26 Мамыр, 2011

Бір шуақ көңілге күй себелеген

375 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына қатысушы­лардың құрметіне Конгресс-холда Ғ.Мүсіреповтің либретто­сына жазылған Е.Брусиловскийдің екі бөлімді «Қыз Жібек» операсын  ұсынды. Шартарапқа Қыз Жібектің  асқан сұлулығы, көркіне сай ақыл-парасаты жайында әңгіме жайылып, жар таңдауға тал­пын­ған батырлар мен бағландар бой көрсетеді. Көр­кем­дігіне көздері талып, көңілдері әудем жерге ұзаған кейбіреуі кері қайтып кетуге тәуекелдері жетпей, жақыннан сөз арнауға жүректері дауаламай діңкелеп, кейін шегінуге мәжбүр. Себебі, Жібектей арудың көңілі­нен шығу, ұнау әлі жан бала­сы­ның қолынан келмеген. Бірақ та адалдық пен қиянаттың, сүйіс­пен­шілік пен зұлымдықтың қа­шан­да бір-бірімен жағаласып жатуы заң­дылыққа айналған заманда өрекпі­ген өктемдіктен өрес­кел іс-әрекет өріліп отыра­тын. Сондай өктем үнді Бекежанның (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбық­баев) сахналық келбеті мен кең диапазонды дауысы спектакльді тамашалап отырған көрерменді өзіне бірден баурап алып кетті. Қыз Жібек (ҚР еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай) бейнесінің сахна төрінен қос аққумен бірге көлбеп өтуі әсер­лі жетіп, қонақтар халқымыз­дың этно­графиялық бай мұрасына тұ­шы­на ден қойды. Аты аңызға айналған аруды өз көзімен көруге алыстан ат ары­тып Төлегеннің (Жан Тапин) жеткен са­пары, алдынан қаумалап көп қауым­ның қарсы алуы өте салтанатты. Домбыраның қос ішегіндей ажы­ра­мас досы Шегенің мұндайда алды­нан шығып, жыр маржанын сорға­ла­татын әдеті. Шеге бейнесі (Бейімбет Таңарықов) қашанда өзінің тәтті әуезімен осылай жұрт құрметіне ие болса, Қамқа (Қазақстанның халық әртісі Қорлан Қалиламбекова), Дү­рия (халықаралық фестивальдердің лауреаты Дина Қабыкеева), Қарлы­ғаш (халықаралық байқаулардың лау­реаты Айзада Капонова), Бат­сайы (Гүлнәр Айгелдина) мен Базарбай (Өміржан Қадыров) рөлдері де сахналық шығарманың шымыр түйінделуіне өзіндік үлесін қосып жатады. Шеттен келген бауыр­лар­дың алдына әрине, асыл мұралары­мыздың, жыр-дастандарымыздың ең таңдаулыларын, сахналық туын­ды­лар­дың шұрайлысын ұсыну ежел­ден бар дәстүр десек, осы­лар­дың арасы­нан «Қыз Жібек» опера­сының еленуі бекер емес.  Осы шараның барысында Ираннан келген Жүсіп ШАДХАН есімді бауырымызды әңгімеге тартып, хал-жағдай сұрастық. Жиырма ал­ты жасар жігіттің атақонысқа келсем деген арманын өз аузынан естігенде, мұн­дай шалғайда қаншама қандас­тары­мыз атамекенін аңсап жүр деген сұрақ көкейге кептелген. Өзі спортпен ай­налысатын ол қол күресінен Иранда чемпион атағына ие болып, үш жыл бұрын қазақ жерінде өткен сайысқа қатысып қай­тыпты. «Құ­рыл­тайға ал­ты адам бо­лып келдік, – деді спорт­шы Жү­сіп. – Мұнда келгелі дос көңіл­ді бауыр­ларымыздың ыстық құ­шағы­на оранып, зобалаң жылдары зор­­лық­пен көшіп кеткен ата-баба­ла­ры­­­мыз­дың көшін кері қарай бұратын кездің келгеніне көз жеткізудеміз. «Қыз Жібек» операсын тамашалап отырғанда ойға қатты беріліп кетіппін. Туған жер­ден алыста жүріп қан­шама бай­лы­ғымыз­дан шет қалып қо­йыппыз. Қа­рап отыр­сам, одан халқымыздың бүкіл қазынасы табылады. Өзіміз білмесек те, бұрынғы көне көздердің ыңыл­дап айтып отыратын кейбір әуен­дерін әлгін­де ғана өз