25 Мамыр, 2011

Ақселеу

1996 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Мақала шіркіннің қалай жазылатынын кейде өзің де түсінбей қаласың. Жүрегіңнің бір түк­пі­рін­де жүрген тақырыпқа айлар бойы қолың бар­май-ақ қоятыны болады. Сол тақырыптың аяқ ас­тынан, бір ғана түрткімен жазылып қала­тыны да болады. Жақында «Хабар» арнасы шақыр­ды. «Соны­мен, солай дейік» атты бағ­дарламаның кезекті түсіріліміне. Бұл жолғы та­қырыбы – Ақселеу Сейдімбек. Ақаңның қал­дырған ізі, Ақаң­ның берер та­ғылымы. «Ақселеу ағамен бірге жұмыс істегеніңізді білеміз, сту­дияға келіп, естелік айтып берсеңіз», деп телефон шалған еді хабарды ұйымдастырушы жур­налистердің бірі. Студияға кірген бетте ал­дымнан шыққан университет қызметкері Үр­жа­­мал: «Сіз Ақселеу аға туралы жазбадыңыз ғой. Естелік кітаптың барлық материалдарын Алматыға, баспаға жіберіп қойдық. Сізден ма­қала  күтіп едік», дегені. Осыдан біраз уақыт бұ­рын Ақаңның қызы, Астанадағы «Қазақстан» кон­церт залының директоры Перизат қарын­да­сым: «Папам туралы кітап құрастырып жа­тыр­мыз. Сіз естелік жазып беретін шығарсыз», деген. Қашанға дейін тапсырғаным жөн деп анық­тап сұрамаппын. Газеттің бітпейтін де қоймайтын жұмы­сымен жағаласып жүрге­ні­мізде уақыт өткізіп алғанымды студияда бір-ақ біліп, қысылып қал­дым. Бұл мақалада қазақтың көрнекті қалам­гері, қайраткері, ғалымы Ақселеу Сейдімбектің соңында қалған бай мұраны талдап, тарқатып жатуға мұрша жоқ екенін айтып алуға тура келеді. Мақсатым Ақаңның өміріндегі өнегелі өрнектердің өзім көрген кейбір өрімдерін әңгімелеп өту ғана. «Өз басым Әбіштей біртуар тұлға­мен бір кезде ғұмыр кешіп, қатар жер басып жүргенімді тағдырдың сыйы деп білемін» – Ақаңның Әбіш Кекілбаев ту­ралы жазған «Біртуар» атты мақаласы осылай аяқтала­ды. Сол айтылғандай, мен де қазақтың Ақселеуіне әрі іні, әрі бауыр болғанымды, бірнеше жыл бойы бірге жұмыс істегенімді, бас-аяғы 35 жылдай қатарласа жүр­ге­нім­ді тағдыр­дың маған сыйлаған бір тар­туы деп білемін. Соған шүкіршілік етемін. Жаңағы айтқан хабар түсірілетін күні таңертең жұмысқа шығарда Ақсе­леу Сейдімбектің алты томдығын сөре­ден алып, үстел үстінде ұзақ ойланып оты­­рып қал­ға­ным. Перизат бірінші том­ға: «Бұл алты томдықты папам жақсы көре­тін Сауытбек ағама құрметпен тарту етемін. Перизат Ақселеуқызы. 19.04.11» деп жазған екен. «Папам жақсы көре­тін» деген сөзі жү­регімді елжіретіп өтті. Ақаң үйінде біздей інілерін айтып отыратын болғаны ғой сонда деп ойлап, қуанып та қалдым. Осыдан дәл отыз бес жыл бұрынғы көріністер көз алдыма көлденең тартыла берді. 1976 жылдың ерте көктемі еді-ау... «Со­циалистік Қазақстан» газеті редак­ция­­сының әдебиет және өнер бөлімінің тілшісі кезім. Бөлім меңгерушісі Болат Бо­даубаев Орталық комитетке жауапты жұмыс­қа ауысты да, орнына «Орталық Қазақ­стан» газетінде жауапты хат­шы­лық қызмет атқарып жүрген Ақселеу Сей­дімбеков келді. Бұл орын Алматы­дағы талай мүйізі қа­ра­ғайдай ақын-жа­зушының түнде түсіне кіретіндей қадір­лі қызмет болатын. Пар­тияның түкірігі жерге түспей тұрған кез. Орталық коми­теттің органы мақтаса да, даттаса да ақи-тақи ақиқатты айтқандай қа­был­данады. Сондай қызметке облыс­тық газеттің журналисі шақырылғаны талай адамды таңдандырып тастағаны, тіпті редакция