23 мамырда Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен болған Парламент Сенаты бюросының отырысында Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары палата комитеттеріне бөлініп берілді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Бюро отырысында «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы», «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы», сондай-ақ «Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы», «Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары Экономикалық және өңірлік саясат комитетіне берілді.
«Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы», «Көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары одан әрі зерделеу үшін Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне берілді.
«Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Атлант Шарты Ұйымы арасындағы Ауғанстандағы Қауіпсіздікке жәрдемдесу халықаралық күштерінің қызметіне қатысу туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті негізгі комитет болып белгіленді.
Заңнама және құқықтық мәселелер комитетіне еліміздің Конституциялық Кеңесінің мүшесі қызметіне тағайындау туралы мәселені қарауға әзірлеу тапсырылды.
Бюро отырысында сондай-ақ палатаның 26 мамырда болатын кезекті жалпы отырысының күн тәртібін белгілеу туралы комитеттердің ұсыныстары да талқыланды.
Жалпы отырыста сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша құрылатын келісу комиссиясының құрамына өз әріптестерін сайлайтын болды.