25 Мамыр, 2011

Ұлттың ұлы жиыны

776 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстан дүние жүзінің қа­зақтарын осымен төртінші рет құрылтайға шақырып отыр. Ал­ғаш рет әлемдегі қан­дас­тары­мыз тәуелсіздігіміздің тұғыры болған Алматыда бас қосты. Бұл еркіндік алғанымызға бір-ақ жыл өткен уақыт еді. Соған қарамастан, Елбасымыз жер ша­­рының түкпір-түкпіріндегі ағай­­ынның басын қосып, олар­ды жас мемлекетіміздің алғаш­қы жетістіктерімен таныстыр­ды. Бұл жиынның тарихи ма­ңызы болды. Осыдан соң әлем­нің әр қиырынан бастау алған ұлы көш қазақ жұртына қарай бет түзеді. Екінші рет қандастарымыз рухани әлемнің бесігі болып саналатын қасиетті Түркістан ша­һарында 2002 жылы бас қосты. Алыстан жеткен ағайын сырттай тамсанып жүрген тарихи ғимараттар мен құнды жәді­герліктерді өз көздерімен көрді. Қазақ елінің он бір жыл ішіндегі ілгері басқан қадамдарына тән­ті болды. Бұл жырақта жүр­ген ағайынның бірсыпырасы қа­зақ жеріне келіп түбегейлі ор­ныққан тұс еді. Мемлекет басшылығы үшін­ші рет әлем қазақтарын 2005 жылы Есілдің жағасынан бой көтерген жаңа шаһарға шақыр­ды. Қандастарымыз жас Аста­на­ның көркіне тамсанып, елдің түпқазығы берік екенін аңғар­ды. Атамекеніне деген арман-аңсары бұрынғыдан да арта түсті. Елбасымыз айтқандай, бұл кезде сырттағы қазақтар «атамекеннен бір нәрсе алсам деп емес, қайта оған берсем» деп келетін болды. Туған топыраққа деген адалдық пен жанашыр­лық психологиясы қалыптасты. Енді міне, жер жүзіндегі бауырларымыз араға алты жыл салып, тағы да Астанаға келіп жатыр. Бұл келістің жөні бөлек. Осы жылдар ішінде сырттағы ағайынның көпшілігі елге біржола табан тіреді. Жылы орын­дарын суытпай, өздері туып-өскен елде тұрақтап қалғандары да жеткілікті. Бірақ олар ешқа­шан да атамекенінен тамыр үз­ген емес. Жырақта жүрген туыс­тарымыздың ішінде өз елдерінде қазақтың атын шыға­рып, биік лауазымды қызмет істеп жүргендері баршылық. Тіпті өсіп-жетілген елінде министр болғандары да бар. Олардың біразы осы құрылтайға қаты­са­ды. Мемлекет басшысы әр түрлі шаралар аясында оларды қа­был­дап, қандастарымыздың тіршілігіне қатысты мәселелер жө­нінде үнемі ақылдасып отыр­ды. Бұл жол­ғы құрыл­тай­дың ең басты ерекшелігі айтулы шара Тәуелсіздіктің 20 жылдық ме­рейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Демек, құрыл­тай қонақ­тарымен бірлесіп, осы жиырма жылда жеткен жетістіктерімізді саралаймыз. Осы мер­зім ішінде Қазақстанның алға басқан қадамдары сәтті бол­ды. Бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықтың мерейлі мекеніне ай­налдық. Халықаралық беделді ұйымға төраға болдық. Әлемнің іргелі елдерінің басшыларын шақы­рып, Сарыарқаның төрін­де саммит өткіздік. Астанамыз әр күн сайын арудайын жаса­нып, көз­дің жауын алатын бол­ды. Мемлекетшілдік салт-дағды қалып­тасты. Дүние жүзінің іргелі елдері қазақ жұртымен кә­дімгідей санасатын болды. Осы ілгерілеу мысалдарының бәрі әлемнің әр қиырынан жиылған қазақ­тардың тіліне тиек етер ортақ тақырыбы