21 Мамыр, 2011

Жетпіс сегіз жылдан соң...

540 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше, қасиетті жұма күні елордадағы мұсылмандар зиратында қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы, қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі, ұлттық театртанудағы алғашқы еңбектердің авторы Смағұл Сәдуақасұлы мәйітінің күлін жерлеу рәсімі болды. Осыдан дәл төрт ай бұрын, яғни 2011 жылдың 21 қаңтарында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар ұлы Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлі Мәскеудің Дон зират­хана­сынан Астанаға жеткізілген бола­тын. Ол Астана қаласындағы Сә­дуақас Ғылмани мешітінде уақыт­ша сақталған еді. Қайраткер сүйе­гінің күлін мешіттен алып шығар алдында мешіт имамдары Смағұл Сәдуақасұлының рухына бағыш­тап құран оқыды. Одан кейін та­бытқа салынған сүйек күлі арна­йы автокөлікпен мұсылман­дар зиратына бет алды. Алаш арыстарының бірі Сма­ғұл Сәдуақасұлы 17 жасынан бастап саяси қызметке араласты. 1917 жылы Омбыдағы қазақ жас­та­рының «Бірлік» ұйымының бел­сенді мүшесі болды. 1920 жыл­дың қазан айында Қазақ автономия­сы­ның құрылтай съезінде орталық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды, комитеттің саяси хат­шы­сы қызметін атқарды. Ал 1922-1925 жылдары Қазақ Орталық ат­қару комитетінің Түркістан Рес­пуб­ликасындағы өкілетті өкілі, Қа­зақ АССР Жер халық комис­сарының орынбасары, Қазақ АССР жоспарлау комиссиясы төрағасы­ның орынбасары, кейін төрағасы болып жоғары қызметтер істеді. Кейін, яғни 1925 жылдан Қа­зақстанды басқарған Голощекин­нің қазақ даласында жүргізген сая­сатымен келіспей, ауыл-аймақ­тың бейбіт эволюциялық дамуын қолдап, байлар мен орташаларды орынсыз тәркілеуге, КСРО-ның еуропалық бөлігінен Қазақстанға шаруаларды әкеліп қоныстан­дыру­ға қарсы шықты. Бұл Смағұл Сәдуақасұлының ұлтжанды ерекше тұлға екендігін көрсетеді. Осы­ған байланысты Смағұл Сә­дуа­қасұлы буржуазияшыл ниеттегі адам ретінде қуғын-сүргінге ұшы­ра­ды. Осы­лай­ша біртуар тұлға Дон­бас-Мәс­кеу темір жолы құ­рылысының инженері болып қыз­мет істеп жүр­генде өндірістік апат­тан алған ауыр жа­рақаттан қайтыс болды. Көпшілік қауым Смағұл Сә­дуақасұлын зерттеуші әрі жазушы ретінде жақсы біледі. Небәрі 33 жыл өмір сүрген ол артына «Жас­тар­ға жаңа жол», «Жастармен әң­гіме» еңбектерімен қатар, «Сәрсен­бек» романын, «Салмақ­бай, Сағын­дық», «Күміс қоңы­рау», «Күлпаш» атты көркем шы­ғармалар қал­дыр­ды. Смағұл Сә­дуақасұлы мәйітінің күлі Мәскеу­дегі Дон зиратханасы бас ғи­маратының қабырғасына ар­найы құтыға салынған күйде 78 жыл жатты. Оның туған-туыс­тары­ның тынымсыз ізденуінің нәтиже­сін­де мәйіт күлі ақыры туған Отанына, Сарыарқа төсіне әкелінді. Мәйіт күлі салынған құты мұ­сылмандар зиратына жеткізіліп, жер қойнына берілген соң, мар­құмның рухына бағышталып құ­ран оқылды. Ал жерлеу рәсі­мі­не Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов, Парламент де­пу­таттары, Смағұл Сәдуа­қасұлы­ның туыстары, елордадағы өнер және мәдениет қайрат­кер­лері, сон­дай-ақ көпшілік қауым қатысты. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.