24 Мамыр, 2011

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ: «Мен өнерде бағы жанған адаммын»

708 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Сырнайлатып-кернейлетіп күні кеше қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен оның 70 жылдық мерейтойы ұғынған ұрпаққа бір күндік ішім-жемнің думаны емес, көп жыл­дық рухани азыққа айналар ғибраты, тағы­лымы мол өнер кеші ретінде тарихта қалары хақ. Рухани өсіп-өркендеп, ой-өрістің кемелденуіне кино өнерінің айтарлықтай септігі тиген дейтін бол­сақ, онда осы тұрған тұтас бір буын Нұр­жұман Ықтымбаев сомдаған бейнелермен өмір белестерін бірге өткізіп келеді. «Мазасыз таң» (1966), «Ел басына күн туса» (1967), «Ба­ла­лық шаққа саяхат» (1968 ), «Мәншүк туралы ән» (1969), «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» (1970), «Ыстық­көлдің алқызыл гүлдері» (1971), «Шоқ пен Шер» (1972), «Балалық шағымның аспаны» (2011) деп тағысын-тағы арасын жалғастыра тізгенде, ол ойнаған фильмдердің ұзын-ырғасы жетпіске таяп қалады екен. Жетпістің желмая­сымен жетпістен астам рөлді көрерменнің көңіл көгіне қондырып үлгерген актер жайында шертілмеген сыр қалмаған да шығар, бәлкім. Әйтсе де, тағдыр кейде тау тақылеттес. Бұралаң-бұл­тарысы, құз-жартасы, ұялы ұшар шыңы мен баурайындағы шалғыны ғажайып әсердің теңі­зінде тербетіп, көңіл тұнығына ай бейнесін қондыратын әдеті. «Адам жаны ашылмаған жұмбақ әуенге толы» деп көптің көрмеген, қиял желкенін кермеген құз құпияларына  құштар­лана көз тігіп жататыны сондықтан шығар, сірә. Ол егер актер әлемінің кереметтері болса ше? Сандаған тағдырды экран таспасына басып жат­қандағы актердің жанталас­қан өміріне қа­рап-ақ түрлі ойлар жетегіне еріп кетер кісің. Қызық үшін, оның 1966 жылы түскен «Мазасыз таң» фильмінен бермен қарайғы киношежірені шолып өттік. Содан бері жеміс бермей қалған жыл жоқтың қасы. Кей жылдары екі-үш, тіпті төрт фильмнің басын қайырып тастағанына  қарағанда, оның 1980 жылы «Нанның дәмі» фильмі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, 2007 жылы «Жол қараушы» фильміндегі рөлі үшін «Адал жүрек» фестивалінде бас жүлдемен, 2009 жылы қатарынан үш бірдей – «Шәкен жұлдыздары» фестивалінде ең үз­дік актер, Чебоксары кинофестивалінде – «Сталинге сыйлық» фильмінде «ең үздік ер адам рөлі үшін» сыйлығы мен Қасым рөліне Бүкіламери­калық өнерді қолдау ассоциация­сының арнайы жүлдесімен марапатталуы оңай келе салған олжа емес, қилы-қилы тағдырды, түрлі кезеңдегі адам­дардың психологиялық бет-бейнесі мен фило­софиялық ой-пайымын шы­мырлатар шым­қай бояулармен бере білуі ар­қылы қанжығасына бай­лан­ғанын аңғартады. «Сталинге сыйлық» кино­туындысының Мәс­кеу­дегі Адам құқы жөнін­дегі фильмдердің ха­лықаралық «Сталкер» фестивалінде «ең үздік шетелдік туынды» деп танылуы өз алдына бір төбе. Орынбордағы «Восток-Запад» фестивалінде бұл фильм жұртшылық наза­рын аудар­тып, актер кезекті жүлдесіне қол жеткізіп қай­тады. Былтыр француздың танымал актері Жерар Депардьемен бірге «Кеш оянған махаббат» фильміне түсіп, тағы бір тың дүниеге жұртты тағатсыздандырып қойды. «Балалық шағым­ның аспаны» фильмінде Мемлекет басшы­сының әкесі Әбіштің бейнесін тұшымды сомда­ды. ... «Стоп