20 Мамыр, 2011

Ынтымақтастық тамыры тереңде жатыр

696 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ТМД кеңістігінде біздің елімізбен, Ресеймен бірге Кеден Одағын құрған беларусь жұрты қонысы іргелес жатпаса да, пейілі жағынан Қазақ елімен дос көңілі, ынтымақтастығы бар ел. Тәуелсіздік туын тіккен 20 жылдың ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынас жібі бір түйінделмей, қайта екі арадағы барыс-келіс жиілей түскен. Біздің тілшіміз ғаламтор арқылы Қа­зақстан Республикасының Беларусь Респуб­ли­ка­сын­дағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Смирновпен сұхбаттасқан еді. – Анатолий Владимирович, мамыр айының соңында Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенконың елімізге сапары жоспарланып отыр. Осыған байланысты екі ел арасындағы ынты­мақ­тастық жайында айтып бер­сеңіз? – Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы ара­сындағы тәуелсіздік жыл­да­рын­дағы екіжақты қарым-қаты­нас жылнамасына көз жүгірт­сек, екі елдің ынтымақтастығы тарихи мазмұнды болғанына және сондай қалыпта жалғасып жатқанына көзіңіз жетеді. Бұ­ған экономика көрсеткіштерін, ғылым, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы жетістіктерді жатқызуға болады. Қай саланы алып қарасақ та, біздің елдер арасындағы қарым-қаты­нас аясының алуан түрлілігін байқайсыз. Әрине, бұл қуан­тар­лық жай. Бүгінгі таңда біз тек екіжақты қарым-қатынастың сал­мақты шарттық-құқықтық де­рекқорын құрумен қатар, бо­лашақтың нақты басым ба­ғыт­тарын анықтай білдік. Мұндай қарқындылық екі ел фор­ма­ты­мен ғана шектелмей, көпжақты ынтымақтастықтың да ойдағы­дай серпінділікті көрсетіп отыр­­ғанын атап өткен жөн. Бүгін Қазақстан мен Беларусь­тің ең белсенді мемлекеттер болып та­былатыны баршаға аян – БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД ұйым­дарындағы мүшеліктен бөлек, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ секілді ұй­ымдарда да өзара ықпалдастық дамуда. Осы жылдар ішінде біз ын­ты­мақтастықты ұйымдастыру­мен қатар, бір-бірімізге жәрдем көрсетуді үйрендік. Осылайша, өз кезінде Беларусь 2005-2007 жылдар аралығында Қазақстан­ның БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесіне сайлану кан­дидатурасын қолдады. Біз­дің республикамыздың 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығы ту­ра­лы әңгіме қозғалғанда қазақ­стан­дықтар белорустардан дос­тық қолдау тапты. Өз кезегінде, Қазақстан Минскіге АӨСШК және ШЫҰ ұйымдарында ба­қы­лаушы мәртебесіне қол жеткізуге көмегін тигізуде. Ал орын­далған жұмыстардың жемісін көрген сәтте, мұндай әрекеттерді бір-біріне тек қана береке мен табыс тілейтін шы­найы серіктестер ғана жасай алатынын түсінесің. Осындай оң ниет өмірдің барлық сала­ла­рындағы қарым-қатынастарда көрінісін табуда. Қазіргі уақытта біз бірлесе отырып, Кеден Одағы аясында тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін алмасуына жол ашу үшін, қа­жетті шарттар бойынша қызу жұ­мыс үстіндеміз. Қазақстан Пре­зиденті Жолдауында Кеден Одағы – біздің мемлекеттері­міз­дің экономикалық міндеттерін шешетін өте сындарлы және нақтылы жоба екенін атап өтті. Осыған орай екі елде де өнер­кәсіптің даму қарқыны жақсы екенін атау қажет. Ал, бұл ұзақ мерзімді екіжақты эконо­ми­ка­лық ынтымақтастықтың сенімді негізі болып табылады. 