Төле би ауданында шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай туғызылған
Төле би ауданындағы орталық көшемен жүрсеңіз тас тұғыр үстіндегі алып жұмыртқаға көзіңіз түсер. Жұмбақтарда айтылатын аузы-мұрны жоқ отау. Алып жұмыртқа. Бажайлап қарасаңыз жұмыртқа астынан қой бастары көрінер. Сәулетшінің осымен не айтқысы келетіндігі сондайда санаңызға сарт ете қалады.
“Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман”. Ішіңіз жылып қоя береді. “Қазақстанда ештеңе өңдіріліп жатқан жоқ, бұрау да шығара алмайды” деп мола басындағы байғұздай зарлайтындар айта берер. Қазақ мұндайда “өз бастарына көрінгей” демей ме?!
Төле би ауданының әкімі, әкімдік жүйеде үлкен тәжірбиесі бар Әуелхан Тұрғымбековпен бірге бірталай нысандарды араладық.
Әдетте, мал жайылымы мен егіске ғана жарайтындай көрінетін Төле би ауданында соңғы уақыттары талай соқталы дүниелер жасалған. Аграрлы аймақтың негізгі ұстанып отырған бағыты – егіс көлемін ұлғайту, бау өсіру, ірі қара малды бордақылау және жылқы шаруашылығын дамытып, қымыз өнімін арттыру болып отыр.
Аудан әкімі облыста алғашқы болып экономикалық-әлеуметтік дамудың 2010-2012 жылдарға арналған орта мерзімді дамудың іс-шара жоспарын жасап, жұмысты осы жүйеге құрған. Соның әсерінен жаңа жобалар қаржыландырылып, егіс көлемін диверсификациялау жыл сайын арттырылып келеді. Аудан экономикасының қалыпты дамып келе жатқандығын жылыжай салудан да байқадық. 2010 жылы 1,93 гектарға жылыжай салу керек болса орындалғаны 2,39 гектар.
Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 1,8 гектарға немесе үш есеге артық. Осы жұмыс 2011 жылы да жақсы жалғасын тауып келеді.
Тамшылатып суару бойынша да осындай жағымды мысалдарды айтуға болады.
Жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен жылына 600 тонна өсімдік майын шығаратын цех іске қосылғанын көрдік. Ауданда талай игілікті шаруалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, екі жоба бойынша «Италцементгрупп» ЖШС жаңа үлгідегі цемент зауытын салу және «Керемет» ЖШС темірбетон бағаналары мен отқа төзімді шамотты кірпіш шығару жобаларын іске асыру жұмыстарын жүргізуде.
Ленгер мәшине жасау зауытында құрылыс материалдарын шығаратын жүйе іске қосылып жатыр.
«Атамекен Нан», «Бағдаулет 1», «Ернур строй», «Спецтех» ЖШС, «Оңтүстік Мұнайгаз» АҚ, жалпы 8 кәсіпорын «ИСО» халықаралық стандарттар сертификатын алды.
Екі серіктестік «СТ К2» сертификатының 5 түрін иеленді.
Өткен жылы аудан экономикасын дамытудың бірден-бір көзі ретінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарына басымдылық берілген.
Кәсіпкерлердің бизнесін дамыту мақсатында Ленгер қаласы мен аудан аумағында 11,8 гектар жер телімі бөлініп, оның 8 гектары аукцион арқылы сатылды. Сметалық құны 500-520 млн. теңгелік 7 ірі жоба дайындалып, қазіргі таңда 300 млн. теңгелік 3 жобаның (орталық базар, автобекет және халыққа қызмет көрсету орталығы) құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
2010 жылы 24 жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылып, 296 адам жұмыспен қамтылды. Екінші деңгейдегі банктер мен несие ұйымдарынан 1649 жеке кәсіпкер өздерінің бизнесін дамыту үшін 389 млн. теңгенің несиелерін алып жұмыс атқаруда.
Туристерге ауданның көркем де көрікті жерлерін көрсетіп, сапалы демалыс ұйымдастыру арқылы бюджетті толықтыруға мүмкіншілігіміз мол, – дейді аудан әкімі. Бұл саланы дамыту мақсатында жалпы құны 2 млрд. 350 млн. теңгені құрайтын 4 ірі жобаны іске асыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Атап айтсақ, 40 демалушыға қызмет көрсететін 300 млн. теңгелік Қасқасу шатқалындағы үлкен демалыс орны ашылып, қызмет көрсетуде. 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
- 30 демалушыға қызмет көрсететін 100 млн. теңгелік Ақмешіт шатқалындағы «Красные скалы» демалыс орны ашылып, 20 адам жұмыс істеуде.
- құны 450 млн. теңгелік «Алатау» шаңғы базасы аумағында емдеу сауықтыру орталығының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұнда 100 адам жұмысқа тартылып, нысан биылғы жылы іске қосылады.
Сайрам-су шатқалында орналасқан «Альтекс» демалыс аймағында құны 1,5 млрд. теңгелік демалыс орнының (6 ғимарат) кұрылысы жүргізілуде. Осы жерге баратын 13 шақырым жолға 195 млн. теңге инвестиция тартылып, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл өз тарапынан осы аумақта демалыс орындарының ашылуына ықпалын тигізеді.
- 10 жеке кәсіпкерлер демалыс аймағында орналасқан ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп, демалушыларға қызмет көрсетуде.
Қасқасу тау шатқалының «Қасқасу» тау шаңғысы демалыс аймағын жасау үшін 56,8 гектар жер бөлініп, инженерлік-коммуникациялық жүйені жүргізуге қаражат бөлінді.
Аудан әкімі аудандық бюджетті еселеу үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасауда. Жұртшылықпен жиі кездесіп, жаңа жұмыс орнын ашамын деушілерге Үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді түсіндіреді. Облыстың өз ішінде жеңіл пайызбен қаржыландыратын несие серіктестіктері, “Максимум” орта және шағын бизнесті несиелендіру орталықтары жайлы кеңінен мағлұмат береді. Әкімдік қызметкерлерін де осы мақсатқа жұмылдырған. Төле би ауданы – аспанмен амандасқан ақбас Алатаудың тізесінде отыр. Табиғаты көркем. Сондықтан, қызметін, беделін пайдаланып ұлан-ғайыр жерді жамбасына басып отырған азаматтар баршылық. Не өзі жерді жұмыс еткізбейді, не өзгеге бермейді. Аудан әкімі олармен ымыраға келмек емес. Жерді түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Орта бизнесті дөңгелетіп алып кететін шаруаларға бөліп бермек. Ондай талапкерлер көп. Аудан басшысының талабын түсінуге болады. Орта және шағын бизнес талай іргелі мемлекеттердің дағдарыс жағдайында көшін түзеді. Бірді екі етемін деп отырған шаруаларға көмектесемін дегені бүгінгі күнгі басшылыққа талаптың ең үлкені.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы.