Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев еліміздегі Мексика, Замбия, Венесуэла, Бангладеш елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады.
Мексика елшісі Хайме Гарсия Амарал мен боливиялық Венесуэла елшісі Давид Ниевес Веласкоздан Сенім грамоталарын қабылдаған Мемлекеттік хатшы екіжақты кездесулер барысында Қазақстанның Латын Америкасы құрлығындағы елдермен саяси, сауда-экономикалық және мәдени салаларда ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытылғанын айтса, мұхиттың ар жағынан келген елшілер ынтымақтастықты қай салада да өрістетуге пейілді екендіктерін білдірді.
Мұнан соң Мемлекеттік хатшы Замбия Республикасының елшісі Патрик Найлоби Синьинзадан, Гана Республикасының елшісі Сет Корнатенг пен Бангладеш Халық Республикасының елшісі Мұхаммад Имраннан Сенім грамоталарын қабылдап, олармен өткізген екіжақты кездесулерінде елдер арасындағы қарым-қатынастарды дамытумен бірге, өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимылдарды өрістету мәселелері сөз болды.
Кездесулер барысында тараптар жоғарыда аталған елдерде болашақта дипломатиялық өкілдіктер ашу жайын да әңгіме етті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.