Өткен жылдың қуаңшылығын ұмыта қоймаған солтүстікқазақстандық диқандар көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана кірісіп, ылғал сақтауға ерекше мән берді. Оның үстіне астық көлемі біршама ұлғайтылып, 4 миллион 532 мың гектарға жеткізіліп отыр. 1,5 миллион гектар сүдігердің жыртылуы, 2 миллион гектар жерге қар тоқтатылуы, арамшөптерді жою мақсатымен 436 мың гектар алқапқа бірнеше ізді өңдеу жүргізілуі – мұның бәрі 3,3 миллион гектар егістікке ылғал сақтау технологиясын қолдануға мүмкіндік беретін болады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметтерге қарағанда, қажетті 546 мың тонна тұқым себу кондициясына жеткізілген. Жанар-жағармайдың 70 пайыздан астамы әкелінген. Бүгінде картоп отырғызу аяқталып, майлы дақылдар себу бел ортадан ауған. Дәнді дақылдар тұқымын сіңіру де қарқынды жүргізілуде. Есіл, М.Жұмабаев, Қызылжар аудандары жарыс көшін бастап келеді.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің Қызылжар өңіріндегі алғашқы жұмыс сапары жауапты науқанның қызған сәтімен тұспа-тұс келді. Ол алдымен шалғайдағы Ғ.Мүсірепов ауданына атбасын тіреп, көктемгі егіс жұмыстарының атқарылу барысымен танысты. Агроқұрылым жетекшілерімен кездесіп, ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер бойынша пікірлер алысты. Ғ.Мүсірепов – аймақтағы ең ірі астықты аудан саналады. Егістік алқап 733 мың гектарды құраса, солардың 40 пайызына дән сіңірілген. Ылғал сақтау технологияларының 80 пайызы осы заманғы техникалармен атқарылады. Министр «Вест» ЖШС-нің егіс танаптарын аралап, сапа мәселесіне баса назар аударды. Шаруашылық директоры Самат Тасмағанбетов 20 мың гектар алқапқа астық өсірілетінін, 9 себу кешені мен 8 «К-700» тракторы жұмыс істеп жатқанын, биыл ылғалдың молдығын әңгімелеп берді. Былтырғы қуаңшылықтың қатты әсер еткенін жасырған жоқ. Ел Тәуелсіздігінің мерейлі тойы қарсаңында Отанымызды мол астықпен қуантуға бел байлап отырмыз. Қазіргі жағдайға қарағанда сенім мол, деді С.Тасмағанбетов. А.Мамытбеков «Нежинка-Ерке» серіктестігінің қырманында болып, тұқым дәрілеу барысымен танысты. Диқандардың жанар-жағармайға байланысты қойған сауалдарына жауап бере келіп, 354 мың тонна дизель отыны белгіленген бағамен берілгенін, алайда бірқатар тауар өндірушілер айналым қаржы жоқтығынан кестеден қалып қойғанын, қазір жағдайдың реттелгенін, Солтүстік Қазақстан облысына 3 миллиард теңге қаржы босатылғанын, минералды тыңайтқыштар бойынша да проблема болмайтынын жеткізді. Облыс әкімі Серік Біләлов көктемгі егіс науқанын өткізуге Үкімет тарапынан барлық мүмкіндіктің жасалып отырғанын, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы арқылы 4 миллиард теңге бөлінгенін, ал тұтынушылар кооперативтері арқылы 2 миллиард теңге қарастырылғанын жиналғандар назарына салды.
Министр А.Мамытбеков Новоишим ауылдық округінде орналасқан «Әлішер» фермерлік шаруашылығында, Қызылжар ауданындағы «Зенченко и К» командиттік серіктестігінде болды. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында теріскей өңірлерде көктемгі егіс жұмыстарының ұйымшылдықпен атқарылып жатқанын атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.