26 Мамыр, 2011

Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы

472 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы, Қауымдастық Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында  сөйлеген сөзі Ардақты әлеумет! Төрткүл дүниедегі қазақты туған жердің төсінде қауыштырған осы құ­рыл­тайға келіп отырсыздар. Бүкіл еліміз сіздерді құшағын ашып, шын жү­рек­тен, қуанышпен қарсы алуда. Осы күні еліміздің ақпарат құрал­дары, зиялы қауым, жастар – барлығы да сіздердің келгендеріңізден хабардар. Жол­дарыңыз ақ болсын, қош келді­ңіз­дер деген қуанышымызды білдіргім келеді. Баршаңызды қасиетті қазақ жерінде қарсы алып отырғаныма мен де зор қуаныштымын. Еуразия төріндегі ұлан-ғайыр ата­жұрт­қа сіздер әлемнің 35 елінен келіп отырсыздар. Туған топыраққа сағыныш­тары­ңыз­ды арқалап жеткендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. «Қасиетті қазақ жеріне, жерұйық ме­кен Астанаға келген «қадамдарыңыз құтты болсын, ағайын!» деп тағы бір рет айтқым келеді. Қымбатты бауырлар! Құрылтай – тойласу үшін емес, ой­ла­су үшін шақырылатын жиын екенін баршаңыз білесіздер. Бабаларымыз ел тағдыры таразыға түскен тұста, жаңа белеске қадам басар шақта құрылтай шақырып, кеңес құр­ған. Біз бүгін сол игі дәстүрдің ізімен жиналып отырмыз. Тағдыр талайымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен ағайынның атамекенде басқосуы бәрімізге зор қуа­ныш. Десек де, биылғы құрылтайы­мыз­дың жөні бөлек, жолы ерек, маңызы айрықша. Өйткені, біз тәу етер Тәуел­сізді­гі­міз­дің 20 жылдығы тұсында жиналып отыр­мыз. Сондықтан, бүгінгі құрыл­тай­дың «Қа­зақ елі» монументі жанын­дағы мы­нау біз отырған Тәуелсіздік сарайында өтуінің өзіндік мәні бар! Ендеше, өткеніміз бен жеткенімізді бай­ыптап алар сәт туып отыр, ағайын. Со­ны мен сіздерге біраз баяндап өтейін. Қадірлі құрылтай қонақтары! Бізді бүгін осы салтанатты ғимарат­қа ортақ ниет, ортақ мақсат жинап отыр. Ол – елдіктің жайы, ел болудың қамы. «Ер қонысынан айырылса, ел ыры­сынан айырылады», дейді дана халқымыз. Ен даланы еркін жайлаған баба­ла­ры­мыз қашанда Ел деген ұлы ұғымды Құ­ран­дай қастерлеп, ұрандай ұстанып келген. Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен ешуақытта үмітін үзбеген. Баршаңыз білесіздер, бүгінде жер жүзінде мыңдаған ұлттар ғұмыр кешуде. Алайда, өзінің тәуелсіз мемлекетін құру олардың бәріне бірдей бұйыр­маған. Алып планетадан туын тігер алақандай төбе таба алмай жүрген халықтар қаншама! Олардың арасында саны жағынан қазақты сан орап кететіндері де бар. «Бақ бағалағанның ғана басында тұра­ды», дейді. Сондықтан біз басымызға қонған бақты бағалай білейік, ағайын. Аталарымыздың сан ғасырлық аң­са­ры болған тәуелсіздікті көздің қарашы­ғын­дай сақтап, оны нығайта беруіміз қажет. Біздің арғы-бергі тарихымызда ел­дің еңсеріле көшулері аз болмаған. Әуелі, еске түсірсек, «Қайран да менің Еділім» деп ел айырылған зарлы көш өшпес із қалдырды. Ұлы дала Қаратаудың басынан құ­ла­ған қаралы көштің де куәсі болды. Одан беріде тағдыр талайымен шетел асқан шерлі көшті де бастан кешірдік. Ал тәуелсіз мемлекет құрып, жасампаз өмірге бет бұрған бүгінгі көштің жөні бөлек. Бұл ауған ел қайта оралған, айы­рыл­ған ағайын қайта табысқан Ұлы көш болып саналады. Біз ғасырлар  бойы замана дауы­лымен жөңкіле көшіп, ғасырлар тоғы­сын­да туған елдің