағы орнын, қызмет көрсету сапасын арттыру және аймақтық желіні кеңейту арқылы нығайтып, дамытуды көздеуде. Жақын уақытта қор Теміртау, Екібастұз және Ақсай қалаларында өзінің қатысуын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.