24 Мамыр, 2011

Кемелді жырау Кенен еді

368 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстанның атын төрткүл дүниеге танытқан кемеңгер ой­дың иесі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ұлы жы­рау, әрі шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген да­рыны­ңыз­ға дән ризамын», деп бағала­ған Кенен Әзірбаев тура­лы баян­дайтын «Алатаудың ақиы­ғы» атты деректі фильмнің тұсау­ке­сері өткен жұма күні ел­ордада өт­ті. Мұндай тұсаукесер рәсім бұ­дан бұрын Алматыда да өткен еді. Деректі фильмнің алдында осы дүниені түсірген халықара­лық «Түркі әлемі» телестудия­сы­ның режиссері Доқтырхан Тұр­лыбек пен «Екі Кенен ту­май­ды Алатауға ексең де» деп жыр­лаған жыраудың ұлы Ба­хыт­жан Әзір­баев туынды тура­лы ойларын ортаға салды. Режиссер бұған дейін екі деректі фильмнің түсіріл­генін, бірақ олар­дың ақын өмірін толық қам­ти алмағанын айта келіп, осын­дай құнды еңбекті қар­жы­ландырған Кененнің немересі Мұхит Бақытжанұлына дән риза­лы­ғын білдірді. Ал өз кезегінде Бақытжан, «шалдың баласы» бо­лудың оңай еместігін, қазаққа бір Әзірбаевтың да жететінін айтып, әкесінің абыройын асыруға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Фильмді көріп отырғанда Ке­неннің ғасырға таяу өмірі көз а­л­дыңнан өтеді. Туған табиғатымен ұштасқан, соның аясында жүрген сәттегі келбетімен көмкерілген ақ күміс сақалы, жер шарындай дөп-дөңгелек бөркі, келісті сырма ша­паны, керме белдігі өзіне жара­сып тұр. Деректі фильмнен ақын­ға деген елдің ілтипатын, заман­дастарының құрметін, інілерінің ілтипатын көруге болады. Осы еңбекте ерекше бір көрініс есте қалды. Ол өзін ұлы жырау деп бағалаған Мұхтар Әуезов өмірден өткенде «... Атағы дүние жаһанға тараған бауырым-ау!» деп айтқан жоқтауы еді. Оның үнінен қара домбырамен астасқан өкінішті діріл айқын естіледі. Ғабит Мүсі­репов «Бүкіл Еуропалық мәде­ниет­те соңғы могикан деген қағи­да бар. Сол айтқандай, Кенен сонау Біржан сал, Ақан сері сияқты әрі әнші, әрі ақын адамдардың ең соңғы тұяғы деуге болады. Талай әнші, талай домбырамен айтушы болар әлі, дегенмен бір дәуірдің, бір ғасырдағы қазақ халқының ән-күйін, ақындығын, соның ішінде ең асылын мына бізге мұ­ра етіп қалдырған ұлы адам, ұлы таланттардың бірі осы – Кенен» дейді. Ал Шыңғыс Айтматов ұлы жыраудың зор шалқар шабытына, ұстаздық ұлағатына тәнтілігін айтып, «Кенен – ұлы ақын» деп бағалайды. Ғабиден Мұстафин: «Ке­нен – композитор, композитор ғана емес, әнші», дейді. Ал қазақ әдебиетінің қабырғалы қайраткері Сәбит Мұқанов Отар станса­сын­да жатқан Әзірбаевты іздеп ба­рып, жадау тірлігіне жанашыр­лық жасап, Қордайдан үкімет есебінен үй салып беруге, кітабын шыға­ру­ға ұйыт­қы болғаны ұлы­лық­тың, та­лантты бағалаудың белгісі деп білеміз. Ондай үрдіс ол кезде аз бол­ма­ғанын фильмдегі сөйлеу­шілердің сөзінен де көп естідік. Қазақтың арда ұлы Д.Қонаевтың, Елбасы Н.Назарбаевтың ілтипат­тары да ерекше естілді. Сол секілді деректі фильмдегі көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза Кенен шығармаларын миды қазып, қол­мен жазып әуре болмағанын, оған шабыт төтеннен келгенде нөсер­дей төгетінін айтса, қазақ әнінің қазіргі көш басында жүр­ген Бибі­гүл Төлегенова Кенен­нің ән­дерін­дегі ұлттық рухтың мық­ты екенін жеткізеді. Бауы­рын­да өскен бала­сындай болған ғалым Мырзатай Жолдасбеков Кененнің құдіретті өнерін сөз еткенде, оның жырау­лығына ерекше мән береді. Сол секілді Өмірбек Байгелди, Мұх­тар Құл-Мұхаммед, Серік Үм­бетов секілді азаматтар да ақын жайлы ағынан жарылады. Деректі фильмдегі тағы бір есте қалған дүние, ақын өміріне ерекше із қал­дырған екі адам Ораз Жандосов пен Мұхамеджан Қара­таев туралы деректерден көп нәрсені аңғаруға болады. Қилы кезең­дер­дегі қияс тірлікке төтеп беріп, ақынды арызқойлардан арашалап қалған бұл азамат­тар­ға Кененнің де өмір бойы адал бо­лып өткені әдемі көрініс тап­қан. Тағдыр тау­қы­метін де, жақ­сылығын да ға­сырға жуық өмі­рін­де бірге көрген «Насиқаға» деген өлеңді Бақыт­жан ана қа­бірінің басында тұрып айтады. Ердің жарын, жардың ерін сый­лау үлгісін осы өлең жол­да­ры­нан ұққандай болдық. «Он алты жастан қосылып, Көңі­лімді тап­қаны-ай! Қайда барам десем де, Шаужайымнан қақпа­ды-ай. Туыс­­қан тату, жекжат мәз, Мінезімен жаққаны-ай, Алақаны ашық ақ пейіл, Абысын мен аға­йынға, көр­сет­пеген бір зейіл. Бұл сөзімде же­леу жоқ, Наси­қа­ға те­ңеу жоқ. Қабағы ашық жа­зығым, Насиқа алтын қазығым» депті. Фильмнен алар тағылым да, тәлім де аз емес. Аз уақыттың ішін­де ұлы жырауды, ұлы тұл­ға­ларды, олардың айналасын қау­ма­лай жүрген қалың жұртты кө­ріп, өткен ғасырдың біраз жы­лы көз алдыңнан жылыс­тайды. Фильм аяқ­талғаннан кейін Қа­зақстан Жа­зу­шылар одағының Астана бөлім­шесінің төрағасы, көрнекті жазу­шы Әкім Тарази сөз алып, деректі фильмдегі деректердің көбі өзіне таныс екенін, 74 жасқа дейін елеусіз жүр­генін, осыны аңғарған Асан­бай Асқаров Жамбылдан ат арыл­тып келіп, 75 жылдық тойын елдік дең­гейде өткізетінін айтқа­нын, содан кейінгі өмірінің жар­қын өткеніне нақты дәлел-дәйек­тер келтірді. Сүлеймен МӘМЕТ.