басшылығының бұл шешіміне редакцияның дәлізінде «Алматыдан адам таппағандай мұнысы несі?» деп күң­кіл­деу­шілердің кездескені де есімізде. Орталық комитеттің органы болған­дықтан қыз­мет­кер­лердің материалдық жағдайы өзге газеттерге қарағанда шү­кір­шілік десек те, Алматыда қазақтың пайызы жиырмаға да жетпейтін кезі ғой, «Социалистік Қазақ­стан­ның» өзін­де де пәтер мәселесі ушы­ғып тұратын, ауық-ауық пәтер кезегін бұ­зып жіберетіндіктен редакциядағы үйсіз-күйсіз­дер­дің де, үйін кеңейтуді күтіп жүр­ген­дер­дің де облыстардан шақырыл­ған­дарды онша қалай қоймайтыны белгілі еді. Алайда, жаңа бөлім меңгерушісі ал­ғаш­қы күндерден-ақ ұжымға етене сіңі­сіп, үлкенге де, кішіге де қадірлі болып кетті. Бой десең бойы бар, ой десең ойы бар, сой десең сойы бар, қазақ осындай дегізетіндей бітімі бөлекше азаматқа кім-кім де сүйсіне қарайтын. Ағаны ағадай, ініні інідей сыйлайтын адамгершілігі де, жар­қыл­даған жайсаң жаны да бірден көрінетін. Журналист ретінде де мұндай қызметке әбден лайықты екенін алғашқы апта­лар­дың өзінде танытып үл­герді. Редакцияның жұмыс бабында­ғы отырыстарында, жиын-жиналыс­тар­да өрелі ойымен бөлектеніп тұрды, бө­лім­нің жұмысына тың тыныс алып келді, соны серпін қосты. Ең басты­сы, Ақаң­ның келуімен бұрын «Сықиған СҚ» деп аты шыққан тым ресмилеу ре­дак­цияның өміріне кәдімгідей өзгеріс енді. Ақселеу «Қорамса таулар қорша­ған қала қапырық, қапырық қала жата­ды самал шақырып» деп Кеңшілік күңі­ренетін Алматыға Сарыарқаның салқын самалын ала келгендей әсер етті. Адам­дардың сөйлеу мәнерінде, ойлау жүйе­сінде әжептәуір еркіндік пайда болды. Ақаңның жұмыс кабинеті Алматыдағы зиялы қауымды магниттей тартып тұра­тын. Ақын да, жазушы да, композитор да, әнші де, ғалым да, шаруасы болса да, болмаса да, Ақаңа келіп, әңгіме-дү­кен құрып кететін. Талай әңгіменің аяғы әуелеген әнге, күмбірлеген күйге ұла­сып жүре беретін. Бір жолы Жүсекеңнің – Жүсіпбек Елебековтің келгені де бар. Нұрғиса ағамыз, апта демей-ақ қояйық, ай аралатпай соғып, күй тартып кететін. Шәміл мен Жәнібек тіпті жиі келетін. «Сарыарқа» мен «Дәурен-айды» Жәні­бектің Ақселеудің бөлмесінде жатта­ғаны, Несіпбектің сөзіне бәріміз әр жа­ғынан үңілгеніміз көз алдымда. «Сары­ар­қаның» қайырмасы әу баста «Қасиет­ті төрім, кер биігім, жезкиігім, шер-күйігім – Сарыарқа!», деп бітетін. Кейін 86-ның зобалаңы тұсында тиісті орган бұл не қылған шер-күйік деп шүйіл­генде оны «сөз түйінім» деп өзгертуге тура келді ғой. Бүгін тыңдап отырсаңыз, қазіргі күнге сол «сөз түйіні» дұрыс келіп тұрған сияқты. Сөйтіп, Ақселеу Сейдімбеков айна­ла­сы бірер айдың ішінде Алматы элита­сы­ның ортасына балдай батып, судай сіңіп жүре берді. Жасы отыздан жаңа асқан жігітке әдебиетіміздің ақ­сақалдары да құрмет­пен қарауға айналды. Бір мақаласын оқытып, қол қойдырып алуға Ғабең­нің – Ғабит Мүсіреповтің үйіне Ақаңа ілесіп бар­ға­ным­да бұған көзім анық жеткен. Классик қалам­геріміз «Оянған өлкенің» жалғасын – «Жат қолын­даны» жазуға кіріскен кезі екен. Содан бірер жыл бұрын «Лениншіл жас­та­ғы» танымдық мәні мол мақалаларын оқып, Ақ­селеуге Қа­рағанды шах­та­ларының ғасыр басын­дағы жай-күйі жайында деректер іздетуін сұрап хат жол­дапты. Ақаң ол мәсе­ле­мен әбден егжей-тегжейлі айналысып, кө­лемі