27 Мамыр, 2011

Қаламгерлер басқосуы

479 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Қазақстан Жазушылар одағы филиалының жиналысы болып өтті. Оны  одақ басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, жүргізіп отырды. Ол бұл басқосуға бас­қарма мүшелері мен елордадағы 102 жазушының дені қа­ты­сып отырғанын мәлім етті. Күн тәртібіне қойылған мәселе біреу – астаналық қаламгерлердің жаңа басшысын сайлау болды. Жиналған қауым алдында осыған дейін Астана филиалын байыпты да байсалды басқарып келген көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази өз өтініші бойынша орнынан босанатынын мәлімдеді. Бұл ұсыныс құп алынды. Аға буын өкіліне табысты жұмысы үшін Жазушылар одағы басқар­ма­сының атынан алғыс ай­ты­лып, иығына шапан жабылды. Сон­­дай-ақ Астана қаласының әкімі Иманғали Тасма­ғам­бе­тов­тің Әкім ағасына деген іл­типаты мен сый-сияпатын елор­дадағы тілдерді дамыту басқар­масының басты­ғы Оразкүл Асанғазы табыс етті. Шығып сөйлеген жазушылар Төлен Әбдік, Кәкімбек Салық, Серік Тұрғынбек, Сұлтан Оразалин, Сауытбек Абдрахманов, Болат Бодаубаев астаналық филиал­дың бұрынғы жетекшісіне қалт­қы­сыз қызметі үшін ризашы­лы­ғын білдіріп, келетін жаңа бас­шы­лыққа жұмысты  одан  әрі жандандыра түсудің жолдарын ұсы­нып, ой-пікірлерін айтты. Ше­шімін күтіп тұрған мәселелер баршылық екен. Соның бірегейі әлі күнге дейін филиалдың түп­кілікті орын тепкен өз мекен-жайы жоқ. Бір қуанарлығы – қала әкімі бұл тұрғысында көмек қо­лын созуға әзір екенін сездіріпті. Сонымен бірге жалпы одақ жұ­мысын жетілдіре түсу жөнінде де кең пікір алмасылды. Одаққа қарайтын 14 облыстық құрылым­ға бөлімше, ал Астанадағыға филиал мәртебесін заңдастыру қа­жеттігі, сонда басқару жағы қо­лайлы әрі тиімді бола түсетіні жөнінде де пікір білдірілді. Бұл ұсыныс келешекте қолдауға тұ­рарлық деп мақұлданды. Астана филиалының жаңа бас­шысы үміткеріне  дарынды ақын, елордадағы С.Сейфуллин атын­дағы мұражайдың дирек­то­ры Несіпбек Айтұлы ұсынылып, ол бірауыздан сайланды. Жоғарыдағы шығып сөйлеген шешендер мен одан кейін сөз ал­ған қаламгерлер Н.Айтұлының іскерлігін, адамдармен тіл табы­сып жұмыс істей алатынын, бұл қыз­метке үлкен өмірлік тәжі­ри­бемен келгенін үлгі етіп айтып, оның алдағы уақытта астаналық қалам­герлерді мақсатты істерге жұ­мыл­дыра алатынына зор үміт артты. Қорыта айтқанда, ел тәуел­сіздігінің 20 жылында Қазақстан Жазушылар одағы толымды табыс­тарға жеткені белгілі. Енді оның іргелі тірегі болып есептелетін  Ас­тана филиалының жаңа бас­шы­лығы қол жеткен осындай ортақ игілікті одан әрі баянды ету үшін күш-жігерін аямайты­нына Несіпбек Айтұлы сендіре сөйледі. Қайсар ӘЛІМ. Астана.