28 Мамыр, 2011

Дәнекер

921 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Күнделікті тіршілікте, оның ішінде қырық жылдан астам бойы етене боп кеткен, аузынан балалықтың уыз дәмі енді кете бастаған шақтан бастап ара­ласқан етжақын адамның жақсы қасиеттерін   бағалап, ой салып қарай бермейсің. Бәрі де үй­реншікті, бұрыннан солай және солай болуға тиіс сияқты. Сондай бір тосын жайтқа биыл курс­тастарым Жүрсін мен Есен­нің игілікті қуаныштары тұсын­да  куә болдым. Құлын-тайынан бері ой­­нақ­тап өскен адам­дар­дың әзіл-қалжыңдарынан езуіміз та­лып, сөйлеуге шамамыз жоқтай көрі­ніп, түн орталатып үйге қайт­­тық. Әзілдің тақы­ры­бынан басқа жайлардың бәрі де үй­реншікті. Курстастардың ба­сын қосып, кімнің қайда екенін, аман-саулы­ғын біліп, өзгерген мекені мен «шайтанқұлақ­тары­ның» санын қа­тирасына түсіріп, уақтылы баяндап тұратын сол Оңалбай баяғы. Тек бұл жолы біз білетін тынымсыз Сиез Бәсі­беков пен Сайлаубай Пернебаев ағаларымыз сияқты мәжіліс пен отырыс кезінде тыным таппай, иіліп-шал­қайып, қисайып-түзе­ліп, оты­рып-тұрып, арасында аль­бомын көрсетіп, ондағы өзі­міз түсі­ріл­ген суреттердің уақы­тын ай­тып жіберіп, тұра жүгі­ретін мазасыз фототілшінің әде­тін бойына «жұқтырып» алып­ты. Оның бұл мінезін сан-саққа жүгіртіп: «Тегін фототілшілікті үйренген жоқ. Қазір есік ал­дында тұрып сата­ды. Сөйтіп биз­нес жасайды», «Жоқ, ол суретті ертең шыға­рып, альбом жасап, келесі бас­қосуда базар бағасымен әкеле­ді», «Әй, осы­мыз біздің үстіміз­ден құпия дерек жиып жүр», «Сонда кімге қызмет етеді?», «Әй, біздің Оңал­бай ЦРУ-дан төмен түс­пейді. Қымбатқа баға­лай­ды. Ал­маты, Астана, Қызыл­орда ара­сын­да жүрген шығынын солай өтейді», – дестік. Оған өз курсынан «жеріп жүрген» Көпен келіп тұздық қосқан соң, бұл әң­гі­менің өзі бір кешке созылып, тақырыбымыз бұрынғыдан гөрі кеңейіп, халықаралық қауіпсіз­дік деңгейіне көтеріліп кетті. Енді, мұндай «құпия агентті» жалғыз жіберуге болмас деп, Есағаң – Есен курстасым оны үйіме қондыруды маған сеніп тапсыр­ды. Жолай және үйде Оңал­бай­дың базарлығын түген­деп: «Шай­ға қосатын шекеріңді неге сала келмегенсің?», – деп шымшылай отырып жанынан тастамайтын «шөншігіне» көш­тім. Қазына­сын ақтара отырып, бір көне альбомды оңашалап қойды. Сы­ңайы – менің на­зарымның түс­кенін қаламайды. Дереу: «Әй, сенің барлық агенттік ақпарат­тарың­ды жинақтап жүрген қа­тираң осы болмасын. Ертең Жан­болаттың үйіндегі басқосуда хабарлаймын. Есен сұрайды, Сәу­лебек прокурор ретінде санкция береді, Жүрсін айтысқа тақы­рып етіп алады, Несіпбек тарихи дастан жазады. Содан кейін есебін Жанболат «Егеменге» шыға­ра­ды», – дедім. «Қой. Қойсаң­шы», – деп тұр­ды да: «Ей, қоймадың ғой. Оқи ғой. Мен жүрген жерімде жақсы адамдармен жолықсам, солардан қол­таңба аламын. Суретке түсіремін. Кейін, қажет етсе, өз­дері­не беремін.  Менің «агентті­гім­­нің» есебі осы», – деді. Құнын сұрайын деп ұмсындым да, аль­бомды ашып қалып, таныс бір жа­зуды көріп, тына қалдым. Онда: «Оңалбай бауырым! Омбы­дағы оң сапар  –  шуақты күндер мен тылсым түндер еске түскен сайын өзіңді еске ала бермеске лаж бар ма?! Оңалбай, ылғи да амандықта, жол үстінде, жақсы­лық сәттерде қауыша берейік. Сағат Әшімбаев. 22.07– 91», – деп жазыпты. Бойым шымырлап кеткендей болды. «Тағы нең бар?», – дедім. «Әр жағын оқысай», – деді ол. Оқы­дым. «Құрметті Оңалбай! «Омбы­дағы шуақты күндер» атты ойлы мақалаңды оқып, өзіңмен сол Омбы жерінде жүздесіп, таны­сып, табыстық. Екі ел арасын­дағы дәнекерлік, алтын көпірлік, азаматтық қасиеттеріңе шын сү­йіне, тебірене қол қойдым. Құр­метті Оңеке! Өзіңе ең ізгі тілектермен қазақтың ән, күй шаруа­шылығының тұрақты өкілі, «Қо­жа Ахмет Ясауи» атты ән-толғау шығарған замандасың – Шәміл Бисенғалиұлы Әбілтаев. 