едәуір материалды қол­мен көшіріп тұрып Ға­беңе жіберіпті. Ғабең Ақселеудің сол өтінішке соншама жауапкершілікпен қарағанына, шаруаны соншалықты тың­ғылық­ты тындырғанына әрі тәнті болып, әрі таң­да­нып отырды. Алаштың Ақселеуі­мен бір бөлімде бес жыл бойы бірге жұмыс істеген кезе­ңім өмірімдегі ғажап шақ деп білемін. Ақаң арқылы қазақтың дархан жанын, кең көңілін, ер көңілін, сері көңілін ерекше сезіне алдым. Бес жыл бойы бауырына тар­тып, кәдімгі бір ту­ған інісіндей еркелетумен өтті. Иә, артық айтып отырғаным жоқ. Ақаңның «Күңгір-күңгір күмбез­дер» кітабы шық­қанда жазған қол­таңбасын өз басым мына өмірдегі бір бақытты бағам деп білемін. «Сауытбек! Егер менде іні болса, ол Сендей болса, соған қанағат етер едім. Құрметпен – С.Ақселеу. 23.ХІ.81», деп жазған еді қайран ағам. Ақселеудей азаматқа інілікке жарау да қадірін білген адамға бақыт болса керек. Сол кітап дәйім үй кітапханамның төрінде тұрады. Біз бөлімде үш адам жұмыс істедік. Бөлім меңгерушісі – Ақселеу Сейдімбеков, әдеби қызметкерлері – ақын Кең­шілік Мырзабеков екеуіміз. Ақаңның жұмыстағы кеңдігі, адамға сенуі бір керемет. Қайда жүргеніңде, қайда тұрға­ның­да шаруасы шамалы. Тапсырған ісін тындырып отырсаң болды. Бастықтар іздей қалса, «Мен кітапханаға жіберіп едім» деген сияқты сөзін айта салады. Соны біздің Кеңшілік пайдаланудай-ақ пайдаланды. Оның жұмысы жеңілдеу, әңгімелерді, өлеңдерді, сын мақа­ла­лар­ды бума-бумасымен алдын ала дайын­дап, Ақаңа қол қой­ды­рып алады да, материалдарын редак­торатқа тапсырған соң еркіндеу жүре береді, ара-тұра сайран құрып та кетеді. Бүкіл мәдениет, тарих, өнер мәселелерін айтпағанда, ауылдағы мәдени қызмет, кітапханалар жұмысы, көркемөнерпаздар, халық теа­трлары дегендерге дейінгінің бәрі менде. Олардың тығыз дайындалатындары, аяқ астынан нөмірге салынатындары да аз емес. Содан да жұмыста, негізінен, тапжылмай отырамын. Әр материалға орындаушымен қатар оны оқыған бөлім меңгерушісі міндетті түрде қол қоюы керек. Сондайда біздің Ақаңның тап­тыр­май кететін кездері жиі болады. Қазір­гідей қалтафон деген жоқ. Анда баруы мүмкін-ау, мұнда баруы мүмкін-ау деген жерлерге жанұшырып телефон шаласың, кейде тауып аласың, ондайда такси ұстаса да жетеді, көбіне таппай қаласың. Партия­лық газетте, ЦК-ның органында бөлім меңгерушісі орнында отырмайды деген сөз сондайдан шы­ға­ды. Ай сайын партия жиналысы. Оларда коммунистердің еңбек тәртібін сақ­тауы сөз болмай тұрмайды. Ақыры Ақаң мұның да бір амалын тапты. Материал басылатын қа­ғаздарға аппақ, таза күйінде қолын қойып беретін бол­ды... Сол ақ қағазды машинистка қыз­дар­ға материалдың соңғы бетін басарда бере қоясың, Ақаң­ның қолы мате­риал­дың соңының сырт­қы бетіне келе қоя­ды... Болды, бітті. Мақаланы бөлім мең­герушісі оқыған, оқып қолын қойған... Сөйтіп жүріп жат­тық. Әдебиет және өнер бөлімінің мең­герушісі Ақселеу Сей­дімбековтің жұ­мыс орнынан табыл­май қала беретіні, соның салдарынан кей мақалалардың редакторға тікелей бара беретіні жөніндегі сын да сап тыйылды. Дегенмен, әшкере болмайтын әрекет бар ма. Бірнеше айдан кейін ре­дактордың орынбасары Сарбас Ақтаев ағам кабинетіне шақырады. «Немене, осы сенің бастығың материалды тіпті тү­зетпейтін болған ба?» дейді. Дауы­сын­да таңданыс та