кадр!» Осы жерден бастап ойы­мызды Нұржұман Ықтымбаевпен болған сұхбат­пен жалғастырсақ. – Нұржұман Байжұманұлы, өнер жолын әдетте бастау, өсу-өркендеу, кемелдену кезеңі деп үшке бөліп жатамыз. Бастауыңыз тұнық болған көрінеді – өйткені, қазақ кино өне­ріндегі айтулы тұлғалармен қатар тұрып, өнер көрсеткен бақытты жансыз. Сол бал­ғын бастауларда қалған бала Нұржұманның ізін көз алдымызға келтіргіміз келеді. – Өнер деген не әке, не шеше жақтан, әйтеуір түпкі тамыр арқылы келетін нәрсе екеніне еш күмәнім жоқ. Не болмаса арғы бір аталардан даритын қасиет. Әншілік өнер маған наға­шыла­рымнан келген. Ал актерлік өнер – әкем­нен, өйткені, әкем ойынпаз, бет-аузын құ­былтып, ай­нала­дағыларды қыран-топан күлкіге көмдіріп жүретін. Ол ауылда зоотехник, бас­қарушы болып істеді, кейін науқастанып, ден­саулығына бай­ланысты жұмыстан ерте қол үзді. Шешем үй шаруасындағы қарапайым ауыл әйелі. Отбасында он үш бала болғанбыз. Осы­дан  екеу ғана қалдық. Ағаларым мен апаларым безгектен көз жұмған. Жалпы, ауылда екінің бірі әнші, домбырашы болып келеді ғой. Мен сондай адамдардың орта­сында өскен адаммын. Біздің балалық шағымыз соншалық жарқын болды деп айта алмаймын. Ауылдан майданға аттанғандар со­ғыс біткеннен кейін, яғни 1948-49-шы жылдары ғана елге қайтып орала бастады. Біреуінің әкесі, біреуінің бауыры қайтпай қалған үйлерді жұбату үшін ауылдың біз сияқты балалары қиссаларды жатқа айтуға көштік. «Қозы Көр­пеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зар­лық», «Алпамыс» сияқты батырлар жыры мен дастандарды бір таңнан екінші таңға жеткізіп айта беруге бармыз. Ағаларымыз бастайды, біз қоштаймыз дегендей. Солардың жанында жү­ріп, осының бәрін біз де құлағымызға құя беріппіз. Шаршаған кездерінде бізге қарап, «жал­ғастырыңдар» деп нұсқау береді. Біз үзілген жерінен әрмен қарай қағып ала жөнелеміз. Қалғып отырсақ та, сөзден жаңыл­маймыз. Сөйтіп, біз жесір қалған апа-жең­ге­лерге жұбаныш болған ұрпақпыз. Содан қал­ған дүние болуы мүмкін, өнерге келгенім. – Актерлік өнерге келудің өзі оңай бол­маған шығар? – Мен шәкірттеріме актерлік өнерді қадір­леңдер деп айтамын. Әйтпесе, ұшып кетеді, тастап кетеді деймін. Мұны өмірдің өзінен көр­дім. Іштері босап, құр кеудеге айналған әріп­тестерімнің күйін кешіп қалмауы үшін осылай қауіптене айтамын. Мұндай ақыл-кеңесті ұстаз­дарымнан көп естідім. 1957 жылы мен алға­шында музыкалық училищеге түстім де, отба­сылық жағдайыма байланысты әкем қайтыс болғаннан кейін ауылға қайтып кетіп қалдым. Бауырым оқысын дедім. Шындап келгенде, Ғарифолла Құрманғалиевтің ең алғашқы шә­кірті менмін. Ол кезде арнайы студия деген атымен жоқ, Ғарекең мені 200-300 адамның ішінен таң­дап алған болатын. Ұлықпан Мұхитов ағамыз өнерімді бағалады. Сол кісінің жанында жүріп, Ғарифолла ағамен жақынырақ таныс­тым. Ол кісінің шәкірті болғанымды мақтаныш етемін. Кейін ауылға кетіп қалдым. Қой бақтым. Трак­торшы, шопыр болдым. Әкемнің досы Шаяхмет Құсайынов деген мұғалім маған бір күні: «Сен қашанғы жүре бересің бұлай? Тез арада бұл жерден кетуің керек» деді. Ауылымызда немістер, чешендер, түрлі ұлттың өкілдері тұратын. Олардың өзімізбен жасты жігіттерінің  білек күштерін бай­қау үшін өзара жекпе-жекке шығамыз. Күн­дердің күнінде осындай сотқарлығым әкем­нің досының құлағына жетіп, сырттай қылығыма әбден қанық болып жүргенін білдім. Үш жігітпіз, Бекен, Бәкір және мен. Ауылдан асып, атымызды аудан та­ныды. Тентектіктен. Күшіміз ішімізге сыймай бара жатыр.  