27 Мамыр, 2011

Субсидия – үлкен жеңілдік

608 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қызылжар өңірінде жұмыс істейтін 3800-ден астам серіктестіктер мен шаруа қожалықтары көктемгі егіс науқанын өз мерзімінде аяқтауға жұмыла кіріскен. Олардың арасында Үкімет тарапынан берілетін субсидиялық және несиелік жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, табыстың тай­қазанын тасытып жүрген құрылымдар баршылық. Солардың бірі – Аққайың ауданына қарасты «Зимин» ЖШС.  Оның жетекшісі В.Зиминді қайна­ған  қызу еңбек ортасында жолықтырып, осы мәселе жөнінде ой бөліскен едік. – Топырақта ылғал жеткілікті. Күннің жылуы молынан төгіліп, барлық мүмкіндікті пайдаланып еңбек етуге табиғаттың өзі жанашырлық танытып тұр. Көктемнің ауа райы құбылмалы. Сондықтан әр күні біз үшін ерекше қымбат, – дей келіп,  6000 гектар алқаптың 4500 гектарына  дәнді дақылдар егілетінін, қалғаны парға қалдырылғанын жеткізді. Жауапты науқанға 40-қа жуық  механизатор, 9 агрегат тартылған. Владимир Дмитриевич бірнеше жылдан бері Үкіметтің көмегіне сүйеніп, шаруашылығын түзепті. Биыл 10 миллион теңге несие алып, бір бөлігін егіншілік саласына бағыт­таса, қалғанына  Шығыс Қазақстан облысынан 50 ірі қара малын сатып алыпты. Бұдан тысқары 2 миллион теңге субсидия алуға қажетті құжат­тар­ды өткізіп қойыпты. – Біз секілді шағын шаруашылықтарға мемлекет қол ұшын бермегенде алдағы жағдайымызды болжау қиын болар еді, – дейді ол ертеңге деген сенімді үнмен. Облыстан шалғайдағы Тимирязев ауданында орналасқан «Райымбек және компания»» фермерлік шаруашылық директорының орынбасары Дәурен Нұрахметов «Азық-түлік» келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың жергілікті филиалы арқылы былтыр 10 миллион теңге жеңілдікті несие алса, биылғысы – 17 миллион. Сөйтіп, қажетті  дизель отынын да, минералдық тыңайтқышты да жеткізіп алған. 2000 гектар егістік алқапқа субсидия алмақ ойы бар. Оның  айтуынша, несие және субсидия алу жолдары да жеңілдетілген.   Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы­ның бастығы Нұрлан Биболаев Үкімет тарапынан көр­сетіліп жатқан қаржылық көмектер жайлы былай дейді: – Жыл өткен сайын жеңілдікті субсидиялар мен несиелердің мөлшері ұлғайып келеді. Биыл  минералдық тыңайтқыш үшін ғана 1,1 миллиард теңгенің  субсидиясы берілді. Гербицидке 318 миллион теңге бөлінді. Қажетті 63 мың тонна дизель отыны да жеңілдікпен алынды. Тұтастай ал­ғанда, көктемгі-күзгі дала жұмыстарын атқаруға  қар­жылық институттар мен құрылымдар арқылы 20 миллиард теңге қарастырылған.  Бұдан тыс­қа­ры агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 6,6 миллиард  теңге көлемінде субсидия  жұмсау көзделген. Бұл – өткен жылға қарағанда 1,3 миллиард теңгеге  көп. Былтыр  қарапайым тәсілмен өңделген бір гектар бидай алқабына 350 теңге төленсе, биыл 550 теңгеге көбейді. Ал, ғылыми технология қолданылатын болса,  әр гектар алқапқа 750 теңге беріледі. Сол сияқты картоп, көкөніс, майлы дақылдар өсірушілерге де арзандатылған баға қолданылады. Мұндай қамқорлықтың игілігін шағын шаруашылықтар өте-мөте көріп отыр. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.