АТАЖҰРТҚА АРҚА СҮЙЕЙМІН
Құрылтайға Қырғызстан атынан делегат боп қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Айырқалпақты ағайындардың арасынан атамекенге деген сағынышымызды арқалап, осында он екі қазақ келдік. Жиыннан әрқайсымыздың өзіміздің күтеріміз бар. Тіпті, осы жиында шешімін табатын мәселелерді айтпағанда, осында келіп, қандастарымызбен танысып-білісіп қайтқанның өзі неге тұрады?! Мен алғаш рет Түркістанда өткізілген екінші құрылтайға қатысқанмын. Үшіншісіне келе алмадым. Өйткені, елде саяси науқан өтіп жатқан. Ал енді мына құрылтай тың серпінмен өтеді деген сенімдемін. Қазақстанның жері кең, пейілі кең. Дүниежүзілік саясатта да өзінің орны, айтар ойы бар ел екенін дәлелдеп жатыр. Сол сияқты жер жүзіне тарыдай шашырап кеткен қандастарын да есінен шығармайды. Біздің үлкен атамыз 30-шы жылдарда Сарыарқа өңірінен кеткен екен. Сондықтан байырғы атамекенімізге арқа сүйеп, жақсылығына қуанып отырамыз. Балаларым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқиды. Қазақтың мәдениетінен, ата-баба салтынан қол үзбесін деп әдейі осында оқытып жатырмын. Әйтпесе, қазір ресми дерек бойынша, Қырғызстанда 36 мыңға жуық қазақ бар екен. Көпшілігіміздің тіліміз қырғыз, орыс тілдеріне бейім. Өйткені, онда арнайы қазақ тіліндегі мектеп, ақпарат алатын басылымдар жоқ. Өзім Жоғарғы Кеңеске екі рет депутат болғам. Қаржы полициясының төрағасы қызметін атқардым. Қазір елдегі «Жасылдар партиясының» лидерімін. Қайда жүрсем де атамекенге деген ынтызар сезімімді өшірген емеспін.
Еркін БӨЛЕКБАЕВ. (Қырғызстан)
* * *
ОТАН ОСЫ ЖЕРДЕН БАСТАЛАДЫ
Мен Қытайдың Алтай аймағынан дүниежүзі қазақтарының құрылтайына арнайы келдім. Осындай үлкен деңгейдегі ауқымды шараға қатысуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Әлемге тарыдай шашырап кеткен қазақтарға қатысты айтқанда, көптеген мәселелердің басы қылтиятыны жасырын емес. Осы ретте біз мынаны естен шығармасақ екен: ол ең алдымен ел-елдің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, мәдени байланысты жақсарту. Себебі, басты мәселе – барлық елдегі қазақтардың өзара мәдени байланысының орнығып, жандануында ғой. Сондықтан, құрылтайда, міне, осындай мәселелер қозғалса деген ойымыз бар.
Өзім кезінде денсаулық сақтау саласында қызмет еткенмін. Қазір құрметті демалыстамын. Бір балам осы Қазақстанда тұрады. Кәсіпкерлікпен айналысады. Қазақстанға келіп жатқан басқа да ағайын туыстарым бар.
Қазір әрбір азамат қалай, қай жерде тұрғысы келсе, сол адамның өз еркі, өз құқығы бар. Бір жағынан, бір елден бір елге келу оңай емес. Мәселен, өз тарихи атамекеніне ораламын дейтін қандастарымыздың алдынан кейде визада, қоныстану мәселесіне келгенде қиыншылықтар, кедергілер кездесіп қалып жатады. Осындай мәселелер шешілсе, «атамекенім» деп келетін қазақтардың бір жерге қиналмай, орналасуына жағдай жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Өзге елде тұратын азаматтар Қазақстанға өзінің тұрғылықты жерін тастап, тұрмыстың тауқыметін тартқаннан, сол тұрмыстарын жақсартамыз деген ниетпен келмейді. Олардың өз тұрған жерлеріндегі жағдайлары жақсы. Қазақ жеріне олар атамекенге деген сүйіспеншілігін арқалап, «Отаным» деп келеді.
Нұрилә ҚЫЗҚАНҚЫЗЫ. (Қытай)
* * *
БҮТІННІҢ БІР БӨЛШЕГІМІЗ
Астана төрінде өтетін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына Моңғолияның Баянөлгий аймағынан арнайы келдік. Баянөлгий аймағында маманды оқыту өндірістік орталығы дейтін мекеме бар. Сол орталықта қоғамтану пәнінен сабақ беремін. Өлең жазамын. Сондықтан, бір жағынан құрылтай ұйымдастырған мүшәйра бәйгесіне қатыспақ ниетпен де келіп отырмын. Бір атап өтерлігі, бүгінгі күнге дейін ешқандай кедергісіз атамекенге келіп жатырмыз. Оған қуаныштымыз.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында көптеген маңызды мәселе көтеріледі деп ойлаймын. Олардың негізгісі – көші-қон мәселесіне қатысты болуы керек. Себебі, атамекендегі көші-қон мәселесі қандай жүйеде жүріп жатқаны жайлы біліп те, естіп те отырмыз. Визаға қатысты да біраз кемшіліктер бар. Олар да ескерілсе екен.
