20 Мамыр, 2011

Сыртқы істер министрі Ержан ҚАЗЫХАНОВ: ЕҚЫҰ-дағы тәжірибе ИКҰ-да көмектеседі

459 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Еліміз жиырма жылдық тәуелсіздік тарихындағы тағы бір асуды алғалы отыр. Ол асу – Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі. Мұсылман елдерінің бірлігін күшейту, бірін-бірі қолдауын қамтамасыз ету, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, мәдени, өнер-білім салаларында ынтымақтастықты дамыту мақсаттарын көздейтін, 1969 жылы Марок­коның Рабат қаласында өткен ислам әлемі саяси қайраткерлерінің І Ислам мәсли­ха­тында құрылған бұл ұйымның әлемдік саясатта, экономикада алар орны үлкен. «Біз Батыс пен Ислам әлемі үнқатысуын нығайту бойынша бастама көтердік. ИКҰ-ға төрағалық Қазақстанның сыртқы сая­саты­ның азиялық векторын күшейтуі тиіс», деп атап көрсетті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жол­дауында. Осы төрағалық қалай жүзеге асырыл­мақ­шы? Төрағалық барысында Қазақстан қан­дай ұстанымдарды басшылыққа алмақ­шы?  Дүние дидарындағы мұсылман мемле­кет­терінің басын қосатын ұйымға жетекшілік жасаудың ерекшеліктері неде? «ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз табысты болға­нын бәріміз көрдік. Енді ИКҰ-ға төраға­лығы­мызға қалай дайындалып жатқанымызды жазбайсыздар ма?» деуші оқырмандарымыз да аз емес. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан ҚАЗЫХАНОВТЫҢ жаңа да жауапты жұмысқа кіріскелі бергі баспасөзге берген алғашқы сұхбатында осы жайлар әңгіме етіледі. – Құрметті Ержан Хозеұлы! Кәсіби дипломат болғандықтан сіз көптеген жылдар бойы елден жырақта жүр­діңіз. Қазақстан Республикасының Бі­ріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі, Австриядағы елші, елі­міздің Вена қаласындағы халық­аралық ұй­ым­дар жанындағы Тұрақ­ты өкілі қыз­мет­терін атқардыңыз. Ел­дегі баспасөз бетінде, телеарналар экрандарында көп көріне қойған жоқсыз. 2005 жылы Нью-Йоркте, 2009, 2010 жылдары Венада жолы­ғысқанымыз, аз-кем сөй­лес­кеніміз болмаса, өзіңізден сұхбат алуға келіп отырған  мен де сізді жа­қын білемін дей алмаймын. Газет оқыр­ман­дары­ның да өзіңіздің өмір­бая­ныңызбен жа­қы­нырақ танысқысы келуі заңды. Сіз шы­ғыс­танушы-тарихшы мамандығын қалай таңдап едіңіз? – Менің мамандық таңдауыма Шы­ғыс елдерінің таң-тамаша қалдырарлық та­рихы, бүгінгі заманғы сипатының бірегейлігі, сондай-ақ тіл білуге құмарлық шешуші әсер етті деп ойлаймын. Мен дипломатияға да шығыстанушы-тарих­шы болғандықтан келдім. Ленинград мемлекеттік университетінің шығыс­та­ну факультетіне біздің отбасымызда негізінен дәл ғылымдармен шұғылдану дәстүрлі түрде қуатталатынына қарамай түскен болатынмын. – Ата-анаңыздың мамандығы қан­дай еді? – Әкем Мәскеудің Бауман атындағы Жоғары техникалық училищесін бітірген. Анам геометрия пәнінің мұғалімі еді. – Президенттің сізді министр етіп та­ғайындау туралы Жарлығы шық­қан­­да біраз адам әкеңіздің атына назар аударды деп ойлаймын. Хозе – қа­зақ есі­мінің өзгертіліп жазылып кетуі ме, әлде... – Папам 1937 жылы туған. Ол кезде Испанияда азамат соғысы жүріп жатқан ғой.  