Еліміздің қай өңірін алып қарасаңыз да, қандай салада болмасын өзіндік бір ерекшеліктерімен былайғы жұртты тамсандырып жатады. Әрине, бұл ретте оқу білім, мәдениет пен өнердің, әдебиеттің орнын бөле жара айтудың артықтығы болмас. Ежелден сөз қадірін түсініп, білімге бас иген халқымыз кейінгі буынға өз тәжірибелері мен бойындағы барын сарқа бөлісуден бір сәтке де танған емес. Бұл орайда Ұлттық академиялық кітапханадағы шығысқазақстандық ақын-жазушылар мен өнер иелерінің Астана жастарымен өткізген шығармашылық кездесуі кейінгі буынға тың серпін бергендей. Аталған басқосуды Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен мәдениет басқармасы ұйымдастырған.
Кездесуге есімдері елге танымал Қабдеш Жұмаділов, Шәрбану Бейсенова, Әлібек Асқаров, Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімов сынды қаламгерлер мен ақындар, сонымен қатар Гүлмира Сарина, Секен Тұрысбеков секілді өнер иелері қатысып, жас толқынмен емен-жарқын әңгіме өрбітті. Басқосуды белгілі журналист Серік Жанболат жүргізіп отырды.
Шығармашылық кездесуде «Шығыс жұлдыздары» кітабының тұсауы кесіліп, жинақ жоғарыда аттары аталған меймандарға сыйға тартылды. Еліміздің шырайлы Шығыс өңірі тума таланттар мен дарындарға кенде емес. Олардың есімдері ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып шыққан осы кітапқа еніп отыр. Бұл басылымда Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды даналармен қатар, қазіргі қаламгерлер де бар. Жинақты шығаруды ұсынып, жобаға жетекшілік еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев болса, ал оны басып шығарған елордадағы «Фолиант» баспасы.
Кездесу соңында аймақ басшысы жас журналистердің арасында өткен «Топжарған» республикалық байқауының қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды марапаттады. Осы ынталандыру шарасын алғаш болып қолға алған Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл бастаманы келешекте де жалғастыруға ниетті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Назарбаев Университетінде» елордада білім алып жүрген шығысқазақстандық студенттермен кездесуі де жастардың жігерлерін жани түсті. Бүгінде бұл аймақ келешегінен үміт күттірер жастардың білімге құштарлығын арттырып, ынталандырып отыруды дәстүрге айналдырған. Соңғы төрт жылда 864 студент облыс әкімінің грантына ие болса, оның 200-і биылғы оқу жылындағы қыз-жігіттер. Осы уақытқа дейін грантты тек медициналық және педагогикалық мамандықта оқитын студенттер алып келсе, 2010 жылдан бері техникалық мамандыққа да назар аударылған. Сонымен қатар, мұнан бөлек қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің 8 жас өрендеріне арнайы грант тағайындалған.
Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы мен «Назарбаев Университеті» АҚ арасында ортақ меморандумға қол қойылып, жиылған жұртқа «Назарбаев Зияткерлік мектебі» және «Шығыс Қазақстан өңіріндегі білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы мен дамуы» атты көрме өтті.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.