Түркістанда IV халықаралық түркология конгресі өтті
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Оңтүстіктегі іргелі оқу орындарының бірі. Осындағы медицина факультеті халықаралық стандарттарға сай білім беруімен ерекшеленеді. Оқытушы-профессорлар құрамы мықты. Қазақшадан бөлек ағылшын, түрік тілдерінде де дәріс беріледі. Студенттер Түркия мемлекетінде де сабақ алады.
Бастау барын бұлақ та біледі дегендей, тексіз дүние жоқ. Шығыс медицинасының алтын тамыры Ибн Синада жатса, қазақ медицинасының атасы – шипагер Өтейбойдақ. Өркениет өздерінен басталардай көретін Батыс дәрігерлерінен бұрын шешекке қарсы дәрі еккен Өтейбойдақты ауызша мақтан қылғанымызбен, еске аларлықтай ештеңе жасай қойған жоқ едік.
ХҚТУ ректоры, профессор Лесбек Тәшімов медицина клиникасының алдынан медицина алаңын саларда ортаға Ибн Синаның мүсінін орнатып, қос қапталындағы қызыл гранитке Гиппократ пен Өтейбойдақтың өмірі, қызметі, сіңірген еңбегі жайлы жаздырыпты. Бұл – болашақ дәрігерлер үшін үлкен тәрбие. Осылайша тарихымыздың жадында қалған жоғын жаңғыртқан ХҚТУ халқымыздың түп-тұқиянын түгендеуге ұдайы атсалысып келеді. Түбі бір Түріктің уақытында көк тітіреткенін, ұрпақтары жер-жаһанға жайылып, мықты мемлекеттер болғанын мойындағысы келмейтіндер бар. Исламға дейінгі тарихымызды жабайылыққа теліп, ұрпақ жадынан шығаруға тырысатындар тағы да жеткілікті. Біз кімбіз, түбіміз кім, қайдан шықтық, қалай бөліндік? Енді бізді туыстастыратын ұстын қайсы?
Осындай сұрақтар ел, жер тарихын ойлаған әр ойлы кеудеде бар. Көк түріктердің Отаны – қазірге қазақ жері болғандықтан 2002 жылы ең алғашқы түркология конгресі Түркістан қаласында өткен еді. Әр екі жыл сайын тұрақты өткізіліп келе жатқан түрколог-ғалымдардың басқосуы талай күрмеулі мәселелердің түйінін шешіп келді.
Жақында өткен конгресс Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, жас ғалымдарды түркология мәселесіне көбірек тартуды көздеді. Алғашқы күні Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат еткен қонақтар сол күні “Түркі халықтарының тарихы” мұражайы мен көрмесін тамашалады.
IV халықаралық түркология конгресін ХҚТУ ректоры, профессор Л.Тәшімов ашып, жүргізіп отырды. Конгрестің салтанатты ашылуында Жоғары кеңес мүшесі, профессор Илияс Доған, Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңес төрағасы Осман Хората, университеттің бірінші вице-президенті Михир Накип, академик Рахманқұл Бердібай, венгриялық профессор Жанос Синос сияқты ғалымдар сөз сөйледі. “Біздің халық көшпенді болмаған, ол бізді төмендету үшін пиғылы бөлектердің ойлап тапқан амалы” деп сөз саптаған профессор Уахит Шалекенов осы ойына тиянақ етерлік талай мәселелердің барысын әлемдік тарихтың сүзгісінен өткен дәлелдермен дәйектеді. Бір қала сол кез үшін – өркениет орталығы болса, қазақ даласында жүздеген, мыңдаған қалалар болған. Жылқы – әлемге қазақ даласы арқылы тараған. Халық егіншілікпен айналысқан, түсті металды айырған, зергерлік өнері дамыған.
Қазақтың жерінен бес бірдей Алтын адамның табылуы соның бір айғағы ғана. Таза қанды арийлер жөнінде ойларын жинақтаған ғалым тарихымызды түгендеуге тиянақты түрде кірісуіміз керек деді.
Ғылымның шырылдайтындайы бар. Өздерін әлемнің шын қожасы ретінде сезінгісі келетін Батыстың көзімен қарасаң түріктер өркениетке ешқандай үлес қоспаған, жабайы халық сияқты.
Өз ішімізде де ата-баба тарихын білмегендіктен осылай ойлайтындар жетерлік.
Пленарлық мәжіліс түркі тіл білімі, түркі әдебиеті мен фольклоры, түркі тарихы, археология және этнология, түркі дүниетанымы және өнері сияқты секцияларға бөлініп, ғалымдар баяндамаларын оқыды. Пікір алысты, түркологияның жаңа көкжиегі ашылды.
