Биылғы жылдың соңында егемен ел атанып, тәуелсіз мемлекетіміздің туын тіктегенімізге 20 жыл толмақ. Осындай мерейлі мереке алдындағы басты оқиғалардың бірі ғана емес, бірегейі еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы Жарлықтарының бірімен Семей атом полигонының жабылғанына да 20 жыл толуы болса керек. Ол оқиғаның басты себептері мынада. Яғни, бейбіт заманда 40 жылға созылып, осы өңірдегі қалың елдің қайғысына айналған атом аждаһасын ауыздықтау мәселесіне Елбасымыздың ерлігі арқасында кешегі алып империя тарамай жатып нүкте қойылды.
Осы айтулы оқиғаға орай кеше Семейде ел газеті «Егеменнің» дәстүрлі жаяу жорық экспедициясы жолға шықты. Көзі қарақты оқырман аталған басылымның бұл дәстүрлі жаяу жорығы хакім Абайдың 150 жылдық торқалы тойында «Ұлылыққа тағзым» деген атпен бастау алып, кейінде жыр даңғылы Жамбылдың, заманымыздың ғұлама жазушысы Әуезовтің, ақылдың кеніші Сәтбаевтың, суреткер жазушы Мүсіреповтің, дауылпаз ақын Махамбеттің, ойшыл ақын Шәкәрімнің және алаш жұртының көне астанасы Түркістанның мерейтойларында өз жалғасын тапқан болатын.
Құрамында осы идеяның авторы, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері Мамадияр Жақып пен осы басылымның Семей өңірі бойынша тілшісі, жаяу жорық экспедициясының тұрақты мүшелері Дәулет Сейсенұлы, республикалық Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімұлы, сондай-ақ ядролық сынақтарға қарсы «Невада – Семей» халықаралық қозғалысының вице- президенті Сұлтан Картоев, «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорының белсенді мүшесі Мақсұт Көшжанов бар бұл топ өз сапарын кешегі сынақ аймағының эпицентрі болып табылатын Саржал ауылынан бастап, Абыралы өңіріндегі іргелі Қайнар ауылында аяқтамақ деп күтілуде. Бұдан кейін жаяу жорыққа қатысушылар бұрынғы атом полигонының астанасы іспеттес Курчатов қаласында болмақ. Осы сапар барысында оған қатысушылар жолай жергілікті тұрғындармен жүздесуге де уақыт табамыз деп отыр. Сапардың негізгі басты мақсаты да кешегі сынақ аймағындағы қалың жұртшылықтың назарын Елбасы пәрменімен жүзеге асырылған ел өміріндегі басты оқиғалардың біріне аудару болып табылады.
Жаяу жорыққа қатысушыларды сол күні таңертең қала әкімі Айбек Кәрімов қабылдады. Осы орайда бас басылымның ұйытқы болуымен өткізіліп жатқан игілікті шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айрықша көңіл аударып, қамқорлық танытып отырғанын айта кеткеніміз жөн болар. Жаяу жорыққа қатысушылар сапарға аттанар алдында Семейдегі Абай ескерткіші мен ерке Ертіс айрығындағы аралдағы полигон құрбандарына орнатылған «Ажалдан да күшті» монументіне гүл шоқтарын қойды.
Мұнан кейін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде газетіміздің Семей өңірі бойынша тілшісі Дәулет Сейсенұлының Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай жақында ғана шыққан «Ядролық сынақ аймағы:кеше және бүгін» атты деректі кітабы мен оның құрастыруымен аталған университеттің баспасынан шыққан хакім Абайдың ұстазы Байкөкшенің «Тәбәрік» деп аталатын жыр жинағының тұсаукесері өткізілді. Оны университет ректоры, профессор Ерлан Сыдықов ашып жүргізіп отырды. Екі кітаптың тұсаукесер жиынында қала әкімі Айбек Кәрімов, еңбек ардагері Хафиз Матаев, Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, академик Қайрат Кәдіржанов, «Ұлылыққа тағзым» идеясының авторы Мамадияр Жақып, «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорының президенті, полигон туралы кітаптың демеушісі Марат Құрманбай және басқалар сөз сөйлеп, полигон қасіреті мен егемен ел атанғаннан бергі жердегі ел өміріндегі оңды өзгерістер жөнінде кеңінен ой толғады.
Жиыннан соң Әнет баба атындағы қос мұнаралы орталық мешіттің қатымханасында бас басылымның атынан полигон құрбандарының рухына арнап ас берілді. Осыдан кейін жаяу жорыққа қатысушылар кешегі сынақ аймағына аттанып кетті. Сапар соңында көлемді есеп жарияланатын болады.
«Егемен-ақпарат».