1996 жылдан бастап қазақ­стан­дық-белорустық үкіметара­лық экономикалық комиссиясы жұмыс істейді, оның аясында экономиканың барлық сала­ла­рын­да ықпалдастық жүзеге асырылып келеді. 1999 жылғы келісімді жалғастыра отырып, 2009-2016 жылдарға арналған ҚР мен БР арасындағы ұзақ мерзімді экономикалық ынты­мақ­тастық жөніндегі келісімге қол қойылды. Осы сәттен бастап екі елдің сауда айналымы тоқтаусыз өсуде. Атап айт­сақ, 2010 жылы ҚР мен БР-дің өзара сауда айналымы 867,2 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2009 жылдан 2,2 есеге артық. Осы кезеңде белорустық экс­порт 463,5 млн. АҚШ долларын құрап, 47,9 пайызға өсті, ал қа­зақстандық экспорт 5,4 есеге өсіп, 403,7 млн. АҚШ дол­ларына жетті. Демек бүгінгі күнде екіжақты сауда тепе-тең негізде дамып келеді. Оған ірі компания­лар­дың өкіл­діктері, Беларусь­тің сауда үйлері, бірлескен кәсіпорындары кіреді. – Беларусьте мәшине жасау, радиоэлектроника, агро­өн­ді­ріс­тік кешендер жеткілікті дең­гейде дамығаны белгілі. Біз­дің елімізде осылардың ішінде қандай салалар бойынша Беларусьпен бірлескен кәсіпорын­дар жұмыс істейді? – Беларусь елінің біршама да­мыған өнеркәсіп, ауылшаруа­шы­лық, ғылыми-техникалық және транзитті әлеуеті бар. Қазіргі кезде Беларусьтің өнеркәсібіне мә­ши­не жасау кешені, станок, ав­то­көлік, ауыл шаруашылығы тех­ни­касын жасау, металлургия, радио­техникалық және оптика-ме­ха­никалық өнеркәсіп, аспап жасау кіреді. Ал қазақстандық кәсіп­орын­дардың басым көпшілігінде нақты осы белорустық техника қолданылады. Себебі біздің тұ­ты­нушыларға бұл техника таныс, ең бастысы – баға жағынан қол­жетімді. Өнеркәсіп секторымен қа­тар, Белоруссияда аграрлық сала да жақсы дамыған. БР ауыл­ша­руа­шылық өндірушілерінің алуан түр­лі өнімдері Қазақстан кәсіпкер­ле­рінің де назарын аударып отыр. Белорустық ғылымның өнді­ріс­ке қажетті нақты бағыты бар екенін ерекше атап өту керек. Іргелі және қолданбалы зерттеулермен 300 ұйымда шамамен 30 мың адам айналысады. Қолданбалы зерт­теулер мен зерттемелер сала­сын­да жыл сайын 30-35 мемлекеттік ғылыми-техникалық бағ­дар­ламалар жүзеге асырылады. Беларусь физика, математика, жаңа материалдар, ЭЕМ үшін бағ­дарламалық өнімдер сала­ла­рын­да іргелі мәселелерді зерт­теу­дің әлемдік көшбасшылары қа­тарына кіреді. Сонымен бірге, мемлекеттеріміздің география­лық орналасуы да өзара қызығу­шылықты оятады. Беларусь Еуропа Одағының шығыс шекара­сында орналасқандықтан, қазақ­стандық өнімдерді ЕО мемлекеттеріне экспорттаудың дәлізі десек, өз кезегінде Қазақстан Қы­тай, Өзбекстан, Түркіменстан, Моңғолия сияқты ірі мемлекеттермен шекаралас болғандықтан, белорустық өнімдерді Орталық Азия аймағына тасымалдаудың тиімді аймағы болып табылады. Сондай-ақ Қытай мен Еуропа аралығында тасымалданатын жүк­­тердің басым бөлігі Қа­зақстан мен Беларусь аумақтары арқылы өтетіндіктен, транзиттік дәліздер­ді өзара қолдану да өте өзекті. Қазақстан Республикасының қазіргі кездегі өзекті міндеттері мен мақсаттарын есепке ала оты­рып, Беларусьтің жоғарыда атал­ған әлеуеті Қазақстанның индус­трияландыру үдерісінде табысты жалғасын табуы ықтимал. 