24 Мамыр, 2011

Торқалы тойға тоғыз сый

522 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордаға 22-30 мамыр ара­лы­ғында гастрөлдік сапармен келген Қазақ мемлекеттік академиялық Абай атындағы опера және балет театры ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде сегіз таңдаулы опера және балет қойылымын ұсынып отыр. Ал мерекелік шара негізгі партиялардан әзірленген гала-концертпен қорытындыланбақ. Жетпіс бес жылдан астам тари­хы бар еліміздің бас театры өзінің негізгі спектакльдерін торқалы тойға шашу ретінде ұсынуда. Гастрөлдік са­пар­дың шымылдығы А.Жұбанов пен Л.Ха­мидидің «Абай» операсы­мен ашы­­лып, А.Серкебаевтың «Тілеп жә­не Сарықыз» балетімен жал­ғасты. Ре­пертуардағы мұнан басқа да сах­на­лық туындылар әлем клас­сика­сы­ның кіл інжу-маржандары – Дж.Вер­дидің «Травиата», Р.Ваг­нер­дің «Тан­гейзер», Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» опералық шы­ғар­малары мен А.Хачатурянның «Спар­так», П.Чай­ков­скийдің «Серенада», С.Про­ко­фьев­­тің «Ромео мен Джулетта» балеттері. Отандық опера мен балет өнерін өрге сүйреп жүрген ҚР халық әртісі Нұр­жамал Үсенбаева, ҚР ең­бек сіңірген әр­тісі, Мемлекеттік сый­лықтың лау­реаты Шахимардан Әбілев, ҚР ең­бек сіңірген қайраткері Жәмила Бас­пақова, Болат Бөкенов, Бейімбет Қо­жа­баев, халықаралық бай­қау­лардың лауреат­тары Дина Хамзина, Дина Дүтмағам­бетова, Жәнел Түкеева, Нұрлан Қонақ­баев, Әмір Жексенбек, Гүлвира Құр­банова, Фархад Бөриев сияқты т.б. саңлақ­тар сахнада тоғыз күн тоқтау­сыз өнер көрсеткенде, кө­кірек кере мөл­дір ауамен бір ты­ныс­тағандай әсер алудың өзі зор ғанибет емес пе? Шымылдықтың ежелден қыры мен сыры жұртқа мәлім, көп жылдар сахна төрінен түспей келе жатқан «Абай» операсымен ашылуы бекер емес. Абай – қай дәуірдің де санасы мен сахнасында қатар өмір сүретін алып тұлға. Ол – жасарып, жаңғы­рып, ақыл-ойдың дариясына жеткен жасында қайта дүниеге келіп, әр ұр­пақ, әр дәуір өз пайымында парақ­тап оқып отыратын кітап. Үзілмей келе жатқан үрдіске үлбіреп жастар келген сайын өз тараптарынан тың тыныс пен саф сарын қосып оты­ра­тыны тағы бар. Абай арқылы театр­дың талай буыны өсіп жетілуде. Төл тамыр­дан нәр алған жердің шөбі шүйгін, қыраны тұйғын болып келетіні сияқ­ты дәстүрге берік ұжымның үнемі биіктен көріну себебін алыс­тан іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Оны мұ­ның репертуар шыңына қай­да барса да ұлттық операны қою ти­н­ақты­ғы­нан танисыз. «Абай» – театр­дың сондай төлқұжаты, бет-бейнесі. Кәсіби деңгейді осындағы басты партияла­р­ды орындаудан ажы­ратады. Бұдан жо­­ғары баға алып шыққан адам әлемдік классиканың қайсыбір сыны­нан да сүрінбей өте­рі­не сенім мол. «Абай» – қазақ ұлттық опера өнерінің мектебі іспетті десек, елордадағы сахналық көріністен сол баға айқын аңғарыл­ған. Абайды ша­шаусыз бейнелеген Ша­химардан Әбілев, Ажар­ды сомда­ған Нұржамал Үсенбаева, сондай-ақ, Айдар, Жиренше партия­ларын мүл­тіксіз орын­даған Нұржан Божакенов, Талғат Күзенбаев еңбек­теріне қандай мақ­тау сөз айтса да артықтық етпейді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.