төріне  біржола табан тіредік. Мен бір айтқан сөзімде: «Күйінсін жауың, сүйінсін досың, Жиылсын қауым, құйылсын көшің», деп едім. Дұшпанды күйіндірген, досты сүйіндірген құтты көш болды. Біз қанша еліміз кең, осындай кең-байтақ деп жүрсек те, дәл бүгінгідей өз мемлекеттігіміз болған жоқ. Қазақтың табан тірейтін, дәл қазіргідей мағынада «елім, жерім» дейтін мемлекеті болған жоқ. Өз басқарушылығы да болған жоқ. Мұндай ауқымда еларалық шекараны ресми шегендеген жоқ. Өзінің шылбыр-тізгіні қолына тиген жоқ. Барлығын біз осы бір жиырма жылда, қысқа қас қа­ғым уақытта орнына келтірдік. Ата-ба­баның арманын орындадық. Біз бақыт­ты ұрпақпыз. Қадірлі қауым! Алыстан ат сабылтып жеткен ағайын! Естеріңізде болса, 1992 жылғы тұң­ғыш құрылтайда: «Құрылтайға қатыс­қан қонақтар Қа­зақстанның гүлденіп-көр­кейгеніне таяу жылдарда куә болар», деп айтып едім. Сондағы тілегім Жаратқанға жеткендей, айтқаным келіп, Қазақстан аз уақытта әлемге та­нылған айдынды ел болды. Эко­но­микасы қуатты, саясаты тұ­рақ­ты, жері дәулетті, елі сәулетті мемлекет ретінде ірге орнықтырды. Бүгінде бізді бүкіл әлем сый­лай­ды, бүтін дүние санасады. Өйткені, Қазақ елі адамзат та­ри­хын­да бұрын-соңды бол­маған қадамға ба­рып, атом қа­руынан өз еркімен бас тартты.  Яд­ро­сыз әлем құру бастамасы арқы­лы Жер жүзіне ізгіліктің өнегесін көр­сетті. Біз мемлекетіміздің іргесін орнық­тырып, еліміздің шекарасын шегендедік. Аз жылдың аясында Арқа төсінде, мынау өздеріңіз көріп отырған, ғасыр­дың ғажайыбы атанған арайлы елор­дамыз, асқақ Астананы тұрғыздық. Кезінде желмая мініп жер шолған Асан қайғы бабамыз Есілдің бойын көр­генде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен», депті. Сол айтқандай, сіздер алты жылда шын мәнінде жер­ұйыққа айналған Аста­наны көріп отырсыздар. Қазақ жері татулықтың туын тігіп, ұлт­аралық, дінаралық келісімнің әлем үлгі тұ­татын айшықты мысалына айна­лып отыр. Қазақ халқы ұлысты ұйыс­тырушы ұлт ретінде өзге этностарды бауырына басып, даналығы мен дар­қандығын көрсете білді. Осы жылдар ішінде еліміз жаһан­дық ауқымдағы 3 дағдарыстың тол­қ­ы­нына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Біз дағдарыс тұсында дамудың даңғыл жолына түскен ел атандық. Егер 1994 жылы ішкі жалпы өнім әр адамға шаққанда 700 доллардан болса, бүгін ол жан басына 9 мың доллардан келіп, ол 12 есеге өсті! Әлемдік тәжірибеде өз тәуелсіз­ді­гі­нің 20 жылында мұндай нәтижеге еш­қан­дай ел қол жеткізіп көрмеген екен. Біз халықтың әл-ауқаты бойынша ТМД елдерінен озып, халықаралық рей­тингте 50-ші орынға ие болдық. Қазір Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша дүниедегі ал­ғаш­қы 50 мемлекеттің қатарында. Ұлттық қорды қосқанда, біздің 73 миллиард доллар қаражатымыз бар. Дағдарыс жылдарында әлемнің көп­теген елдерінде жалақы, зейнетақы, шәкіртақы қысқартылып  жатты. Ал біз, керісінше, бұл көрсеткіштерді жыл­дан-жылға өсіріп отырмыз. Соңғы 10 жылда мұғалімнің жал­ақысы 5 есе, дәрігердің  жалақысы 7 есе, зейнетақының орташа мөлшері 6 есе өсті. Жыл сайын 6 миллион шаршы метр­лік тұрғын үй салуды жоспарлап отыр­мыз. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмендейтін болады. Өткен жылы біздің еліміздегі ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайызды құрады. Біз бұл көрсеткіштерге тоқмейілсіп отырған жоқпыз. Бүгінде біз индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасын іске асы­ру­дамыз. Бұл бағдарлама елімізді жаңа биікке шығаратын болады. Біз шикізатқа малданатын, оның әлемдік бағасына алданатын ел бол­мауға тиіспіз. Кен байлығы таусылмай қоймайды. Бәрінен де керегі – ел байлығы. Ел бай­лығы дегенім – бәсекеге қа­білетті эко­номика мен жаңа техно­ло­гия­ны игерген білікті мамандар болып та­былады. Қазақстанда өткен бір жылдың өзін­де 800-ге жуық өндіріс орны құрылды. Таяудағы бірнеше  жылда  біз құны 8 триллионнан астам теңге болатын 300-ден астам жобаны жүзеге асырамыз. Со­ның арқасында тағы да 200 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Біз ел дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарын жасадық. Ол кезеңде еліміздегі ішкі жалпы өнімнің көлемі кемінде 30 пайызға өсуі тиіс. Жақын жылдары Қазақстан Еур­азия­ның ірі көлік торабына айналмақшы. Қазір біздің еліміз арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолының құрылысы қауырт жүріп жатыр. Ұлы Жібек жолын жаңғыртатын бұл дәліз арқылы жүк жеткізу теңіз жо­лымен салыстырғанда 3 есеге қыс­қара­тын болады. Бұл жол шетелдегі қазақ кәсіпкер­леріне де мол мүмкіндік ашады. Қазақ елінің табыстары әлемдік саясатта да салтанат құруда. Біз ТМД және Азия елдері арасында алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Беделді ұйымның мыңжыл­дықтағы алғашқы алқалы Саммитін өткіздік. Өткен жылы осы сарайда 56 елдің басшылары бас қосып, әлем дамуының аса маңызды мәселелерін талқылады. Астана Саммиті қазақтың абыройын жаһанға жайып, еліміздің жұлдызын жоғарыдан жандырды. Бұйыртса, биыл Қазақ елі тағы бір биік белесті бағындырайын деп отыр. Ол – еліміздің Ислам Конферен­циясы Ұйымына төрағалық етуі. Ислам дінін ұстанатын 57 мүше елі бар бұл ұйымның тізгінін ұстау бізге зор жауапкершілік жүктейді. Күллі мұсылманның басын қосқан ұйымға төрағалық ету Қазақстанның ислам әлеміндегі беделін биіктете түсе­тін болады. Қазақ қазақ болғалы біз дәл мұндай биікке көтерілген емеспіз. Сол беделді биігіміздің тұғырынан таймайық, бауырлар! Саммиттен кейінгі тағы орасан оқи­ғаның бірі – Қысқы Азия ойын­дары болды. Астана мен Алматыда қатар өткен дүбірлі Азиадада ел спорт­шы­лары құрлық біріншілігін жеңіп алды. Бұл дүбірлі жарыс та еліміздің абы­ройын асырып, айдынын тасыта түсті. Биылғы жылғы сәуір айында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткенін баршаңыз білесіздер. Бұл сайлау біздің елдігіміз бен ынтымағымыздың мерейін үстем етті. Елдіктің ерен ерлігін, бірліктің баян­ды жемісін бүкіл дүниеге тағы да бір паш етті. Бірлік болмай, елдік болмай­тынына көз жеткізді. Бірқатар елдерде орын алған халық наразылығын біліп отырсыздар. Ол толқулар ең алдымен әлеуметтік мәсе­лелердің асқынуымен байланысты. Біздің елдегі президенттік сайлау – ха­лықтың әл-ауқаты жылдан-жылға жақ­сарып келе жатқанын айғақтап берді. Сайлаудан кейін мен халықтан көптеген құттықтаулар, тілектер алдым. Олардың арасында алыстағы ағай­ын­нан келгендері де аз емес. Осы орайлы сәтті пайдалана оты­рып, баршаңызға шынайы алғысымды айтқым келеді. Шын жүректен шыққан ризашы­лы­ғымды қабыл алыңыздар! Бір қазақ ретінде мен ғұмыр бойы білігім мен қайрат-қабілетімді қазағым үшін жұмсап келе жатқан адаммын. Құдай денсаулық берсе, халқыма әлі де аянбай қалтқысыз қызмет ете беремін деп сенемін. Қымбатты қандастар! Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғал­ған елдің өзі де жоғалады», деген сөзі бар. Біздің тәуелсіздікпен бірге сөзіміз тіріліп, өзіміз еңсе тіктедік. Бабадан жеткен қасиетті қазақ тілі­нің осы жылдары мемлекеттік мәртебе алып, құлашын кеңге жая түскенін білесіздер. Естеріңізде болса, 1991 жылы қазақ мектептерінде оқитын шәкірт­тер­дің жал­пы саны 32 пайыз ғана болатын. Сөй­тіп, біздің тіліміз кеңес заманында жойылуға тақады. Бүгінде ол көрсеткіш екі есеге артып, мектептерде 1,5 миллионнан  астам бала қазақ тілінде білім алады. Аралас мекемелерді қосқанда, бар­лық балабақшалардың 90 пайызға жуығы қазақ тілінде тәрбие беруде.  Қазір мемлекеттік органдарда іс жүр­гізу  негізінен қазақ тіліне көшірілді. Мен «Қазақстан» телеарнасына би­ыл күзден бастап толық мемлекеттік тілде хабар таратуға тапсырма бердім. Балалардың тіл үйренуіне көмекте­се­тін «Балапан» деген арнайы телеарна ашылды. Таяу кезеңде қазақ тілінде «Мә­де­ниет», «Білім» деген жаңа теле­арна­ларды іске қосуға әзірлік жүруде. Қазақ тілінде шығатын басылым­дар­дың саны да жыл сайын арта түсуде. Егер 1991 жылы, біз тәуелсіздік жа­риялаған жылы, Қазақстанда қазақ тілінде небәрі 82 басылым шыққан болса, бұл көрсеткіш биыл 523-ке  жетті. Еліміздегі кітаптардың 80 пайыздан астамы қазақ тілінде жарық көруде. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, қазақ тілінің құлашын кеңге сермейтін күні алыс емес деп сенемін. Мен биылғы Жолдауымда 2020 жыл­­ға қарай қазақ тілін білетіндердің саны кемінде 95 пайызды құрауы тиіс екенін айттым. Қазірдің өзінде қазақ балабақша­ла­рына өзге этнос бүлдіршіндері көптеп келуде. Балаларының келешегін мемлекеттік тілмен байланыстырып қарай­тын­­дар ұл-қыздарын қазақ мектептеріне беруде. Енді 10 жылдан кейін мектеп бі­тіру­­шілердің 100 пайызы мемлекеттік тіл­ді біліп шығады деп межелеп отыр­мыз. Тәуелсіздіктің тірегі – ұлттық сана екенін білесіздер. Ал ұлттық сана  тарих пен мәдениет арқылы қалыпта­сады. Осыған орай, елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуда. Мемлекет та­рапынан ұлан-ғайыр қаржы бөлінуде. Бағдарлама бойынша барымызды баға­лап, жоғымызды түгендеуде ұлан-­ғайыр іс атқарылды. Соның арқасында 100-ге тарта та­рихи-мәдени нысан жаңғыр­ты­лып, оның 73-інде қалпына келтіру жұмыс­тары аяқталды. Шетелдерден тарих пен мәдение­тімізге қатысты 5 мың­нан астам құнды деректер та­былып, көшірмелері елімізге әкелінді. Әлемдік ақыл-ойдың ең озық үлгі­лері қазақ тіліне аударылып, олар том-том кітап болып жарық көруде. Бұл құн­дылықтар келешекте жас­тар­дың бой­ына ұлттық сананы сіңіруге жол ашады. Ұлттық фольклорымыз  «Бабалар сөзі» деген атпен 100 томға жинақта­лып жарық көруде. Сондай-ақ, әр қиырда шашылып жатқан ұлттық музыкалық мұрамыз  да жинақталды. Оларға шетел қазақтарының әндері мен күйлері де енгізілгенін атап өткім келеді. Діңгегі берік ұлттық руханиятымыз бен ата дініміз өркен жайып келеді. 