Хосе Диас деген революционер Коминтерн Атқару комитетінің мүшесі болған. Испан компартиясын басқарған. Атам ұлының атын сол кісінің құр­метіне қойған екен. – Шығыстану сізді несімен қы­зық­­тырды? – Бұл ғылым Шығыс елдерінің та­рихын, экономикасын, әдебиетін, тілдерін, діндерін, өнерін, философиясын, этнографиясын, материалдық және рухани мәдениет жәдігерліктерін зерттейтін пәндердің тұтас жиынтығы ғана емес. Шығыстану – ойлаудың өзіндік жүйесі, ол өркениеттердің өзара баюына септесетін жайларды тауып, қолдан­балы міндеттерді шешу жолдарын іздестіруді қа­рас­тырады. Оның үстіне шы­ғыстану са­лыстырмалы түрде алғанда жас ғы­лым, әлемнің анағұрлым дамы­ған ел­де­рінің сыртқы саяси мүдделері тұрғы­сында қа­лыптасқан ғылым, мен бұл мамандыққа осы жағынан да қызықтым. Осы заманғы дипломатқа қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың бар­лық салаларынан білімді болу қажет. Тек біліп қана қою жеткіліксіз, сол білімді басқа да тетіктермен қоса нақты істе пайдалана білу де керек. Көптеген шетелдік іссапарлар кезінде, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі, Венадағы елші қыз­ме­тін­де Ленинград университетінің мектебі маған дипломатиялық, қоғамдық-саяси, іскерлік және академиялық ортада, әсі­ре­­се, араб елдері өкілдерінің арасында бай­ланыс ор­натып, тілектестер, достар та­буға көмек­тесті. Ағылшын, араб тілдерін меңгер­ге­нім батыс және шығыс әдебие­тін түпнұс­қадан оқуға, басқа ел­дердің тарихын, мә­де­ниетін, дәстүр­ле­рін те­реңі­рек тануға мүм­кіндік берді. Ма­ман­дық таңдауда да, сол маман­дықты оқы­татын оқу орнын таң­дауда да қателескен жоқпын деп ойлаймын. – Сіз көптеген жылдар бойы Қа­зақ­стан Республикасының Біріккен Ұлт­тар Ұйымындағы Тұрақты өкілі бол­ды­ңыз. Біздің еліміздің әлемдік қоғам­дас­тықтағы алар орны жөнінде не айтар едіңіз? – Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ашық әрі бейбітсүйгіш саясат жүргізіп келеді, БҰҰ-ға мүше болғалы еліміз ұлт­­тардың жаһандық қоғамдастығына ой­да­ғыдай кірігіп қана қойған жоқ, сол ортадан лайықты әрі елеулі орын да ала білді. Қазақстан бүгінде осы заманның көкей­кесті мәселелерін шешуде халық­аралық қоғамдастықтың толыққанды әріптесі, біз қаруды таратпау режімінен азық-тү­лік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дейінгі көптеген бастамаларға белсене қатысудамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Қа­зақстан ұсынған халықаралық бастама­лардың арасынан мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңес өткізу, Орталық Азия бітімгершілік батальонын (Центразбат) құру, БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің эко­номикасы үшін Арнаулы бағдарламасын (СПЕКА) белгілеу, Арал мен Семей по­ли­гонының экологиялық апат аймағын сауықтыру жөніндегі халықаралық бағ­дарламаға қозғау салу, 29 тамызды – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен Семей полигоны жабыл­ған күнді – Ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттің халықаралық күні деп жариялау сияқты шараларды бөле атар едім. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және біздің еліміздің жа­һан­дық ядролық қарусыздануға қосқан үлесі аса ауқымды. Қазақстанның таратпау және қарусыздану саласындағы көш­­басшылығы баршаға белгілі. Елба­сы­­мыз­дың Тәуелсіздіктің алғашқы күн­де­рі­нен-ақ бейбітсүйгіш саясатты көре­ген­дік­пен ұстануы бізді осындайлық абы­ройға бөлеп отыр. Ішкі және сыртқы саясатын сараб­дал­дықпен жүргізудің арқасында Қазақ­стан өз дамуында қомақты табыстарға қол жет­кізді. Біздің еліміз транзиттік мем­лекеттер арасындағы дамудың та­быс­ты моделі деп танылды. Эконо­ми­кадағы жар­қын жетістіктеріміз саяси әлеуетімізді нығайтып, өзіміздің өңірде ғана емес, халықаралық аренада да бар­ған сайын белсенді, дербес рөл атқаруға алып келіп отыр. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етуі, талайдан шақырылмаған Саммитті өткізуге, онда тарихи Астана декларациясын қабыл­дау­ға қол жеткізуі осының айғағы. – Сіз мамандығыңыз бойынша араб­танушысыз. Министр ретінде та­ныс­тыруға келгенінде Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы: «Біз өткен жылы еуропа­лық мәселелер бойынша жақсы жұ­мыс істедік. Қазір араб мәселесімен айна­лысуға тура келеді. Ол ислам әлемін­дегі Қазақстанның беделін ны­ғайтуға өзінің үлесін қосады деп сенемін», деген болатын. Әрине, министр қызме­тіне мамандығыңызға байла­ныс­ты та­ғайындалмағаныңыз белгілі ғой, сонда да бұл тағайындау елі­міз­дің сырт­қы саясатындағы басым­дық­тар­да жекелеген өзгерістер бола­ды деп шамалауға мүмкіндік беретін шығар. Бұған не дер едіңіз? – Бірден-ақ мына жайдың басын ашып айтайын: Қазақстан алдағы кезде де өзінің сыртқы саяси бағытын көп век­торлы етіп жүргізуді жалғастыратын болады. Сонымен бірге Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың биылғы Жолдауын­да сыртқы саясаттағы азиялық вектор­дың күшейтілетінін атап айтқанына да назар аудару қажет. Мұның өзі әбден орынды. Қазақстанның ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдар­да­­ғы төрағалығы, әсіресе, әлемдегі, оның ішінде Таяу Шығыс елдеріндегі кейінгі кезде орын алған оқиғаларды есепке ал­ғанда, еліміздің алдына өңір­лік және жаһандық қауіпсіздікті нығай­ту, сондай-ақ өзіміздің халықаралық аренадағы рөлімізді күшейту ісінде жаңа міндеттер қояды. Бұл орайда Мемлекет басшы­сының Ислам әлемі мен Ба­тысты жақын­дату жөніндегі бастамасы ерекше маңыз­ды. Президенттің жоғары сенім көрсетуі маған Мемлекет басшысының сыртқы саяси бағытын алға жылжыту жөнінде үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен басқаратын ведомство Қа­зақ­станның шетелдермен екіжақты, сон­дай-ақ көпжақты халықаралық қаты­нас­тарына тың тыныс беру үшін қолдан келгеннің бәрін де жасайтын болады. – Оқырмандарымыз үшін Ислам Кон­ференциясы Ұйымының мәнін, Қа­зақстанның оған төрағалығы қа­лай атқарылатынын түсіндіре айтып берсеңіз. – Ислам Конференциясы Ұйымы мүше елдерінің саны жөнінен БҰҰ-дан кейінгі екінші ұйым. Оған 57 ел мүше. ИКҰ-ның қызметі сан қыр­лы. Оның құрылымында 26 орган мен институт бар. Ұйымның негізгі мақ­сат­тары мен міндеттері оның түбірлі құжа­тында – Жарғысында тиянақталған. Ұйым бү­гінде шамамен 1,6 миллиард адамның басын біріктіріп отырған мұ­сылман әлемінің ортақ мүдделерін ха­лықаралық аренада қорғауға, қолдауға, Умманың алдынан шығып отырған жаңа қатерлерді еңсеру үшін сол мем­ле­кет­тердің күш-жігерлерін үйлестіріп, бір ізге салып отыруға тиісті. ИКҰ, мүше елдерді діни біртектілігіне бай­ланысты біріктіргенімен, діни құрылым болып табылмайтынын басын аша айтқым келеді. Бұл жайында ИКҰ-ның іс басындағы Бас хатшысы Эк­мелед­дин Ихсаноглу да бірнеше рет мәлімдеген. Президент Назарбаевтың талай