болмақ. Дүниежүзі қазақтарының Құ­рылтайы – еліміздің қоғам­дық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Бұл жиын әлемнің әр түкпірінде өмір сү­ріп жатқан этностық қазақтар­дың, яғни қандастарымыздың кездесуі мен араласуының аса зор тетігіне айналып үлгерді. Осы құрылтайға 30-дан астам шетелден 358 өкіл келеді. Дү­ниежүзі қазақтарының Құрыл­тайы шетелдердегі қандастары­мыздың республика аумағына өз еркімен көшіп келуіне үлкен себепші бола алады. Өзге елдерді мекендеп отыр­ған қандастарымыздың ішінде де рухани өнім беретіндері бар. Олар қазақтың ұлттық құнды­лықтарын одан әрі байыта тү­суге күш-жігерін жұмсап, жүйе­лі жұмыс жүргізіп жатыр. Сол өнімдердің біразы осы құрыл­тай кезінде қонақтар алдында көрсетілетін болады. Этностық қазақтардың бас­ты жиынының негізгі мақсаты – сырт елдерді мекендейтін қан­дас­тарымыздың назарын атамекенге аудару, көшіп келген орал­мандарға мемлекет тара­пы­нан қолдау көрсету жайын ақыл­дасу. Бұл жолғы құ­рыл­тайға жас делегаттар көптеп ша­қырылып отыр. Мұндағы көз­делген мақсат – құрылтай барысында шетелдерде тұратын қазақ жас­тары­ның және Қазақ­станда білім алып жат­қан шетел қазақ­тары­ның сұранысы мен мақ­сат-мұраттарын зерт­теу. Шетелде тұра­тын және Қазақстан­ның оқу орындарында бі­лім алып жатқан қа­зақ жастарының өмірін зерттеу арқылы оларды Қа­зақ­станға тартудың жаңа әдіс­тері мен тың формаларын енгізуге мүмкіндік берілмек. Атал­ған формалар мен әдіс-тәсілдер болашақта мемлекет үшін оралман жастарды оқыту және жұмыспен қамтамасыз етуге арналған мәселелерді шешуге де жол ашады. Құрылтайдың аясында ұлт­тық өнер мен салт-дәстүрлерді насихаттайтын кең көлемдегі мәдени іс-шаралар өткізіледі. Атап айтсақ, шетелде тұратын қазақ жастарының арасында қазақтың ұлттық спорт түрле­рінен жарыс, халықаралық жыр мүшәйрасын және шетелден келген қазақ жастарының концертін ұйымдастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, мәдени ша­ралар шеңберінде қолданба­лы қолөнер шеберлерінің көр­ме­сі ашылады. Бұл көрмеге Қы­тай, Моңғолия, Өзбекстан және тағы да басқа шетелде тұратын қазақтардың қолөнер бұйым­дары қойылады. Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы тек мерекелік шаралар жиынтығы ғана болмайды. Халықаралық мәні бар бұл басқосу атамекенде және шетелдерде тұратын ұлт өкілде­ріне қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін ұйымдасты­ры­лып отыр. Атамекеннен алыс жүр­се де елінің ертеңін ойлай­тын қандастарымыздың әрбір ой-пікірі маңызды. Тәуелсіздігі­міздің 20 жылдығын атап өтер тұста елден жырақта жүрген қазақтардың айтары бар екені анық. Дүниежүзі қазақтарының үш құрылтайы да өз міндетін ат­қарып, қиырдағы қандастары­мызбен байланысты жақсы жол­ға қоюға ықпал еткен бола­тын. Енді Қазақстанның әл-ауқаты жақсарып, әлемдік үр­діс­терге қол созған кезінде өткі­зіліп отырған төртінші құрыл­тайдың да тағылымды болаты­нына сенім мол. Бауыржан ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы.