27 Мамыр, 2011

Көшке кедергі жоқ

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитеті, Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірігіп «Этностық репатриация қазіргі заманғы кезеңде: жай күйі, проблемалары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы комитеті­нің төрағасы Х.Досқалиев Қа­зақ­станға алғашқы жылдары екі-үш мың отбасы  көшіп келген болса, 2005-2008 жылдары  жыл сай­ын­ғы иммиграцияның квотасы 15 мыңға, ал соңғы үш жылда 20 мың отбасыға жеткенін айтты. Сөйтіп 1991 жылдан бастап елге 300 мыңнан астам оралмандар отбасы  қоныс ау­дарған. Соның есебінен Қазақ­стан халқының саны 1 миллионнан астам қанда­сы­мызбен то­лықты. Бала туудың өсуі және қазақтардың тарихи отанына келуінен өткен он жыл­дықтың этнодемографиялық үй­леспеу­ші­лік­тері біртіндеп жой­ыл­ды.  Көшіп келу үдерісіне қар­жылай қолдау қамтамасыз етілуде. Біздің елімізде репатриация­ның құқықтық тетіктерін жетілдіруде Парламент депутаттары ма­ңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасы Парламентінде «Ха­лықтың көші-қоны туралы» заң­ның жаңа редакциясының жобасы қаралды. Ол күні кеше ғана Мә­жілістің пленарлық отырысында мақұлданып, Сенатқа жолданды. Міне, осы «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңа редак­ция­сындағы жаңалаулар шетелдегі отандастардың  тарихи атамекенінде бейімделу үдерістерін жетілдіруге бағытталған. Мәсе­лен, шетелдік диаспоралар­дың өкіл­дері квотаға қосу туралы, өзі тұрақты тұрып жатқан елінде бола тұра, қазақстандық елшілік арқылы  өтініш білдіре алады. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін  оларға Қазақстан Респуб­ли­касында нақты тұрақты тұру ор­ны­на жолдама беріледі. Олар Қа­зақстанға келген күннен бес жұмыс күні ішінде оралман мәртебесін,  он жұмыс күні ішінде тұрақты тұруға және бір айда  әлеуметтік қызмет көрсету пакетін ресімдей алады. Заң жобасында оралмандар­дың Қазақстанның азаматтығын алу­ды оңайлату мәселесіне ерекше назар аударылды. Заң қабыл­данғаннан кейін бұл рәсім олар үшін екі есеге қысқарып, қазіргі уақыттағыдай алты ай емес, үш айда ресімделеді. Конференцияға қатысушылар заманауи кезеңде алдымызда тұр­ған этностық репатриацияны ұй­ымдастырудағы негізгі мәселе­лер­ге байланысты көкейдегі сұ­рақтарын ортаға салды. Оларға жан-жақты жауаптар қайтарыл­ды. Оралмандар өздерін толған­ды­рып жүрген  басқа да өзекті мәселелерге егжей-тегжейлі тоқ­тал­ды. Сөз алған қандас­тары­мыз жағдайлары жақсара­ты­нына сенімді. Олар өз кезегінде құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюды ұсынды.  Қырғыз Республикасының Біш­кек қаласынан келген қазақ диас­порасы төрағасының орынбасары Е.Әбдікәрімов көші-қон мәселе­сін­де өзге мемлекеттердегі қан­дас­тарымызға қарағанда бізде пәлен дейтіндей қиыншылықтар жоқ, деді. Бір ғана айтарымыз, Қыр­ғызстандағы қазақтар Қазақ­станға келгенде құжаттарды тіркеу мәселесі оңайлатылса екен. Сосын сақтандыру мәселесі және Қазақстанға келгенде берілетін бес күндік мерзім бір ай көлеміне ұзартылса деген тілегіміз бар деді айыр қалпақты ел қазақтары. Александр ТАСБОЛАТОВ.