рет айтқанындай, мұсылман елдерімен көп­қырлы ынтымақтастықты дамыту біздің еліміздің стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Біз – зайырлы мемлекетпіз, сонымен бірге біз мұсылман Ум­ма­сы­ның ажырағысыз бөлігіміз. Сон­дық­тан да Қазақстан ислам әлемінде болып жатқан саяси-экономикалық және мә­дени-гуманитарлық үдерістерге белсенді атсалысу үшін 1995 жылы ИКҰ-ға мүшелікке өтті. Осы 16 жылдың ішінде Астана Ұйым инс­титуттарымен өзара іс-қимылдың жоғары дең­гейі­не қол жеткізе алды. ИКҰ-дағы біздің пози­ция­ларымызды одан әрі нығайта түсу үшін Мемлекет басшысы ИКҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясында Қа­зақ­станның  төр­аға­лық ету­ге кандидатурасын ұсын­ды, ол ұсы­ныс бірауыздан қолдау тапты. Мұ­ның өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың ислам әлемінде де аса беделді басшы екендігінің тағы бір дәлелі. – ИКҰ-ға біздің төр­ағалығымыз нақты қа­шан бас­та­ла­ды? Төр­аға­лық неден таны­лады? – Төрағалық ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің сессиясын өткізу­ден басталып, шамамен он екі айға, біз өз өкі­леттігімізді ізбасары­мыз­ға бергенше созы­ла­ды. Төраға ел өз аума­ғын­да Сыртқы істер министрлері кеңесінің сес­сиясын өткізеді, ИКҰ-ның осы және басқа да кеңесшілдік құры­лым­да­ры қыз­метін үйлестіреді, мүше мемлекеттер ара­сын­дағы пікірталастарда моде­ра­торлық функция атқарады, Ұйым қыз­метін түсіндіру жөнінде жұмыс жүр­гі­зеді, мүше мемлекеттердің саяси, әлеу­меттік-экономи­ка­лық және мәдени-гу­ма­нитарлық салалардағы түрліше көп­жақты іс-шаралар өткізуіне баста­машы болып, оларды жүзеге асыруға көмектеседі. Бүгінгі таңда біз­дің дипломаттарымыз төрағалығымыз­дың бағдарламасын  нақты жүзеге асыруға дайындық жұмысын жүргізуде, ол ИКҰ тарихындағы ең қанық бағдар­ла­малардың бірі болады деп ойлаймыз. – Қазақстан дипломатиясының ал­дында ИКҰ-ға төрағалық бары­сын­да қандай түбегейлі міндеттер тұр? – Қазақстанның халықаралық байла­ныс­тары мен еліміздің еуропалық қауіп­сіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қос­қан үлесі жаһандық ауқымда да, мұсыл­ман әлемінде де жақсы белгілі. Біз оларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Қазақстан төрағалығы өзінің күш-жі­герін халықаралық және өңірлік қауіп­сіздікті нығайтуға, әлеуметтік мәселе­лерді шешуге септесуге, өркениетара­лық үнқатысуды жылжытуға, ислам әлемі мен Батыс арасындағы сындарлы іс-қимылды қамтамасыз етуге, ислам­о­фо­бияға қарсы тұруға, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімін күшей­туге баса назар аударатын болады. ИКҰ-ның халықаралық беделін арт­ты­руға, Ұйым іс-қимылының 2005 жылы қа­сиетті Меккеде қабылданған 10 жыл­дық жоспарының қағидаларын жүзеге асыруға, мүше елдердің осы заманғы қатерлер мен қыр көрсетулерге тиімді қарсы тұруын ұйымдастыруға күш салмақпыз. Ислам Конференциясы Ұйымы бұған дейін Қазақстан Президентінің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) ша­қыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдас­ты­ру, 2010 жылды Мәдениеттер жақын­дасуының халықаралық жылы деп, ал 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттің халықаралық күні деп жариялау жөніндегі бастамаларын қолдау туралы қарарлар қабылдаған болатын. Біз осы маңызды