Ел Үкіметі 2010 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін орындау оны екі мәрте нақтылап, 16 рет түзету енгізген. Кеше Мәжілісте өткен 2010 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті тыңдау барысында осы мәселеге ерекше ден қойылды.
Депутаттар алдында Қаржы министрі Б.Жәмішев пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаев баяндама жасады. Белгілі болғандай, қарыз алуды ескергенде былтыр республикалық бюджеттің түсімі 106 пайызға немесе 3 729,2 миллиард теңгеге орындалған. Оның ішінде кіріс 3 262,2 миллиард теңгеге немесе 6,2 пайызға артық толтырылса, 55,9 пайыздық салықтық түсімдермен орындалғаны белгілі болып отыр. Ұлттық қор активтері былтыр 2 407,7 миллиард теңгеге толтырылса, биыл 1 қаңтарға оның көлемі 5 704,4 миллиардқа жеткен.
Министрдің мәліметіне қарағанда, республикалық бюджет шығыстары сыртқы қарыз алу бойынша борышты өтеуді ескермегенде, 99,1 пайызға немесе 4 284,0 миллиард теңгеге атқарылыпты. Ал 41 республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінен 15-і бюджеттік қаражатты толық игерсе, 10 әкімші бұған қол жекізе алмапты. Жалпы, бюджет тапшылығын жабуға 8822 миллиард теңгенің ішкі және сыртқы мемлекеттік қарызы тартылған. Эмиссиялық бағалы қағаздар мен сыртқы қарыз шарттары 290,1 миллиард теңге болса, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына қараған күні бюджет қаражатының пайдаланылмаған қалдығы 93,4 миллиард теңгені құраған.
Омархан Өксікбаев өз кезегінде республикалық бюджеттің қалыптастырылуы мен атқарылуы, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау барысында кемшіліктерге жол берілгендігін ортаға салды. Өткен жылы салықтық берешек 361,0 миллиард, ал салық бойынша берешек 199 миллиард теңгеге жекен. Бұл оның арғы жылмен салыстырғанда салықтық берешек 1,8 есеге, ал салық берешегі 1,9 есеге ұлғайғанын көрсетеді. Комитет төрағасы жағдайдың былайша қалыптасуын жалған кәсіпорындар санының артуымен байланыстырды. Атап айтқанда, 2010 жылы салық органдары 495,6 теңге көлемінде салықтар мен төлемдерді анықтаса, оның тек 28,7 миллиарды (5,8 пайызы) ғана бюджетке өндірілген.
Сондай-ақ банкроттыққа ұшырату арқылы салықтан жалтару амалдары да қолданылуда екендігі назардан тыс қалмады. Мәселен, 2010 жылы 80,0 миллиард теңге салықтық берешегі бар 2 мыңнан астам салық төлеуші банкрот болып, тек 202,3 миллион теңге ғана бюджетке қайтарылыпты. «Банкроттыққа ұшырады деп табылған салық төлеушілердің атынан жазылған шот-фактураларды қосымша құн салығы бойынша есепке жатқызып, корпоративтік табыс салығынан шегеру арқылы жүзеге асыру орын алған», деді Омархан Нұртайұлы осы ретте.
Еліміздің Кеден одағына кіруі түсімдерді арттыру үшін оң алғышарттар жасаған. Алайда бұл салада да кемшіліктер бар екені белгілі болып отыр. Елімізден тауарларды әкету кезінде кедендік әкету баждарын төлеуден жалтару тәсілдерінің бірі аталған тауарларды еркін сауда аймағына шығарып, кеден баждары салынбайтын елдерге қайта экспортқа шығарып отырған. Квазимемлекеттік субъектілер қызметі де өткір сынға алынды. 2009 жылы 138 акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тек 69-ы ғана дивиденд төлеген. Сол 2009 жылмен салыстырғанда дебиторлық берешектің 1,6 есеге (45,8 миллиард теңгеге) өскені байқалады.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы акционерлік қоғамдар жарғылық қорына 39 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінсе, бұл қаржылардың дені екінші дәрежелі банктер шоттарында жинақталыпты. Квазимемлекеттік субъектілер мен даму институттары, инвестициялық жобалар мен салалық бағдарламалар мәселесінде айтарлықтай кемшіліктердің бар екендігі назардан тыс қалған жоқ.
Сонымен, есепті жылдың соңында 554,8 миллиард теңгеге республикалық бюджет тапшылығы қалыптасқан. Сыртқы қарыз 2008 жылы 2,5 пайыз болса, 2010 жылы ол 25-ке дейін артқан. Мемлекеттік борыш 598,7 миллиард теңгеге жеткені мәлім болып отыр. Сөйтіп, мемлекеттік борыш пен сыртқы жалпы борыш 5,3 пайызға өсіп, 119,2 миллиард АҚШ долларына жетіпті.
Депутаттар бюджеттік заңбұзушылықтар жыл сайын қайталанып келе жатқанын өткір сынады. Сондықтан да бюджет орындалуын қараудың пішінін өзгерту керек дегенді айтты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.