Бекен керемет ән салады. Ал Бәкір Абайдың қара сөздерінің қаймағын қайырып оқиды. Бір жағынан өнеріміз тасып, екінші жа­ғынан жастық оты бойда қайнап тұрған кезде ойға небір тәтті қиялдар келмей ме? Кішкентай теа­трымызды құрып алдық, өлең оқимыз, ән шыр­қаймыз. Бұл аз десеңіз, көрші ауылдың балала­рымен жаға жыртысып қалатын төбелеске үйірсектігіміз тағы бар. Шаяхмет аға осы білетіндерін бауырыма айтып беріпті. «Сені әкең бұлай болады деп ойлаған жоқ, үлкен азамат болып ер жетеді» деген үмітпен қараған» деп ақыл айтты бір күні мені көргенде. Расында, әкем маған ешқашан бір қатты дауыс көтеріп, көзін алартып көрген адам емес. Еркелететін.  Осыдан бірдеңе шығады дейтін.  Сонымен әлгі бос сенделістің бә­рін ысырып тастап, 1965 жылы Жаркентке тартып кеттім. Ондағы ауыл мұғалімдерін даяр­лайтын училищеге оқуға түстім. Сонда да өте жақсы адамдармен кездестім. Нұрмақ Серкебаев деген директорымыз, тамаша адам. Құжаттарыма қарап отырып: «Мынау не деген құжат?» деп таңдана қарады. Мен ән саламын деймін шімірікпей. «Жарайды, қане, мықтылығыңды байқап көрейік» деп залға шығарды да, домбыраны қо­лыма ұс­татты. «Ал, енді баста!» деді. Бастадым.  Бір жа­рым сағаттай концерт бердім сол жерде. Сту­денттердің бәрі ауыздарын ашып қал­ған, мұғалімдер де таң-тамаша. Бас-аяғы 500 адамдай тегіс тыңдап тұр екен. «Шаршадым, концерт осымен аяқталды» дедім. Нұрмақ аға өзінің кабинетіне алып барды. Құжаттарымды сұрады. Мен бердім. «Енді бұл құжаттарды оқу бітірмей бізден  алмайсың» деді. «Оқуға түстім деп есептей бер» деді. Қолымнан жетектеп барып барлық мұғалім­дерге көрсетіп шықты. «Мына жігіт өте білімді жігіт екен. Оқуға жақсы дайындалып келіпті. Мен емтиханды алдым. Бағаларыңызды қоя беріңіз­дер» деді. Училищеге осылай бір емтихан тап­сырмай түсіп кеттім. Үрмелі аспаптар оркестрінде кларнетте, трубада, ішекті аспаптарда ойна­дым. Екі оркестр ұйымдастырдым. Театр құрдық. Сөйтіп, мен ағалар сенімін ақтау үшін сабақты жанымды сала оқыдым. Қызыл дипломмен бітірдім. Училищеге мені оқытушы етіп қалдырды. Нұрмақ ағамыз қайтыс болды. Оның орнына Клара Жұмағұлова деген кісі директор болып келді. Алты айдай мұғалім болып жұмыс істедім. Бір күні мені «шақырып жатыр» деді. Киносту­дия­ның адамдары біздің жаққа фильм түсіруге келгенін білдім. Соған мен сияқты жігіттер керек болып жатыр екен. Мені алып барды. Оның алдында бір оқиға болған. 1967 жылы филармонияда конкурс болды. Мұнда жеңген адам Мос­кваға барады. Одақ көлемінде өтіп жатқан байқау. Мен сол жарыстан озып келгенде филар­мо­нияның алдын­да есеп беру концертім болды. Сол концертке дайындалып отырған болатынмын. Осы кезде бір әдемі келіншек кіріп келді. Кейіннен білдім, ол Сара Жорабаева деген апамыз екен. Келіп менімен танысып: «Киноға түсесің бе?» деді. «Кино деген не?» деймін түсінбей. Мені өзі жұмыс істейтін жерге алып барған. Ол уақытта  киноның адам­дарын