Кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Элизабет Йеггленің басшылығымен Германия Федеративті Республикасының атынан келген бір топ Еуропалық Парламент депутаттарын қабылдады. Басқосу кезінде тараптар Еуроодақтың Орталық Азия бойынша даму стратегиясын талқылап, келіссөздер жүргізді.
Талқы таразысына түскен мәселелердің негізгі өзегі – ортақ мүдде мен ортақ құндылыққа негізделді. Әсіресе, Қазақстанның сыртқы саясатында Еуроодақпен ортақ мүдделер мен құндылықтар басшылыққа алынған байланыстар айрықша стратегиялық басымдыққа ие екендігі айтылды. Қазақстан мен ЕО азаматтары, сондай-ақ саясаткерлері арасындағы екіжақты байланыстарды кеңейтуде еліміз бен биылғы жылы 10 жыл толып отырған Еуроодақ парламенттік ынтымақтастық комитетінің рөлі де назардан тыс қалмады. Жиын аясында Қазақстанның демократиялық реформаларды жүзеге асыруындағы, заңды ырықтандыру, соның ішінде 2009-2012 жылдарға арналған адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын және 2010-2020 жылдар аралығын көздейтін Құқықтық саясат тұжырымдамасын жүзеге асырудағы Қазақстанның ұстанымдары аталды.
Сапардың негізгі мақсаты – ел Парламенті мен Еуропарламент арасындағы үнқатысуды жандандыру болғандықтан, әңгіме барысында өткен жылы қазан айында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Брюссельге сапары және оның Еуроодақ басшылығымен кездесулері түрлі салалардағы ынтымақтастыққа елеулі әсер етіп, ынтымақтастықты нәтижелі әріптестік деңгейіне шығаруға ықпал жасағаны да аталды.
Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы саяси және экономикалық үнқатысуды дамытуда еліміз «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын және Еуроодақтың Орталық Азиядағы даму стратегиясын тиімді жүзеге асыру, Қазақстан мен Еуроодақ арасында жаңа базалық келісім жасаудың маңыздылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ келген қонақтарды елдегі саяси және экономикалық өзгерістермен таныстырып өтті.
Кездесу аясында тараптар екі жаққа да қызығушылық тудырып отырған бірқатар жәйтті талқыға салды. Олардың ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы энергетикалық және инвестициялық салалардағы әріптестік және Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық салалардағы ықпалдастық мәселелері бар.
Германиядан келген делегацияның жетекшісі Элизабет Йеггле кездесуден соң журналистерге берген сұхбатында Еуропарламент депутаттары Қазақстанның өкілі ретінде Сыртқы істер министрінен «Еуроодақтың Орталық Азиядағы даму стратегиясын жалпы өңір бойынша қарастыру керек пе, әлде оны әр ел бойынша жеке қарастырған дұрыс па?», – деген мәселе төңірегіндегі көзқарасын білгендерін айтты.
Ал Еуропарламенттің депутаты Иоахим Целлер өзінің сөзінде: «Қазақстан Еуроодақ үшін маңызды әріптес, себебі ол Азия мен Еуропа арасындағы «көпір-мемлекетке» айналды. Біз Қазақстанның 20 жыл ішінде жүргізген демократиялық реформалар саласындағы тәжірибесін және бұл бағытты болашақта қалай дамыту көзделініп отырғандығын зерттегіміз келеді», – деген ойын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.