24 Мамыр, 2011

Қасіреті қайғы шектірген атом полигоны туралы жазылған мақалалар жинағы жарық көрді

728 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Халық болып қалыптасып, қара жерді басып жүргелі қа­зақ­тың бастан кешпеген соры, көрмеген құқайы жоқ. Анта­ла­ған жаумен әлмисақтан бері айқасып, «аттандаған» тіршілік кешіп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді. ХХ ғасырға жетіп, енді мамыражай тіршілік ке­шемін бе дегенде, бір аш­тық­тан соң бір аштық кешіп, тағы да шыбындай қырылды. Одан сүт бетіне шығар қай­мағын қырып, жаутаңдаңған жал­таңкөз болып қалды. Оңа­ла алмай, еңсесі түсіп жүр­ген­де батыстың қырғыны жетіп, тағы да қып-қызыл оттың ор­та­сына түсті. Одан... 40 жыл бойы туған жердің де, елдің де есін шығарып, жер-жаһанды тітіретіп, дүрілдеген атомын жар­ды. Сөйтіп, халқы ғана емес, қазаққа бұйырған жері де бір тынши алмай, үнемі гү­рілдеу мен дірілдеудің астын­да болды. Осы қырғынның бәрінен аман қалып, қазір тәуелсіз ша­ңырағын тігіп отырған қазақ Алласына мың да бір тәубесін айтып, өзін бақытты сезінуі керек қой. Бірақ 40 жыл бойы туған жерді тітіреткен аж­да­һаның қасіреті әлі де қалмай, салған жарасы жазылмай келеді. Абай мен Мұхтар секілді ұлыларын берген, олардың жүздеген дарынды шәкірт­те­рін сыйлаған ақыл-ойының озық ортасында 40 жыл бойы болған жарылыс 18 мың шар­шы шақырым аумақты қам­ты­ған екен. Бұл – еуропалық шағын мемлекеттердің аума­ғы­на тең көлем. Осы аумақта 470 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалған, оның 352-сі жер астында болса, 118-сі жер­дің үстінде, ашықтан-ашық жа­рыл­ған. Мұндай жарылыс әлем­нің басқа бірде-бір өңірінде жа­сал­ған емес. Ғалымдардың анық­тауына қарағанда, мұндағы жа­ры­лыстардың ядролық қуаты Хи­росимаға тасталған атом бом­ба­сы­нан 2,5 мың есе көп. Осы жа­рылыстар салған жаралар бүкіл Еуропа күні бүгінге дейін зәре­лері қалмай зар илейтін Черно­быль апатының зардабынан 116 есе артық. Жарылыстардың халыққа сон­шалық қасірет әкеліп жатқанын сол кездегі өкімет жақсы білді, бірақ бір жақсылық қылайық дегенді ойға да алмаған. Полигонға жақын жатқан аудан тұрғындары­ның әлеуметтік жағдайын жақ­сар­туға мемлекет 40 жыл бойы ешқандай да қаржы бөлмеген. Соның салдарынан мұндағы ха­лық­тың арасында нақ атом ра­диа­циясының зардабынан бола­тын ақ қан, қылтамақ, асқазан рагы секілді толып жатқан сыр­қат түрлері еліміздің басқа өңір­леріне қарағанда 40-50 пайызға артық. Ең зор қасіреттің бірі нешетүрлі кембағал жандардың өмірге қаптап келуі. Сондай-ақ, өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары да бұл аймақтарда орасан көп. Міне, осы фактілердің бәрін біз осы өңірде тұратын тілшіміз, Семей қаласы мен Абай ауда­ны­ның құрметті азаматы, абзал азамат, қаламы ұшқыр журналист Дәулет Сейсенұлының Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай жарық көрген «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» атты мақалалар жинағынан алып отырмыз. Жи­нақ­қа ауыздан тұмылдырық алы­на бастаған горбачевтік «қайта құру» жылдарынан бері жазы­лып келе жатқан Семей ядро­лық полигонының қасіреттері, көз көрген, бастан кешкен жандар­дың айтқан деректері, аждаһаның жабылуына үлес қосқан азаматтар еңбегі және т.б. туралы жазылған мақала­лар, очерктер, репортаждар енгізілген екен. Жинақ Семей атом поли­гоны, оның халық басына сал­ған қасіреті туралы тереңірек білгісі келетін адамдарға мол мағлұмат береді. Сонымен бірге, тілі жеңіл, көркем. Халық арасында айтылған, нысанаға дөп тигізетін небір ащы мыс­қылды өткір сөздер де езуіңізге еріксіз күлкі үйіреді. Мәселен, жоспар керек болғанда малдың сұрауы болып, адамды елемегенге айтылған «қойшы санда бар да, қойшы санатта жоқ», «ақын ауылынан емес, атом аулынанбыз» деген сияқты дөп түсірген сөздерге қалай күл­мес­сіз... «Ызалы күлкі – ол да қайғы» деген жоқ па Абай. Кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқысының атауы «Өт­кенге – салауат» делініп, онда негізінен полигон қасіреттері жайлы мақалалар топтасты­рыл­ған. Ал екінші бөлім «Бүгіннен – шапағат» деп ата­лады. Онда негізінен Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің жапа шеккен отандастарымызға, ел мен жерге жасап жатқан қамқор­лықтары жайлы жазылған дүниелер орналастырылған. Жақсыбай САМРАТ.