жұмысты жал­ғас­тырмақ ниетіндеміз. Қазақстан ИКҰ-ны бүкіл мұсылман әлемінің ортақ мүдделерін таныта ала­тын жалғыз әмбебап халықаралық құ­ры­лым деп біледі. Біздің еліміздің төр­ағалығы тұсында ИКҰ-ға мүше елдер­дің бірқатарында елеулі саяси дағ­да­рыстар орын алып жатқанын атап айту шарт. Бұл орайда сол оқиғалардың әсер-ықпалына қоса, ислам Уммасы үшін дінді әшкерелей сынау (диффамация) мәселелері мен исламофобиямен күрес көкейкесті күйде қала береді. Араб-Израиль қақтығысы бойынша келіссөз үдерісі жандана түседі. Біз исламо­фобияға қарсы тұру бойынша үйлес­ті­ріл­ген саясат жүргізуді жақтаймыз. Осы мақсатпен ИКҰ-ның исламофобиямен күрес жөніндегі комитетін құруды ұсы­нып отырмыз. – Ержан Хозеұлы, ИКҰ-ға төраға­лықтың бағдарламасында белгіленген негізгі іс-шаралар қандай? – Сыртқы саясат ведомствосы Қа­зақ­станның ИКҰ-ға төрағалығының 2011-2012 жылдарға арналған тұжы­рым­да­масы мен бағдарламасын жасады. Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесіне қоса, басқа да бірқатар маңыз­ды іс-шаралар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана ИКҰ-ға мүше мемлекеттер денсаулық сақтау министрлері­нің 3-ші конференциясын, мұсылман әлеміндегі әйелдердің құқын қорғау жө­нінде кеңесті, су мәселелерімен айна­лысатын мамандардың кездесуін, Ислам ғылым академиясының көшпелі мәжілі­сін, «ТМД елдеріндегі ислам» тақыры­бында халықаралық ғылыми конферен­цияны, басқа да іс-шараларды өткізеді. – Елдің саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі Астанада ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер ми­нистрлері кеңесінің мәжілісі өтуі бол­ғалы отыр. Қандай мәселелер тал­қы­ламақсыздар? Мәжілістен қандай нәтиже күтесіздер? – Алдағы алқалы жиынның басты назарында мұсылман әлеміндегі қоғам­дық-саяси және әлеуметтік-экономи­ка­лық ахуалдың неғұрлым көкейкесті мәселелері тұратыны талассыз. Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары кеңесте бүгінгі таңда ИКҰ-ға мүше мем­лекеттердің, алдымен Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы елдердің тынышын алып тұрған белсенді ішкі сая­си үдерістерге орай, ынтымақтаса әре­кет ету жөнінде бәтуалық көзқарастар іздестіретін болады. Оның сыртында, ИКҰ-ға мүше елдер министрлері, делегация басшылары мен Ұйым инс­титуттары жетекшілеріне қоса, біз Астанада халықаралық ұйымдардың, бай­қаушы елдердің, көрнекті қоғам қайрат­керлерінің үлкен тобын күтіп отырмыз. Министрлер кездесуінің аясында интерактивті сессия, сондай-ақ ИКҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жос­парын талқылауға арналған  жоғары деңгейде кездесу өткізіледі. – Жалпы, кеңеске қанша адам қатыспақшы? –  57 елден шамамен 700-800 адам келеді деп отырмыз. – Қандай шешімдер қабылданады деп ойлайсыздар? – Министрлер кеңесінің аясында 90-нан астам қарар қабылдау жоспарлануда. Олардың 40 шақтысы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, 40 шақтысы саяси мәселелерге арналады. Әр төраға ел мұндайда қарарлардың жобаларын ұйымға мүше барлық елдермен алдын ала келісе дайындайды. Осы күндерде (министрмен сұхбатымыз дүйсенбіде, 16 мамырда болып еді – С.