бар, секем алу да жоқ емес сияқты. «Сәке, ол материал­дың қалай дайын­да­луына байланысты ғой. Түзетіл­мей­тін­дей етіп дайындаған соң бөлім мең­геру­шісінің қол тигізбеуі заң­дылық қой...», деп уәж айтып жатырмын... Сәкең басын шайқап, күлді де қойды. Сондай қызық күндеріміз көп болушы еді. Ақселеудің шешендігіне қайран қала­тынбыз. Арғы-бергіні айтып, қай-қайда­ғыны қозғап, қоңыр үнді мақа­мы­мен баптап сөйлеп кеп бергенде кө­мейінің арғы бір түкпірінен сөз маржаны төгілетін де жататын. «Мына Арқада тамалар мен наймандар жапсарлас қой. Сол найманның ішіндегі баға­на­лының ең бір жуан сіңір байы Сан­ды­байдың Ердені болған. Бұл баяғы аға сұлтан сайлауында Шоқанның өзін жеңіп кететін Ерден. Біздің жақта «Жерді жаратуын Құдай жаратқан, бірақ таратуын Ерден таратқан» деген сөз бар. Сол Ерденнің батырлықпен де аты шыққан. Өзі ат үс­ті­нен алдырмайтын көн­тақым болып­ты. Оның үстіне атақты найзагер», деп бастап, Ықыластың «Ерден» күйінің шы­ғу аңызын тап бір алдындағы қабыр­ға­дан тек өзіне ғана көрінетін мәтінді оқып отырғандай соншалықты жатық тілмен би­паздап баяндай жөнелетін. Көңілінің құсы түскенде әңгімені таңды таңға ұрып айтуға бар еді. 2004 жылы Қой­шы­ғара ағам екеуі үйде қонақта болғанда түнгі төртке дейін бір хикаядан кейін бір хикая ағытқан-ды. Ақаңның сол түндегі айт­қандарынан  бізбен бірге болған қаламгер досым кейін төрт әңгіме жазып шықты. Ақаңа айтқызсаңыз, шығу аңызы жоқ күй болмайтындай, нақты бір оқи­ғаға сүйенбесе жай әсерден күй шық­пайтындай, елдің өміріндегі бірде-бір оқиға күйде кестеленбей қалмайтындай. Мектеп бітіргеннен кейін ауылда қалып екі жыл қой баққан, кейін талай жыл жастар газетінің тілшісі болып өмірінің дені табиғат аясында өткен, қазақтың даласын алдында жаюлы жатқан кітаптай оқи беретін Ақаңның әрқайсысы бір-бір этнографиялық этюд сияқты ауызша әңгімелері тіпті ғажап. Құрғақ сүт, қызыл ірімшік, тасқорық, уыз­қаға­нақ, шашыратқы, сіргежияр, серне, бұл­қыншақ, малма, тарамыс, талқы, тулақ деген сияқты халықнамалық ұғымдарға қатысты неше түрлі жайларды сондай әсерлі етіп айтатын. Әсерлі демекші, Ақаңның ауызша әңгімелерінде де, жазбаша дүниелерінде де артық-ауыс айту, бояуды қалыңдатыңқырап жағу болмай тұрмайтын. Оған да түсіністікпен қарау керек. Ақаңның айтқанында да, жазға­нын­да да түптеп келгенде бәрінен бұ­рын халқының, өзі жанындай жақсы көретін, жолында құрбан болуға дайын халқының абыройын асқақтату, бәсін биіктету мақсаты тұратын. Мұндайға өзге елдер әл­деқайда тереңірек мән береді. Ана жылы Никита Михалковтың «Сібір шаш­таразы» фильмі төңірегінде біраз дау-дамай көтерілгені есте. Со­лардың біразы Ресей мұндай болған емес, режиссер елді көтермелеп көр­сет­кен дегенге сайды. Солардың бәрінің ау­зын су­реткер: «Мой фильм не о том, какая была Россия, а о том, какая она должна быть» деген жалғыз сөзбен жапты. Елді ойлайтындардың бәрі есті сөзге тоқтады. Ақселеудің қазағы – Алаштың ардақ азаматының ар­ман-аңсарынан туған қазақ. Ақсе­леу­дің қазағы – дәл солай болған қазақ емес шығар, бірақ дәл солай болуға тиіс қазақ. Ақселеу әспеттеп өткен елдік, ерлік, өрлік, бірлік – біздің бәріміз ұм­ты­латын ұлы биік. Сырт көзге сал-серінің салтымен салқам жүргендей көрінетін Ақселеудің қағазға ұқыптылығы да