1991 жылы Қазақстанда небәрі 68 мешіт болатын, бүгінде олардың саны 2400-ге жуықтады. Қашанда толерант­тылықты ту еткен біздің елде дін бос­тандығына бар­лық жағдай жасалған. Тек өткен жылдың өзінде еліміздің 3 300 азаматы Мекке-Мединеге барып, қасиетті қажылық парызын өтеп қайт­ты. Құт қонған Қазақ елі сан түрлі дін өкілдерінің басын 3 рет қосып, бүкіл әлемдегі діндарлардың сауабын алды. Әлемдік және дәстүрлі дін басшы­лары­ның құрылтайларын өткізу елі­міздің игі дәстүріне айналды. Құрметті қандастар! Биыл тәуелсіздікпен бірге атамекенге атбасын бұрған Ұлы көшке де 20 жыл толды. Бүгінгі құрылтай осындай мерейлі белеспен тұспа-тұс келіп отыр. Сон­дықтан, биылғыдай баталы жылы біздің бастамаларымыз жемісті болуға тиіс. «Елге ел қосылса – құт» дейді дана халқымыз. Азаттықтың елең-алаңындағы күр­де­лі кезеңге қарамастан, көшіміз кө­лікті болды. Содан бері ұлы көш бір сәтке толастаған емес. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 мил­лионнан астам қандасы­мыз­бен то­лық­ты. Біз дүние жүзінде өз қандастарын еліне шақырып, қаражат бөлген үш-ақ мемлекеттің біреуіміз. Өздеріңіз білесіздер, ол – Израиль, Германия және Қазақстан. Үкіметтің тарапынан келген ағайындарға біраз көмек көрсетіліп жатқанын білесіздер. Халқымызда: «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы», деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан қай қиырда жүрсек те «Қазақстан» ұғымы біздің жүрегі­міздің түкпірінде сақталуы тиіс. Сіздер «сүйегім атажұртымда жатса» деп тілеген аталар аманатын арқалап келіп отырсыздар. Шеттегі бауырларымыз­дың табаны­на кірген шөңге, біздің жан-жүрегімізді де сыздатуы керек. Менің Жарлығыммен 2008 жылдан бастап қандастардың жыл сайынғы кө­шіп келу квотасын 20 мың отбасыға көтердік. Елге ағылған ағайынның кө­шін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдадық. Оны ой­дағыдай  іске асыруға мемлекет қазы­насынан қомақты қаражат бөлінді. «Нұр­л­ы көш» бағдарламасы ая­сында іргелі істер атқарылды. Бірқатар облыс әкімдері көшіп келген қандастарға арнайы ауылдар салып, игілікті іс тындыруда. Жұмысқа бейімдеу үшін орталықтар құрдық. Шеттен келгендерге тіл үйрету шараларын қол­ға алып жатырмыз. Мен Шығыс Қазақ­стан, Оңтүстік Қа­зақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысындағы осындай елді мекендерді өзім барып көрдім. Келіп жатқан, қоныстанып жат­қан ағайынның қуанышында шек жоқ. Қадірлі бауырлар, Атажұртын аңсап келген ағайын! Бүгінгі алқалы жиында қандастары­мыз­ғ­а қолдау көрсетіп, қамқорлық жа­саудың нақты жолдарын айқындап алуы­мыз керек. Сондықтан, алдағы мақ­сат-міндет­терді бірлесіп белгілеп алғанымыз жөн. Біріншіден, Парламентте «Халық­тың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол қандастарымыздың құжат тап­сы­руда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс. Бұл орайда бір нәрсені қаперде ұстаған жөн. Соңғы кездері белгіленген квота толмауда. Туған елге табан тіреймін, көшіп келемін деушілерге қашанда есігіміз ашық екенін мен тағы да қайталап айтамын. Бұл орайда, қандастарымызды Отан­ға оралту жұмысын жүйелей түсу керек. Дүниеде жағдайдың әртүрлі екенін білесіздер. Біз дүниежүзілік дағ­да­рыстан өзге елдермен бірге шығып келеміз. Сон­дық­тан «келемін дегеннің бәріне қаражат, үй, жұмыс беріліп, то­лықтай  жағдай жа­салады» деп ойла­маңыздар. Біздің 20 мың отбасы деп отырғанымыз сондық­тан. Ал бірақ өз бетімен көшіп келіп, ағайын болып, отбасымен қосылып, бас­қа жағдайлармен келсе, әсіресе, жас­тар оқуға келемін десе, оларға да ешқандай кедергі болмайды. Осыған байланысты біз «Нұрлы көш» бағдар­ламасының 2-ші кезеңінің