Сириядағы толқулар салдарынан көз жұмған адамдар саны 1000-нан асты. 10 мыңнан астам адамды билік тұтқынға алған. Сирия құқық қорғаушылары өздерінде 1100 құрбандықтың тізімдері бар екенін мәлімдеп отыр.
Батыс елдері Сирия басшылығына қарсы санкцияларды бірінен кейін бірі енгізіп жатыр. 9 және 23 мамыр күндері Еуроодақ өз аумағына кіруге тыйым салынған 13 сириялық шенеуніктің тізімін жариялады. Олардың арасында президент Башар Асад та бар. 18 мамырда мұндай санкцияны АҚШ та енгізген еді. Барлығының есеп-шоттары жабылған.
ЙЕМЕНДЕ ТЫНЫШТЫҚ ОРНАР СЫҢАЙ ЖОҚ
Йемен бүлікшілері ел астанасы Сана қаласындағы мемлекеттік ақпарат агенттігін басып алды. Бүлікшілердің қолында сондай-ақ Yemenia әуе компаниясы да тұрған көрінеді.
Ел президенті Али Абдулла Салехқа адалдығын танытып отырған үкімет әскерлерімен қақтығыс Сана қаласында 23 мамырда басталған еді. Соңғы 2-3 күн бедерінде кем дегенде 49 бүлікші қаза тапса, 15 үкіметтік күштердің әскері көз жұмған. Жаппай үкіметке қарсы әрекеттер Йеменде үстіміздегі жылдың қаңтарында басталған болатын.
ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ «ТАЛИБАН» МОЙНЫНА АЛДЫ
Кеше Пәкстанның Пешавар қаласында лаңкестік әрекет жасалды. Полиция учаскесіне рөлінде жанкешті отырған, жарылғыштар толтырылған көлік барып соғылды. Соңғы мәлімет бойынша, кем дегенде екі адам қаза тауып, 20-дан астамы жарақат алған.
«Талибан» бұған дейінгілерді қоса алғанда, 3 лаңкестік әрекетке жауапкершілікті өз мойнына алды. Атап айтқанда, 13 мамыр күні елдің солтүстік-батысында қатарынан екі жарылыс жасалып, солардың салдарынан 98 адам қаза тапқаны белгілі. Талибтер өз әрекеттерін Усама бен Ладеннің өліміне кек қайтарудамыз деп түсіндіреді.
ЭКС-ПРЕМЬЕРГЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫП КӨП
Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенкоға Ресеймен газ келісім-шарты ісі бойынша айып тағылды. Украина бас прокурорының бірінші орынбасары Ренат Кузьминнің мәлімдеуінше, тергеу аяқталған және Тимошенко билігін асыра пайдаланды, мемлекетке аса ірі көлемде шығын әкелді деп айыпталған.
Кузьминнің сөзіне қарағанда, мемлекетке сатқындық жасады деген тұрғыдағы айып жоқ. Енді Тимошенко іс материалдарымен танысуы тиіс. 23 мамырда Печора соты бас прокуратураның мәлімдемесіне орай Тимошенконы ұстау туралы қаулы қабылдаған еді. Бірақ бас прокуратура әзірше бұрынғы премьерді тұтқындауға санкция бермей отыр.
ЖАРТЫ ҒАСЫРДАҒЫ АСА КҮШТІ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ
Қытай бүгінде соңғы 50 жылдан бергі ең күшті құрғақшылықты бастан кешіп жатыр. Елде су қоймалары мен күріш плантациялары кеуіп қалуымен қатар, Янцзы өзені бойындағы әлемдегі ең үлкен ГЭС жұмысына да қатер төніп тұрғандай.
Құрғақшылыққа жыл басынан бері жаңбырдың аса аз мөлшерде жаууы себеп болып отырса керек. Құрғақшылық орталық провинциялардағы 10 миллион адамды шарпыса, 30 сәуірден бері шамамен 700 кеме қайраңдап қалған. Осы аралықта ел билігі азық-түлік тауарларының бағасын қымбаттатпауға бар күш-жігерлерін жұмсап жатыр.
ТЕМІР ЖОЛ ДИВЕРСАНТТАРЫ СОТТАЛДЫ
Өзбекстанда темір жолда диверсия жасауға әрекеттенген бір топ адамға қатысты үкім шығарылды. Оларды сот кінәлі деп тауып, түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырды.
Құқық қорғау органдарының деректеріне қарағанда, өткен жылдың көктемінде бірнеше адамнан құралған топ темір жолдың бір учаскесінде рельстердің бекіткіштерін босатып жатқан кездерінде қолға түскен екен. Енді сот шешімі бойынша айып тағылғандар жеті жыл мен он екі жыл аралығындағы уақыттарын түрмеде өткізетін болады.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ир өзінің арнаулы бронды пойызымен Қытай астанасы Пекинге келді. Ол Қытай басшылығымен кездесіп, келіссөз жүргізетін көрінеді. Әңгіме нақты қай бағытта өрбитіні әзірге белгісіз.
Италияда аса қатты іздестіріліп жүрген неаполитан мафиясы басшыларының бірі Джузеппе Дель’Аквила тұтқындалды. Ол түрлі қылмыстық әрекеттер жасаумен қатар, жүзден астам адамның қанын мойнына жүктеген қанішер саналады.
АҚШ-та торнадолардың «дәуірі» жүріп тұр. Соңғысы үш штат – Оклахоманы, Канзас пен Арканзасты соғып өтті. Кем дегенде 9 адам қазаға ұшырады деген мәлімет бар. Жалпы, жыл басынан бері торнадолардан 400-ден астам адам опат болған екен.
Австрияның Амштеттен қаласының басшылығы атақты неміс диктаторы Адольф Гитлерді қаланың құрметті азаматы тізімінен өшіріп тастау туралы шешім қабылдады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдің көптеген қалалары Гитлерді құрметті азамат тізімінен сызып тастаған болатын.
Ресейліктердің көпшілігі Сергей Мироновтың Федерация Кеңесінен шығарып тасталуына бізге бәрібір дегендей, бей-жайлық танытқан. Мәселен, сұрау салынғандардың 47 пайызы Миронов үшін еш бас қатырмайтындықтарын мәлімдеген.
Исландияның Гримсвотн жанартауы кешегі күннен бастап бәсең қылық таныта бастады. Еуропадағы жүздеген авиарейстердің тоқтатылуына себеп болған жанартау 21 мамыр күні от шаша бастағаны белгілі. Оның аспанға атқан түтіні мен күлі 20 шақырым биіктікке дейін көтерілген болатын.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.