2010 жылғы және ағымдағы жылдағы екіжақты ынтымақтастықты тал­да­сақ, Беларусьтің Қазақстанмен барлық дерлік бағыттарда ынты­мақтастық жүргізуге қызығу­шы­лығын танытып отыр. Қазіргі уа­қытта Қазақстан қазақша брендпен белорустық тракторды жасап шығарады. Оған сұраныс отан­дық нарықпен шектелмей, көрші­лес Орталық Азия мемлекеттерін де қамтиды, мұны жалғас­тыру қажет. Мәселен, белорустық лифттер қазақстандық тұрғын үй шаруашылығында сәтті қолда­ны­луда. Белорустық өнеркәсіпті толықтыра түсетін бірқатар ұсы­ныстар да бар. Бірінші кезекте Қазақстандағы мұнай-химия кешеніндегі, өңдеу және жеңіл өнер­кәсіп саласындағы дәстүрлі кәспорындар тұр. Қазірдің өзінде біздің елде белорустық кәсіп­орын­дардың 23 қызмет көрсету ор­талығы, 30 бірлескен кәсіп­орын, 6 сауда үйі, белорустық ме­кемелердің біршама өкілдіктері мен диллерлері бар. Өкінішке қарай, қазақстандық бизнес Беларусьте жоқ десек те болады. Ал, қазір қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдерінің Бела­русь­тің нарығына кірудің жақсы мүмкіндігі болып тұр. – Белоруссия нарығында қа­зақстандық бизнестің жоқ­ты­ғының себебі неде деп ой­лайсыз? – Қазақстанның Беларусьтке бір­қатар нәрселерді экспорттай­ты­нын атағым келеді. Осыған қа­рамастан, Беларусьте бірде-бір қазақстандық сауда өкілдігі немесе ірі сауда үйі жоқ. Менің ой­ым­ша, біздің кәсіпкерлер белсендірек болуы керек, тек сатумен шек­телмей, бірлескен кәсіп­орын­дар құруға ұмтылыс жасауы қажет. Минскіде 2002 жылдан бастап «Астана-Эксимбанк», ал қазір БТА банкі қызмет істейді. Оның капиталы 100 пайыз қазақ­стан­дық болып табылады. Банк қара­жаты Қазақстан компаниялары­ның белорустық компаниялармен шарт жасауын қаржыландыру үшін қолданылады. Банк бело­рус­­тық банктер арасында табыс­тылық және несиелік белсенділік позициялары бойынша алдыңғы қатарға шықты, «Үздік жыл кә­сіпкері» республикалық конкурс­тың «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету жөніндегі үздік банк» номинациясында лауреат атанды. Қазақстандық капитал үшін белорустық нарыққа отын-энер­гетикалық, әскери-өндірістік кешені, жеңіл өнеркәсіп, мәшине­жа­сау, банк жүйесі және т.б. са­лаларға еніп, жұмыс жасаудың тамаша мүмкіндігі бар. Бела­русьт­ің ресми және іскер ортала­ры, біздің аймақ жетекшілерімен кездесулеріміз белорустық тарап­тың қазақстандық инвестиция­лар­ды қабылдауға қызығушылы­ғын білдіретінін көрсетті. Өз жа­ғынан белорустар қазақстандық жобаларға қатысуға ниет білдіріп отыр. Екіжақты ынтымақтастық да­му­ына қосымша қарқындылық беру үшін, сондай-ақ Кеден ода­ғы және Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы аясында ағымдағы жылдың 6 мамырында Брест қаласында Қазақстан Рес­публикасының Беларусь Респуб­ли­касындағы Құрметті консуль­дығының ресми ашылуы сал­танат­ты түрде өтті. Консульдық Брест облысынан бөлек Гродно және Гомель облыстарына қыз­мет көрсететін болады. Ал негізгі міндеті – Қазақстан мен Беларусь арасындағы экономикалық қаты­настарды дамытуға атсалысу бо­лып табылады. – Сіз Беларусьтегі ғылым­ның дамуы туралы айтып өт­тіңіз. Біздің елдеріміз арасында бұл бағыттағы