Түркологтардың алдында атқарылатын зор жұмыстар бар. Біз мұны Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Д.Кенжетай мен осы институттың ғылым хатшысы Б.Әбжеттің көтерген мәселелерінен байқадық.
Қазақстан тәуелсіздік алған тұстан бастап түркология саласы өзінің жаңа бетін ашты деген ғалымдар, кеңестік жүйе кезінде де түркология саласында көптеген жұмыстар атқарылғанын айтады. Ол кезде түркология деген ұғым тек лингвист-ғалымдардың ғана айналысатын шаруасы ретінде, яғни тар шеңберде зерттелді. Бұл Кеңес идеологиясына өз жемісін бере бастады. Ортағасырлық түркі дүниесінің құндылықтары, ғұлама ғалымдарының еңбектері түркілердің тұтас байлығы ретінде емес, жекелеген сол кездегі тайпалардың еншісіне беріліп жатты. Көрші отырған туысқан екі халық ішінде бұрынғы ата-бабадан қалған мәдени мұраға деген өзара талас туды. Түрколог-ғалымдар осы ұлы тұлғалардан қалған шығармаларының әлемдік деңгейдегі адамзат алдындағы маңыздылығы туралы келелі тұжырымдар жасаудың орнына, әркім өз аймағында туған ұлы тұлғаларды өз ұлтына жатқызу, оны меншіктеп алу сияқты келеңсіз дүниелермен айналыса бастады. Батыстың көзқарасымен қарағанда түркілер әлемдік өркениетке ешқандай үлес қоспаған деген тұжырымға келуге кезінде жасалған жоспарлы саясаты өз нәтижесін берді. Қазіргі күнге дейін Батыстың жазған дүниелерін тұтастай шындыққа балап, астарлы саясатына мән бермей, олардың айтқанын өзінің ұстанымының негізгі тірегі ретінде көретін аға буын түрколог ғалымдарымыз да көптеп кездеседі. Олар әлі күнге өзін тек қана өз ұлтының патриотымын деп сезінеді.
Синологтар мен иранистерде жағдай мүлде басқаша өрбіді. Мысалы ирантанушы ғалымдар қазіргі Тәжікстан, Ауғанстан және Иран мен Кавказдың ирантекті халықтарының мәдениеті мен әдеби тұлғаларын өздерінің ортақ мұралары ретінде қарастырады. Мектеп және жоғары оқу орындарында ирандық мәдениет деп тұтас дүние ретінде оқытады, тәжік, ауған не парсы деп оларды бөліп қарастырмайды. Осылайша әлемдік өркениетке өзінің тұтас мәдениетімен еніп отыр. Қытай идеологиясы да сондай бағытты ұстанады, кезінде патшалық құрған түркі, монғол қағандары да Қытай дүниесіне жатқызылады. Олардың мемлекет құрған аумақтары да Қытайдың оқулықтарына Қытайдың жері ретінде оқытылу процесі әлі жүргізіліп келеді. Орыс саяхатшылары Орхон-Енисей жазуларын тапқан кезде Батыстың ориенталистері оны өзіміздің ата-баба мұрасы деген сыңайда мақалалар жаза бастады. Оны зерттеу үшін арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. Бірақ руникалық жазу түркі тілінде сөйлеген соң оған деген қызығушылығы сап тыйылған болатын. Әлі күнге дейін еуропалықтар өз ата-бабаларын көшпелі мәдениетке апарып тірейтін жәйттер кездеседі.
Түркістанда ұйымдастырылып отырған ІҮ түркология конгресінің маңыздылығы ерекше болмақ. Келешекте жас түркологтарды тәрбиелеп, олармен қоян-қолтық жұмыс істеу, түркі мәдениетін тұтастандыру жолында қажырлы еңбегімізді аямауымыз қажет. Осы бағытта жас түркологтардың басын қосу аса маңызды іс-шара болмақ.
Біздің осы айтылғандарға қосарымыз, түркі халықтарының ондаған ұлттар мен ұлыстарының ұрпақтары оқып жатқан осы университет түбінде түркологияны түбегейлі зерттейтін жас ғалымдарды осылардың ішінен дайындағаны жөн сияқты. Көтерілген бастамаларды, тарихымыздың тың тұстары мен ақтаңдақ беттерін таразылап, түбі бір түркі халықтарын туыстастыратын әрекет осы жас ғалымдардың қолында болса керек-ті.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы.