Мемлекет-жеке меншік әріптестігінің тиімділігі неде?
Мемлекет басшысы барлық уақыттарда мемлекет-жеке меншік әріптестігін дамыту мәселесіне баса назар аударып келеді. Бұл Үкіметтің де назарында тұрған мәселелердің бірі. Барлық тараптар үшін де пайдалы саналатын мемлекет-жеке меншік әріптестігі жөніндегі жаңа бағдарламаның арқасында Қазақстан экономикасының кез келген саласын үлкен тиімділікпен дамытуға кең жол ашылмақ. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында мемлекет-жеке меншік әріптестігін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жалпы сомасы 900 миллиард теңгеден асатын кем дегенде 15 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі тумақшы. Аталмыш жобаны Экономикалық даму және сауда министрлігі қазірдің өзінде әзірлеп қойды.
Өткен жылы елді дамыту стратегиясының бастау алғаны баршаға да мәлім. Біз сөз етіп отырған Қазақстанды үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасының маңызы туралы Астана экономикалық форумында, Президент жанындағы Шет ел инвесторлары кеңесінің отырысында, сол сияқты, Еуропа қайта құру және даму банкінің басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы мәжілісінде де кеңінен әңгіме қозғалды. Ел өмірінде ерекше рөл атқаруға тиіс бағдарлама алдына экономиканы жаңа деңгейге көтеру міндеті қойылып отыр. Соған сәйкес 2016 жылға қарай республика жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін 15 мың долларға дейін ұлғайта отырып, табыстары жоғары елдер қатарына қосылуға тиіс. Жоғарыда аталған бағдарламаға сәйкес үстіміздегі жылы жаңадан шамамен алғанда 200 жоба іске қосылатын болады деп күтілуде. Осы орайда жаңа өндіріс орындарын ашумен бірге қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толыққанды жаңғырту тұрғысында да көптеген шаралардың жүзеге асырылатынын айта кету қажет.
Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасымен бірлесіп және Бүкіләлемдік банктің техникалық қолдауымен 200 өнеркәсіп кәсіпорындарына жүргізген технологиялық аудит нәтижелері негізгі қорлардың, әсіресе жабдықтар мен өндірістік инфрақұрылымның тозуы, басқару және маркетингтік-өткізу технологияларының дамымағандығы, қаржы ресурстарына қолжетімділіктің шектеулілігі, жаңа техникалық талаптарға жауап бере алатындай білікті кадрлардың тапшылығы сияқты бірқатар проблемалардың бар екенін анықтады. Осы жұмыстар үшін елеулі қаржының қажет болатыны өзінен-өзі түсінікті.
Іс жүзіне келгенде, республикалық бюджет инфрақұрылымды кең ауқымды жаңғырту проблемаларының бүкіл ауыртпалығын өз мойнына алуға тиіс емес. Сондықтан мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру ісіне әлемдік озық тәжірибелерге сәйкес бизнес кеңінен тартылуы керек.
Мысалға, Азия даму банкінің вице-президенті Лакшми Венкатачаламның пікірі бойынша, инфрақұрылымға жеке инвестицияларды тарта отырып жаңа технологияларды енгізу қажет. Осылайша өз ойын ортаға сала келіп ол АДБ-ның Қазақстанның мұндай бастамаларына көмек көрсетуге әзір екенін де мәлімдей кетті.
Мемлекет-жеке меншік әріптестігін пайдалану республиканың инфрақұрылымдарына айтарлықтай көлемдегі ресурстарды тартудың неғұрлым ықпалды әрі мөлдір тетігі болып есептеледі, деп санайды «Эрнс энд Янг Глобал» компаниясының бас операциялық директоры Джон Ферраро. Бұл механизм жеке инвесторлардың қаржыларын тартып қана қоймай, сонымен бірге ноу-хауларға қол жеткізуге және жеке инвесторларға тән болатындай, жобаларды тиімді басқару мүмкіндігіне де жағдай туғызады, деп атап көрсетті ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шет ел инвесторлары кеңесінің таяуда өткен мәжілісінде. Джон Ферраро мырзаның пайымдауынша, қазақстандық жобаларды қаржыландыруға мемлекет-жеке меншік әріптестігін пайдалана және инвесторлар мен заемшыларды кеңінен тарта отырып, осы саладағы тұрақты ортаны жетілдіріп, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы тәуекелдердің оңтайлы ара-қатынасын, сонымен қатар мемлекеттің қатысуының формасын белгілеп алу қажет. Экономикалық даму және сауда министрлігі әзірлеген бағдарламаның мақсаты да Қазақстанда мемлекет-жеке меншік әріптестігін пайдалана отырып инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін заңнамалық және институттық негіздер құру міндеттерін көздейді.
Елде «Концессия туралы» заң қабылданды, Мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталығы құрылды, нұсқаулықтар әзірленіп, жобалар іске қосылуда, дейді Мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталығының басқарма төрағасы Қайрат Тілебалдиев. Бүгінде олардың бесеуі жүзеге асу үстінде. Аталған концессиялық құрылыс нысандарына салынатын инвестициялардың болжанып отырған жалпы көлемі шамамен 74 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта біздің еліміз мемлекет-жеке меншік әріптестігі институтын жетілдіру сатысында тұр. Бүтіндей алғанда, мемлекет-жеке меншік әріптестігі бағдарламасы қазіргі қолданыстағы келісім-шарттарды жетілдіру және жаңаларын енгізу мақсаттарын көздейді. Болашақта бағдарламаның қабылдануы арқасында көлік пен энергетика мемлекет-жеке меншік әріптестігін қолданудың жалғыз ғана саласы болып қалмайды. Қазірдің өзінде Қарағанды мен Теміртау қалаларында концессияны пайдалана отырып балалар бақшасын салу мен пайдалануға беру жөнінен қанатқақты жоба іске қосылып үлгірді. Оның сыртында, Үкіметтің мемлекеттік бюджет ауыртпалығын азайту және бюджет саясатын білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салалардағы жобаларға қарай бұру жоспары да келісім-шарттар ауқымын кеңейте түсу қажеттігін көлденең тартады.
Бағдарламада мемлекеттің қаржылық қолдау шараларымен индексациялауы арқылы инвестициялық және эксплуатациялық шығындардың орындарын толтыру тетіктерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылады, дейді Қ. Тілебалдиев. Оның сыртында, мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізіндегі жобаларды дайындау мен жүзеге асыру үдерістерін тиімді басқару мен бақылау әдістемелерін әзірлеу де қарастырылған. Сол сияқты мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізіндегі жобаларды жүзеге асырушылардың халыққа ұсынатын сапалы қызмет стандарттарын енгізуі мәселесі де осы санатта тұр. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама мемлекет-жеке меншік әріптестігі Қазақстанның барлық салаларында да жоғары тиімділікпен дами алатындай жағдайларды өмірге енгізу жолдарын қарастырады.
Мәселен, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында концессияның немесе басқарудың бірнеше түрлері пайдаланылады. Ал ол мемлекеттің коммуналдық саланы жаңғыртуда нақты мақсаттарға қол жеткізуіне жағдай жасайды. Әрине, инвесторлар салған қаржының қайтарымдылығы, соған сәйкес тарифтердің көтерілуі туралы мәселенің туындауы да орынды. Бағдарламаны әзірлеушілердің айтуларынша, мемлекет-жеке меншік әріптестігінің ерекшелігі сол, тарифтердің өзгеру шарттары мемлекет пен бизнестің жекелеген жоба бойынша жасаған келісім-шартына енгізілетін болады. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, коммуналдық сала жобаларында басқаруға жеке сектордың келуіне байланысты әдетте тарифтер өсе түседі. Бірақ ол соншалық елеулі емес және, сонымен бірге ондай өсудің айтарлықтай ұзақ мерзімдерге де созылуы мүмкін. Айталық, кейбір жобалар бойынша тариф 10 пайызға өсті делік, бірақ кейін ол екі-үш жыл бойына инфляция деңгейінде индексацияланып отырады. Бар болғаны осы ғана. Сонымен бірге мүмкін деген тағы бір нұсқа бар. Ол бойынша тариф деңгейі келісім-шартта бірден белгіленіп беріледі де, мемлекеттік қолдаудың белгілі бір шаралары ұсынылған сол жоба бойынша келісім-шарттың соңына дейін еш өзгеріссіз қала береді.
Осынау тиімді тетікті пайдаланудың алғашқы жылдары бизнестің мемлекет-жеке меншік әріптестігі арқылы жүзеге асатын жобаларға қатысуға деген қызығушылығының өте үлкен екенін көрсетіп берді, дейді Қ.Тілебалдиев. Олай болса, мемлекеттің жобаны жүзеге асыру тәуекелдерін өзі және жеке инвестор арасында бөлісе отырып, мемлекеттік маңызы бар нысандарға инвестициялар салу үшін бюджеттен тыс қаржыларды тартуына болады. Сол арқылы мемлекет қазіргі заманғы, тиімділігі жоғары технологиялармен және жоғары білікті кадрлар қолымен тұрғызылған және басқарылатын нысандарға қол жеткізе алады.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.