Жақында бокстан Қазақстан құрамасы Белград, Алматы, Баку және Ташкент қалаларында өткен төрт бірдей халықаралық турнирге қатысты.
Сербияның астанасы – Белградта өткен турнирде 81 кг. дейінгі салмақта күш сынасқан Азамат Белгібаев пен 69 кг. салмақтағы Манат Өмірзақов бас жүлдені жеңіп алды. Азамат жартылай финалда әлемнің үздік боксшыларының бірі саналатын 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2010 жылғы Гуанчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы өзбек Дильшот Расуловпен кездесіп, оны нокаутқа жіберді. Манат Өмірзақов та жартылай финалда қарсыласын оңдырмай ұтты. Ал финалда қос боксшымыз Венгрияның өкілдерінен басым түсті. Осы турнирде жастар арасындағы Азия чемпионы Нұрбол Қалжанов (56 кг.), Чехияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы Самат Бәшенов (60 кг.), биылғы ел чемпионатының күміс жүлдегері Алмасбек Әлімбеков (64 кг.) және аса ауыр салмақтағы Рүстем Іргебаев жартылай финалда қарсыластарынан ұтылып, қола жүлдені қанағат тұтты.
Одан кейін Алматыдағы жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов турниріне қатысқан былғары қолғап шеберлеріміз 11 елдің боксшыларымен жұдырықтасып, 9 алтын және 4 күміс медальді иеленді. Солардың ішінде 52 кг. салмақта күш сынасқан тараздық Олжас Сәттібаевтың өнеріне Алматыдағы «Достық» спорт кешеніне жиылған жанкүйерлер қол соқты. Тараздық боксшы финалда Азамат Үсенәлиевпен (Қырғызстан) қолғап түйістірді. Оның алдында үнді Харижан Сантошты жеңген Олжас қырғыз боксшысын 15:12 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін турнирде ең жеңіл салмақтағы Біржан Жақыпов (49 кг.), 56 кг.-дағы Алмас Жақыпов, Бекман Сойлыбаев (60 кг.), Батыржан Жүкенбаев (64 кг.), Серік Сәпиев (69 кг.), Әділет Ниязымбетов (81 кг.) және аса ауыр салмақтағы Иван Дычко жеңімпаз атанды.
Әзірбайжанның Баку қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен турнирде біздің құрама 3 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді жеңіп алды. Осы елдің тұңғыш президенті, көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев кубогы үшін өткен бәсекеге алыс-жақын шетелдерден көптеген командалар қатысты. Олардың арасында Ирландия, Шотландия, Түркия, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Грузия және біздің елден барған балғын боксшылар қолғап түйістіріп, өз құрдастары арасында ең мықтыны анықтады. Бұл сында Қайыргелді Дәуітбек (63 кг.), Ақылбек Әділғалиев (66 кг.), Дидар Төлеген (80 кг.-дан жоғары) бірінші орынды иеленсе, Олжас Қалаубек (46 кг.) пен Бекжан Қыбытқалиев (54 кг.) күміс медальді, Алмас Шынтемірұлы (50 кг.), Тілек Қозбақов (80 кг.) және Елдос Қадырбаев (80 кг.-дан жоғары) қола жүлдені иеленді.
Дастан КЕНЖАЛИН.