Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында жас орындаушылардың республикалық ХХ «Жас қанат» байқауы мерекелік рәуіште ашылды. Астана қаласының әкімдігі, «Хабар» агенттігі мен халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің ұйымдастыруымен 20-шы рет өтіп отырған биылғы бәйгенің басқа жылдарғы сайыстардан жөні бөлек болатын себебі, ол – ел Тәуелсіздігімен түйдей құрдас, бірге өсіп, бірге өркен жайып келе жатқан мәдени шара.
Өнердің неше түрлі жобалары туралы құлағымыз шалып қалғанда, бұрынғы ТМД аумағы бойынша мұндай шаралардан Қазақстанның бағы шауып тұрғанына іштей қуанамыз. Ол аз десеңіз, халықаралық бәйгелерде қазақтың жас орындаушылары соңғы жылдары керемет өнер көрсетіп, Қазақ елінің атын айдай әлемге танытып жүргеніне жанымыз одан сайын марқаяды. Ел сахнасы жылдан-жылға жас таланттармен, тамаша өнерпаздармен толығып, эстрадалық орындаушылардың мектебі осы күнге дейін өнердің небір айтулы өкілдерін тәрбиелеп шығарды. Олардың арасында бүгінде аттары ерекше аталып жүрген Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Майра Дәулетбақ сияқты көптеген саңлақ әншілер бар. Байқауға байланысты олардан биылғы жарыстың ерекшеліктері туралы айтып беруін өтінген едік. Әңгімені алдымен, осы сайыстың бір жылдарғы жеңімпазы Медеу Арынбаев бастады.
– «Жас қанат» байқауы мен үшін ұшқан ұям секілді қашанда жаныма ыстық болып қала береді. Себебі, ол менің алғашқы шыққан сахнам, мөлдір суынан дәм татқан тұщы құдығым. Біреулер жеңіл-желпі, жай даңғыра, бос шуыл деп, ол туралы онша жақсы пікір тарата бермейді. Олай ойлайтындар қатты қателеседі. Шынын айтқанда, мұнда әлемдік классикалық музыканың нағыз шұрайлы нұсқалары шырқалады. Жиырма жыл дегенің адам өмірімен өлшенгенде, әрине, соншалық көп те емес шығар, ал енді өнер жолы ретінде осы кезеңдерге көз тастайтын болсақ, қыруар жұмыс тындырылғаны көрінеді, өрімдей жастардың арасынан тұтас бір буын өсіп шыққанын байқаймыз. Жылдағы жарыстың қазылар алқасы құрамында болғандықтан, мұны еліміздегі өнер бәйгелері арасындағы жұрт қызыға тамашалайтын ең танымалы деп айта аламын, – деп ол биыл да байқауға қатысушылардың сайысынан тыс қалмайтынын айтқан.
– Қазақ жері ежелден өнерге бай, әнмен, жырмен аты шығып келе жатқан ғажап мекен ғой. Солай десек те, «қанат қақса қатаяды» демекші, қай жерде дарынға қамқорлық жасалып, қолдау көрсетілсе, сол арада ән қанаты қалықтары белгілі. Жер-жердегі жастардың бұл жағынан «Жас қанат» сияқты балғын алаңы тұрғанда ешнәрсеге алаңдауына себеп жоқ. Талант тасада қалып қоймайды. Жылда бір бұлақтың көзі ашылып жатса, осының өзі аз табыс емес, – деген Майра Дәулетбақтың сөзін эстрадада өзіндік үнімен ерекшеленген Ерлан Көкеев жалғастырды.
– Алғашқы кездері сайысқа кәсіби музыкалық деңгейі әр түрлі орындаушылар қатысса, жылдан-жылға әншілерге қойылатын талап барынша өсе түсуде. Соның нәтижесінде, бүгінде бұл байқауға «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан үздіктер ғана өте алатынына куә болып жүрміз. Біздің де мұнда бір кездергі ізіміз сайрап жатыр. Осында бақ сынап, бапталған адам ретінде кейінгілердің бір нәрсені көкейлеріне түйіп жүргенін қалаймын. Өнер кісіні бір сәттік ғажап күйге бөлейтін өткінші сезім емес, өмір бойы өзіңмен бірге өмір сүретін, құласаң бірге құлап, шыдасаң да бірге шыдап, шыңдалып барып шыңыраудағы маржанды сыртқа алып шығатын құдірет. Сондықтан мен бүгін бәйгеге қосылған он бес өренге сәт сапар тілеймін, – деді ол.
«Жас қанат» байқауының Бейбітшілік және келісім сарайындағы ашылу рәсімі де ерекше бояуымен көңіл жадыратты. Асқақтата ән шырқалып, Астана, Атырау, Алматы, Ақтау, Жезқазған, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Талдықорған мен Шымкент өңірлерінен қатысатын жас әншілер рет-ретімен таныстырылды. Өнерпаздар үш күн қатарынан бақ сынасатын бәйгенің сый-сияпаты да биыл өзгеше көрінеді. Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы қай шара да қазақтың айбыны мен айдынын асыруға құрылғаны қуантады.
Нұрзада КҮМІСБЕК.
___________________
Суретте: «Жас қанат» байқауының ашылу сәті.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.