Кеше Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Бангладеш Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммад Имранмен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
М.Көпеев М.Имранды елші лауазымына тағайындалуымен құттықтады және оған еліміздегі дипломатиялық қызметін табысты атқаруына тілектестігін білдірді.
«Қазақстан Бангладешпен тең құқықты әріптестіктің барлық бағыттары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты, оның ішінде парламентаралық деңгейдегі үнқатысуды дамытуға әзір», – деді Төраға орынбасары. М.Көпеев атап өткендей, «біздің еліміз Азия мемлекеттерімен достық байланыстарды нығайтуға және өзара жан-жақты іс-қимылға зор мән береді».
Кездесу барысында халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. М.Көпеев Бангладештің Ислам Конференциясы Ұйымына белсенді түрде қатысып келе жатқанын жоғары бағалады және ИКҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-отырысын биылғы 28-30 маусымда Астанада өткізу туралы қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін Бангладеш басшылығына ризашылығын білдірді.
Төраға орынбасары, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес қызметін дамытуға Бангладеш жағының қатысқанын атап өтті. Бангладештің бұл форумда байқаушы мәртебесі бар. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жайында айтты және екі елдің рыноктарын, өзара тиімді ынтымақтастығының келешегі зор бағыттарын зерделеу қажеттігін атап өтті.
М.Имранның айтуынша, Қазақстанда да, Бангладеште де саяси және экономикалық байланыстарды дамытуға зор мүмкіндіктер бар. Екіжақты қатынастарды нығайтудағы парламенттердің рөлдерін атап өте келіп, дипломат ынтымақтастықтың парламенттік топтарын құруды жақтайтынын білдірді.