Ел президенттерінің кездесуінде Беларусь басшысы осылай деп мәлімдеді
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Кездесуде тараптар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге қатысты мәселелерді талқылады.
Мемлекеттер басшылары екеуара оңаша кездесіп, елдер арасындағы қатынастарды дамытуға байланысты мәселелер жөнінде әңгімелескен соң, кездесу Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздермен жалғасты. Шаңырақ иесі ретінде алғашқы сөзді алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттік сайлаудан кейін Астанаға бірінші болып Беларусь Президенті сапармен келіп отырғанын, бұл екі ел арасындағы қалыптасқан сенім мен шынайы достықтың нақты белгісі екенін атап өтті.
Бұдан кейін Қазақстан басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Биылғы жылы екі мемлекет те өздерінің тәуелсіздік алғанының 20 жылдығын атап өтеді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл кезеңдердегі біздің елдердің ең басты жетістігі Қазақстан да, Беларусь та ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтай білгендігінде жатыр. Биыл біздер Достастық, басқа да халықаралық ұйымдар аясында тағы да кездесетін боламыз. Қазақстан, Беларусь және Ресей бүгінде Кеден одағына мүше мемлекеттер ретінде өздерінің экономикалық ынтымақтастығын жандандыруды бастап отыр. Қазіргі кезде біздер Біртұтас экономикалық кеңістік құру жолында жұмыс істеудеміз.
Қазақстан басшысы әріптесін, сондай-ақ екі елдің экономикалық дағдарыстан шығу, одан кейінгі даму жайынан да хабардар етті. Елбасының атап өткеніндей, Қазақстан мен Беларусь жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты күткендегіден аз шығындармен еңсерді. Қазақстан Беларусь Президентінің жүргізіп келе жатқан әлеуметтік саясатына және Беларусьтің ҰҚШҰ төрағасы ретінде осы Ұйымға жаңа қырынан келу жөніндегі ұсынысына қолдау білдіреді. Қазақстан мен Беларусьтің ТМД, ЕурАзЭҚ және ҰҚШҰ аясындағы ұстанымдарында ешқандай қарама-қайшылық жоқ, бір-біріне сәйкес келеді.
Осы тұста Қазақстан Президенті өзінің 2009 жылы Беларуське жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтың тәжірибе жүзінде жүзеге асырылып жатқанына қанағаттанатынын білдіріп өтті. Бүгінгі біздің кездесуімізде қол қойылатын екіжақты құжаттар екі ел арасындағы түрлі салаларды дамытуды көздейді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Олар Қазақстан мен Беларусьтің қарым-қатынастарын әрі қарай тереңдетуге қызмет ететін болады. Сіздің бұл сапарыңыз біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа жаңаша серпін береді деп ойлаймын. Кездесу қорытындысы бойынша қол қойылатын Бірлескен мәлімдемеде Қазақстан – Беларусь арасындағы өзара ынтымақтастықты жандандыру кешенді түрде қамтылған.
Сөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекеттің экономикалық салалардағы мүдделестігіне де арнайы тоқталды. Қазақстан Президентінің тоқталып өткеніндей, біздің еліміз шикізатқа бай, ауыл шаруашылығы дамытылған. Ал Беларусьте мәшине жасау, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу салалары жақсы дамыған. Қазақстанда 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленген. Қазіргі кезде осы бағдарламаға сәйкес, оның 2014 жылға дейінгі алғашқы бесжылдыққа арналған жұмыстары қолға алынып жатыр. Оған Қазақстан мен Беларусь арасындағы уағдаластықтың барлығы кіргізілген. Оларды жүзеге асыру екі елге де пайдалы.
Ал Александр Лукашенко сөзін Нұрсұлтан Назарбаевты президенттікке қайта сайлануына байланысты құттықтауымен бастады. Беларусь басшысының атап өтуінше, Беларусь Президенті Қазақстанға келген сайын мұндағы оң өзгерістерге куә болып жүр. Осыған мысал ретінде Қазақстан астанасы – Астана қаласының жан-жақты өркендеуін, бүгінде Қазақ елінің қол жеткізген табыстарын келтірді. Сонымен бірге, Беларусь пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігіне сенім білдірді.
Қазақстан-Беларусь қатынастарында екі ел арасындағы 2009-2016 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының орны бөлек. Мемлекеттер басшылары атап өткендей, Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 2010 жылы 700 миллион долларды құрады. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Ал осы жылдың бірінші тоқсанында ол 150 миллион долларға жетіп отыр. Мәліметтерді алға тартатын болсақ, бүгінде өндірістік кооперацияны дамыту мақсатында 2010-2011 жылдарға арналған бірлескен шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде «Жол картасында» қарастырылған 27 жобаның Қазақстанның индустриялық картасына Беларусь техникаларын құрастыру бойынша бес бірлескен жоба кіргізіліп отыр. Оның жалпы көлемі 98,6 миллион доллардан асады.
Президенттердің атап өткеніндей, Қазақстан – Беларусь арасында агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастық орнықты даму үстінде. Қазақстан тарабы Беларусьтің ауыл-селолар мен шағын қалаларда аграрлық қалашықтар құрылысын салу тәжірибесіне талдау жасап жатыр. Сонымен қатар, ауылшаруашылық техникаларын шығару жөнінде Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Әсіресе, Қазақстан үшін Беларуське бидайдың қатты сорттарын экспорттау перспективалы болып табылады. Мысалы, 2009 жылы Беларусь 2,8 мың тонна Қазақстан астығын алған. Ал өткен жылы оның көлемі едәуір төмендепті. Бұл Беларусьте астықтың мол шыққандығына байланысты болса керек.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөз аяқталған соң, оның қорытындысында Қазақстан – Беларусь арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған екіжақты бірқатар құжаттарға қол қойылды. Оның ең негізгісі әрі бастысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Бірлескен мәлімдемесі болды. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы үкіметтік байланыстар саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Беларусь Республикасы Қорғаныс министрлігі арасындағы мемлекеттік әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Беларусь Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін Н.Назарбаев пен А.Лукашенко қазақстандық және беларусьтік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, кездесу нәтижесі жөнінде, сондай-ақ Қазақстан – Беларусь ынтымақтастығын әрі қарай дамытудың перспективалары туралы айтып берді. Қазақстан Президентінің атап өткеніндей, Беларусь Қазақстанның саяси-экономикалық негізгі әріптестерінің бірі болып табылады. Елдер арасындағы ынтымақтастық мәдени-гуманитарлық салаларда да ойдағыдай дамып келеді. Беларусь Қазақстанның Ресей мен Украинадан кейінгі сауда-экономикалық әріптесі. Елдер арасындағы тауар айналымы жыл өткен сайын арта түсуде. Беларусь Қазақстан экономикасының барлық салаларына дерлік қатысуда. Бүгінде бірлескен 27 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Александр Лукашенко Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың болашағына жоғары баға бере келіп, биылғы жылы екі елдің тауар айналымы 1 миллиард доллардан асатынына сенім білдірді. Беларусь басшысы, сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь арасында бір-біріне бәсекелес болатын өндірістер онша көп еместігін алға тартты. Бізде өндірілетін өнімдер Қазақстанға қажет, ал Қазақстан өнімдері Беларуське керек, деді ол осы туралы.
Александр Лукашенко өз елі Қазақстан мұнайы мен мұнай өнімдерінің экспортталуына мүдделі екенін де атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастықтың жаңа сатысына қадам басып келеді. Бұл болашақта мұнайды қайта өңдеуге тікелей қатысты. Бұған біз мүдделіміз. Бұл бізге Беларусь аумағында мұнай және мұнай өнімдерін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Біз сіздердің мүдделеріңізге сай бұл өнімдерді Еуропа елдерінің рыногына шығаруға дайынбыз, деді А.Лукашенко.
Беларусь басшысының мәлім еткеніндей, бұл мәселеде Беларусь қазақстандық компанияларға қажетті жағдайдың барлығын жасауға дайын. Қоймалар жеткілікті, көлік-тасымал жүйесі жақсы дамыған. Сондай-ақ ол Қазақстанға мұнай химиясының толық шлейфін ұсына алатындықтарын атап өтті.
Беларусь Президенті Александр Лукашенконың Қазақстанға сапары бүгін әрі қарай жалғасады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.