Елімізде бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңнама халықаралық талаптарға сай ма? Елордада «БАҚ жөніндегі халықаралық стандарттар және ұлттық заңнама» жобасы аясында өткен халықаралық конференция барысында осы мәселе кеңінен сөз болды.
Жобаның жалпы құны 88 мың 647 еуро, оны Еуропа одағы қаржыландырған. Аталған жобаны Қазақстан криминология қауымдастығы Қазақстан дағдарыс орталығы одағымен, сондай-ақ Экономика және құқық академиясымен бірлесе жүзеге асырған. Қауымдастық президенті Өмірәлі Қопабаевтың айтуынша, осыдан 1,5 жыл бұрын Еуроодақ тарапынан бөлінген грантпен жұмыс істеудің нәтижесінде еліміздің БАҚ саласындағы заңнамасы халықаралық талаптарға сай екендігі анықталған. Жала жабуға қылмыстық жаза қолдану алынып тасталсын деген талаптар да өткір қойылған екен.
«Алайда мұнымен келісуге болмайды», деді Өмірәлі Қажыбайұлы. Бұл жөнінде жоба сарапшысы, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің сот билігі және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі Серікқали Тыныбеков жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, Еуропа Кеңесіне мүше 47 елдің 28-і азаматтық жауапкершілікпен бірге қылмыстық дифомацияны мойындайды. Бүгінде жеті ел жазаның бұл түрінен бас тартып отыр.
Финляндияда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы жала жабылса немесе шындыққа жанаспайтын мәлімет көпшілікке ақпарат жолымен таралса, онда айыппұл немесе 2 жылға дейін бас еркінен айыру жазасы қолданылады. Ал Германияда осы сияқты жазадан өзгелер жапа шегуші қаржылық немесе көпшілік сенімінен айырылу жағдайына ұшыраған болса, онда 5 жыл бас бостандығынан айыру немесе айыппұл төлету көзделген. Сондай-ақ Польша, Испания елдерінің заңнамасында жала жабуға байланысты алты айдан екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыру немесе айыппұл төлету нормалары қарастырылған. Жапонияда адамның қызмет беделіне жалған мәлімет тарату арқылы нұқсан келтірілсе және оны басқа біреу пайдаланса, онда соны жүзеге асырғанға жазаны ауыр еңбекпен өтеу жолымен немесе айыппұл төлету арқылы, тіпті үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қолданылуы мүмкін екен.
Қытайда күш көрсету арқылы өзге бір тұлғаны ашық жәбірлеу немесе фактілерді бұрмалау арқылы жала жабылса, оның ауырлығына қарай үш жыл бас бостандығынан айыру, тұтқындау немесе саяси құқынан айыру түрі қолданылады. Қазақстанда да адамның ар-ожданы мен намысын аяқасты етуге қатысты Қылмыстық кодексте бірқатар нормалар қарастырылған. Мәселен, жала жабу нормасы бойынша 129-баптың 1-бөлімімен 2008 жылы 15 адам қылмыстық жазаға тартылған болса, 2009 жылы – 12, ал былтыр бұл жаза 14 адамға қолданылыпты.
Қазіргі кезде елімізде 2685 БАҚ жұмыс істейді. Оның 2249-ы (84 пайызы) тәуелсіз БАҚ саналады. Ақпарат таратуға барлық жағдай жасалған. Қылмыстық кодексте журналистің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. БАҚ үшін ақпарат алудың заңнамалық жүйесі мүлтіксіз жұмыс істеуде.
Кейбір журналистер мемлекеттік органдар сұралған мәліметтерге толық емес немесе шындыққа жанаспайтын ақпарат жолдайды деп шағымданады. Сұрау салу нәтижесі олардың қайта шағымдану тетігіне деген сенімсіздігін, журналистердің өзінің сауатсыздығын, тілшілердің баспасөз қызметтерімен қарым-қатынасты бұзғысы келмейтіндігін және өзге де себептерді көрсеткен. Моральдық нұқсан келтіргені үшін өтемақы төлеу мәселесінде нақты критерий қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. Конференцияда осы мәселе бойынша Жоғарғы Сот тарапынан нақты нормативтік қаулының қажеттігі де айтылды.
Осылайша «БАҚ жөніндегі халықаралық стандарттар және ұлттық заңнама» жобасы аясында өткен халықаралық конференция отырысы жарыссөздермен, пікір алмасумен аяқталды. Оның нәтижесі бойынша ұсынымдар әзірленіп, Парламентке және өзге де мемлекеттік органдарға жолданатын болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.