бөлекше еді. Өткен жылы Орталық мұрағатта Ақсе­леу Сейдімбек өзі көзі тірісінде өткізіп кеткен құжаттардың көрмесі ұйым­дас­ты­рылды. Ақаң мұрағатқа 3 мыңнан астам құжат тапсырған екен, соның 700-ден астамы жазысқан хаттары. Жинал­ған жұрттың назарына 250 құжат ұсы­нылды. Үйіне барсаңыз кітап сөре­лері­нің үлкен бір бөлігі қаз-қатар тізілген папкалар болатын. Тақырып-тақырыпқа бөліп, үлкен әріптермен таңбалап тас­та­ған. Газеттен қажет мақала көрсе де, кітаптан керек дерек тапса да тап-тұй­нақ­тай етіп соған тігіп не жазып қояды. Ма­қала не зерттеу еңбек қолға ала қал­са, жаңағы папканы ашады да әлгі ма­териалды қалауынша пайдалана береді. Дүниеден өтерінен бір жылдай бұрын үйіне барғанымда кітаптың көптігінен ауызғы бөлме жаққа арнайы сөрелер жасатқанын көрдім. Еденнен төбеге дейін тірелген жаңағы сөрелердің бәрі ру-тайпаларға арналған папкалармен тол­ты­рылған. Қазақ шежіресіне қатысты мың-мың парақ қағазды жылдар бойы ерінбей-жалықпай жинағанының, соның бәрін жүйелеп отырғанының арқасында Ақаң «Қазақтың ауызша тарихы» атты кәдуілгі кітап көлемімен мың беттей болатын ең соңғы, ең басты еңбегін аз уақыттың аясында жазып тастаған. Ең бастысы – Ақселеу Сейдімбек ойы озық, санасы сергек, танымы тәуел­сіз тұлға болатын. Кешегі кеңестік ке­зеңнің өзінде ол көп нәрсеге күмәнмен, тіпті ашық кекесінмен қарайтын. Мақа­ланы бір күнге кеш ұсынып, тапсырма­ны созыңқырап алғаныңа қиналыңқы­рап сөйлесең Ақаң күліп: «Жарайды, азар болса коммунизм бір күнге кеш орнар», деп қоя салатын. Ақаңның ұлт саясатындағы қиғаштықтар, билеуші пар­тияның парықсыздығы, тарихтың бұр­малануы сияқты тақырыптардағы әң­­гі­мелерін естігенде әуелгіде ай­ран-асыр қалатынбыз, кейіннен айызымыз қанатын болды. Дінінің қаттылығы сондай, өзі партиялық газетте істеп, өзі бөлім басқарып оты­рып ақыры осы тақы­рып­қа бір мақала жазбай-ақ кетті-ау са­базың. Менің бұл сөзіме сол тұста баспасөзде істеген ағаларымның талайы сеніңкіремей отырғанын сеземін. «Ол кезде ондай болуы мүмкін емес қой, ақыр аяғы бөлім меңгерушілерінің ай сайын міндетті түрде бір бас мақала жазатынын білеміз ғой, ал партиялық газеттің бас мақаласы партияның сөзін сөйлемегенде кімнің сөзін сөйлеуші еді?», дейтінін де шамалаймын. Бірақ, шындық солай. Ал бас мақаланың жайы былай. Жұ­мысқа орналасқаннан кейінгі алғашқы ай­ларда Ақселеу бас мақалаға байла­ныс­ты қайта-қайта сыналып жүр­ді. «Ауыл мәдениетіне партиялық қам­қор­лық» деген бас мақала жоспар­лана­ды. Жазылмайды. «Көркем әдебиеттің идея­лылығы» деген бас мақала жоспарла­на­ды. Жазылмайды. Және олардың жа­зыл­мағаны мақала нөмірге баратын күні бір-ақ анықталады. Аяқ астынан жаңа­ғы та­қырып немесе басқа тақырып өзге біреуге тапсырылып, мақала түнге қа­рай бетке түседі. Кейде газетті бас мақа­ласыз шығаруға да тура келеді. Ондайда тиісті орыннан ескерту алып та жатады басшылар. Летучкадағы жоспарлау кезінде Совет ағамыз (жауапты хатшының орынбасары С.