...ҮЙДІҢ МЕКЕН-ЖАЙЫ: АСТАНА КӨШЕСІ, №1
Өндірісті қала Ақсуда бос қалған жатақхана іске жарап, соның негізінде тағы бір тұрғын үй бой көтерді. Бұл қуанышты рәсімге облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен осы үйді тұрғызуға атсалысқан «ENRC» PLC компаниясы басшылары қатысып, осы жердегі «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ қызметкерлері мен жұмысшыларына 70 пәтердің кілттерін тапсырды.
Әсіресе, өндіріске жаңа келген жастар қуанышты. Пәтерлер несие арқылы 15 жылға 1 пайыздық үстемемен беріліп отыр. Үй ауласы кең, көгалдандыру жұмыстары ерте бастан қолға алынған. «ENRC» PLC бас атқарушы директоры Феликс Вулис біз үшін әлеуметтік мәселелердің шешілуі басты мәселе, ол сенімділік пен тұрақтылықтың кепілі, дейді.
Жалпы, соңғы алты жылда корпорация тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру үшін 1,7 миллиард теңге жұмсап, 500-ге жуық пәтер иелері қоныс тойын тойлапты.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.
* * *
...БАЛАБАҚШАНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Қызылорда қаласының «Саяхат» шағын ауданында жаңа балабақшаның іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысты. 280 орындық балабақшаның құрылысын «ТехсервисҚызылорда» ЖШС қолына алған. Аталған серіктестіктің директоры Марат Жаббарбергенов аймақ басшысын нысанның құрылысымен және техникалық сипаттамасымен таныстырды. Шара соңында құрылыс нысанымен танысып болған облыс әкімі жаңа балабақшаның алғашқы іргетасын, яки алғашқы кірпішін қалап, құрылысшылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Биыл жыл басынан бері облыс шеңберінде 4 балабақша пайдалануға берілді.Жыл соңына дейін қалада тағы осындай 3 балабақша балғындардың игілігіне табысталады деп күтілуде. Балабақшалар тек қаламызда ғана емес, аудандар мен елді мекендерде де салынуда. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында облысымызда биыл тағы 10 балабақша ірге көтермек.
Қызылорда.
* * *
...БАНК ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ
Ақтөбе қаласында Ресейдің «ВТБ» банкінің филиалы өзінің тұсаукесерін өткізді. Көршілес елдің қаржы құрылымының Қазақстан рыногында өз қызметін бастағанына екі жыл. Банк филиалы Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Халық банкі» филиалының бұрынғы ғимаратында орналасқан.
Ресейдегі ең ірі банктердің бірі – «ВТБ» банкі қазір әлемнің жиырма елінде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда банк еліміздің бес қаласында өз филиалдарын ашқан. Ол тұрғындарға кепілсіз несие беру, салым салу, шағын бизнесті дамытуға қаржы бөлу қызметтерін ұсынады. «ВТБ» АҚ еншілес ұйымының басқарма төрағасы Сергей Гусаровтың мәлімдеуінше, банк қала тұрғындарына тиімді қызметтер ұсынып, бизнестің барлық бағыттары бойынша белсенді жұмыс істейтін болады. Бұл – облыс аумағында өзінің қаржы қызметін ұсынып отырған Ресейдің екінші банкі.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.