жоба­сын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бұл кезеңде қандастарды жаңа өн­дірісті өңірлер мен ауыл шаруа­шы­лы­ғы­на кеңі­нен тартудың жолдары саралана­тын болады. Ол үшін келген маман­дарды қажет­тілікке байланысты қайта даярлап, қыс­қа мерзімде оқытумен қамтамасыз етеміз. Мемлекет қандастарымызға қатыс­ты қамқорлығын жалғастыра береді. Бағдарламаның еліміздің индус­трия­лық дамуымен байланысты екенін қаперден шығармағандарыңыз абзал. Екіншіден, шетелден келген құрыл­тай қонақтарының басым көпшілігі –  60 пайызы жастар екен. Жастар – біздің болашағымыз. Біздің әлемдегі барша қазақ жас­тарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда біз оны жүзеге асырамыз. Осыған байланысты Білім және ғы­лым министрлігіне қандастарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын. Қазір білектінің емес, біліктінің озатын заманы. Астанада әлемдік деңгейдегі Халық­аралық университет ашылғанын білесіздер. Кіріп-шығып, көріп те қайтар­сыздар. Бұл жоғары оқу орнында дү­ние­жүзінің ең білікті мамандары мен ға­лым­дары дәріс оқиды. Сондықтан, мен әлемнің әр қиы­рындағы қазақ жаста­рын атамекенде оқу­ға және Қазақ еліне қызмет етуге шақырамын. Қазір жаңа дәуірге қадам басқан Қа­зақстанға отаншыл, білімді жас мамандар аса қажет. Жас қыздар мен жігіттер келіп оқитын болса, осында оқу бітіріп, мамандық алып, кейін ата-аналарын шақырып алатын шығар. Ол да қажет. Сондықтан, шетелдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустрия­лық өндіріске жұмысқа тарту керек. Қажет болса, оларға әлеуметтік қол­дау көрсетуді енгіземіз. Үшіншіден, біз шеттегі қандастар­дың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесеміз. Байланыс және ақпарат министрлігі «Каспионет» арнасының қазақтар тұра­тын елдерге таралуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен бірге, ұлттық дәстүрі­міз бен тарихымыз туралы хабарларды арт­тыру жолдарын қарастыруды тап­сырамын. Бұған қоса, министрлік дү­ние­жү­зін­дегі қазақ жастарының байла­ны­сын ны­ғайту үшін арнайы веб-портал аш­қаны жөн. Төртіншіден, қандастар тұрып жат­қан елдерде ұлттық өнердің кеңінен таралуына жағдай жасауымыз керек. Біз қазақтың қаймағы бұзылмаған көр­ші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани мұралары сақталғанын жақсы білеміз. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне экспеди­ция­лар ұйымдастырып, осындай құнды мұраларды жинақтауды тапсырамын. Бесіншіден, біз шет елдерде кіші құ­рылтайлардың тұрақты өткізілуін құп­тай­мыз. Осыған байланысты, бұл құ­рылтай­ларға «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры қолдау көрсететін болады. Қадірлі қауым! Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақ­тың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түк­пірінде жүрсе де тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек. Қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан – ел тәуелсіздігі! Сондықтан, біздің басымызға бақ болып қонған тәуелсіздіктен асқан ешқандай құндылық жоқ. Ендеше, тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғына тұстас келіп, ақ түйенің қарны жа­рылған бұл той – біздің ұланасыр ұлы тойымыз. Тойымыз тарқамасын, ардақты ағайын! Еліміз аман, жеріміз тыныш бол­сын! Алаштың айбыны, бар қазақтың ортақ Отаны – Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасасын!