Талғар ауданының экономикасы өркендеп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді
Тәуелсіз еліміздің әр күні жан жадыратқан жақсылықтармен жалғасқан. Мерейлі жиырма жылдығымыз тойланғалы отырған тұста өркениетке беттеген мемлекетіміздің саяси-қоғамдық өмірі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарыштап алға басуда. Осы бағытта Жетісу жері жұртшылығының қосқан үлесі қомақты десек, Іле Алатауының баурайын мекендеген Талғар ауданының да өзіндік орны, айшықты қолтаңбасы анық аңғарылатыны ақиқат.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында мерейлі мерекенің маңыздылығына байланысты атқарылатын шаралардың қатары атап көрсетіліп, іргелі істердің байыпты бағдарламалары айқындалған болатын. Міне, осы тапсырмаларды орындауға жұмылған талғарлықтардың бүгінгі еңбектерімен танысу мақсатында жолға шықтық. Жол азабының қиындығын көріп жүрсем де, түгін тартса майы шығатын, жапырағы қамқа, топырағы торқа, саф ауасы жан-сарайыңды ашатын, тамаша мекендегі іргелі істермен танысу барысында бәрі де ұмытылғандай. Қай кезде айтылғаны белгісіз, мұндағы ақжарқын, кеңпейіл жұртшылыққа берілген «тарықсаң Талғарға бар» деген тәмсіл де тегін емес. Қаланың өзі көрікті Алатауға иек артып, таяқ тастам жерде жасыл желек жамылып кеңінен созылып жатыр. Кәусар ауасы дертке дауа, жанға шипа екенін де мұндағылар ерекше мақтанышпен жеткізеді. Осы байлықты пайдаланған Тұздыбастау елді мекеніндегі күре жолдың бойына бірнеше киіз үй тігіп, қымызхана жұмысын жолға қойған кәсіпкер Рая Құрманбаеваның бастамасына қызығасың. Саламатты өмір салтын қалыптастырған ол бірнеше адамға жұмыс орнын ашыпты. Осылайша жол жөнекей көңіл қызықтырған жайлар жалғаса берді.
Ауданның іргесі 1928 жылы қаланыпты. Жер жәннаты Жетісудың бір бөлшегі Талғар ауданы 1935 жылы 15 мамырда өз алдына отау тігіп, Іле ауданы деп аталған екен. Аудан орталығы Талғар қаласы болып, аудан көлемі бүгінгі Іле мен Талғар аудандарын қамтыған. Кейіннен 1963 жылы оған Еңбекшіқазақ ауданы қосылып, орталығы Есік қаласына көшіріліпті. Үш жылдан соң, 1966 жылы Іле ауданы қайта өз алдына бөлініп, аудан орталығы қайтадан Талғар қаласына көшірілген. Арадағы үш жылдан соң 1969 жылы 14 мамырда Талғар ауданы жеке аудан болып бөлінгені де оның тарихынан мол мағлұмат береді. Ауданның жер көлемі 3,8 мың шаршы шақырымды құрайды. Бүгінде халық саны 160 мыңнан асады. Алматы қаласына жақын орналасқандықтан соңғы жылдары мұнда қоныс аударушылар қатары үздіксіз өсу үстінде. Аудан құрамына 61 елді мекен, 11 ауылдық округ пен 1 қалалық әкімдік кіреді. Шаңырағы биік, керегесі кең аймақтың тыныс-тіршілігі уақытпен үндесе жарасым тапқан.
Талғарлықтар қай кезде де тың табысымен танылып, 30-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдері қоян-қолтық тіршілік кешуде. Сүттей ұйыған ұйғыр, түрік, грек, славян, татар этно-мәдени орталықтары ауданның қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып, достықтың туын желбіретіп отыр. Қасиетті жерден елге танымал көптеген тұлғалар шыққанын аудан әкімі Талғат Өмірәлиев мақтанышпен әңгімеледі.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға аудан халқы жұмыла кіріскен, деп бастады әңгімесін Талғат Әбенұлы. Жетістіктің өзі экономикаға тәуелді, әрі оған бағынышты ғой. Осы тұрғыдан алғанда өткен жыл табысты қорытындыланып, бюджетке 5 млрд. 859 млн. теңге қаржы түсіп, болжам 111,2 пайызға орындалды. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанындағы кіріс 1 млрд. 632 млн. теңгені құрады.
Негізгі сала – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Осы орайда ауылды өркендетудің басты факторы – агроөнеркәсіп кешенін серпінді дамыту мен экономиканы нарық заңдылығымен ілгерілетуге басымдық берілуде. Агроөнеркәсіптік кешенде 4495 ауылшаруашылық құрылымы жұмыс істейді. Бүгінгі байыпты бағдарламаға сай жұмыстарын жүйелеген өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтары азық-түлік молшылығын жасау мен бағаны тұрақтандыруға кіріскен. Соның ішінде 38,272 шаршы метр алқаптағы 71 жылыжайдың 35-і іске қосылып, өткен жылы 480 мың килограмм өнім тұтынушы игілігіне айналды. Қалғандарының құрылысы жедел жүргізілуде, деген басшы күз айларында өтетін жәрмеңкеде халыққа қыстық азық-түлігін молынан қамдауға мүмкіндік туғызылатынын жеткізді.
Үстіміздегі жылы осы саладағы өнім көлемін 19 млрд. 917 млн. теңгеге жеткізіп, оны өңдеуді 3,480 млрд. теңгеге арттыруды көздеп отырмыз. Тұздыбастау ауылында өткен жылы 4,0 мың тонналық «Сұлтан» серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасы пайдаланылуға берілді. Белбұлақ ауылдық округінде жылына 2 тонна сүт өнімдерін өндіретін «Дәулет» шаруа қожалығының жұмысы да айтуға тұрарлық. Биыл «Байсерке Агро» серіктестігі жылына 1250 тонна ет өңдейтін комбинатты іске қосуды жоспарлауда. «Алматы» асыл тұқымды мал өсіретін өндірістік кооператив республикаға танымал іргелі шаруашылықтар қатарында. Сексен жылдық тарихы бар өндірістік кооператив астық, майбұршақ, көкөніс, картоп, ет, сүт өнімдерімен өзімізді ғана емес, Алматы қаласының халқын да тұрақты қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, «Байсерке Агро», «Айршир» серіктестерінің экономикасы жыл өткен сайын нығая түсуде.
Экономиканы әртараптандыру басты міндет екені даусыз. Елбасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп, нақты қамқорлық жасауда. Өткен жылы осы саладан ғана бюджет қоржынына 613,3 млн. теңге қаржы түсті.
Кәсібін ашып, жаңашыл көзқараспен танылғандарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Биылдың өзінде жаңадан 39 нысан іске қосылып, 400 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Жалпы, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 24000 адам екі қолға бір жұмыс тапқан. 2010 жылы өндірген өнім мен қызмет көлемі 10 млрд. 106 млн. теңгені құраса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткішті одан да арттыра түсу жоспарланып отыр. Осы орайда аудан экономикасын нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан «Тас-Құм», «Талғарспирт» акционерлік қоғамдары, «Барон», «Интелсервис» серіктестіктері бюджетті толтыруымен қатар, жерлестерімізді жұмыспен қамтып, іргелерін кеңейтуде.
Тағы бір жаңалығымыз, биыл «Амиран» Қазақ тағамтану академиясының зауыты» іске қосылып, дәрумендерге бай балалар тағамдарын өндіруді қолға алды. Бұл ел ертеңі – сәбилерге жасалған ерекше қамқорлық екенін айтқан ләзім. Елбасы осы өндірістің ашылуын телекөпір арқылы қабылдағанын білесіздер. Бұл да біз үшін үлкен қуаныш.
Алатаудың бөктеріндегі Жаңатас сайында «Ғұндар» туристік базасын ашу жоспарланып, жер телімі бөлінді. Мұнда туристер халқымыздың бай салт-дәстүрінің жиынтығын айшықтайтын этно-мәдени ауылдағы шараларды тамашалайтын кез жақын екенін де оқырман назарына ұсынуды жөн деп ойлаймын.
Бүгінгі маңызды міндет – озық инфрақұрылымды қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Осы өрелі мақсаттар қатарындағы ауыз су, жол, жарық мәселелері біртіндеп шешімін табуда. Әрине, бұл тұрғыда әлі де халықты алаңдататын түйінді жайлардың бар екенін де жасырмаймын, деді аудан басшысы елді мекен халқының кейбір сұранысы шешімін табатын тұстарға тоқталып. Бір кездері халықты мектеп, емхана мен аурухананың жетіспеушілігі толғандыратын еді. Бүгінде бұл түйткіл шешілді деуге болады.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету ісіне жете көңіл бөлініп, Үкімет тарапынан да көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі. Республикалық бюджеттен Талғар аудандық топтық су жүйесін салуға 530,4 млн. теңге қаражат бөлінсе, «Наз» серіктестігі оны сапалы жүргізіп жатыр. Тұздыбастау ауылындағы «Арман», және «Белағаш» шағын аудандарын сумен қамтамасыз етуде 134,337 мың теңге игеріліп, 7,5 шақырым су құбыры мен 2 су соратын қондырғы іске қосылды. Ал, Еркін ауылындағы көшелер мен жиекжолдарды жөндеуге және арық жүйесін ретке келтіруге 48 млн. 338 мың теңге бөлінген еді. Биылғы жылы республикалық бюджеттен Қызыл-Қайрат, Алмалық, Аманкелді ауылдары су жүйелерінің жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жоспарланған. Жергілікті бюджеттен Талғар қаласының, Қызылту, Жаңалық, Рысқұлов, Нұра ауылдарының су жүйесі құрылысы мен Бесағаш ауылының кәріз жүйесінің жобалық-сметалық құжаттарын даярлауға қомақты қаржы бөлінді. Жол мәселесі де шешімін табатын күн алыс емес.
«Жол картасы» бағдарламасы аясында оңтайлы істер орындалып, жолдар ретке келтірілді, көшелерге жарық түсірілді. Инвестиция игілігіне талғарлықтар да кенеліп отыр. Ауданға 2010 жылы 41835,2 млн. теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде, 89,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, әлеуметтік сала мамандары қуанышқа кенелді. Мәселен, республикалық бюджеттен 105 млн. теңге қаржы бөлініп, 19 пәтерлік несиелік тұрғын үй пайдалануға берілгені де осы игілікті істің жалғасы.
Үстіміздегі жылы аудан экономикасына 43 млрд. 717 млн. теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Тұрғын үй құрылысына 6069 млн. теңге қосымша қаржы тартылып, сол арқылы 132,2 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.
Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында алдағы онжылдықтағы маңызды міндеттердің бірі – қазақстандықтардың өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылықтың қорғалуын нығайту қажеттігі айтылғаны белгілі. Әлеуметтік саланы нығайту бағытында да ауқымды істер атқарылуда.
Қазіргі кезде 400 орындық қазақ-түрік лицейінің құрылысы қызу жүргізілуде. Қаланың солтүстігіндегі үш қабатты білім шаңырағына Түркия 6,5 млн. доллар инвестиция салып отыр. «Тұрарстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі лицейді 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беруді көздеп отыр. Мұнда үш тұғырлы тілді меңгеретін дарынды балалар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балалары оқитын болады. Осы мақсатта 43 орта, негізгі және бастауыш білім беретін мектептер, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын интернат, №15 мектеп-интернаты, 2 оқу-өндірістік комбинаты, 3 мектептен тыс мекеме, 5 балабақша, 2 музыка мектебі жұмыс істейді. Талғар қаласында 4 жекеменшік, Гүлдала ауылында 1 мемлекеттік балабақша ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қорынан 3 млрд. 500 млн. теңге қаржы бөлініп, 240 орындық «Арыстан» әскери арнайы мамандандырылған мектеп-лицейі ашылды. Қазір оның алғашқы 80 түлегі өз оқуларын жалғастыруда. Кеңдала ауылында 240 орындық, Ақтас ауылында 180 орындық мектептер салынады. Келесі жылы Тұздыбастау ауылында 900 орындық мектеп пен «Балапан» бағдарламасы бойынша Талғар қаласында 320 орындық балабақшаның құрылыстары басталады.
«Басты байлық – денсаулық» демекші, Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Талғар қаласында заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталған 150 төсектік аудандық аурухана салынуда. Амандық болса биыл ашылады. Қайрат және Еңбекші ауылдарында денсаулық сақтау қосындары салынса, үстіміздегі жылы Қаратоған ауылында бір ауысымда 10 адамды қабылдайтын денсаулық сақтау қосыны, Гүлдала ауылында дәрігерлік амбулатория салу кезегі күтіп тұр. Оған қоса Талғар қаласындағы психоневрологиялық интернат үйінің әкімшілік ғимаратын салуға да қаржы қарастырылуда, деген аудан әкіміне жұмыссыздықтың алдын алу мен әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне тоқталуын өтінген едік.
