Елбасының қолдауымен Маңғыстауда инвестициялық ірі жобалар ұзақ мерзімді «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдастырылған бағдарламасына біріктіріліп, жүйелі түрде жүзеге аса бастады. Солардың арасында өндірісті өлке үшін ғана емес еліміздің атағын аспандата түсетіндей «Кереметтей Кендірлі» демалыс аймағындағы халықаралық стандарттарға сай салынатын ондаған құрылыс нысандары да бар.
Кендірлі – Каспий теңізінің оңтүстік шығысындағы шығанақ. Бұл жердің атауы тәуелсіздік алғанымызға дейін А.Фетисов шығанағы деп аталды. Тарихқа жүгінсек осы бір табиғаты әсем жерді алғаш рет 1714 жылы А.Бекович-Черкасский деген географ картаға түсіріп, 1873 жылдары орыс әскерлері Хиуа жорығын осы жерден бастапты. Сол жылдардан соң осы арада Форт-Александров – Красноводск аралық байланыс бекеті салынып, балықшы ауылдар қоныс тепкен. Қазан төңкерісінен кейін мұнда әуелі артель, соңынан ұжымшар құрылып еңбек көрігі қызған жер болған. Өлкеде өндіріс ошақтары ашылуына орай кейінгі жылдары олар тарап кетіпті.
Табиғаты әсем, құмы таза, суы мөлдір шығанақта 1975-1976 жылдары әуелі мұнайшылар балалары үшін демалыс орындары, одан соң Жаңаөзен мұнайшылары үшін демалыс орындарын салу қолға алынған. Соған орай Жаңаөзен қаласынан 65 шақырым жердегі Кендірліге асфальт жол, жоғары кернеулі электр желісі, су құбыры тартылып, көркі көз тартарлық демалыс үйлері салынып, нағыз жайлы демалыс орнына айнала бастады. Өзінің республикамыздағы теңіз жағасындағы бірден бір келешегі зор туристік кешен болатындығын дәлелдей түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары осы жерде Ресей, Орталық Азия мемлекеттері президенттерінің басқосуларын және Шет ел инвесторлары кеңесінің жиынын өткізді. Әсем табиғат, жайлы жағажай қонақтарға ерекше әсер етті. Шығанақ мәртебесі де өсе түсті. Кендірліге деген қызығушылық, келешекке деген нық сенім біраз игі істерді қолға алуға итермеледі. Қазір облыс экономикасының қарқынды дамуы, облыс басшыларының іскерлігі нәтижесінде өмірге енген серпінді жобалардың біріне Кендірлі демалыс аймағы да айналып отыр.
Өткен жылы облыстық әкімдік пен Халықаралық тұрақты даму компаниясы (SWDC) арасында «Кендірлі» курортты-демалыс аймағы және туристік кешен құрылысын жүргізудегі бірлескен іс-қимыл туралы» келісімге қол қойылды. Облыстық мәслихат сессиясы 2010-2013 жылдарға арналған «Кендірлі» құрылымы бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Бүгінгі таңда «Кендірлі» курортты аймағында инженерлік коммуникациялардың өту желісін және халықаралық әуежай аумағының орнын геотехникалық зерттеу аяқталды. Сыртқы инженерлік инфрақұрылым құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, инженерлік инфрақұрылымдарды салуға әзірлік басталды. Өткен жылы «Кендірлі» курортты-демалыс аймағын құру және дамыту жобасының таныстырылымы Берлин қаласындағы «ІТВ-2010» халықаралық туристік биржада, Мәскеуде өткен «Интурмаркет-2010» халықаралық туристік көрмеде және Алматыдағы «КІТБ-2010» Х мерейтойлық Қазақстан халықаралық туристік көрмесінде өтті. Сондай-ақ өткен жыл ортасында «SIBS CORPSDM BHD» халықаралық компаниясы мен «Кендірлі» халықаралық курортының 2010-2013 жылдарға арналған даму бағдарламасы жасақталды. Әлемге белгілі аталмыш компанияның штаб-пәтері Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласында. Бағдарламадағы «Кендірлі» демалыс аймағы құрылысының құны – 2,3 млрд. АҚШ доллары. Жобалық қуаты 22000 кереует-орындық 23 қонақ үй мен 4000 вилладан тұрады. Жылына Ресей, ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс мемлекеттері мен өз елімізден 500 мыңнан астам туристер келеді деген болжам бар. Атап айтсақ, олардың 50 пайызы Ресейден, 30 пайызы өз елімізден, қалғандары алыс жақын шет елдерден болмақ. Сол кезде оларға 15 мыңнан астам адам қызмет көрсетеді. Теңіз жағалауында 60 мың тұрғыны бар қалашық бой көтермекші. 2010-2013 жылдары мемлекет қаржысы есебінен 25 шақырымдық жердегі халықаралық әуежай-курорт жолы, 12 шақырымдық газ желісі, жоғары кернеулі электр желісі, емхана, өрт сөндіру депосы, полиция пункті салынбақшы. Қазірдің өзінде Ақтау қаласында туризм колледжі ашылып жұмыс істеуде. Онда германиялық ұстаздар дәріс беріп жүр. Сондай-ақ инвесторлар тарапынан су тұщыту зауыты, 3,5 шақырымдық қону алаңы бар әуежай, тазарту қондырғысы, жылыжайлар, әкімшілік ғимараттары, т.б. нысандар бой көтереді. Ал туристік инфрақұрылымдар қатарында бес жұлдызды «Шайыр» гольф-отелінің, «Мерет» клубтық отелінің, бес жұлдызды «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың «Босаға» отелі мен «Тамшалы» ойын-сауық отелінің құрылыстары салынады. «Босаға» отелінің өзінде 100 коттедж, аквапарк, қоғамдық жағажай, сауда алаңы, ал «Шайыр» гольф-отелінде бассейндер мен жеке жағажайлар, 30-ға тарта гольф алаңы болмақшы. Мұның бәрін де 2010-2013 жылы салу жоспарланған. Сондай-ақ алғашқы кезеңі 2010-2011 жылдары аяқталатын жобалық құны 248,0 млн. АҚШ доллары тұратын халықаралық «Кендірлі» әуежайы да қуаты мол, көркі көз тартарлық болмақшы. Әуежайдың екінші кезеңін жүзеге асыру 2015 жылға белгіленіпті. Сол кезде «Кендірлі» халықаралық әуежайы жылына 1 млн. жолаушыға қызмет көрсетпекші. Осының бәрінен «Кендірлі» демалыс аймағының Еуразия кеңістігіндегі ең тартымды туристік орталық ретінде келешегі зор екендігін, сол арқылы еліміздің туризм саласын одан әрі дамытуға сүбелі үлес қосатындығын анық байқауға болады.
Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.