Шиманбаев): «Ақселеуге алдын-ала айтып қойыңыздаршы, тағы жазбай қалып жүрмесін» деп те шырыл­дайды. Бас мақала сонда да жазыл­майды. Коммунист Сейдімбеков жина­лыс­та тағы сыналады. Ақыры Ақаң әбден запы болды ғой деймін, бір күні мені шақырып алып: «Айналайын, осы бас мақала деген бәледен құтқаршы», дегені. «Құтқарғаны қалай?». «Солай. Сен жазып отыршы». «Ақа-ау, тілшілерге бас мақала бермейді ғой». «Құт­қар­шы деп отырған жоқпын ба? Маған берілген тақырыпты сен жазып отыр­май­сың ба?». Расын айтқанда, әуелде Ақаң бастықтығын пайдаланып, өзі істейтін жұмысты маған аудара салғандай көр­дім. Сыйлас ағаның көңілі үшін тез жа­зып та бердім. «Сен туғанда мен неге қуанды дейсің?» деп Ақаң қалды. Содан Ақселеу «СҚ-дан» кете-кеткенше (1983 жылы «Білім және еңбек» журналының бас редакторы болып тағайындалғанша) бас мақаласы маған ауысты. Ақаң құ­лағы тыншығанына риза. Бәрінен бұрын жаны жақтырмайтын тақырыпқа қаламын ластамағанына риза. Ақаңмен әзіліміз де жарасатын. Әзілдеген болып кейбір ойларымызды айтып та қалушы едік. Осы Астанаға Ақмола кезінде алғаш келгенімізде мұндағы Қаллеки театрында Қарағанды облыстық драма театрының гастролі ұйымдастырылғаны есте. Арнайы ша­қы­рылған ба, жолы түсіп қалған ба, гас­трольдің алғашқы спектакліне Ақаң да келді. Спектакльден кейін театрдың бас режиссері, қазақтың жайсаң жігіті Жақып Омаровтың кабинетінде дастарқан жайылды. Біраз адам жиналдық. Ақа­ңа бас тартылды. Ақаң сол бастан бас тартып, «Менің төрде отыр­ғаным да жетеді, осы басты Сауытбекке бұ­рамын», дегені. «Сіз тұрғанда біз қалай бас ұстаймыз» десем болмайды. «Сен осы елге қонақсың», дейді. Расы керек, «осы елге қонақсың» дегені аздап көңіліме келіп қалды. Астанаға келіп жатқан жоқпыз ба? Енді Ақаңды сөзбен қағытудың ретін ойлай бастадым. Тілек айту кезегі келгенде әуелі театрды, спектакльді айтып, Ақаңа ауыстым. Біраз мақтап, «Ақаңнан үйренетін нәрсе көп. Үйренетін нәрсенің бірі – Ақаңның кішіктігі. Ақаң – қазақтың Ақселеуі. Мұны жұрттың бәрі біледі. Бірақ Ақаң бойына біткен кішіктігіне салып, өзін тек Тарақтының Ақселеуі санайды», дедім... Сол жылдарда Ақаң кітаптарын «Та­рақты Ақселеу» деп шығарып жүр­ген болатын. Жұрт тынып қалды. Бәрі Ақаңның не дейтініне қарап отыр. Ағам ма­ған жақын келіп, райлана күліп: «Қа­тыр­дың ғой ақыры» деді ақырын ғана. Қызығы кейін болды. Келесі кіта­бы­на «Ақселеу Сейдімбек» деп қол қойды. Телефондап, құттықтап, «Ақа, сын­нан қорытынды шығарыпсыз ғой...», десем, «Сенің сөзің түрткі болғаны рас, бірақ өзімнің бүйрегім де осы вариантқа бұрылып жүрген болатын», дейді. Қалай дегенде де әлгіндей қажап сөйлеу арқылы Ақаңа ой салған сияқтымын. Еркін ойлылығы, азаматтық асаулы­ғы Ақаңның алдынан талай рет тор құрғызды. Сақтанбай жүретін серілігі, секемсіз сөйлейтін ерлігі өзіне сойыл болып тиіп жатқанда да сағы сын­бай­тын Ақаңның. Әйтсе де, әміршіл жүйе­нің әншейіндегі әкіреңдеуі Колбиннің тұсында қанқұйлы қиянатқа ұласқаны қатты соқты. Өткен тарихты боямалап көр­сетті, ескішілдікті дәріптеді, ұлт­шыл­дық сарындарға жол берді деген сияқ­ты айыптармен «Білім және еңбек» журналының бас редакторлығынан бо­сат­қанымен қоймай, желтоқсан оқиға­сы­на желік бергендердің, «қазақ ұлт­шыл­дығын дайындаушылардың» бірі ретінде қоңырау байланып, қадағалауға алын­ды, жүрісі аңдылып, сөзі тың­далды, ақыр аяғында үстінен іс қозғауға дайындық жасалды. Бұған Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің кезінде баспа­сөзде жарияланған құжаттарындағы «По делу проходили известные писатели Шона Смаханулы, Акселеу Сейдимбеков...» деген жолдар дәлел. Шона ағамыздың ол тізімде жүретіні Алма­тыда қазақ мектептерін ашқызуға атса­лысып, үйді-үй кезіп жүріп, тұрғын­дар­дың қолын жинағандығы екендігі белгілі. Іс қозғауға дайындық жасалды деп кесіп айтатыным – соған көзім анық жеткендіктен. 