Ташкентте күрес түрлері бойынша бірнеше күн бойы өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Өзбекстанның астанасында жалауы желбіреген жарысқа әлемнің 22 елінен балуандар жиналып, бақ сынасты.
Бұл бәсекеде алғашқы болып боз кілемге еркін күрес шеберлері шықты. Алтай Танабековтің шәкірттері 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді жеңіп алды. 60 кг. салмақта Мәулен Мамыровтың жолын қуған Дәурен Жұмағазиев Азия чемпионы атанды. Ал оның әріптесі Қанат Бердыев (84 кг.) шешуші тұста сыр беріп, күміс жүлдеге ие болса, 96 кг. салмақтағы Дәулет Шабанбай қола жүлдені қанағат тұтты. Одан кейін Саржан Жақсыбеков баптаған Қазақстанның әйелдер құрамасы 1 алтын, 2 қола жүлдеге қол жеткізді. Былтыр Үндістанда өткен Азия чемпионатында мерейі үстем болған Гузель Манюрова (72 кг.) бас жүлдені жеңіп алды. Ал 55 кг. салмақтағы Айым Әбілдина мен 67 кг. салмақтағы Татьяна Захарова үшінші орыннан көрінді.
Азия чемпионатының соңғы күні Мұратбек Қасымхановтың шәкірттері грек-рим күресінен белдесті. Мұнда өткен жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері Алмас Кебісбаев Азия чемпионы атанды. Ал 66 кг. және 74 кг. салмақтағы Бейбіт Нұғыманов пен Асхат Ділмұхаммедов қола жүлдені иеленді.