Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде, етті ірі қараны көбейту жөнінде күрделі міндеттер қойылды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін сақтау жолындағы ауқымды шара болып табылады. Бұған бөлінген қаражат мөлшері де өте қомақты. Ендігі мәселе сол қомақты қаражатты тиімді пайдалана білуде. Шын мәнінде ол ауылдағы тауар өндірушілер үшін табыстың жаңа көкжиектерін ашуға тиіс. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Болат ЖҮГІНІСОВПЕН тілшіміздің әңгімесі осындай көкейкесті мәселелер төңірегінде өрбіді.
– Болат Ақанұлы, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Ақжайық өңірі етті ірі қара өсіру жөнінен бүкіл Одаққа танымал болды. Қазіргі күні үзіліп қалған осы тәжірибенің пайдалы жақтарын бүгінгі күн талаптарына сәйкестендіруге болады деп есептей аласыз ба? Өйткені, сабақтастық дегеніміздің тиімді тұстары мол екені тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді емес пе? Сол бір өткен жылдарға ойша барлау жасасақ нені түйсінер едік?
– Сөзіңіздің жаны бар. Етті ірі қара өсіруде бұған дейін қалыптасқан тәжірибенің тиімді тұстарына көз жүгірткеннің еш артықшылығы жоқ. Жалпы, бұл мәселені көтергенде мал саны көзді ашып-жұмғандай уақытта тез көбейе қалмайтынын мұқият ескерген жөн. Кезінде КСРО кеңес халқын сапалы етпен қамтамасыз ету үшін етті ірі қара малын өсіруді екі кезеңмен әрі екі кезекпен дамытқаны сала тарихынан жақсы белгілі. Ол отызыншы және алпысыншы жылдарды қамтиды. Осы аралықта Кеңес өкіметі АҚШ-тан етті ірі қара өсіру тәжірибесін елге енгізе бастады. Алтынмен пара-пар асыл тұқымды мал мейлінше тиімді қаражатқа сатылып алынғаны сол кездегі үлкен жетістік еді деп білуіміз керек. Сол жылдары Ақжайыққа осы саланы көтеру үшін ғылым докторлары Алексей Черекаев пен Лев Праховтар жіберілді.
Білімі де, білігі де өте жоғары осы ғалым мамандар шетелден сатып алынатын малдарға жіті көңіл бөліп, аукциондарға өздері қатысты. Дәл осы кезеңде КСРО-ға 1300 бастай асыл тұқымды мал сатып алынғанын деректер айғақтайды. Басын ашып айтар жәйт, олардың бәрі де аталық малдар. Олардың орташа құны 1500-2000 доллардан аспаған. Алексей Черекаев аса құнды бір «Черчилл» атты бұқаны Орал облысындағы Аңқаты мал зауытына алып келуге тікелей министрдің келісімін алады. Оған жоғарыда аталған мөлшерден төрт-бес есе артық қаражат жұмсалған көрінеді. Жасанды ұрықтандырудың арқасында кейін осы аталық мал елімізде еттің сапасы артуына септігін тигізген. Сол бір шақта етті ірі қара малын тиімді дамыту үшін ғылыми орталықтар көптеп құрылғаны да аға буын өкілдеріне жақсы белгілі. Әкелінген малдар асыл тұқымды мал шаруашылықтарына бөлініп берілген. Жергілікті қазақ сиыры мен герефорд тұқымы шағылыстырылып жергілікті жерге жерсіндірілген. Сөйтіп, Қазақстанда өсірілген ет сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес келе бастайды.
Кейін 80-жылдары Аңқатыдағы асыл тұқымды сиырлардың орташа салмағы – 550, аталық малдардың салмағы 1450 килоға жетті. Бордақыланған малдардың орташа салмағы 570 кило құрады. Бұл нәтижелер сол кездегі АҚШ-тағы көрсеткіштерден кем түсе бермейтін. Жалпы, әлемде етті ірі қараны көп өсіретін бірден-бір мемлекет АҚШ болып табылады. Мұндағы фермерлік шаруашылықтар 140 миллион бас көлемінде сиыр өсіреді. Олар жайылымы мол жерлерге орналастырылған. Жүгері егетін белдеулерінде 140 мыңға таяу ірілі-ұсақты мал бордақылайтын шаруашылықтар бар. Бұл сала осы елдің ауыл шаруашылығына қатысы бар басқа да өндірістік салаларды дамытудың негізі. Аталған тәжірибелерден алар тағылым мол. Осындай істі өз елімізге ыңғайлап пайдала білгеннен ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық.
– Ақжайық өңіріндегі бұған дейінгі асыл тұқымды мал өсіру ісінің кәнігі шебері, жоғарыда өзіңіз аты-жөнін келтірген академик, Қазақстан үкіметі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Алексей Черекаевтың көзін көре қалған маман ретінде бүгінгі күні осы саланы тиімді түрде дамыту үшін не істеу керек деп есептейсіз.