1987 жылдың көктемінде бізге (ол кезде Орталық комитеттің насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушы­сымын) бір мақала келіп түсті. Мемлекет қауіпсіздігі комитеті арқылы дайын­далған. Тақырыбына дейін қойылған: «Ржавчина» («Тат»). Халықтың кіршіксіз санасына тат түсіруге, халықтар достығына сына қағуға әрекет еткен бір топ жазушыларды әшкерелейтін мақала. Негізгі кейіпкерлері – Шона Смаханұлы мен Ақселеу Сейдімбеков. КГБ тіпті бір редакцияға алдын ала құпия жіберіп, мақаланы қазақшаға аудартып та қой­ыпты. Тек қол қоятын адам табу ғана қал­ған. Ол адамның ұлты қазақ болуға тиісті. Бөлімнің «таңдауы» сол тұста «Ленинская смена» газеті редак­торы­ның орынбасары қызметіндегі Әділ Ыбыраевқа түсті. Әділ сонда бір азаматтық жасады. Бөлім меңгерушісі орынба­са­рының кабинетінде мақалаға қол қою­дан бас тартқанымен тоқтамай, сол жерде кәдімгідей шу шығарды. Ол әңгіме біраз адамның құлағына жетті. Мұны аппаратта «утечка» дейді. «Утечка» шық­қаннан-ақ мен бір тәуекелге кірістім. «Лениншіл жаста» жұмыс істейтін курстасым Ерғали Сағатовты екі кештің арасында оңаша шақырып алып, осылай да осылай, сондай бір мақала дайында­лып жатыр, ол шықса жағдай шындап қиындайды, ағаңа айт (Шона мен Ер­ға­ли бір ауданнан ба, тіпті бір совхоздан ба, әйтеуір жақындығы барын білетінмін), бізге телеграмма салсын, қар­сылығын білдірсін, қалғанын көрер­міз дедім. Әң­гімені құпия ұстауын қа­дап тапсырдым. Жеделхат жетіп келді. Ор­та­лық комитет хатшысының алдынан қайтыпты. Бө­лім­дегілер опыр-топыр болды да қалды. Он­дай мақала бары рас еді деп қағаз жү­зінде қалай айтарсың? Шона Сма­хан­ұлын шақырып (қазақтілді газет-жур­налдардың кураторы ретінде бұл ша­руа маған тапсырылды), «Мына әңгі­мені қайдан шығарып жүрсіз? Же­дел­­хат­ты неге сүйеніп жаздыңыз? Сіздер ту­ралы ешқандай редакцияда еш­қан­дай мақала жоқ екенін анықтадық» деп «қыспаққа» алып жатырмын. Ол кісі: «Қайдан білейін? Біреу телефонмен ай­тып еді, кім екенін де сұрап үлгер­ме­дім», деп күмілжиді. «Өзіңіз коммуниссіз, өзіңіз соғысқа қатысқан адамсыз, сөйтіп жүріп өсекке сүйеніп ЦК-ға жеделхат жібересіз. Ұят емес пе?» деп тағы қысамын. Шөкең қателігін мой­ын­дайды, ендігәрі олай етпеуге уәде береді. Содан Орталық комитет хатшы­сы­ның атына қызметтік жазба дайындап, ондай мақала жазылмағанын, жалған ақ­паратқа сеніп, жеделхат жіберген КПСС мүшесі Ш.Сма­ханұлы өз қате­лі­гін мой­ында­ғанын айтып, құжатты ба­қылаудан ал­дырт­тық. Сөйтіп, жеме-жем­­ге келгенде ол ма­қа­ланы басты­ру­дан Орталық комитеттің өзі тартынды. Мақала басыла қалғанда, сонда аты ата­латын бас­қа­ларды қайдам, нақты айып­талатын Ш.Смаханұлы мен А.