А.) Жиддада, ИКҰ Хатшылығында Қазақстанның төр­­ағалығымен жоғары лауазымды тұлға­лар комитетінің отырысы өтуде, сол оты­рыста болашақ құжаттар талқы­ла­нуда. Ең бастысы – кездесу қорытындысы бойынша негізгі құжат – Астана дек­ларациясы қабылдануы. Ол құжат ел­дер­дің бірлігін нақтылап, ИКҰ мемле­кет­терінің даму жолында ынтымақ­та­су­ға әзірлігін қуаттауға тиіс. – Төрағалық тізгіні бізге тиген тұста біраз мұсылман елдерінде дағ­дарыс орын алып отыр ғой. Шартты түрде «араб революциялары» делініп жүрген ол оқиғалар Қазақстанның Ұй­ымға төрағалығы барысына қан­дай ықпал жасайды деп ойлайсыз? – Сіз айтқан «араб революциялары» өңірдің саяси келбетін елеулі түрде өзгертетінін және Таяу Шығыстағы реттеу проблемаларының бірқатар қыр­лары­на жаңаша қарауды талап ететінін анық ұғыну шарт. Ол өңірдегі қақ­тығыстардың реттелмеуі геосаяси жағ­дай өзгерген тұста әлемнің осынау стратегиялық тұрғыдан маңызды бөлі­гін­дегі онсыз да ушығып тұрған жағ­дайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан өңірдегі мемлекет­тердің де, халықаралық қоғамдастық­тың да саяси тұрғыдағы басымдығы ең алдымен әскери-саяси жағдайдың одан әрі дамуының болжауға келетіндігі, сондай-ақ өңірде тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болуға тиіс. Өңірдегі жағдайды қалыпқа түсіруде ИКҰ маңызды рөл атқаруы керек. Әрине, араб әлемінде орын алып отыр­ған оқиғалар біздің төрағалығы­мыз­дың күн тәртібіне өзіндік түзету­лерін енгізбей қоймайды. – Осы жайды қадап сұрағалы отыр едім. Солтүстік Африка мен Таяу Шы­ғыстағы жағдай дәл қазір асқынып тұр. Төрағалықтың күн тәртібіне сонда қандай түзетулер енгізілуі мүмкін? – Біздің ИКҰ-ға төрағалығымыздың тұжырымдамасы өткен жылдың желтоқ­санында-ақ іс жүзінде дайын болып қал­ған еді. Алайда, одан кейін жаңа сіз айтып отырған оқиғалар орын алды да, біз оған бірқатар өзгерістер енгіздік. Ендігі басты назар экономикалық және әлеуметтік мәселелерге аударылып отыр. Неге десеңіз, араб елдеріндегі тол­қулардың негізгі себебі халықтың әлеуметтік мәселелерінің шешілмеуі екендігі анық. ИКҰ-ға мүше 57 елдің шамамен 30 пайыздайы неғұрлым нашар дамыған елдер санатына қосылады, олардың арасында теңізге шығуға мүм­кіндігі жоқ елдер де баршылық. Ұйымға мүше 57 елдің төрт құрлықта шашырай орналасуы да ортақ проблемаларға ор­тақ көзқарастар қалыптастыруға біраз кедергі келтіріп отыр. Ұйым аясындағы бірнеше субөңірлердің әрқайсысы өзін мазалайтын нәрселерді алдыңғы қатарға шығарғылары келіп тұрады. Сондықтан да біз төрағалығымыздың барысында не­гізгі назарды экономикалық мәселе­лерге аударып, елдердің айқындамалары мен мүдделерін жақындастыруға ты­рыс­пақпыз. ИКҰ аясында дәстүрлі түр­де қарарларда көрініс табатын бірқатар мәселелер бар. Олар Иерусалимнің мәр­тебесі, Израиль-Палестина қарым-қаты­настары, Таяу Шығыстағы реттеу, Джамма мен Кашмир, Солтүстік Кипр, тағы басқалары. Араб елдерінің өзі ара-дара. Азия мен Африкадағы елдердің біразына аштық қаупі төнуі мүмкін екенін де жасырып-жабудың жөні жоқ. 7-9 маусымда Астанада 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы өтеді. Оның бір мәжілісі азық-түлік қауіпсіз­дігі мәселелеріне арналады. – Сұхбатқа кірісердің алдында қыс­қаша әңгімелесіп қалғанымызда сарапшылардың пікіріне қарағанда, дағдарыстың келесі толқыны 2012 жылы қайталануы мүмкін, ол бәрі­нен бұрын азық-түлік саласында кө­рі­неді деген болжамдар бар дедіңіз ғой. – Әлемдегі астық өндіруші қуатты мемлекеттердің бірі ретінде Қазақстан бұл орайда да маңызды рөл атқара ала­ды. Біз бүгінгі таңда Американың ЮСАИД агенттігі үлгісімен KazAID – Халықаралық көмектің қазақстандық агенттігін құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Айналасы кедей ел бай бола алмайды. Ол анық нәрсе. Табысының деңгейі орташа елдердің «қақпаны» деген ұғым бар ғой. – Соның мәнін түсіндіріңізші? – «Қақпан» ұғымының  мәні да­мудың белгілі бір деңгейіне жеткен елдердің одан әрі биікке көтерілуге ша­масы келмей, сол аядан шыға алмай қа­латынында. Мұның көп себептерінің бірі сол елдердің өңірлік айналасына бай­ланысты. Нақты мысал ретінде Ма­лай­зияны алайық. Малайзия міне 10 жыл­дан бері жан басына шаққандағы 15 мың долларлық ішкі жалпы өнім дең­гейінде тұрып қалды. Одан әрі өсе алмай жатыр. Латын Америкасындағы біраз елдің жағдайы да сондай. Жан басы­на шаққанда ІЖӨ-сі 9 мың долларды құрайтын Қазақстан қазір әлемдегі табыс деңгейі орташа 45 елдің тобына қосылды. Сондықтан да біз даму дең­гейімізді арттыру жөніндегі міндеттер­дің ауқымдылығын жақсы түсінеміз. Өңірлік тұрақты дамуды қамтамасыз етпей болмайды. Көршілес елдерге көмектесудің ма­ңызын ескере келіп, Қазақстан оларға қазірдің өзінде елеулі жәрдем жасап отыр, алайда бұл істі бір жүйеге келтіру керек, әсіресе, өңірдегі мемлекеттерге қарасудың қамын жеріне жеткізе ойластыру жөн. ИКҰ аясында кәсіптік-техникалық білім берудің өңірлік орталықтарын құру, мамандар дайындау мәселесін пы­сық­тап жатырмыз. Ислам инвес­ти­ция­сын дамыту, «Оңтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша ынтымақтастық мәселелері қарастырылуда. Инвестиция атаулының бәрін Батыстан күте беру жөнсіз. Бұл орайда «Мұсылман әлемі – Батыс» желісі бойынша үнқатысу мен өзара түсіністікті дамытудың мәні үлкен. Біз ИКҰ-ның Орталық Азия өңіріне назарын күшейте түспекшіміз. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жылында сол ұйымның осы өңірге көңіл бөлуі артқаны белгілі. Қазақстанның ядролық қарусыздану үдерісіндегі алар бөлекше орнына бай­ланысты біз бұл іске  басымдық бермекпіз. Өзіміздің қарусыздану жө­нін­дегі тәжірибемізге назар аудартып, ИКҰ-ға мүше елдерді ядролық қаруға ие болу ниеттерінен бас тартуға ша­қырмақпыз. Қазақстанның қазіргі қарыш­ты дамуы бұл істе нақты мысал болады. – ИКҰ-дағы төрағалығымыз бізге мұсылман елдерімен сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты дамыту тұрғысында не бере алады? – Бұл ынтымақтастық бірқатар фак­торларға байланысты өте маңызды. Ұй­ымдағы экономикалық жағынан дамы­ған елдердің көпшілігі Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестиция­лық әріптестері болып табылады. Пар­сы шығанағындағы араб елдері Астана құрылысына белсене қатысқанын атап айту шарт. Олардың басқа да ірі инвес­тициялық және инфрақұрылымдық жо­баларды жүзеге асыруға атсалысқаны тағы белгілі. Қазақстан әлемдегі ең ірі қаржы институттарының бірі болып табылатын Ислам даму банкімен өзара іс-қимыл­дың биік деңгейіне шықты. Біздің елімізге бөлінген ИДБ қаржысының көлемі шамамен 700 миллион АҚШ доллары. Оның сыртында ИДБ Қазақстандағы ислам банкингін дамытуға кеңесшілікпен көп   көмек көрсетуде. Төрағалық барысында мұсылман елдерімен сауда-экономикалық өзара іс-қимылды жандандыруға, ИДБ-мен, ИКҰ-ның басқа да экономикалық институт­тарымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Ислам әлемінің ол мүмкіндігін Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына пайдалану өте маңызды. Еліміздің жылдан-жылға арта түсіп келе жатқан экономикалық әлеуетін ескеріп, Ұйым басшылығы Қазақстанға өз кандидатурасын ИКҰ-ның экономика­лық және сауда ынтымақтастығы жө­ніндегі Тұрақты комитетінің Бас ассам­блеясының бюро мүшелігіне ұсыну жөнінде ой тастады. Қазақстан осы құрылымдағы төрағаның орынбасары болып сайланды. Ыстамбұлда 2010 жылдың 5-8 қазан күндері өткен КОМСЕК конференциясында ислам елдері біздің мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік дамудағы жетістіктеріне жоғары баға берді. – Қазақстанның ИКҰ-дағы төр­аға­лығынан мәдени-гуманитарлық салада не күтуге болар еді? – Ислам әлемімен біздің тарих, дін, дәстүр, мәдениет ортақтығымызға бай­ла­нысты бұл саладағы ынтымақтас­тыққа да көп үміт артамыз. Мұсылман дүниесінде де ЮНЕСКО сияқты ұйым бар. Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы (ИСЕСКО) деп аталады. Қазақстан мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысу идеяла­рын қолдайтын көпэтносты, көпкон­фессиялы мемлекет ретінде алдағы кезде бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсу ниетінде. ИКҰ әлеуетін біз этнос­тық және діни төзімсіздікті, нәсілшілдік пен исламофобияны еңсеру үшін ба­рын­ша тиімді пайдалануға тырысатын боламыз. ИСЕСКО Алматыны 2015 жылы «Азиядағы ислам мәдениетінің аста­на­сы» деп жариялады. Біздің төрағалы­ғымыздың тұсында Дамаскідегі  Әл-Фараби бабамыздың  тарихи-мәдени орталығы мен мавзолейінің құрылысы аяқталуға тиіс, бұл кешеннің сал­та­натты ашылуын ұйымдастыруды да ойлап отырмыз. – Біздің еліміздің ИКҰ-дағы төр­ағалығы өзіміз үшін, Ұйым үшін қан­дай із қалдырса екен деп тілер едіңіз? – Қазақстан төрағалығы осы Ұйымға кіретін елдер үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін аса маңызды тарихи кезеңге тұстас келді. Мұсылман әлемі жаһандық дең­гейдегі дара саясаткер  Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің елімізде атқарылып жатқан жа­сам­паздық жұмысты да, еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына тамаша төрағалықты да, Астана Саммитінің табысын да көріп-біліп, жоғары бағалап,  Қазақстан төрағалығына  үлкен үміт артып отыр. Біз де  ЕҚЫҰ-да жинақталған  тәжірибе ИКҰ-да жақсы көмектеседі, бұл төр­ағалық еліміздің халықаралық арена­дағы беделін нығайта түседі,   Астана Ислам Конференциясы Ұйымын да жаңа рухпен толықтырады деп сенеміз. – ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде Қа­зақстан өз тұғырнамасын төрт Т-мен (Траст. Толеранс. Традишн. Транспаренси – Сенім. Төзімділік. Дәстүр. Аш­ық­тық)  түйіндеген болатын. ИКҰ-ға төрағалықтың тұғырнамасы қандай? – Бұл жолы біз «Бейбітшілік, Ын­тымақтастық, Даму» деген ұғымдарды ұранымыз етіп ұстанбақпыз. Ислам әлемінде Бейбітшілік болса, Ынты­мақ­тастық нығайса, елдеріміздің бәрі  Даму жолына түссе дейміз. – Тілегімізге жетейік. Мазмұнды жауаптарыңыз үшін алғыс айтамын. – Жауапты жұмысымыз жөніндегі ақпаратты оқырманға жеткізуге мүм­кін­дік жасағаныңыз үшін сізге де рахмет. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.