– Қай іске де ең алдымен қаражат қажет. Ал оны табу оңай іс емес. Бүгінгі даму, өркендеу жолындағы мемлекетіміздің әрбір теңгесін ұтымды пайдалануымыз керек. Бұл тұрғыда «КазАгроҚаржы» ұлттық компаниясының 70 мың бас асыл тұқымды етті ірі қара малын елімізге алып келетін жоспары маман ретінде маған күмән туғызып отыр. Әр басы үш мың доллардан болғанның өзінде оған кем дегенде 210 миллион доллар жұмсалады екен. Осынау өзіндік құны аса қымбат малдар кімге, қалай берілмек? Біз бұдан не ұтамыз?. Бұл малдарды таңдап алатын мамандар бар ма, бүгінде бізде. Мұнша мал неге керек? Мұндағы қыруар қарызды кімнің мойнына іліп қоймақпыз деген сауалдар еріксіз туындайды.
Менің ойымша, ең алдымен елдегі барлық малды сауықтырып алу керек. Қазір республикада күрделі ветеринарлық ахуал қалыптасып отыр деп есептеймін. Мал арасында бруцеллез бен туберкулез аурулары өршіп тұр. Осы орайда айтайын дегенім оған қанша қаражат қажет болса, сонша бөлінуі тиіс. Осыған байланысты тиісті заңдар қабылдау керектігі де кезек күттірмейді. Әйтпесе, біздер ешуақытта да экспортқа сапалы ет шығара алмаймыз. Сатып алып келген қымбат малдарды ауруға шалдықтырып тынамыз.
Екінші проблема, жем-шөп құнының жоғары екендігі. Мал азығының қазіргідей қымбат жағдайында оның басын көбейту еш мүмкін емес. Сондықтан қала маңындағы ағайындар қолдарындағы малдарын еріксіз союға мәжбүр. Өйткені, мал ұстау тиімсіз. Өзін-өзі ақтамайды. Елбасы биылғы Жолдауында көрсеткендей, төрт миллион тонна дәнді-дақылдың баламасы алпыс мың тонна ет болатын болса, қазір қалыптасқан бір кило етті 750 теңге десек көрсетілген көлемдегі жем құнының әр тоннасы 11-12 мың теңгеден аспауы керек. Ал өзгесін айтпағанда биыл бір тонна кебектің бағасы 30 мың теңгеден асып кетті. Бидайдың бір тоннасы 50 мың теңгеге жетті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жемнің бағасын толық бақылауға алуға тиіс. Сыртқа сатылатын жоғары және 1-3 сортты бидай рынок бойынша, ал экспортқа жарамайтын 4-5 сортты бидай мен оның қалдықтарын тек ішкі өндіріске жұмсап, жаңағы көрсетілген бағамда құрамажем шығаратын зауыттарға жіберу керек. Бұған қосымша табиғаты жұмсақ оңтүстік облыстарда жүгері, тағы басқа дәнді дақылдарды өсіруді жолға қойып оны да аталған зауыттарға аттандырған жөн. Тек сонда ғана құрама жемнің ішкі рыноктағы бағасы 17-18 мың теңгені құрамақ. Мал шаруашылығы тек сонда ғана тиімді нәтиже бермек. Осы жағдайда бір кило сиыр етінің өзіндік құны – 500, құс еті – 300, шошқа еті 400 теңгеден аспайды. Жалпы, 500 мың тонна ет өндіру үшін 3,5-4 миллион тонна құрама жем өндірілсе жеткілікті. Республикада мұндай ресурс бар деп ойлаймыз.
Келесі кезектегі мәселе, әрине, малды асылдандыру болып табылады. Менің ойымша бұл үшін жетпіс мың басты қыруар ақшаға сатып алудың керегі жоқ. Өйткені, бұл күмәнді, ешқандай есепсіз, мамандардың қатысуынсыз істеліп жатқан шара деп санаймын. Оның орнына айтар ұсынысым да бар. Ол дәстүрлі асыл тұқымды шаруашылықтарымыз емес пе? Оның айналасында жүрген жергілікті мамандар да жоқ емес. Республикаға әкелінетін асыл тұқымды малдарды соларға табыстағаннан зиян көрмес едік. Бұл ретте жаңа мамандар легін жасақтауға да болады. Шетелден әкелінген малдар бұл жерді жерсіне ме? Бұл мәселені де ұмыт қалдырмаған жөн. Осы арқылы малдың санын да, сапасын да көтеруге болады.
Қазіргі жағдайда елімізге асыл тұқымды малдың 500-ін ғана әкелсе жеткілікті деп ойлаймын. Бұл арада басын ашып айтар жәйт, оның бәрі сапалы аталық малдар болуы керек. Бүгінде республика бойынша малды жасанды тәсілмен ұрықтандыру ісі мүлдем жойылып кетті десе де болады. Бұған дейін бізде аталық малдардың ұрықтары арнайы стансаларда алдын-ала әзірленетін. Осындай «мұрадан» бас тартқанымыз әрине дұрыс емес.
