24 Мамыр, 2011

Еліміздегі партияларда идеологиялық бәсеке жоқ

446 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстанның даму жолы, билік және партиялар басындағы жағдай кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Қазіргі таңда көптеген сарапшылар осы мәселелер төңіре­гінде пікірлер айтып жүр. Солардың бірі – «Альтернатива» маңызды зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев. Біз сарапшыға оқырмандар көкейінде жүрген бір­қатар сұрақтарымызды қойған едік. – Еліміз қандай даму жо­лы­мен (сингапурлық, малай­зия­лық және сол сияқты басқа жолдармен) жүріп келеді дей аламыз? – Тарихи, әлеуметтік-мәдени, экономикалық және геосаяси факторлар бойынша Қазақстан өзге кейбір мемлекеттерден озық өзіндік даму үлгісіне ие. Басқа қырынан келсек, еліміз шетелдік тәжірибеден де біразын алды. Мәселен, Сингапурдан үстем­дік­ке ие бір партиясы бар көп­партиялық немесе бір жарым пар­тиялық жүйені жүзеге асыр­ды. Немесе жинақтаушы зей­нетақы жүйесін құрудағы Чи­лидің тәжірибесін алайық. Бұл жерде мәселе сол немесе өзге тәжірибені толығымен көшіруде емес, ал оның кейбір тұстарын қазақстандық жағдайға бейім­деу­де болып отыр. Анығында, ұлттық эконо­ми­каны шикізаттық бағыттан өн­діріске бағыттау еліміз дамуына үлкен ықпалын тигізуде. Бүгінгі таңда экономикалық модельді түбірімен өзгертпесек те индус­триялық-инновациялық дамуға нақты бет бұрып отырмыз. Пай­ы­мымша, оны ретімен жүргізу мемлекет пен қоғам өміріндегі негізгі салаларды дамыту үшін айтарлық­тай серпін береді. Ең бастысы, тиісті шаралар бір-біріне қарама-қайшылық тудыр­май, қайта өзара толықтырып тұруы қажет. – Президент Н.Назарбаев 5 жылға қайта сайланды. Енді нен­дей басымдықтарға назар ерек­ше аударылады дей аласыз? – Президенттің Қазақстан халқына соңғы Жолдауында, «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде және 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың негізгі бағыт-бағдарында жоғары биліктің мызғымастығы, өз кезегінде, оның басты шарты елі­міздің жұмыс істеп тұрған саяси-биліктік жүйесінің ары қа­рай­ғы тұрақты қызметін насихаттау мен ресми идеологияны сақтау, сондай-ақ мемлекет пен қазақстандық қоғам дамуы үде­рісіндегі әлеуметтік-экономи­ка­лық құрамға басымдық беру негізгі бағдар болып табылады. Басқаша айтқанда, бастысы – елі­міздің постдағдарыстық жағ­дайындағы маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешіміне және ортамерзімдік ба­сым­дықтарға нақты екпін беріледі. Сонда саяси жаңғырту сияқ­ты мәселелер екінші кезең­ге сырғиды. Оның үстіне атал­ған бағыт шеңберінде басқару және мемлекеттік билік жүйе­сі­нің негізгі қызмет тетігін жетілдіру басымдық бағыт болады. Сонымен бірге, өзге де мәсе­лелерді назардан тыс қалдыр­маған жөн. Парламент Мәжі­лі­сінде жақын болашақта көппар­тиялық немесе екіпартиялылық жүйе құрылады деп күтілуде. Ал бұл Қазақстанның партиялық жүйесін барынша жаңарту қа­жеттігімен айшықталады. – «Әділет» партиясы Президент «Нұр Отан» ХДП Төр­ағалығынан бас тартып, жал­пы­ға ортақ көшбасшы болуға тиіс деген пікір білдірген-тін. Осы жөніндегі сіздің пікі­ріңізді білсек. – Бір жағынан алып қара­ған­да, өзге елдер президенттері саяси партиялардың көшбасшысы болып табылатын оңды тәжі­ри­белер де бар. Оның үстіне, мәсе­лен, Франциядағыдай, партиялар Парламентте онша көп орын­ға да ие емес. Басқа қы­ры­нан келгенде, кейбір елдерде, мысалы, Украинада президенттер өздерінен партиялық міндеттерін алып тастап, партиядан тыс тұлғалар ретінде көрініп жүр. Қазақстан Консти­туция­сын­да ондай талап болма­ғаны­мен, Ұлт Көшбасшысы мәрте­бесі берілгеннен кейін, шамасы, Мемлекет басшысы біртіндеп «Нұр Отан» ХДП-дан алыстай беруі керек. Толықтай алғанда, бұл жерде Мемлекет басшысының нақты бір партиядағы көшбасшылығы емес, ең бастысы, аталған пар­тия­ның рөлі мен мәртебесі ма­ңызды. Сірә, «Нұр Отан» кадр­лық мәселелер ішіне кіретін шешімдерді қабылдау үдерісіне қа­тысатын және мемлекет дамуы­ның саяси стратегиясын айқын­дайтын жүйе құрушы партия деңгейіне шыға қойған жоқ. Олай болса, Президент басқару­шы партияның емес, билік пар­тиясының лидері болып табы­лады. Екіншіден, республика бас­шы­лығының өзге жұмыс істеп тұрған партияларға қатысты ұстанымы да айқын болуы тиіс. Сірә, жеке бір партиялар үшін барлық жағдай жасалынбай, тиісті қатынастар теңгерімді сипатта болуы шарт. Әсіресе, бұл сайлау үдерістері мен барлық деңгейдегі өкілетті билік орган­дарын жасақтауда маңызды. – Қазақстандық партия­лар­дың азаматтық қоғам құ­рудағы рөлі қандай? – Қазақстанда әр түрлі саяси бағыттағы 10 партия жұмыс істегенімен, олардың әрқайсысы өздерінің негізгі функцияларын (әлеуметтік мүдделерге өкілет­ті­гі, азаматтарды саяси үдеріс­терге тартуы, саяси лидерлерді рекруттеу және т.б.) толыққанды орындай алып жүрген жоқ. Өз кезегінде бұл жағдай толықтай себеп-салдар факторлары кешенімен байланысты. Ең алдымен, бұл ретте өзінің өмір сүру мәселелерінде республика азаматтарының басым бөлігі саясиланбағанын айта кету керек. Бұл оларды партиялар қызметі жөніндегі қатынасқа бейжай қарайтын етеді. Шын­ды­ғында тұрғындар өздері мен мемлекет арасында делдал бол­ғы­сы келетін партияларды қа­жетсінбейді. Тек тұрғындарды мазалайтын проблемалар мен мәселелерді көтеріп, оларды шешуге атсалысып жүрген, көпте­ген азаматтар мемлекеттік органдар құрылымдарына балама ретінде қабылдайтын «Нұр Отан» ХДП-ны айтпағанда. Сонымен бірге, көбісі партиялар қызметінің өзінде жатыр. Нақтылай айтқанда, олардың көп­шілігі Қазақстан саяси эли­та­сының ішіндегі белгілі топтар немесе жеке тұлғалардың мүд­де­лерін қолдау және қорғау негізінде әрекет етіп жүр. Осыған байланысты тұрғындардың кең қолдауына иек артпайды, ал мүшелік шынтуайтында номи­нал­ды. Бұл мүдделерді көрсете­тін және сол немесе өзге партиядан ерекшелейтін қоғамның нақ­ты жіктері мен топтары мүд­делеріне бағыт алмаған партия­лардың өзіндік идеологиясы да жоқ. Бұл олардың ұстаным­дары­на қарамай, партиялардың тиісті бағдарламаларында барынша ұқсастық табуынан байқалады. Осылайша, бұл жерде толық­қан­ды идеологиялық бәсеке жоқ дегенді айтуға болады. Бірқатар партияларда ықти­мал жақтастарын жұмылдыруға қабілетті жаңа идеялардың бол­мауы, олардың креативтік мүм­кіндіктері мен тұрғындармен өз­ара байланыс деңгейінің төмен­дігі, өз электоратын кеңейтуде бір-бірімен бәсекелестігі жетпейтіндігін көрсетеді. Сондық­тан болса керек, олар өздерін тек билік органдарына сайлау­лар­ға қатысу үдерістерінде ғана көрсетіп, басқа уақыттарда ен­жарлық танытып келеді. – Кейбір скептиктер Батыс­тың өзінде демократиялық құн­дылықтар ауысуда дегенді айтуда. Сіздің көзқарасыңыз? – Шынында да, соңғы 10 жылда Батыста тек демо­кра­тиялық құндылықтар ғана емес, капитализм жүйесі де дағ­дарыс­қа ұшы­рауда деген пікір бар. Сонымен бірге, бұл тек Маркс пен Энгельс ілімін ұста­нушы­ларға ғана қатыс­ты емес. Атал­ған жүйе мен оның құндылық­тарына қатысты жаңа көз­қарас­тарды саясаткерлер, эко­но­мис­тер, философтар, тағы бас­қалар білдіріп отыр. Осыған бай­ла­ныс­ты Джордж Соростың «Әлем­­дік капитализмнің дағда­рысы», Джареда Даймондтың «Кол­лапс», Патрик Дж. Бью­кененнің «Батыстың өлімі», Пол Кругманның «Ұлы депрессия­ның оралуы?», Колин Краучидің «Пост­демократия» деп аталатын шы­ғар­маларын атап кетуге болады. Мәселен, Грекиядағы эконо­ми­калық жағдайдың нашар­лауы­на орай Экономикалық және өн­дірістік зерттеулер қоры былай дейді: «Егер тек экономикалық және философиялық емес, сонымен бірге, қоғамдық және саяси жүйенің тұрақсыздануы қаупін жасырған қолайсыз үде­рістердің бетін бұрмаса, онда экономикалық дағдарыс қоғам­дық дағдарыс пен құнды­лықтар дағдарысына айналып кетеді». Немесе демо­кр­а­тия­лық мемлекеттер өзінің әлеу­меттік міндеттемелерін орын­дауға қабілетсіз және бан­крот­тықпен бетпе-бет келуі алдын­дағы тәуекелде, деген кана­да­лық публицист Нил Рейн­оль­дстің пікірін алайық. Тіпті егер дағдарыс факто­рын қаперге алмағанның өзінде, баяғыдан либералдық демократия құндылықтарынан алыс, сол­шыл және оңшыл бағыт ұс­тан­ған күштердің ықпалымен ба­тыстық қоғамның саяси тіре­гінің беріктігі сынға түсіп келеді. Басқа қырынан келгенде, өзінде бар дағдарыстық жәйт­тері­мен батыстық қоғам өзіндік демократиялық даму моделіне балама ретінде әлі ештеңе таба қойған жоқ. Дегенмен, әр кезең­де өз дамуында авторитарлық және тіпті де тоталитарлық режімдік басқаруды басынан өткерген елдер, әй, қайдам, тіпті «жұмсақ» пішін болса да кейінге қайта оралғылары келмес еді. Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.