ынтымақ­тас­тық қалай дамуда? – 2007 жылдан бастап ғы­лы­ми-техникалық ынтымақтастық жө­ніндегі қазақстандық-бело­рус­тық комиссия қызметін атқарып жатыр. Өткен жыл мен ағымдағы жылдың өзінде ғана бірталай кездесулер мен іс-шаралар өткізілді. Олардың барлығын тізбелеп айтып шы­ғу мүмкін емес. Дегенмен, екі ел ғалымдары арасында ты­ғыз байланыс орнады деп айта аламын. Белорустық тарап энер­гия тасымалдаушы, ға­рыш­­тық және тағы басқа жо­ғары технологиялар сала­сын­дағы жүйелі ин­вес­ти­циялық жобаны сыйға тарт­ты. Бұл жүйе ендіріліп, меди­цина, өнер­кәсіп, ауыл шаруа­шы­лы­ғы, т.б. салаларда сәтті қол­данылуы мүмкін. – Беларусь пен Қазақстан­ды қашанда тығыз достық пен мәдени қатынастар бай­ла­ныс­ты­ратын. Экономика­лық қа­рым-қатынастардың дамуы­ның өзі олардың ны­ғаюына өз әсерін тигізіп жатқан шығар. – Жалпы, бұл сұрақ – ри­то­ри­ка­лық. Әрине, әсерін тигізеді. Барлығы соншалықты өзара бай­ланысқаны сондай, олар бірін-бірі туындатады. Атап айт­қанда, 2009 жылы Минскіде Қазақстанның Беларусьтегі мә­де­ни күндері табысты өтсе, был­тырғы жылы Астанада Бе­ларусьтің Қазақстандағы мәде­ни күндері болды. Белорустық қоғамды біздің мәдениетіміз­бен, салт-дәстүрімізбен жақы­ны­рақ таныстыру мақсатында елшілік тұрақты түрде әртүрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Біздің елдеріміз арасындағы мәдениет саласындағы ынты­мақ­тас­тықты дамытуға Шетелдермен достық және мәдени байланыстар жөніндегі бело­рустық қоғам үлкен үлесін қо­сып жүр. Минск қаласының Достық үйінде тұрақты түрде қазақстандық жазушыларға, қа­зақ халқының музыкасына, өне­ріне, салт-дәстүріне және мәдениетіне арналған кештер өткізіліп отырады. Мысалы, ма­мырдың басында Минскіде әйгілі белорустық ақын Н.Метлицкий аударған Абай Құнан­баев өлеңдерінің белорус тіліндегі «Степной простор» кітабы шықты. Жақын уақытта елшілік оның тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, сәуірдің со­ңында Минскіде Ресейдің ең­бек сіңірген өнер қайраткері, Бе­ларусь Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты А.Аниси­мов­тің жетекшілігіндегі Беларусь Республикасының мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүй­е­мелдеуімен әйгілі қазақ­стан­дық скрипкашы М.Бисен­ға­лиевтің концерті өтті. Қазақ­станның өкіл­дері «Листопад» халықара­лық кинофестивалі мен «Славянь базары» халық­аралық му­зы­калық фестива­лі­нің қатысу­шысы болып табылады. Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты, елшілік мерейтойға арналған көпте­ген іс-шараларды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, маусым­ның басында қазақстандық және белорустық әртістердің қаты­суымен достық концерті өтеді, Минск қаласының М.Әуезов атындағы мектебінде «Қазақ­стан Тәуелсіздігіне – 20 жыл» конкурсы жарияланды. Күзде біздің ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына арналған халық­ара­лық ғылыми-тәжірибелік конференцияны және аталған тақырыпты ашатын фотокөр­мені өткізу жоспарланып отыр. Сондықтан да аталған іс-шараларды өткізу белорустық қоғамның біздің халқымыздың тарихы, бай дәстүрлері және өзге де салттарымен жақыны­рақ танысуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.