Сей­дім­бековтің жел­тоқ­сандағы қазақ ұлт­шыл­дығының идео­ло­гиялық негізін дайын­даушылар ретінде істі болуы әбден-ақ мүмкін еді. Ақаң аузын ашса Алащты айтатын. Бар есі-дерті тек қазақтың қамы. Ұлтын дәл мұндайлық сүйетін адам қазақта ғана емес, жалпы мына жер бетінде аз да шығар деп ойлаймын. Ақселеуден талантты, Ақселеуден білімді, Ақселеу­ден шешен, Ақселеуден көсем болуға болар, бірақ Ақселеуден өткен отаншыл болу, елін, жерін, тілін, та­рихын, мәде­ниетін Ақселеуден артық жақ­сы көру қиын сияқты. «Алаштың Ақселеуі» атты фильмде профессор На­мазалы Омашұлының: «Құлдық сананы бойына дарытпай кеткен адамдар аз ғана болса, соның нақ біреуі осы кісі. Халқын, жерін керемет сүйген адам ғана осылай күресіп өтеді. Ал ел тәуел­сіздік алғаннан кейін бұл кісі бұрын­ғы­сынан да жайнап сала берді. Ақаң керемет ашылды. Нағыз Алаштың азаматы болды. Мен Ақаңды ұлтын сүюдің хрестоматиялық үлгісін жасап кеткен тұлға деп есептеймін», деген пікірі келтіріледі. Сол сөз – сөз. Қызметтен қоңыраумен қуылып, айлар бойы идеология саласында жұмыс­қа жолатылмай жүрген Ақаң әзер дегенде Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына еден сыпыру­шы­ның бос орнына қабылданды... Ла­бо­ранттық міндетті атқарды. Қызық болғанда, «Не было бы счастья, да несчастье помогло» деп орыстар айта­тын­дай, тағдырдың сол теперіші Ақаңның өміріне жақсы өзгеріс алып келді. Әуелден-ақ аналитикалық ойлау жүйе­сіне бейім азаматтың, ширек ғасырдай уақыты журналистиканың қара жұмы­сы­на жұм­сал­ған Ақаңның ғылыми мекеменің та­балдырығынан аттасы­мен-ақ тың тынысы ашылып сала берді. Тәуелсіздік тұсында қыран құстай тү­леді. Азаттық аспанында парлап ұшты. Әуелі қара өлеңнен кандидаттық, кейіннен күй өнерінен докторлық диссертация қорғады. Кітаптан кейін кітап то­ғытты. Барлық жағынан жолы ашылды. Мемлекеттік сыйлықты да алды. Про­фес­сорлық атақты да алды. Қызметте де өсті. Алдымен Ы.Алтын­сарин атындағы Білім проблемалары институтының ди­ректоры, кейіннен сол институттың негізінде құрылған Қазақ Білім ака­де­мия­сының президенті болды. Астанаға ша­қы­рылып, Президенттік мә­дениет орта­лы­ғында директордың ғылым жөніндегі орын­басары, Еуразия уни­вер­ситетінің жур­­налистика кафедрасының меңге­ру­шісі болды. Ақселеу Сейдімбектің өмірі – адам қызығарлықтай сұлу өмір. Жұмыстан ба­сын алмаған күйі күйіп кететін кісі­лердің қатарынан емес еді. Бәрін тең ұс­тайтын. Ойды да ойлайтын, тойды да тойлайтын,  картасын да ойнайтын, бильяр­дын да қоймайтын, жүрудейін жүретін, қысқасы, дәуренді сүрудейін сүретін. Елдікті де, ерлікті де, өрлікті де, серілікті де Ақаңның бір бойынан табатынбыз. Мұны Алаш жұрты Ақселеусіз қалып, қалың елі қайғыға батқан қаралы жиында Әбіш Кекілбаев жүрегі қан жылап тұрып, жеріне жеткізе айтты. «Қазақта сал қандай болады? Ақсе­леу­дей болады. Сері қандай болады? Ақ­се­леудей болады. Би қандай болады? Ақ­селеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай бо­ла­ды? Ақселеудей болады. Қазақтың жақ­сы­сы мен жайсаңының бәрі қандай бо­лады? Ақселеудей болады. Қазақтың қатепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақсе­леу­дің орнына кім жүре алады? Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады», деді ғой сонда Әбекең. Бұдан артық айту мүмкін де емес. Ел Ақселеусіз қалғанмен, жер ақ­се­леусіз қалған жоқ. Ақселеу Сейдімбек сынды тұлғалар қасиетті қазақ жерінің өзінен, даланың қара топырағынан өсіп-өнетін ақселеуді еске салады. «Жер болса – ел болады, ел болса – ер болады» деп Елбасымыз айтқандай, дала барда даналар да бола береді. Сауытбек АБДРАХМАНОВ.