Сұрағыңыз орынды, еңбек етіп, тер төккенде ғана тіршіліктің мәні болады. Осы орайда да жұмыс жүйеленген. Мәселен, халыққа әлеуметтік көмек көрсету саласында «Жол картасымен» 455 адамға жергілікті бюджет есебінен 6,6 млн. теңгеге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. 712 отбасына 10,8 млн. теңгеге тұрмыстық жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі 2265 балаға 31,5 млн. теңгеге мемлекеттік жәрдемақы төленді. Мүгедек балаларды үйлерінде тәрбиелейтін және оқытатын 98 отбасына 1,9 млн. теңгеге осындай қолдау көрсетіліп, 109 соғыс ардагеріне коммуналдық жеңілдік ретінде 3,1 млн. теңге қаржы бөлінді.
«Жол картасы» бағдарламасының шеңберінде халық еңбекпен қамтылып, жұмыссыздық азайды. Аудандық жұмыспен қамту бөліміне 1388 адамнан жұмысқа орналастыру туралы өтініш түсіп, оның 1313-і жұмысқа орналастырылды. Және 559 жұмыссыз 14 әртүрлі қоғамдық жұмыстарға тартылып, 391 жұмыссыз кәсіби даярлыққа, 91 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Осылайша 1305 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл жаңа өндіріс орындарын кеңейту және жаңа цехтар мен халыққа қызмет көрсету нысандарын ашу арқылы 1300 жұмыс орны ұйымдастырылады. Экономиканың әртүрлі салаларына 1320 адам жұмысқа тұрғызылып, 500 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға жіберіледі. Әлеуметтік жұмыс пен кәсіби оқуға және қайта даярлыққа 295 адам жіберіледі деп жоспарланған.
Ауданның мәдени өмірінде де елеулі өзгерістер бар. Өзіңіз көргендей, батыр қолбасшы Бауыржан Момышұлына халықтың қолдауымен еңселі ескерткіш орнатылса, ауған соғысына қатысып, мерт болғандарға да белгітас қойылды. Мұның өзі жастарды елжандылыққа тәрбиелеудегі құндылықтар. Оңтайландыру кезінде көптеген мәдениет ошақтары жеке адамдардың қолына өтіп кеткен болатын. Соған қарамастан халықтың құзырында қалған Тұздыбастау мәдениет үйі ұзақ жыл бос тұрды. Бертін келе оның жылу жүйесі ретке келтіріліп, өнер ордасы жанданды. Сондай-ақ, Қызыл-Қайрат ауылындағы мәдениет үйі халыққа қайтарылды. Нұра ауылындағы талай жыл қаңырап бос тұрған мәдениет үйіне жергілікті бюджеттен барлығы 134,0 млн. теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Онда небір ауыл өнерпаздары өнер көрсетіп, көпшіліктің көзайымы болып жүр.
Ауданымыздың жергілікті басқару органдары қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде теріс әрекеттердің алдын алу, құқықтық оқудың ауқымын кеңейту, құқық қорғау органдарымен байланысты күшейту мәселесіне ерекше ден қойып келеді. Үстіміздегі жылы облыс әкімі ауданның ішкі істер басқармасына 17 автокөлік берген еді. Бірлескен іс-қимыл мен алдын-алу шараларын ұтымды ұйымдастыру нәтижесінде өткен жылы ауданда қылмыс саны қысқарды.
Алда талай атқарылатын ауқымды істер бар. Оның негізгісі биылғы Жолдауда айтылған алдағы онжылдықтың бағдарламасы. Осы міндетті жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді аямай еңбек етуіміз керек. Сонда ғана еліміздің болашағы жарқын, береке-бірлігіміздің нығаятыны даусыз деді, аудан әкімі Талғат Әбенұлы аймақтағы қолға алынған мәселелерді егжей-тегжейлі таныстырып.
Біз де аудандағы жұдырықтай жұмылған халықтың ынта-ықыласына риза болдық. Десек те, шаһардағы жол жөндеу, көркейту мәселелерінің әлі де жүйелі жұмысты талап ететінін аңғардық.
Күмісжан БАЙЖАН.