25 Мамыр, 2011

Жыр арқауы – атажұрт

706 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
МЕНІҢ ҚАНЫМ – ҚАЗАҚ ҚАНЫ Сан ғасырлық қанды шайқас қазақтың, Сырларына бес саусақтай қанықпын. Онда даңғыл ізі жатыр өшпейтін, Ер жүректі қазақ деген халықтың. Бұл дүниеде қазақ-қазақ болғалы, Иір-қиыр басып өткен жолдары. Қамалса да қарлы дауыл өтіне, Намыс туын түсірмеген қолдағы. Қара құстай қаптап қара қасірет, Көзге жаудың тисе де атқан тасы кеп. Төменшіктеп өзгертпеген өз бетін, Әуел бастан қанға сіңген қасиет. Ана жұртын таптап басып жат табан, Болғанда да «шұбырынды ақтабан», Кеудеде намыс отын өшірмей, Осы қанның күшіменен сақтаған. Азулылар айбар шегіп қорлаған, Мезгілде де құл болуға зорлаған. Алтай менен ақ Еділдің арасын, Жанын салып, қанын төгіп қорғаған. Менің қаным қазақ қаны – таза қан, Соған еріп шырқай алам азат ән. Батырлықта Қабанбайды пір тұтсам, Ақындықта Абай менің өз атам. Разы-хошы етсем-ау деп көпті мен, Қиял құсым аралайды көкті кең. Жаным, тәнім, қаным қазақ болғанға, Өзімді шын бақыттымын деп білем. Шәкен ОҢАЛБАЙ, Қытай Халық Республикасы. ________________________________ ДҰҒАЙ СӘЛЕМ, ӘЛЕМДЕГІ БАУЫРЛАР Менің жаным ізгілікпен көрші еді, Менің арым елімменен еңселі. Саған деген сағынышым өлшеусіз, Ата жұртым, аңсап келдім мен сені.   Отан, Отан мәңгілікке асқақ ән, Жапырағың сағынатын баспанам. Түйір тасың табынатын Астанам, Елім аман, енді неден жасқанам. Туыстарым, құшағыңды аш маған.   Саған жаусын көз жасымның жаңбыры, Саған жетсін босқан елдің зар-мұңы. Бар қазақты ойлантуға тиісті, Бейбарыстың бейнет кешкен тағдыры.   Тұран далам, айналайын атыңнан, Сенсің кеше өксік атып аһ ұрған. Жетім ұлың, жетім құлың Бейбарыс, Жалғыз астау көк бидайға сатылған.   Жойылмаса тіліміз бен салтымыз, Сонда өрлейді көкке біздің даңқымыз. Бас-басына би болудан жоқ пайда, Ұлттың рухын көтерейік жалпымыз.   Өз елімнен іздегенім табылар, Бүгін менде елде бардың бәрі бар. Дұғай сәлем, әлемдегі қазақтар, Жүрекжарды толғауымды қабыл ал! Қайрат ҚҰЛМҰХАМЕДОВ, Қытай Халық Республикасы. ___________________________ ПАНАМ СЕНСІҢ, АНАМ СЕНСІҢ Мен айдын көл, өзен болсам – Жасыл құрақ жағам сенсің – қазағым. Мен бәйшешек гүлің болсам – Нәрлі байтақ далам сенсің – қазағым.   Мен жақсы бір өлең болсам – Айтпақ болған санам сенсің – қазағым. Мен ес білмес сәби болсам – Панам сенсің, Анам сенсің – қазағым.   Сен жайылған қағаз болсаң – Із салатын қалам менмін – қазағым. Сен қайғылы жүрек болсаң – Жұбататын әнің менмін – қазағым.   Сен тастақта табандаған жүйрік болсаң – Тағаланар тағаң менмін – қазағым. Сен жаралы қасқыр болсаң – Ауырсынар жараң менмін – қазағым. Байыт ҚАБАНҰЛЫ, Моңғолия. __________ АРМЫСЫҢ, АЙНАЛАЙЫН  АБАЙ ЕЛІ! Ақ сәлде бұлттан таққан жарасады-ау, Айбынды асқар абат, тамаша тау. Айдын көл, асау дария, жасыл белес, Әр жұртта көне мұра, жаңаша атау.   Күнгейде күреңселі, көбелек гүл, Бұл жақта күннің өзі неткен өткір. Жаныңды райыс желі кетер желпіп, Өткенде жұпар жаңбыр себелеп бір.   Жон-жота шіренеді қыры қырау, Жаралған қызы шебер, ұлы жырау. Шор алтын сүйем жері ердің құны, Түске енген Арқаң – анау, Сырың – мынау.   Қағанақ қарқ, жалғанып үзік арман, Жат жердің пар келе ме жүзі, қарғам! Пәнидің мен білгенде пейіші осы, Ғалидің дүлдүлінің ізі қалған.   Көсіліп көген керген бұрынғыдай, Кермиық жазирасы сұлуын-ай. Несібең не тілесең дап-даяр деп, Маңдайға бере салған мұны Құдай.   Төккенде көк майсаның құрағы дән, Салады Әйгерімнің бұлағы да ән. Қазақтың кең даласы сілкінеді, Тұлпардай босатылған бұғауынан.   Түлеген жарықтықтың талай өңі, Есейіп заманаға қарай ері. Біз келдік аңсап-шаршап осы жерге, Армысың, айналайын Абай елі! Шынай РАХМЕТҰЛЫ, Моңғолия. _________ ШЕТЕЛДЕГІ ҚАНДАСТАР   Атадан аңыз жыр қалған, Алаштың ұлы бір ғажап. Сенада атын суғарған, Балқаннан асып бұл қазақ.   