Екінші бір мәселе, жастарға қатысты дер едім. Бүгінде Қазақстанға ғылым қуып келетін жастар аз емес. Солардың ғылыммен айналысуына мүмкіндік жасалғаны дұрыс деп ойлаймын.
Өзім Астанаға 10 жылдан кейін келіп отырмын. 2001 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіргенмін. Қазақстанға бірлі-жарым туыстарым келген. Олар Астанада тұрады. Қазақстанға қоныстанғандарына біраз уақыт болды.
Атамекенге келгендегі әсерім жоғары. Ел ерекше қарқынмен дамып келе жатыр деп айта аламын. Осы сапарымды пайдаланып, Қазақстандағы барша қазақтарға, өзіммен бірге оқыған достарыма сәлем жолдағым келеді.
Жанат БОҚАШҰЛЫ. (Моңғолия)
* * *
ВИЗА МӘСЕЛЕСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛСА ДЕЙМІЗ
Дүниежүзі қазақтарының бұрынғы құрылтайларына да, яғни 1992 жылы өткен тұңғыш құрылтайға және 2005 жылы ұйымдастырылған 3-ші құрылтайға дақатысқанмын. Жалпы мен тарихи отаныма Қазақстан өзінің егемендігін алғаннан кейін, 1992 жылы келдім. Одан кейін де атамекенге талай мәрте келіп-кетіп жүрдім. Ұлыбританияда 1986 жылдан бері тұрамын. Отбасым, ұл-қызым бар.
Қазір Ұлыбританиядағы қазақ қоғамының жетекшісімін. Бұл қоғамды 2003 жылдан бері басқарып келемін. Қоғамның мақсаты – сол жерде тұратын қазақтардың тілін сақтап қалуға, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтуға, қазақ жастарының санасына өздерінің қазақ екендіктерін сіңіруге, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін жандандыруға бағытталған. Біз осы бағытта түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Ғалымдарды шақырамыз. Қазақстан тарихы, ұлттық мәдениет туралы әр түрлі конференциялар өткіземіз.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына көп жерден, атап айтқанда 33 мемлекеттен қазақтар келіп жатыр. Ал сол әр мемлекеттен келген диаспораның өзіне сай проблемалары болатыны анық. Мәселен, Ұлыбританиядан келетін қазақтар үшін ең басты мәселе – ол қазақ тілі. Әрине, қазақ тілін дамыту үшін қауымдастық арқылы үлкен көмектер алып жатамыз. Білім жағынан да, қазақша оқу жағынан да қауымдастық тарапынан болсын, елшілігіміз тарапынан болсын қолдау бар. Кішігірім қазақша үйрететін мектебіміз де жұмыс істеп жатыр. Алайда, тілді үйренуге орта керек қой. Ал орта болмағаннан кейін, тіл үйрену жағы қиындық туғызып жататыны белгілі. Себебі, жастар бар болғаны бір-екі сағат қана қазақша сабақ алады. Ал бұл тіл үйрену үшін жеткіліксіз. Сондықтан, осы мәселенің өз жүйесін тапқанын қалаймыз.
Екінші бір мәселе, визаға келіп тіреледі. Себебі, бұл проблема аздаған қиындық туғызып жататынын жасырмаймыз. Ұлыбританияда туып-өскен, бірақ кейіннен Қазақстанда жұмыс істегісі келетін, осында келіп-кетіп жүргісі келетін жастардың виза алу мәселесінде біраз қиындықтар бар. Бұл мәселе елшіліктерге қатысты емес, көбінесе заң бойынша виза ала алмай жатамыз. Сондықтан, заң жағынан жеңілдіктер ойластырылса, дұрыс болар еді.
Қазіргі таңда жастарымыз біртіндеп өздерінің тарихи отанына келіп жатыр. Өткен жылдары қазақ қоғамының бастамасымен Алматыға Ұлыбританияда туып-өскен 3 жас келген болатын. Қазір олар компьютер, жаңа технология саласында жұмыс істеп жүр. Яғни, өзге елде жүрген қазақ жастарының Қазақстанға келсем деген ниеті оң.
Смайыл КЕСИДЖЕ. (Ұлыбритания)