19 шілде, 1991 жыл. Алматы – Омбы». Келесі бетті ашқанымда сол кезде жұлдызы енді ғана кө­теріл­ген Шымболат ақынның қолтаң­басы көзіме түсті. Еріксіз оқи бастадым. «Оңалбайға!» – деп бас­талыпты сөйлем: Сырда туған сырласым, Айналайын Оңалбай! Бір ауыз өлең жазайын, Тұрғанда тілім жоғалмай. Зорлығына мықтының, Жүрген жан едім көне алмай. Қырыққа жасым келгенше, Тірлігім қойды-ау оңалмай. Арқада өтті көп жылдар, Сыр бойына соға алмай. Отыз жыл жүрдім шахтада, Жыршылық өнер қона алмай. Дүбірлі тойға қосылдым, Жер астында жоғалмай. Әлі де жүрмін өлеңнің, Күмбезін әсем соға алмай. Солай да, солай, Оңалбай, Ер жігітте арман жоқ, Пайдасы тисе, қоғамға-ай!.. «Қазағым!» – деп жүресің, Баяғы заман болар ма-ай. Шәмілдің күйі төгілсе, Ертістің суы толар ма-ай. Омбыда өткен көп жақсы, Арман не болсаң, солардай! Омбы қаласы. 19 шілде,  1991». Мынада Шымболат жыраудың жеке өмір беттерімен қоса, тура сол кездегі қоғамның көкейін тескен мәселе де қамтылыпты. Ертіс­тің деңгейі төмен түскенін қазір ұмыта да бастадық қой. Әрі қарай беттегенде Құдайбергеннің, Тоқ­сын­ның, Уәйістің, Лұқпанның, Се­кеннің, тағы да басқа өнер жұлдыз­дары­ның қолтаңбасы бар екен. Альбом Несіпбектің «тарихи дас­танымен» аяқталыпты. Аз үнсіз қалдым. Оңалбайдың игі жақсы­ның тілегін жиған мына қор­мал­дығына риза болдым әрі таң қал­дым. Енді соның жөнін сұрадым. – Өзің білесің, газетте жүрген кезімде аудандық партия коми­теті­нің бірінші хатшысы шақы­рып алды да, мені пар­тиялық тап­сырма ретінде аудан­дық милиция бөлімі басты­ғы­ның орын­басары етіп жіберді. Қарсылық жасай ал­май­сың. Оған Қасым Қайсенов ағамыз­дың септігі тиген сияқты. Содан Омбыдағы ми­лиция мектебіне оқуға бар­дым. Ондағы қалың қандастың тұрмысымен таныс­тым. Қазақы мәдениетке сусап отыр екен. Бірден Алма­ты­ға соғып, сол мә­селені көте­ріп мақала жаздым. Сағат аға­мызға жолықтым. «Ай­тыс» пен «Та­машаны» сағынып отырға­нын айттым. Баспасөз де, ел де бірден қолдап әкетті. Сәкең бұл аманатты Орталық Комитетке жеткізді. Арада біраз уақыт өт­кен соң қазақ мәде­ниеті­нің Ом­быдағы күндерін өт­кізу туралы шешім қабылданды. Сағат аға мені шақыртып алып, ұйымдас­тыру комиссиясына өкіл етіп қосты. Сөйтіп, екі жұрттың ара­сына дәнекер болдым. Омбы­лық­тардың есінде ол күндер мәң­гі қалды. Дән риза. Мына қол­таңбалар сол күндері аль­бом­ға түсті», – деді. Ұзақ ойланып қалдым. 1991 жылдың шілдесіндегі қазақ мәдениетінің Омбыдағы күндері халқымыздың тәуелсіздік рухын оятқан алғашқы бостандық ны­шанының бірі еді. Соған Оңал­байдың дәнекер болғанын мен де, курстастары да, жалпы қауым да бимағлұм. Осыдан 42 жыл бұ­рын КазГу-дің алдында танысқан Оңалбайдың содан бері курстас­тарының басын қосу­дан жалық­пай келе жатқанында, оның бо­йында осындай бір тума дәнекер­лік қасиет бар екен ғой деген ойға қалдым. Соның куә­сіндей әлгі қатирадағы Омбы­дағы «Қа­зақ тілі» қоғамының төрағасы Солтан Есенболов ат­ты азамат­тың: «...Се­нің қазақ халқы үшін жасап жүр­ген намы­сыңды жү­рек­пен қабыл­дап, үнемі сол ең­бегің жалындай жанып, халқың атыңа риза бола берсін», – деген қолтаңба­сын­дағы тілегіне бар­лық курстас­тар атынан қосыла отырып,  осы жолдарды аяқта­ғым келеді. Шіркін, елді елге қосып, әр жақсының жан сырын қолтаң­бада қалдыратын осындай бір дәнекер азаматтар көп болса ғой! Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымдарының  докторы, профессор. Астана.