құлағыммен естіп, таңғалдым». Қырғызстанның Ыстықкөл өңі­рін­де әкімнің орынбасары болып қыз­мет істейтін Алмабек НҰР­ҒА­ЗИЕВ­КЕ «Қыз Жібек» туралы не білесің деп сұрақ қоюымыз артықтау. Қырғыз-қазақ бір туған демекші, ежелден «төсекте басы, төскейде ма­лы қосылған» халықтың арасында жүрген қазақ баласы өз-өзін жоғал­тып, тілі мен дәстүрінен қол үзіп қалмасына сенімдіміз. Өйткені, әкім Алмабектің басында Еуропада тұра­тын қандас бауырларымыздың келешек ұрпағына төніп тұрған тіл білмеу қаупі жоқ. Одан «Қыз Жібек» операсынан алған әсерін айтып беруін сұрадық: «Опера негізінен Еуропа елдеріне қарағанда, бізге кештеу келген өнер болғандықтан, мұның оны-мұны кем-кетігіне бұрын кешіріммен қарауға тиіспіз деп ойлайтынмын. Әлем классикаларымен шіркін, біз­дің ұлттық операмыздың терезесі  қашан теңесер екен деген арман ұш­қы­ны санамды сан-саққа жүгіртетін. Бүгін мы­на жас ұжымның, елор­да­лық театр­­дың өнерін көріп отырып, сол ой­ларым­ның бәрінен бас тар­та­мын. Қазақ­тың ұлттық операсы жо­ға­ры дең­гейге көтерілген екен» – деді  ол осы саланың маманынан кем сөй­лемей.   Өзге елде жүрсе де ана тілін ұмыт­паған қандастарды ойлантатын жәйттер аз емес, соның ішінде, әсі­ресе, кейінгі ұрпақтың кеудесіне ана тілінің дәнін себу қиындап барады. Сол себепті де кей жастар тілге шор­қақ. Осы құрылтайда шеттегі қазақ­тардың көкейіне түйіліп келген осы тақылеттес біраз түйіндер бар екенін аңғардық. Ол үшін келешекте не істеу керек деген жа­най­қайды жанардан атқылаған са­ғы­ныш жасының өзі-ақ жеткізіп тұр­ғандай. Түркия­ның Ыстамбұл қа­ласынан келген Ясым ҚҰЛТ­ҰЛЫШ есімді қанда­сымыз Қа­зақ­­станға қоныс аударған бауыр­лары бар екенін айтты. Ара­дағы ба­рыс-ке­ліс соған қарағанда, үзіл­ме­сіне сенімді. Бухгалтер болып жұмыс істейтін Ясым бауырымыз өзі тұ­ратын қалада 15-20 мыңдай қазақ өмір сүреді деген мағлұ­мат­ты ал­ға тартты. «Олардың бәрінің ту­ған жер дегенде жүректері сәбише лү­пілдеп қоя беретінін аз сөзбен ай­тып жеткізу қиын» – дейді ол. Біз одан «Қыз Жібек» операсынан қан­дай әсер алып шықтың деп сұра­дық. «Мен қа­зақ­тың музыка­сы дәл осындай диа­пазоны кең, алуан бояулы деп ешқашан ойла­ған емеспін. Қазақ­тың домбырасы мен ха­лық­тық негіздегі шығар­ма­лары ту­ра­лы там-тұм білетінмін, ал осын­дай төл опералар төрде тұратынын, Қа­зақ­­станда үш бірдей опера және балет театры бар екенін осы келгенде естіп-білдім. «Қыз Жібек» опе­ра­сын мен әлем классикаларымен тең қоя аламын. Оның үстіне он бес жыл­дық тарихы бар қаланың мәде­ниетін ғасырлар бойы жасап келе жатқан әлемдік жауһар­лар­дың аста­на­­лары­мен қалай салыс­ты­рарсың? Соған қарамастан, Қа­зақ елінің гүл­деніп, көркейген кейпіне бү­гін­де әлем қызыға көз тастайтын болды. Менің де күн­дердің бір кү­нінде осы шаһар­ға қоныс ау­дарып келіп қа­луым ғажап емес», деді есепші Ясым. ...Аспан мен жердің арасын бір әуен жалғастырып тұр. Атақты «Гәкку» әні бірде баяулап, енді бірде өрши жайылып барады.  Мәңгілік махаббат хикаясын жыр­лаған дүниенің бүгінгі қонақ­тар­дың жүрегіне ерекше жақын болатын тұсы дәл осы жері. Махаббат деген ұлы сезім. Туған жерге оларды алып келген сол кіршіксіз махаббаттың құдіреті екендігіне еш шүбә келтіре алмайсыз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.