– Сонымен, бүгінгі күні маман ретінде етті ірі қараны көбірек өсіру үшін бірінші кезекте атқарылатын іс қандай деп ойлайсыз?
– Бұл үшін әр бір ауылдық округтің бизнес жоспары жасалып, табиғи ресурстары толық мониторингтен өткізілуі керек. Яғни, елді мекендерде мал өсіруге қажетті су көздері мен шабындық, жайылым, қора-қопсы түгелдей есепке алынып, онда қанша мал өсіруге болатыны белгіленгені жөн. Меніңше, бұл қолдан келетін шаруа. Аналық малдарды мол, қысы-жазы жаятын жерлерге орналастырудың тиімді жақтары аз емес. Мұндайда азын-аулақ жем-шөп қоры болса жеткілікті. Бұл үшін аналық малдардың төлдейтін уақыты көктем айларына сәйкестендірілуі керек. Бұл арзан ет өндірудің бірден-бір кепілі. Ауыл шаруашылығындағы жайылымдар мен шабындықтар және көлдер өте тиімді ұқыптылықпен пайдаланылуы тиіс. Бұл үшін ата-бабаларымыздың мол тәжірибесін қайта жаңғыртқанның пайдасы мол. Әрбір мал түрінің бейімделген жері мен жейтін шөбін ескеру керек. Мысалы түйе жейтін шөпті сиыр жемейді.
Ежелгі тәжірибеміз бойынша мал өсіру үшін бізге жазғы жайлау мен күзеу әрі қыстау қажет. Ал қазір малды қысы-жазы бір жерде бағып Кішіқұм, Қызылқұм, Қарақұм, Нарын секілді табиғи құмдарымызды таптап шөп шықпайтын жағдайға жеткіздік. Кезінде Жәңгір хан Нарын құмына малды тек қыс кезінде ғана жайдыртқан екен. Өйткені, ол бүгінгі тілмен айтқанда, экологиялық апат болатынын жақсы білген. Бұл жағдай республиканың барлық аймақтарына тән құбылыс десе де болады. Осындай жаныашымастыққа тосқауыл қоятын кез келді деп білеміз.
Сондай-ақ, ел көлемінде егін егілмей арамшөп шығып жабайыланып кеткен алқаптар қаншама. Оны Үкімет қарамағына алып аталған аумақта екпешөп егуді қолға алған жөн демекпін. Өйткені, бұл арамшөптерді мал жемейді. Ең бастысы, екпешөпті көбейту мал өнімдерін мол өндіруге және оның өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізеді. Қазіргі таңда республикамызда шөп шабатын құрал-саймандар жасалмайды. Қолда барының баяғыда тозығы жеткен. Сондықтан осы істі неге қайтадан жаңғыртпасқа. Тек олардың қолжетімді, арзан әрі сапалы болғаны ұдайы назарымыздан шықпаса екен.
– Сіз халқымыздың бұған дейінгі дәстүрлі мал шаруашылығы жөнінде ой қозғадыңыз. Бұл орайдағы ұсыныс пікірлеріңіз де көңілге қонады. Дегенмен, қазір біз бұл мәселеге кешенді көзқарас тұрғысынан келуіміз керек. Осы орайда мал бордақылау кешендерін құру жөніндегі ойыңызды да ортаға сала кетсеңіз екен?
– Менің ойымша, республикадағы мал бордақылау орындары арзан әрі жеңіл алаңдарда бір мың бастан 5-8 мың басқа дейінгі мөлшердегі сыйымдылықта орналастырылғаны орынды. Егін егетін аймақтар мал бордақылау алаңдарына жақын болса тіптен тиімді. Бұл жерлерде соңғы үлгідегі мал соятын комбинаттар мен мал өнімдерін қалдықсыз өңдейтін құрылымдар болуы тиіс. Сонымен бірге, аталған аймақтарға құрамажем жасайтын зауыт құрылыстарын да қоса ойластырған орынды. Міне, осындай жағдайда ғана мал бордақылау кешендері өз шығынын жауып, мол пайда бере алады.
Ұзын сөздің қысқасы, етті ірі қара өсіру ісі ендігі кезекте елдің брендіне айналатын болса, тіптен ғанибет. Бұл жаңа заманауи кәсіпорындардың ашылуына, ұлтымыздың еңбеккер бейнесі жаңа биікке көтерілуіне септігін тигізбек. Осылайша, ол экономикамызға жаңа серпін беретін салаға айнала алады демекпін. Бұл аса жауапты іске Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастамашы болып отырғаны да көп жайды аңғартады. Осы жауапты міндетті бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып іске асыру бәріміздің ортақ борышымыз .
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.