Астанада ТМД мемлекеттерінің салалық министрліктері мен ведомство басшыларының қатысуымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің құрылыс қызметіндегі ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңесінің XXXI мәжілісі өтті. Аталмыш жиында еліміз тарапынан Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндама жасады.
Үкіметаралық кеңес отырысында ғимараттар мен құрылыстардың энергетикалық тиімділігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық базаны дамыту және жетілдірумен қатар құрылыстағы техникалық реттеу де әңгіме болды. Сондай-ақ, ТМД елдерінің лицензиялау органдары құрылыс қызметін жүзеге асыруға берген лицензияны және Ресейдің өзін-өзі реттейтін ұйымдары берген рұқсаттар туралы куәліктерді өзара тану мәселесі сөз болып, құрылыс өнімдерінің құнын есептеуді оңтайландыру үшін нормативтік-әдістемелік құжаттардың бірыңғайланған жүйесін жасау секілді тақырыптар әңгіме өзегіне айналды.
Жиын барысында журналистерге сұхбат берген Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин салада бүгінгі таңда басты мәселе болып отырған еурокодтарды енгізу екенін айтса, ал екінші мәселе біздің құрылысшылар өзге ТМД елдеріне жұмысқа барғанда Қазақстанда берілген өзіміздің лицензияларды оларда қабылдау қажеттілігі болып отырғандығын тілге тиек етті.
Жаңа құрылыс саласы мен тұрғын үйлер ғимараттарын жөндеу жұмыстары қай кезде де күн тәртібіне жиі шығатын мәселелердің бірі. Сондықтан да, басқосуда тақырыпқа орай көтерілген көптеген түйткілді мәселелер тараптардың өзара тәжірибе алмасуларына зор мүмкіндік бергендей. Алдағы уақытта отандық құрылыс компанияларының ТМД елдеріне ортақ лицензиямен жұмыс істеу мүмкіндігіне қол жеткізу шаралары да осы отырыста қарастырылған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.