танымаймын ғой. Бұл менің дүнием емес сияқтанып көрінген сонда. Кешке қарай пойызға отырып, қашып кеткенім есімде. Содан Сара апай менен ойда-жоқта айырылып қала берген. Автобустан түсе бергенімде, баяғы Сара апам шығып келе жатыр алдымнан. Мені көре салысымен: «Ал енді бұл жолы  сенен айырыл­маспыз» деп нық­танды. Осы жолы Ыдырыс ағамен таныстым. Сол күні кешке таман Құрманбек Жандарбеков ағамыздың туған күн кеші өтеді екен. Тойға мені де шақырды. Киностудияның адамдары ән айтып жатыр. Мен зорға шыдап тұрмын. Сара апам менің ән ай­татынымды білетін. Ол кісі сәлден соң: «Ауыл­дың алты ауызын естиік енді. Мына жігітке берейік домбыраны» деді. Сол кезде мен 25 жас­тамын. Құрекеңнің «Бозжорға» деген әнін шыр­қап кеп бердім. Құрекең жамбастап жантайып жатыр екен, ән шырқала бергенде орнынан қар­ғып тұрмасы бар ма? Әлдене­ге шұқшиған қар­шығадай маған қадалып қалыпты. Бір көздің тесіле қарап тұрғанын сездім. Бірақ тоқ­тамай, одан бетер ар­қа­ланып, өршеленіп ба­ра­мын. Үзіліс кезінде Қанабек Байсейітов аға­мыз: «Ей, Абдолла – деді, – екі-үш күн болды актер іздеп жүргеніңе, мына жігітті неге алмайсың, жанып тұрған жігіт екен ғой» деді. Бұрылып қарасам, оң жағымда қа­раторы жігіт отыр екен. «Иә, өзім де манадан бері соны ойлап отыр едім» деді. Абдолла Қарсақ­баев­пен алғаш осылай та­ныстым. Той бітті. Ертесіне шақырып жа­тыр деді. Бардым. «Атқа міне аласың ба?» деп сұрады. «Иә!» деп жауап бердім. Себебі, осыдан қалсам, бұл өнерден мүлде ат құй­рығын үзіп алатын түрім бар. Оқиғаның қа­лай өрбитінін алдын-ала оқып алғанмын.  Мен Қа­пан деген құл­дың рөлін ойнауым керек болатын. «Аға, егер оның өзі құл болса, қайдағы ер-тоқым? Әдемі жүген қайда оған, жай ноқта салсақ жетпей ме?» дедім. «Дәл солай жүре аласың ба?» деп, бурыл құнанды алып келді. «Ал, байқа, бала!» деп біреулері сақ­тандырған болып жатыр. Сақтанатын несі бар, жастайымыздан аттың құлағында ойнап өспедік пе? Тоқымды салып, ноқтамды ұстап аттың үстіне қарғып міндім де, тағы ойландым. «Тоқым текке кедергі болып жүреді. Жалбаңда­тып қайтемін» деп, сәлден соң тоқымды лақ­тырып жібердім. Атқа қамшымды басып, шаба жөнелдім. «Бар» деген жеріне барып, «кел» деген жеріне келдім. «Қилы кезең» атты Тоқаш Бокин туралы фильмде Тоқашты Ыдырыс Ноғайбаев ойнады. Қазақтың мықты актерлерінің дені осында. Сонда Әнуар Молдабеков, Байділда Қалтаев, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Мәкіл Құ­ланбаев дейсің бе, кілең қай­таланбас тұлғалар жиналып­ты. Солардың бәрі мен жаққа қадалып қалған. Бітіріп келе жат­қанымда, жағалай тұрған сол ағалар жамырлап қол соқты. Ол уақытта қол соғу деген нәрсе аса бір елеулі сәттің үстінде болмаса, мұн­дай жәйт жиі қайталанбайтын. Өйткені, Абдолла ағамыздың өзі бастап қол соғып тұр­ғанда, бас­қалар қалай қоштамайды. Материалды Алматыға алып кетті. 15-20 күннен кейін мені шақырып жатыр деді. Бардым. Абдолла құшақтап, құт­тықтап жатыр. Онда Камал аға (Смайылов) директор. Ол кісіні мен танымаймын. Жоғары жақтағы біраз адамдар мен туралы ойларын жазып жіберген екен. Тегіс риза болған көрінеді. Бір күні «Абдолла шақырып жатыр» деген соң, жетіп бардым. Камал ағаның ойын жеткізді. «Мына жігітті шамаларың жетсе, қалаға алып келіңдер» деп айтыпты. – Содан кинодағы өмірім басталды да кеттті дейсіз бе? – Жоқ-ә. Киностудияның адамдары фильмдерін түсіріп біткен соң бір сәт аялдасын ба, Жаркенттен аттанып кете барды. Көңілім жетімсіреп мен қалдым. Олармен бірге жүрегім бірге жұ­лынып кеткендей күйзелдім.  Шыдай алмай, анда да, мұнда да сыймай кеттім. Дел-сал күйде жүргенде арада 3-4 ай өтпей жатып атыма жедел хат келді. Мені шақыртқан. Алматыға келдім. Камал аға, басқа да басшылар түгел Мәскеуге жиналысқа кетіп қалыпты. Не істеймін? Кері қайтып кететін екі орта қатынап жүре беретін жол емес. Дирек­тордың орынбасарына кірдім. «Мен сені шақыр­ған жоқпын» деді ол. Көңілім су сепкендей басылды. «Менің қолымнан келетіні, сені анау кіре берістегі кезекшінің бөлмесіне уақытша тұр­ғызуыма болады»  деген соң, сол жерде бір-екі күн  түнедім.  Бірде көк базарды аралап келе жатқанда бір жарнамаға көзім түсті. Мемлекеттік қуыршақ театрына әртістер қабылданады деген. Театрды іздеп таптым. Мекен-жайы ол уақытта өртеніп кеткен бұрынғы ТЮЗ-дің ғимараты болатын. – Еңбек жолыңыз қуыршақ театрынан басталды ғой сонда? – «Неге келдің?» деді ондағылар. Түріме қа­рап шошып кеткеннен айтқандары. Киімім мыж-мыж, сақал-мұртым өсіп кеткен. Шынымен түрім адам шошырлық. «Қолыңнан қандай өнер келеді?» деді мені жай жұбата салу мақсатымен. «Ән саламын» дедім. «Айт» деді. Аузымды аша бергенде дауы­сым қарлығып, үнім шықпай қалсын. Суық шырын ішкеннен еді. «Жоқ» деп ондағылар үзіл­ді-кесілді қарсы шықты. Қалтарысқа шыға бере екеуара айтып жатқан әңгімесін құлағым шалып қалды. «Бұл жерде қаңғыбастар неге жүр?». Әлгі сөз өңменімнен өтіп кетті. Баяғыда Ал­матыда бір жақын апаларымыздың үйі бол­ғанын естігенмін. Шарқ іздеп жүріп, соны тауып алғаным қандай жақсы болды. Жездемізді кішкентай кезімізде ипподромға көкпар тамашалауға келгенде талай мәрте көргенмін. Апайым егде тартыпты. Мені көрген бетте бас салып құшақтап жылап жатыр. Түрімнің өзгеріп, абыржыған халіме жаны ашы­ғандығынан ғой. Жуындырып-ша­йындырып, ыс­тық тамақ берген соң кәдімгі адам қалпыма қайта келіп, көздерім жылтырап шыға келді.  Таза киімдерімді ауыстырып киіп, мой­ныма бұзаудың тіліндей галстугімді тағып баяғы мені қорлаған қуыршақ театрының есігін қайта аштым. Бұл жолы өзіме нық сеніммен барып өршелене аш­тым. Сол күйі үн-түнсіз кетсем, өшім кетердей ыза-кегім қайнап барады. Барып едім, ешқайсысы танымады. Домбырамды қолыма ұстап, тегін концерт қойдым. Ақыр со­ңында олар «тағы айтшы, тағы айтшы» деу­мен діңкемді құртты. Жұрттың көңілін қал­дырғым келмей тағы екіленемін. Уақыт біраз жерге жетті-ау дегенде «Мені қабылдайсыңдар ма, жоқ па? Неге жайдан-жай өнер көрсете беремін?» деп бағамды үсте­мелеп қоямын. «Қабылдаймыз» деп жамырады тегіс. Сөйтіп, бұл ағаң әуелі қуыршақ театрының әртісі атанған. – Осында қанша уақыт жұмыс істедіңіз? – Мені көп ұзамай «Балалық шаққа саяхат» фильмінің басты рөліне бекітті. Мұнда Болат Қа­лымбетов те ойнаған. Қуыршақ театры бізді кино­студияның пайдаланғаны үшін олардан ар­найы ақша алып тұрыпты. Екі мекеме арасындағы келісілген шарт бойынша. Ал бұл қыруар көп қаржы екен. Оған қуыршақ театры әбден дәндеп алыпты. Арада тағы біраз уақыт өткенде маған Камал аға шақырып жатыр деді. Бардым. «Мұншама ақшаны оларға төлегенше, оны неге өзіңе бермейміз? Сен бізге кел. Мұнда штат ашылып жатыр» деді. Сол кезден бастап менің киностудиядағы тынысым тікелей осы өнермен біте-қайнасып кетті деуіме болады. Камал аға айтты: «Сені бір ағаңмен таныстырайын. Сол кісімен бірге тұр, бірге жүр. Үйрен». Телефон шалып ар жақтағы кісіні өзіне шақырды. Ол 20-30 минөттен кейін келді. Сөйтсек, жарықтық, өзіміздің асқартаудай ағамыз Нұрмұхан Жан­төрин екен ғой. Ол кісі штатқа бірінші актер болып кірді, ал мен екінші болып қабыл­дандым. Міне, мұны өзім тарихи оқиға санай­мын. Және ешқашан өшпейтін, уақыт тамшысы жумайтын тарих. «Махаббат туралы аңызда» ол кісі Қодарды ойнады. Сол арқылы Қодар менің бір жаныма жақын адамға айналып кетті. Қодарды жақтаймын деп, өзімнің қасымда жүр­ген жолдастарымнан талай рет таяқ жедім. Осы жақындығымыз Нұрмұхан аға көз жұм­ғанша үзілмей өтті. Ағалы-інідей болып жүрдік. Менің өнердегі ұстазыма айналды. Қашанда кеудемдегі осы сезімді аялап өтемін. Маған ол өзінде бар нәрсенің бәрін түгел беріп кеткендей. Кейде телефон шалатын. Барамын. Бірге отырып, талай сыр тарқатысқан сәттер әсері естен кетпейді. Әңгі­меміз таусылмайтын. Нұрмұхан ағаның қасынан екі айдай қалмай жүрдім. Бірде мені тағы да шақырып жатыр дейді. Кім? Шәкен аға. Ол кісіге не үшін керек болдым деп іштей аң-таң болып келемін. Шәкен ағамен де осылай таныстығымыз әрмен қарай жарасып, жалғасып кетті. Кім екенімді әлдекімнен сырттай сұрастырмай, барлы­ғын өзімнен егжей-тегжейлі сұрап алды. – Шәкен аға жайында да естіп-білу бір ғанибет. – Мен түскен фильмдерді көріп шыққан екен. Нұрмұхан  ағаны ол кісі «гүр» дейтін. Гүрілдеп сөйлейтін болғандықтан, солай атаса керек деп ойлаймын. «Нұрмұхан ағаңнан көп нәрсені үй­рен. Ол кино тарихына аты үлкен әріппен жазылатын актер» деп ақыл-кеңесін айтты. Содан бастап студияға кірген бетте Шәкен ағамен амандаспай, іс бастамаймын. Тіпті бауыр басып кеттім. «Ата­манның ақырындағы» Хакім рөліне бекіткенде мені алдын-ала «пробадан» өткізбей бірден өзі қабылдаған. Сол рөлді ойнап шыққаннан кейін Шәкен аға бүтіндей маған көңіл бөлді. Туған баласындай аялады мені. Үйіне дейін жаяу баратынбыз. Ол кісіде мәшине бар.  Бірақ оны мінбейді. Мені қасына ертіп алып, жаяу тартып келеміз. Әңгімелесіп келе жатқанда қалай жетіп қалғанымызды аңғармаймыз. Неге өйтеді екен деп кейінге бүгін кеңейте көз тастаймын. Өзінің білетінін жас ұрпаққа тастап кету үшін осылай істейтінін жас болсақ та аздап сезетінмін. «Аға, неге  мәшинемен бармаймыз» деп қоямын. «Жоқ» дейді. «Енді өзіңіз бара беріңізші, менің бір шаруаларым бар еді» деп ананы, мынаны бір желеу етіп, ақырында оған еркелей бастайтынды шығардым. «Әй, сен де өзі» деп сәл кейігендей қалып таны­тады да, «адасып кетемін» деп ол да қиқар­лана қалады. Өмір осылай өнегелі жандармен бірге өріліп жатқанын ол уақытта бағалай алдық па екен деп кейде ойға батып кетемін. Үйіне барып, шай ішіп отырған сәттерім қандай қымбат еді. Мұны бірақ басқаларға мақтаныш етіп айта бермейтінмін. Қызғаныштың қызыл күшігі ол заманда да шәуілдеп тұратын. Шәкен мен Нұрмұхан ағалар­дың әкелік қамқорлығын көргенім бақытымның бастауы болып қала береді. – Дүниеде өзінен басқа ешкімді ойла­майтын адамнан қорқу керек екен. Өнерде кейінгі ізбасарын тәрбиелемеген кісі өте қауіпті көрінеді. Ұстаз ұлағаты туралы тағы не айтасыз? – Жатағыма бара жатқан жолдың бойында жүгері алқабы болатын. Күнде соның жанынан өтуге тура келеді. Орыстың алпамсадай үш жігіті менің алдымды торуылдайды. Олай өтсем де, былай өтсем де аңдуларын қоймай қойды. Жас кезімде анау-мынау кісіге дес бермейтін қарулы болдым. Әлгілер бір күні маған жа­былып кеп берсін. Үшеуінің сыбағасын тарт­қыздым. Үлесімді мен де алдым. Бір-екі күннен кейін студияға бардым. Көзімнің алды төбе­лестен көгеріп қалған. Соны  Шәкен ағам бай­қап қалды. «Әй, бері кел, батыр» деді. «Мына бет-аузың кімдікі өзі?» деді. «Өзімдікі ғой, аға» деймін қипалақтап. «Сенің өзіңнің ешнәрсең жоқ, – деп сөзін салмақтады – Сенің мына бет-бітіміңнің бәрі – халықтыкі. Егер сен халықтың дүниесіне қол салсаң, сені ешкім аямайды. Енді мұнан былай ешқашан бетіңе дақ түсіруші болма» деді. «Таяқ жесең де, бетіңді жауып, қор­ғанып жатып же» деп аяқ жағын әзіл-қалжыңға айналдырды. Мұның астарында біле-білгенге өмірлік сабақ жатыр еді. «Аға, қойдым, қой­дым» дедім сасқанымнан. Содан бастап мұндай әрекетке соқтықпайтын болдым. Осы күні өзімнің соңымнан ерген шә­кірттеріме айта­мын: «Беттерің – сендердің нан­дарың табатын» деп. «Жүректі таза ұстаңдар» деймін. Менің де бүгін рухани таза адамның ісі кіршіксіз мөлдір болатынын жастардың сана­сына шашаусыз құйғым келеді. Жағымды кейіпкер ме, жағымсыз кейіпкерді сомдай ма, мәселе оның кім екенінде емес, соны бейнелейтін актердің жан-дүниесінің қандайлығында. – Кезінде «Мосфильмге» түсу дегеннің өзі кез келген актердің маңдайына бұйыра бермейтін. Ал сіздің бұл жағынан бағыңыз қалай жанып жүр? – Дубляжда жүрген болатынмын. Аяқ ас­тынан мені Камал аға шақырып жатыр деген хабар алдым. Барсам, адам қаптап отыр. Көр­кемдік кеңестің мүшелері. Ғабит Мүсірепов, Сахи Романов, Шәкен Айманов, кіл нарқас­қалар тоғысқан. Шыға бергенімде, Камал аға көріп қалды. «Мұнда кел» деп бұйыра сөйлеген ол  «Сені Москвадағы әйелің шақырып жатыр ғой» деді. Шошып кеттім. Қайдағы Москва, қайдағы әйел? Түсінсем бұ­йырмасын. 1962 жы­лы Мәскеуде болғаным рас. Бірақ... Отырғандар да аң-таң. Байқаймын, бәрі сеніп қалған секілді. Сәлден соң соны байқаған Камал аға: «Москвада мұның қандай әйелі болушы еді?» деп мырс етті де, «Московская жена» деген фильмге шақырып жатыр сені, – деді. Іле-шала «Жетінші аспанға» шақырды. Оған орыстың таң­даулы ак­трисалары түскен. Осылайша мен қазақтан «Мосфильмге» барып түскен тұңғыш актермін. Осы фильмнен кейін Свердловск, Одесса, «Мосфильм» киностудиялары бірінен соң бірі қолқа салып жатты. Міне, күні бүгінге, зейнеткерлікке шыққанға дейін кино атты әлеммен тыныстап келемін. Камал, Шәкен ағалардың батасы мен сенімін ақтаудан артық адамға тағы қандай бақыт керек. Әнуар Молдабеков, Ес­болған Жайсаңбаев, Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Байділда Қал­таев сияқты ағалардың маған тастаған эста­фетасын қолымнан төмен түсірмеуге тыры­сып бағып келемін. Олардың маған қалдырған інжу-маржанын халыққа қайтарып беріп жа­тырмын. Біреулер менен кейде қызығып, осыны сұрайды. «Осынша байлықты қайдан алдың?» дейді. «Жайсаң ағалардан» деп кеудемді мақтаныш сезімі кернеп кетеді. Қазіргі көзі тірі ағалардан ұстазым Асанәлі Әшімов ағама ризашылығым шексіз. Мұндай тұлғалармен киноға бірге түсу тұрмақ, қатар жүрудің өзі бір ғанибет. – Сізді Голливудтың фильміне түскен қазақ актері ретінде де біраз жұрттың танитынын білеміз. – 90-шы жылдары Италияға кетіп қалдым. Онда «Шыңғыс хан» деген фильм түсірілді. Ағылшындар ақшасын төледі, итальяндықтар түсірді. Бірақ кейін екеуінің арасында түсін­беушілік орнығып, соның кесірінен фильм жа­рық көрмеді. Бірақ із-түзсіз кетпейтін шығар. Кейін Польшаға бардым. Италияда түстім. Францияда  «Тыңдашы, жаңбыр жауып тұр ма?» фильмінде өзімді өзім сомдадым. Кезінде «Қан мен терді» аударған Юрий Казаковтың рөлін Алексей Петренко ойнады. Казаков Фран­цияның құрметті азаматы атағын алған адам. Екеуміз сыйлас дос болдық. Ол да болса өмі­рімнің өшпес бір белесі болып қалған сәттер. Бер жақта «Сталинге сыйлық» фильмі бар. Оған көп дайындықпен келдім. Негізі киноның қай жерінде қандай қате жібергенімді өзім ғана білемін. Сол қатені көргенде көпке дейін өзіме өзім келе алмай жүремін. Француздармен бірігіп түсірілген «Кеш оянған махаббаттағы» фран­цуздың белгілі актері Жерар Депардье, Болат Қалымбетов сомдаған бейнелерге жұрт разы болды. Үшеуіміздің ойынымыз көп көңілінен шыққанына сенімдімін. Мұнан басқа тағы да екі-үш фильм аяқталды. Ол туралы әзірге ештеңе айтқым келмейді. – Елбасы жайында түсірілген «Балалық шағымның аспанындағы» Әбіш рөлі на­нымды өрілді... – Фильмді Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың өзі келіп тамашалады. «Сіз енді менің екінші әкем болдыңыз» деп қолымды алып, ризашылық білдірді. – Не нәрсеге қуанасыз? – Қазақ болып туғаныма қуанамын. – Нені жек көресіз? – Арды аяқасты ететіндерді жек көремін. – Қазақ киносы қай деңгейде деп ойлайсыз? – Жоғары деңгейде деп есептеймін. Себебі, біздегі кино аппаратуралар ТМД аумағында, тіпті, Еуропаның өзінде жоқ. – Отбасыңызда қанша адам бар? – Сүйген жарым, үш қызым, үш немерем бар. – Қай кейіпкеріңізді ұнатасыз? – Бір апайдың он үш баласы бар еді. Ішінде түзуі де, бұзығы да аралас болатын. Сол кісіден бірде осылардың ішінде қайсысын өте жақсы көресіз, – деп сұрадым. «Шырағым, бәрін де жақсы көремін. «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз бекер ай­тылған ба?» деді. Дәп сол сияқты, менің де кейіпкерлерім ішімді жарып шыққан. Әрбірінің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. – Арманыңыз бар ма? – Мен ешқашан армандаған адам емеспін. Бірақ алдыма бір мақсатты қойған екенмін, соған қашан жеткенше тынбайтын адаммын. – Досыңыз көп пе? – Жауым жоқ екені ақиқат. – Өзіңізді жұлдызбын деп есептейсіз бе? – Жұлдыздар – аспанда. Біз – халықтың құлымыз. Жұлдыз деген ұғымды орыстар шығарған. – Ақыл айтқанды жақсы көресіз бе? – Қазір мен дәл сондай жастамын. Біреуге өнеге көрсететін кезге келдім. Құдай қаласа, маңайыма жас актерлерді жиюға тырысамын. Білгенімді үйретемін. – Мақсатыңызға жетіңіз. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.