Төсінен төрткүл әлемнің, Табасың оның іздерін. Төрінде қазақ әр елдің, Күн қаққан күрең жүздерін.   Бабасы туған шіркін ел, Баурайды оны қыр әні. Сағынса атажұртын ол, Шығысқа қарап тұрады.   Мерейін ұлттың түсірме, «Қазақ» деп соққан жүрегі. «Мерседес» емес түсінде, Арғымақ мініп жүреді...   Бұралаң жолда адасып, Тағдыры түскен көкпарға. Бір кезде кетті жер асып, Замана желі соққанда.   Даласы қалды қиырда, Өмірі толы ғажапқа. Өзгенің төрі бұйым ба, Өзі айбат, өзі қазаққа?!   Ұлтыңның рухын ұлықта, Жаныңда жүрсін дос қаптап. Қазақтың елін ұмытпа, Қазақтың атын асқақтат! Толыбай АБЫЛАЕВ, Моңғолия. _______ АСТАНА Бәйтерек мәуеледі ел төрінде, Балбөбек таң-тамаша, ертегіге. Есілге мың сан жұлдыз төңкеріле, Тұр қарап ұлы дала көркеюде. Еді арман, Келді заман, Елім де аман. Ел төрінде қанаттанған, Болашаққа қол бұлғаған, Айбынды Астана – Менің қалам. Іңкәр боп қария да, жас бала да, Асығып тасынуда бас қалаға. Түлеген ақиқаттай елордаға Жаяды алаңынан аспан ана.   Қазақтың қас-қағымда өрген ері. Қай қала Елордаңа тең келеді. Жамырай жауып жақұт теңгелері, Алтын күн арай шашып дөңгеледі. Тамсанды талай мейман танып бүгін. Астана Азияда алыптұғын. Жасасын дана халық, даңқты ұлын, Сарыарқа, сарығың бас, жарық күні.   Шынай РАХМЕТ, Моңғолия. __________ АТАМЕКЕН Ысырып тағдырдың толқыны, Өзіңнен шетте мен көп жүрдім. Сондағы өкініш, олқыны, Оңалтам қалайша деп жүрдім.   Атажұрт егемен ел болып, Асыға мекенге оралдым. Қуаныш бойдағы сел болып, Бақытты өмірге жол алдым.   Үстімнен зілдей мұң түскендей, Жеңілдеп, сергіп бір қалыппын. Шет жерде мақсатқа күш келмей, Ішімнен тындым да зарықтым.   Құт маған далаң да, тасың да, Енді мен армансыз өтемін. Көп ойлар, көп мақсат басымда, Мұратқа өзіңде жетемін.   Шуақты, тамаша аспаның, Шипалы жаныңа ауасы. Өзіңсің өмірлік дастаным, Әр шөбің бір дерттің дауасы.   Ал менде басталды жайлы күн, Таусылмас ырысты байлығың. Майда жел желпіген айлы түн, Өзіңе наласын жайды кім.   Шет жүрсең бір өмір сол арман, Оралдым болып мен оралман. Ғанибет еліңе оралған, – Кел, – деген ризамын солардан.   Топырағың көзіме сүртілді, Өзіңнен асқан бір жалған жоқ. Көбейтіп шаттық пен күлкімді, Өкініш, арман-мұң қалған жоқ. Боран ҚЫДЫРОВ, Өзбекстан. __________ БАБА ЖЕРІ Атамекен – жер ұйығым, аңызым, Қазақылық болмысымның тамыры. Медет беріп жатыр мұнда ұрпаққа. Ай маңдайлы ата-бабам қабірі.   Мұнда – мұрат, Мұнда – ырызық, несібе, Мұнда созам аяғымды көсіле. Бабам жатқан байтағымнан баз  кешсем, Қазақпын деп тыраштанам несіне.   Соңғы тоқтам болып осы байламым, Алдым бетке Атажұрттың аймағын, Себім тиіп, тым биіктен шырқасын, Төбемдегі көк бөрілі байрағым.   Атамекен, саған келдім шаттана, Мұны мендік басты мұрат деп қара. Бөгде жұртты қалай отан деп айтам, Бабам жатқан жер – Отаным тек қана! Наурызбай ҚОЖАХМЕТ, Өзбекстан. ____________________ АНА ТІЛІМ – АСЫЛ ТІЛ   Ана тілім, ардақты асыл тілім, Тіл байлығы өмірге берген білім. Ардақтай біл, ұрпақтар, өз тіліңді, Ұмытпаңдар ана тілін – өсиетім.   Жаңауыл – атанады біздің ауыл, Бір туғандай жүреді аға-бауыр. Орыс тілде жүреді барлық сабақ, Ұрпақтарға тіл жағы өте ауыр.   Әдебиетпен жүреді қазақ тілі, Қазақтың сыныптағы өскен гүлі. Ата-аналар ойланып отырамыз, Қандай заман біздерге келер түбі.   Үлкеннің тыңдаса ұрпақ өсиетін, Болса екен ата-анаға бас иетін. Ананың ақ сүтіндей – ана тілі, Ардақтай біл, ана тіл – қасиетің. Апуза ӘМІРЕНОВА, Ресей Федерациясы, Алтай Республикасы. _________ ЖАПЫРАҚ Мен бір жапырақ. Қымбат қой бір уыс топырақ. Өсші, Қазақ. Өсші жамырап. Жүсіп ПІЛТАН, Иран.